Біз өмірде ерте ме, кеш пе эйджизммен – жасқа байланысты алалаумен кездесеміз. Ең қиыны – кейде оны өзіміз байқамай қолдаймыз. Сөйтіп, «жасым келді» деп өзімізді шектеп, қалаған өмірімізден бас тартамыз.
Жаппай белең алған дерт
Эйджизм – адамның жасына байланысты қалыптасқан стереотиптер мен алдын ала пікірлерге негізделген алалау түрі. Бұл тек қарттарға емес, жастарға да қатысты. Мысалы, «55 жаста диджей болу күлкілі» деп ойласақ – бұл да эйджизм.
Бұл терминді 1969 жылы алғаш рет АҚШ-тың Қартаю ұлттық институтының директоры Роберт Батлер қолданды. Ол кезде бұл тек қарттарға қатысты айтылса, бүгінде тіпті балалар мен жасөспірімдер де осы қыспаққа түсіп жүр.
Бұған себептердің бірі – өмір сүру ұзақтығының артуы. Мысалы, 1970-2020 жылдары 65 жастан асқан адамдар саны екі есеге жуық көбейген. Бұрын тәжірибені тек үлкендерден үйренсек, қазір ақпарат тез өзгеріп, жылдам жаңарып жатыр.
Көбіне эйджизм қарт адамдарға деген теріс көзқарас ретінде көрінеді. Яғни қоғам кейде олардың қажет екенін елемей қояды, тіпті олармен аз араласа бастайды. Мысалы, үлкен жастағы адамдарға жұмыс табу қиын болуы мүмкін. Ал дәрігерге барған кезде олардың шағымын «жасыңыз келді ғой» деп жеңіл қабылдап, жаба салатын жағдайлар да кездеседі.
Бірақ бұл мәселе тек қарттарға ғана қатысты емес. Одан жастар да зардап шегеді. Оларға маңызды тапсырмалар сеніп бермейді, ал кейде білімі мен қабілетіне күмәнмен қарайды. Осындай жастарға қатысты кемсіту түрін «кері эйджизм» деп атайды.
Бұдан бөлек, эйджизмнің басқа да түрлері бар. Мысалы, лукизм – адамның жасына немесе сырт келбетіне қарап «жас көрінбейді» деп бағалау. Ал техно-эйджизм – біреудің технологияны тез меңгере алмайтынын айтып, оны келемеждеу.

Бірақ ең қауіпті түрі – адамның өз ішіндегі эйджизм. Яғни «менің жасым өтіп кетті», «маған енді кеш» деп өз-өзіне шектеу қоюы. Осы ой адамның мүмкіндігін де, батылдығын да тежеп тастайды.
Эйджизм қай жерде қатты байқалады?
Эйджизм ең көп байқалатын жер – жұмыс ортасы. Әсіресе медиа саласында әйелдерге қиынырақ. Мысалы, кинода ересек әйелдерге рөл өте сирек беріледі.
Зерттеулерге қарасақ, Еуропада жасы үлкен үміткерлер жастарға қарағанда 39% аз сұхбатқа шақырылады. Ал кейбір ірі компания кейде өз клиенттеріне қатысты да эйджизм танытып жатады:
2010 жылы IBM компаниясы 40 жастан асқан қызметкерлерді жаппай жұмыстан шығарғаннан кейін, олардың үстінен жүздеген арыз түсті. Компания бұл әрекетін «мамандар құрамын жаңарту» деген желеумен бүркемелеп, тәжірибелі қызметкерлердің орнына жастарды алғысы келген.
Tinder танысу қосымшасы да эйджизм дауына ілікті. Олар 30 жастан асқан пайдаланушылар үшін Tinder Plus жазылымын екі есе қымбатқа сатқан. АҚШ пен Калифорниядағы ұжымдық арыздан кейін компания зардап шеккендерге шамамен 11 миллион доллар өтемақы төлеуге мәжбүр болды.
Facebook желісінде де бұрын жұмыс туралы жарнамаларға жас шектеуі қойылатын. Соның кесірінен 40-тан асқан азаматтар жақсы бос жұмыс орындарының хабарламаларын мүлдем көрмей қалған.
Ал L'Oréal компаниясы 69 жастағы моделімен келісімшартты үзіп, үлкен шу шығарды. Қоғамның қатты қысымынан кейін бренд өз қатесін түсініп, керісінше, түрлі жастағы адамдардың сұлулығын насихаттауға көшті.

Әлемдегі статистика
Эйджизм мен денсаулыққа көзқарастың байланысын түсіну үшін 57 елде зерттеу жүргізілген. Соның нәтижесі бойынша, адамдардың 56%-ында эйджизмге тән көзқарас орташа немесе жоғары деңгейде екен.
Бұл аса таңғаларлық емес. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, адам жасқа қатысты стереотиптерді тіпті 4 жастан бастап бойына сіңіре бастайды.
Әлемде жалпы әрбір екінші адамда эйджизм бар деуге болады. Мысалы, Ұлыбританияда жастардың 43%-ы өзін жасына байланысты кемсіткенін айтқан. Бұл көрсеткіш кейде нәсілдік кемсітуден де жоғары.
Еуропада жастар мұндай қысымды жиірек сезінеді. Бірақ үлкен адамдар үшін оның салдары ауырлауқ: бұл олардың денсаулығына да, табысына да әсер етіп, қоғамнан шеттетіп жібереді.
Эйджизм ең көп қай жерде кездеседі? Әдетте, қоғамда қатаң иерархия болса, жастыққа тым қатты мән берілсе және әлеуметтік қорғаныс әлсіз болса – сол елдерде эйджизм деңгейі жоғары. Еуропада бұл жағынан Франция жиі мысал ретінде айтылады.
Ал АҚШ пен Еуропаның көп елінде бұл көрсеткіш орташа деңгейде. Себебі ол жақта кемсітуге қарсы арнайы заңдар бар.
Эйджизм ең аз байқалатын елдер –- үлкенді сыйлау мәдениеті сақталған Азия мемлекеттері. Соның ішінде Жапония алда тұр. Бірақ бұл жерде де мәселе мүлдем жоқ деген сөз емес. Кейде «жасырын эйджизм» болады: яғни адамға «жасына сай келмейтін» әрекеттері үшін қоғам тарапынан жанама қысым жасалуы мүмкін.

Қазақстандағы жағдай
Бізде үлкенді сыйлау дәстүрі болғанымен, ірі қалаларда жастық шаққа табыну бар. Яғни үлкенді сыйлаймыз, бірақ жұмысқа жастарды аламыз. Бос жұмыс орны туралы хабарламаға жазған «жас ұжым» деген тіркестің өзі – жасы үлкен мамандарды шеттетудің бір түрі. Әсіресе IT, маркетинг және сауда саласында 45-50 жастан асқандардың түйіндемесіне жұмыс берушілер сирек жауап береді. Бұл жерде де әйелдерге түсетін салмақ ауыр, олардан әрдайым жас көрінуді талап етеді, бірақ мүмкіндіктерді ерлерге көбірек береді.
Ішкі эйдж-сыншыны қалай жеңеміз?
Эйджизмнің зияны көп. Бұл тіпті адамның өмірін шамамен 7,5 жылға қысқартуы мүмкін және ел экономикасына да көп шығын әкеледі.
Ең қиыны – оның ішкі әсері. Яғни адам өзі-ақ «маған кеш», «бұл маған арналмаған» деп өз қалауын тежей бастайды. Мұны әсіресе хобби мен сүйікті істерден байқауға болады. Қоғамның қысымы мен осындай ойымыздың кесірінен өзімізге шектеу қоямыз. «Жасым келді» деп, биге барудан, жаңа нәрсе үйренуден немесе спортпен айналысудан бас тартып жатамыз.
Сыртқы қысым әрқашан болады. Бірақ ең тиімді жол – «бұл тек жастарға арналған» немесе «менің уақытым өтті» деген ойдан бас тартып, өзіңе шынымен қызық нәрсеге көңіл бөлу. Егер бұл қиын болса, мынаны есте ұстаңыз:

Менің көзқарасым басқа
45 жастан асқаннан кейін сізде талғам, көрегендік, аудиторияны түсіну қабілеті мен темірдей тәртіп қалыптасады. Бұл – бәсекелестеріңізден басым түсетін басты артықшылығыңыз.
Өз орнымды табамын
Біреуді қайталаудың қажеті жоқ, бастысы – өз стиліңізді жасап, өз оқырманыңызды тауып, өз салаңызды иелену.
Маған ұят емес
Біз көбіне сырт көзге қалай көрінетінімізге тым қатты мән береміз. Бұл – кез келген жаста кездесетін әлеуметтік қорқыныш, онымен жұмыс істеу керек. Қандай машық болса да уақыт пен жаттығуды қажет етеді, ал тәжірибе жинаған сайын өзіңізге сенімді бола түсесіз. Сондықтан өмірлік тәжірибеңіз сізге тек демеу болады.



