10 қазан — Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні. Бұл күн жан саулығына назар аударып, қажет кезде маман көмегіне жүгінудің маңызын еске салады. Бұрыннан қарағанда қазір мазасыздық, эмоциялық қажу, күйзеліс, жеке шекара және қарым-қатынас туралы ашық айтылады. Психология туралы ақпарат көп, әсіресе адамдар әлеуметтік желіде өз тәжірибесімен жиі бөлісуде. Алайда ақпарат көбейген сайын оның қаншалықты сенімді екені алаңдатады. Әсіресе өз бетінше диагноз қоятындар жиі кездеседі. Осы тақырыптарды психотерапевт, психолог, транзактілік талдау және когнитивті-мінез-құлық терапия маманы Елизавета Смирновамен талқылады.
Психикалық денсаулық деген не?
Психикалық денсаулық – тек жақсы көңіл күйде жүруді айтпаймыз. Ол адамның өз сезімін түсіп, қиындықтарды жеңуіне, күйзелістен шығуына, адамдармен жақсы қарым-қатынас орната алуына байланысты. Жүйке жүйесі тұрақты адам да ашуланады, мазасызданады немесе шаршайды. Мұндай эмоцияны басып тастамай қабылдау, еңсесін түсірмей түсіне білу маңызды.
Елизавета Смирнова психикалық денсаулықты былай сипаттайды:
«Меніңше, психикалық денсаулық адам өмірдегі өзгерістерге бейімделіп, қиындықтармен күресе алу қабілеті. Яғни қажет кезде көмек сұрау, жеке шекарасын қорғау, сонымен бірге өз құндылықтары мен қажеттіліктеріне сай өмір сүре алу».

Елизаветаның айтуынша, адамдар кейде жан дүниесінің нашарлағанына бірден мән бермейді. Мысалы, үнемі шаршау, ештеңеге зауқы болмау, ұйқы бұзылуы, ашуланшақтық, ықылассыздық немесе адамдардан бөлектену.
«Көбіміз мұндай күйді “жай ғана шаршадым”, “бұл уақытша”, “осындай кезең болады” деп түсіндіреміз. Бірақ бұл жағдай бірнеше апта бойы өзгермей, жұмысқа, қарым-қатынасқа және күнделікті өмірге әсер ете бастаса, оған назар аударған жөн. Көмекке жүгіну үшін жағдайдың тым қиындағанын күтпей, маманға ертерек жүгінген дұрыс. Мәселенің алғашқы белгілері байқалғанда психотерапия көмегі тиімдірек болады», – дейді Елизавета Смирнова.
Ескі көзқарастан ашық әңгімеге дейін
Осыдан 10–15 жыл бұрын «мен психологқа барамын» дегенді айтуға ұялатын. Сол кезде психологқа баратынын да жасырғандар болды. Бұрын психологқа көбіне қиын жағдайға тап болып, жан дүниесін түсінбейтіндер барады деген түсінік қалыптасқан.
Қазір бұл пікір өзгеруде. Мысалы, 2025 жылы Психологиялық қолдау орталықтарының мамандары 48 019 адамға көмек көрсеткен. Оның 23 885-і – кәмелетке толмағандар, 14 898-і – ата-аналар, 9 236-сы – педагогтер. Мұндай орталықтар Қазақстанның 20 өңірінде жұмыс істейді.
Жастар арасында психологиялық көмекке сұраныс бар екенін Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының деректері де көрсетеді. Психологқа жүгінгендердің көбі ата-анасымен тіл табыса алмаған, құрдастары тарапынан буллингке ұшыраған немесе күйзеліс пен депрессия кезінде көмек іздеген.

Дегенмен стереотиптер толық жойылған жоқ. Бұл тек қоғамның көзқарасына ғана қатысты емес. 2026 жылғы сәуірде Cambridge Prisms: Global Mental Health журналында жарияланған зерттеу Қазақстандағы психикалық денсаулық саласы мамандарының (психиатрлар, наркологтар, психотерапевтер, резиденттер мен медбикелер) психикалық бұзылысы бар адамдарға қалай қарайтынын зерттеген. Сауалнамаға Қазақстанның әр өңірінен мамандар қатысты.
Зерттеу нәтижесінде кейбір мамандар арасында ескі көзқарас сақталғаны анықталған. Зерттеу көрсеткендей, психикалық бұзылысы бар адамдарға қатысты стигма (теріс пікір) жақындары немесе достары осындай жағдайды бастан өткерген мамандарда төменірек болған. Психотерапияға өзі де барған мамандар арасында бұл тақырыптан қысылу немесе ұялу сезімі аз байқалды.
Елизавета Смирнова да Қазақстанда мұндай стереотиптер әлі бар екенін, бірақ жағдай біртіндеп өзгеріп келе жатқанын айтады:
«Бұрын психологқа жүгіну адамның “психикасында күрделі мәселе бар” деп қабылданатын. Қазір психологиялық көмек өзіңе қамқорлық жасау деп түсінеді. Қазақстандағы статистикаға қарасақ, 2025 жылы тек мемлекеттік жүйенің өзінде МӘМС және ТМККК аясында бір миллионнан астам қазақстандық психолог көмегіне жүгінген».
Психология әлеуметтік желіге шықты
Психологияға деген қызығушылықтың өсуіне ықпал еткен басты факторлардың бірі – салаға қатысты мәліметтердің бұрынмен салыстырғанда қолжетімділігі. Мазасыздық, эмоциялық қажу, жеке шекара, өзін-өзі бағалау, эмоциялық тәуелділік, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас сияқты ұғымдар әлдеқашан психолог кабинетінен шығып кетті. Бүгін адам бұл тақырыптар туралы материаолды подкасттан естиді, TikTok-тан видео көреді, Instagram-нан психологтың жазбасын оқиды немесе YouTube-тан бірнеше сағаттық дәріс тыңдайды.
Соңғы жылдары әсіресе жиі айтыла бастаған ұғымдардың бірнешеуіне тоқталайық:
СДВГ – зейін тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы. Ол зейін қоя алмау, асығыс әрекет ету және күнделікті істерді жоспарлай алмауынан байқалады;
аутизм – адам өзгелермен қарым-қатынас жасауына, әлеуметтік ортада өзін ұстауына және қоршаған ортаны қабылдауына әсер ететін нейродаму ерекшелігі;
мазасыз және қашқақтайтын жақындық үлгісі – бұл адамның жақын қарым-қатынас орнату ерекшелігін және сезімталдыққа қалай жауап беруін көрсетеді;
нарциссизм – адам өзін өзгелерден жоғары санауы, үнемі мақтау мен қолпаштауды қажет етуі және сырттан айтылған сынды өте ауыр қабылдауы;
газлайтинг – адамның өз сезіміне, естелігіне немесе болып жатқан жағдайды дұрыс қабылдап отырғанына күмәндануі;
эмоциялық қажу – ұзақ уақытқа созылған күйзелістен кейін пайда болатын физикалық және эмоциялық әлсіреу;
психологиялық жарақат – ауыр немесе қауіп төндірген оқиғаны бастан өткергеннен кейін пайда болады;
ОКР – обсессивті-компульсивті бұзылыс. Бұл жағдайда адамның ойына еріксіз, қайта-қайта қайталанатын мазасыз ойлар келуі мүмкін. Сол мазасыздықты азайту үшін ол белгілі бір әрекеттерді қайта-қайта жасауға мәжбүр;
эмоциялық тәуелділік және қосалқы тәуелділік – адам кейде қарым-қатынасқа тым байланып, өз қажеттіліктерін екінші орынға ысырып қоюы;
жеке шекара – адамның өз қажеттілігін түсінуі, өзгелердің қандай да бір әрекетін қабылдауы және қажет кезде өзін қорғай алуы;
КПТСР – кешенді посттравмалық стресс бұзылысы. Ол адам ұзақ уақыт бойы немесе қайта-қайта ауыр жағдайларды бастан өткергеннен кейін пайда болады;
БАР – биполярлық аффективті бұзылыс. Биполярлық бұзылыс кезінде адамның көңіл күйі айқын өзгеріп, депрессиялық кезеңдер мания немесе гипомания кезеңдерімен алмасуы мүмкін.
депрессия – адамның көңіл күйі ұзақ уақыт болмай, бұрын ұнаған нәрселерге қызығушылығы азаюы, мұңаюы және әлсіреуі.

Психологияның кеңінен таралуы психикалық денсаулық туралы әңгімені ашық етті. Адамдар өз тәжірибесімен де бұрынғыдан жиі бөлісе бастады. Ал 2026 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамның жеке тәжірибесіне ерекше назар аударуды ұсынып отыр.
Жеке тәжірибеден нақты өзгеріске дейін
2026 жылғы Дүниежүзілік психикалық денсаулық күнінің тақырыбы – «Жеке тәжірибе маңызды: шынайы оқиғалардан нақты өзгеріске дейін».
Елизавета Смирнованың пікірінше, адамның өз басынан өткен тәжірибесі психологиялық көмек жүйесін ішінен көруге мүмкіндік береді:
«Психотерапияға өзі жүгінген немесе қазір терапиядан өтіп жүрген адам бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін біледі. Ол мамандар бірден байқай бермейтін мәселелерді көре алады: көмекке қол жеткізу қай жерде қиын, адамдарға маманға жүгіну кедергілері, қандай көмек түрі тиімді, ал қайсысы керісінше ыңғайсыздық тудырады.
Мұндай оқиғаларды жай ғана тыңдап қою жеткіліксіз. Психологиялық көмекке өз басынан өткерген адамдарды да тарту маңызды. Сонда көмек көрсету жүйесі олардың шынайы қажеттілігін жақсырақ түсініп, қолжетімді әрі тиімді бола түседі».

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне арналған парақшасынан психикалық денсаулық, мазасыздық және күйзеліс, биполярлық бұзылыс, шизофрения және суицид туралы ақпараттық материалдарды оқуға болады. Сондай-ақ бұл жерден психикалық қиындықтарды бастан өткерген адамдардың жеке әңгімелерін, видеоларды және психологиялық көмекті жақсартуға арналған материалдарды табуға болады. Ал науқанға қатысты жазбалар мен адамдардың тәжірибелерін әлеуметтік желілерден #WorldMentalHealthDay хэштегі арқылы өтіп көріңіз.
Өзіне өзі диагноз қою қаупі
Жеке тәжірибе көп нәрсені түсінуге көмектеседі. Бірақ адамның өз тәжірибесі мен кәсіби диагноз екі түрлі нәрсе.
2026 жылы жарияланған зерттеуде ғалымдар TikTok-тағы өзін диагностикалау тақырыбындағы 150 видео және 1 400-ден астам пікір талдаған. Ең көп талқыланған тақырыптардың арасында СДВГ мен аутизм болған. Пікірлерде қолданушылар өз белгілері туралы жазып, оларды видеоларда сипатталған ерекшеліктермен салыстырып, өзіне диагноз қою мүмкіндігін талқылаған.
Алайда СДВГ туралы танымал TikTok видеоларын зерттеген басқа жұмыста роликтердің 50,4%-ы жалған ақпарат береді деп бағаланған. Ал пайдалы деп танылған видеолардың үлесі небәрі 19,2% болған.
Аутизм туралы контентте де жағдай ұқсас. Танымал 100 видеоның 40%-ында қате мәлімет болған, ал зерттеушілер тек 24%-ын пайдалы деп бағалаған. Оның үстіне видео авторларының 86%-ында медициналық білім болмаған.

Әлеуметтік желі өз жағдайыңыз туралы ойлануға және маманға жүгінуге түрткі болуы мүмкін. Бірақ оны өзіңізге диагноз қою немесе өз бетіңізше емделу құралы ретінде қабылдауға болмайды.
Елизавета Смирнова бұған қатысты былай дейді:
«Егер өзіңізден мазасыздық немесе қашқақтық белгілерін байқасаңыз, оны диагноз деу дұрыс емес. Адамның жақын қарым-қатынас құру тәсілі өмірлік тәжірибеге байланысты қалыптасады және уақыт өте өзгереді. Кейде біз мазасыздықты махаббат деп, бақылауды қамқорлық деп, ал эмоциялық алшақтықты тәуелсіздік деп қабылдаймыз. Сондықтан кейде өзіңізді тыныш әрі қауіпсіз сезінесіз. Ал кейде керісінше, бірде адаммен жақындағыңыз келіп, бірде алыстағыңыз келетін күйде боласыз. Психотерапия өзіңіздің жақын қарым-қатынасты қалай құратыныңызды және бұл үлгінің қайдан қалыптасқанын түсінуге көмектеседі. Кейін оны біртіндеп өзгертіп, қарым-қатынасты басқаша құруды үйренуге болады».
Психологиялық сауаттылық
Бұрын «психологқа баруым керек пе?» деген сұраққа жауап іздейтін. Ал қазір қандай маманды таңдау керек және әлеуметтік желідегі психология туралы ақпараттың қайсысы сенімді екенін қалай түсінуге болады дейміз.
Елизавета Смирнова маман бірнеше нәрсеге назар аударуға кеңес береді:
«Бес жыл тәжірибемде бір нәрсені түсіндім. Психологтың кәсіби білімі өте маңызды. Оның негізгі біліміне, қосымша мамандануына және сіздің мәселеңізге ұқсас сұраныстармен жұмыс істеген тәжірибесіне назар аударыңыз. Сондай-ақ маманның тұрақты түрде білімін арттырып, өзі де жеке терапияға қатысып жүргені маңызды.
Бірақ диплом – тек негіз. Маманның қалай жұмыс істейтініне де қарау керек. Маман өз жұмыс тәсілін түсіндіре ала ма? Қай мәселемен жұмыс істей алатынын және қай жағдайда басқа маманға жолдау керегін біле ме? Сіздің сезіміңізге құрметпен қарай ма, өз пікірін таңбай ма?
Оның жанында өзіңізді қалай сезінетініңіз де маңызды. Өзіңіз күрделі тақырыптар туралы ашық сөйлесе аласыз ба? Сотталудан немесе сын естуден қорықпайсыз ба?
Сенімді психолог тез нәтиже беремін деп уәде бермейді, сізді “түзетуге” тырыспайды. Ол өзіңізді жақсырақ түсінуге және дәл сізге не көмектесетінін бірге іздеуге қауіпсіз орта қалыптастырады».

Бүгіннен бастап не істеу керек?
Психикалық денсаулыққа тек қиындық туындағанда ғана жүгірмеңіз. Өз көңіл күйіңіз бен жағдайыңызды күнделікті бақылау маңызды. Елизавета Смирнова ең қарапайым нәрседен бастауды ұсынады:
«Өзіңізден: “Қазір мен не сезіп тұрмын?”, “Маған не болып жатыр?” деп сұрап көріңіз. Бірден өзіңізге баға беріп немесе жағдайды өзгертуге асықпай, алдымен не сезініп тұрғаныңызды түсініңіз. Өзіңізге көмектесетін қарапайым нәрселерді таңдаңыз: тұрақты ұйықы режимі, серуендеу, жақындарыңызбен уақыт өткізу, өзіңізге күш беретін істермен айналысу. Ал жағдайды өз бетіңізше еңсеру қиын болып жатса, маманға жүгінген дұрыс».
Жанға араша болу үлкен бетбұрыстардан емес, өз-өзіңді сезінуден бастау алады. Адам өз күйін пайымдаған сайын, өзінің шынайы қажеттіліктерін анықтау да жеңілдей түседі.



