Қазір көбі джазды «тек таңдаулы адамдарға арналған» жанр деп ойлайды. Біртүрлі музыка, әр музыкант өз бетімен бірдеңе ойнап жатқандай, қымбат шарап, аздап паңдық… Пикассоның кубизмі ноталарға түскендей күрделі көрінеді. Бірақ шын мәнінде джаз мұндай болған жоқ. Джаз консерваторияларда немесе жабық элиталық клубтарда емес, Жаңа Орлеанның порт кварталдарында, барларда, бордельдерде және жаназа рәсімдерінде ойналған. Британиялық үрмелі аспаптар ансамблі ақырын әрі бір қалыпта жүріп, қайтыс болған адамды шығарып салады, ал қайтар жолда көңілді джаз ойнайды. Себебі өмір жалғасады. Бұны «second line» деп атайды.
Джазды ойлап тапқанның көбі нотаны білмеген. Олар нотасыз, жүрекпен ойнаған. Күн көру үшін, тек музыка ішінде еркін дем алып, өздерін нағыз адам ретінде сезіну үшін ойнаған. XX ғасырдың басында афроамерикалықтар үшін өз мұң-мұқтажын білдірудің санаулы заңды жолдарының бірі болған. Бұл – жұмысшы аудандарының, иммигранттардың, ақшасы мен танысы жоқ адамдардың музыкасы еді. Басында элита бұл жанрды түсінбей, оны дөрекі, қарабайыр, тіпті қауіпті деп санаған. Газеттер «джаз жастарды бұзады» деп жазған.
Ал қазір джаз қиын әрі қолжетпес бір биік сияқты. Бірақ біз осы қорқыныштарды сейілтіп, мұндай жанрды тыңдағанда неден бастау керек екенін түсіндіреміз.

Визуал дүниелерден бастаңыз
Әуелі келісіп алайық: егер осыны оқып отырсаңыз, демек сізге бұл тақырып қызық деген сөз. Яғни, джаздан өзіңізге жақын бірдеңе тапқыңыз келеді. Сіз бәрін бірдей жақсы көруге міндетті емессіз. Бұл жанр – кез келген өнер сияқты қайшылыққа толы, кейде өзін-өзі бұзып, қайта құрайтын дүние. Сондықтан іліп әкететін, түсінікті нәрсені табу керек. Джазды түсіну үшін оны жай тыңдап қана қоймай, көру де керек. Дыбыс кадрдағы көрініспен үйлескенде, музыканың мәні тезірек жетеді. Бірден таңсық дүниелерді іздемей-ақ қойыңыз. Ең танымал нәрселерден бастаңыз.
Ең танымалдары
«Одержимость» (Whiplash) – шеберлік пен барабанның бағасы туралы психологиялық драма. «Ла-ла-лэнд» – нақты бір жанр аясындағы махаббат туралы фильм.
Қарапайым әрі түсінікті дүние тұрғанда, неге қиыннан бастауымыз керек? Біз енді ғана үйреніп жатырмыз ғой, демек «әліппеден» бастаймыз. Сіз спортзалға алғаш рет барғанда бірден 200 келі болатын штанганы көтермейсіз ғой…Мұнда да солай.

Аса танымал еместері
«Полночный джаз» (Round Midnight) немесе «Джазға лайық фильм» – 1986 жылы Оскар алған туынды. Фильм ескі кафелер, барлар мен адамдар туралы баяндайды. Өмірдің құндылығы мен әртүрлілікке қарамастан бірігу жайы көрсетілген. Рецензияларда бұл фильм мен музыка бір-бірінен ажыратуға болмайтыны деп жазылады. Фильм джаздың мәнін сөзбен де, суретпен де жеткізген. Біз алда ішкі түйсік туралы сөйлесеміз, ал бұл фильм оны керемет көрсетеді. Режиссеры – Бертран Тавернье, музыкасын 14 дүркін «Грэмми» иегері Херби Хэнкок жазған. Ал басты рөлде джаз музыканты, саксофонист Декстер Гордон ойнайды. Фильмге қаншалық терең үңілсеңіз, соншалық оған махаббатыңыз да арта түседі.
Аниме
«Ковбой Бибоп» және Ёко Канноның саундтрегі. Анимені тамашалауға дайын болмасаңыз, кем дегенде музыкасын тыңдап көріңіз. Бұл – ғарыштағы көпжанрлы вестерн-хикая және тарихтағы ең үздік аниме атағына үміткерлердің бірі. Оған Тарантино мен Киану Ривздің өзі тәнті болған. «Ковбой Бибоптың» өзі – ортақ желісі бар бөлек-бөлек хикаялар жиынтығы, ал бұл дәл джаздың табиғатына келеді. Сонымен қатар, анимені көріп отырып, бірден бірнеше жанрмен таныса аласыз: бибоп, хард-боп, блюз, фанк, рок, опера. Мұнда музыка кадрдағы көріністі жай ғана қайталап тұрмай, оқиғаға өз бағасын беріп, кейде тіпті суретке мүлдем қарама-қайшы келіп жатады. Нағыз джазмен сияқты әуеннің айтқанына көніп жүрмейді, онымен тең дәрежеде тілдеседі. Әр серия – басты кейіпкерлер үшін жаңа композиция мен жаңа сынақ. Ол тек төбелес емес, көбіне жан азабы мен өткен шақ пен болашақ арасындағы таңдау, ал фонда сұлу әйелдер мен атыс-шабыс.

«Дұрыс» нәрсені іздемеңіз
Джазда «дұрыс» деген ұғым жоқ. Джаз – бұл өзін-өзі еркін көрсету және сезім. Сіз де осы жанрдың ішінен нақты не ұнайтынын сезінуіңіз керек. Луи Армстронгтың қырылған дауысы, «Take Five» соңындағы барабан солосы немесе Чет Бейкердің музыкасындағы мұңды сарын ұнап қалар. Авангардты түсініп, қиын теория конструкцияларын білу міндетті емес. Бастапқыда тек ішкі жан дүниеңізге үйлесетін дүниені табыңыз. Ол вокалы жоғары, әуезді, қарапайым әрі әдемі болсын. Тіпті, керісінше, музыка туралы үйреншікті түсінігіңізге сынақ сияқты нәрсе болсын. Бірақ тек «үздік 100 композиция» тізімімен шектелмеңіз. Олай етсеңіз, кездейсоқ бір әуенге ғашық болу мүмкіндігінен айырылып қаласыз.
Импровизация – бұл әңгімелесу
Импровизация джаздың өзегінде өмір сүреді. Оған музыканттар арасындағы әңгіме сияқты қарау керек. Олардың аспаптары – олардың дауысы. Осы идеяны түсінсеңіз, музыканы бірден басқаша қабылдайсыз. Білінбейтін ұсақ-түйектерге мән бере бастайсыз, біреу сізбен құпиясын бөлісіп жатқандай боласыз.
Бір қызығы, бір әуенді екі рет тыңдасаң да, ол ешқашан алдыңғысына ұқсамайды. Джазда «қате» деген болмайды. Егер музыкант күтпеген нотаны алса, басқасы оны іліп әкетіп, жалпы әңгіменің бір бөлігіне айналдыра алады. Майлс Дэвис: «Қате нота болмайды, тек келесі нота болады» деген.
Жанды процесті тек жанды дауыста сезінуге болады. Жазбадан сіз нәтижені естисіз. Ал концертте сол әңгімеге куә боласыз. Бұл екеуі – екі бөлек дүние. Сондықтан кейде жанды дауыстағы концерттерге барып тұрған жөн, бұл – келесі пунктіміз.

Джазды жанды дауыста тыңдаңыз
Джазды сезінудің ең үздік жолы – оны live форматында тыңдау. Музыканттардың жүзін көру, күлкісін есту, бір-біріне көз қысқанын немесе қарағанын байқап қалу. Міндетті түрде дәу фестивальдерді іздеудің қажеті жоқ (әрине ол да жақсы). Көбіне кішкентай барлар мен кафелер – джаздың отаны. Баяғыда Америкада басталған сол атмосфера дәл сондай жерлерде сақталған. Әрине, мұндай шаралардың қолжетімділігіне де байланысты. Бірақ мүмкіндік болса, пайдаланып қалыңыз.
Өзіңізге тым ауыр міндет жүктемеңіз
Сіздің мақсатыңыз – бүкіл джазды жақсы көріп кету немесе тек соны тыңдау емес. Кішкентай қадамнан бастаңыз. Іліп әкететін бір-екі туынды болса жетеді. Оларды өзіңіздің сүйікті тректеріңіздің тізіміне қосып қойыңыз. Ол үлкен әлемнің кішкене ғана бөлігіне айналсын.
Сезініңіз
Иә, джаз сізге міндетті түрде ұнауы міндетті емес. Бірақ осы мәтіндегі бір есім, бір фильмнің аты немесе бір ғана сөйлем көңіліңізден шықса, демек бұл – сіздің «бастамаңыз». Жемежемге келгенде, сіз жай ғана музыка тыңдап жатырсыз. Джаз өзі сізді ертіп әкетуге тиіс. Егер олай болмаса, бұл – шексіз музыка әлеміндегі кезекті ізденістің бір бөлігі ғана.



