Екі апталық демалыс аяқталды. Ұйқыңызды қандырып, серуендеп, жұмыс чатына бір рет те кірмедіңіз. Дүйсенбіде кеңсеге тың күйде ораласыз. Бірақ сәрсенбіге қарай поштаңызда жүздеген хат жиналып, бейсенбіде қайта ашулана бастайсыз. Ал жұмаға жеткенде демалысқа мүлде шықпағандай күй кешесіз. Мәселе сіздің дұрыс демала алмағаныңызда емес. Зерттеулер демалыстың әсері тез байқалғанымен, оның ұзаққа созыла бермейтінін көрсетеді. Ендеше, толық тынығу үшін қанша күн керек, ұзақ демалыс шынымен тиімді ме және жұмысқа оралғаннан кейін сергектікті қалай сақтауға болатынын қарастырайық.
Демалыс бізге шын мәнінде қалай әсер етеді?
2023 жылы метаанализде ғалымдар 1428 қызметкер қатысқан 13 зерттеудің нәтижесін талдаған. Зерттеу демалыстың көңіл күйді жақсартып, шаршау мен күйзелісті азайтатынын көрсеткен. Жекелеген зерттеулер де осыны растайды. Мысалы, тауға шаңғы тебуге барған 96 нидерландтықтың көңіл күйі жақсарып, күш-қуаты мен қанағат сезімі артқан. Алайда бір ай ішінде бұл айырмашылық біртіндеп жоғалған.
Мұғалімдер екі апталық демалыстан соң жұмысқа ынтамен, күш–қуатпен кіріскен. Алайда бір айдан кейін бұл әсер басылып, көңіл–күйі бұрынғы қалпына түскен.

Екінші жағынан, 2025 жылы жарияланған, 32 зерттеу мен 256 бағалауды қамтыған метаталдау еңбек демалысы қызметкерлердің әл-ауқатын айтарлықтай жақсартатынын көрсетті. Оның оң әсері бұрынғы шолуларда айтылғаннан баяуырақ бәсеңдейтіні анықталған. Нәтижеге демалыстың ұзақтығы, елдегі мәдени ерекшеліктер және ресми демалыс күндерінің саны әсер етеді. Қалпына келуге әсіресе жұмыстан психологиялық тұрғыда толық ажырау және дене белсенділігі жақсы ықпал еткен.
Сондай-ақ 2025 жылғы 30 маусымда Behavioral Sciences журналында Қытай ғалымдарының Көктем мерекесінен кейін жұмысқа оралу туралы зерттеуі жарияланды. Оған әртүрлі салада жұмыс істейтін 349 қызметкер қатысқан. Зерттеу мереке алдындағы эмоциялық күйзеліс адамның демалуға және күш жинауға деген қажеттілігін арттыратынын көрсетті. Ал жеке уақытты жұмыстан бөле білу және жұмыс берушінің қолдауы бұл әсерді азайтуға көмектеседі.
Толық демалу үшін қанша күн қажет?
Ең жиі аталатын жауап – сегіз күн. 2013 жылы жүргізілген зерттеуде 54 қызметкер демалысқа дейін, демалыс барысында және одан кейін өздерін қалай сезінетінін бағалаған. Олар екі аптадан ұзақ, орта есеппен 23 күн демалған. Қатысушылардың көңіл күйі мен жалпы жағдайы тез жақсарып, шамамен сегізінші күні ең жоғары деңгейге жеткен. Одан кейін айтарлықтай өзгеріс болмаған.
Алайда зерттеуге қатысушылар саны аз болған және авторлардың өздері сегіз күнді мінсіз демалыс деп есептемейді. Нәтиже алғашқы күндері адамның жұмыс ырғағынан шығып, ойды жұмыстан бөлуге уақыт қажет екенін ғана көрсетеді. Негізгі оң әсер бір-екі апталық демалыс кезінде байқалған.
Қысқа сапар да адамның жағдайын жақсартады. Бірақ толық тыныққандай сезім сегізінші күнге қарай айқынырақ пайда болады. Алғашқы күндер ойды жұмыстан бөлуге кеткен.
Бір рет ұзақ демалған дұрыс па, әлде бірнеше рет қысқа демалысқа шыққан дұрыс па?
Бұл сұраққа нақты жауап беретін зерттеулер әзірге жеткіліксіз. Бізге белгілі еңбектерде бір топты ұзақ демалысқа, ал екінші топты бірнеше қысқа демалысқа жіберіп салыстырған тәжірибе жоқ. Дегенмен қолда бар деректерден біраз қорытынды жасауға болады.
Біріншіден, ұзақ демалу міндетті түрде көбірек пайда әкелмейді. 2025 жылғы метаталдау демалыстың сапасына ерекше мән береді. Қалпына келуге әсіресе екі нәрсе жақсы әсер еткен: жұмыстан психологиялық тұрғыда ажырау, яғни жұмыс міндеттері мен мәселелерін ойламау және дене белсенділігі.
Екіншіден, қысқа сапарлардың да пайдасы бар, бірақ әсері тез басылады. Германияның Spektrum журналы жазған зерттеуде адамдар Нидерландтағы демалыс саябағына 3-5 күнге барған. Олар өздерін жақсырақ сезініп, күйзелісі азайған. Бірақ үйге оралғаннан кейінгі үшінші күні-ақ көрсеткіштер бұрынғы деңгейіне түскен.
Үшіншіден, демалысқа жиі шығудың да маңызы бар. Жүрек ауруының қаупі жоғары 12 мыңнан астам ер адам қатысқан зерттеуде мынадай байланыс байқалған. Жылына әр қосымша демалысқа шығу жалпы өлім қаупінің 17%-ға, ал жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болу қаупінің 29%-ға төмен болуымен байланысты болған.

Сондықтан бір ай бойы бір рет демалғаннан гөрі, бір-екі апталық негізгі демалыс алып, жыл бойы бірнеше рет қысқа үзіліс жасаған тиімдірек. Қысқа демалыстар да адамның тынығып, күш жинауына көмектеседі. Германияның Spektrum журналының жазуынша, 2013 жылғы зерттеу авторларының бірі Джессика де Блум бір ұзақ демалыстың орнына бірнеше қысқа демалыс алуға кеңес береді. Ал Мюнстер университетінің зерттеушісі Бинневис күш-қуатты қалпына келтіру үшін жылына бір рет демалу жеткіліксіз екенін айтады.
Қазақстанның Еңбек кодексінде не айтылған?
Қазақстандықтарға демалысты осылай жоспарлау ыңғайлы. Еңбек кодексі бойынша жыл сайынғы негізгі ақылы еңбек демалысы 24 күнтізбелік күнді құрайды. Жұмыс берушімен келісіп, оны бөліп алуға болады. Бірақ бір бөлігі кемінде 14 күнтізбелік күн болуы керек. Қалған күндерді қалаған ұзақтықта бөлуге болады. Бөліктердің реті белгіленбеген: 14 күндік демалысты бірінші алу міндетті емес.
Яғни заң демалысты «14 + 5 + 5» немесе «14 + 7 + 3» деп бөлуге мүмкіндік береді. Екі апта жақсылап тынығуға жеткілікті, ал қалған күндерді жыл бойына бөліп алып, демалыстың әсерін сақтауға болады.

Демалыстың әсерін қалай ұзақ сақтауға болады?
Демалыстан кейінгі сергектік үнемі болмайды, біртіндеп басылады. Бірақ зерттеулер оның әсері неге тез басылатынын және оны қалай ұзағырақ сақтауға болатынын көрсетеді.
Демалыста жұмысты ойламауға тырысыңыз. Психологтар Сабина Зоннентаг пен Шарлотта Фритц күш жинаудың төрт жолын ұсынады: жұмыстан ойды бөлу, босаңсу, жаңа нәрсе үйрену және уақытты өз қалауынша өткізу. 2013 жылғы зерттеуде тыныш демалып, ұйқысын қандырған, демалыстан ләззат алған және немен айналысатынын өзі шешкен адамдар өздерін жақсырақ сезінген. Қандай іспен айналысқаны емес, сол істен қаншалықты рақат алғаны маңызды болған.
Демалыста жұмыстың уайымынан арылыңыз. Англия мұғалімдеріне жүргізілген зерттеу көрсеткендей, бәрін мінсіз орындауға тырысатын және өзіне қатал қарайтын адамдар Пасха демалысында да жұмысты ойлап, көбірек алаңдаған. Келесі аптада олардың жағдайы еркін демалған әріптестеріне қарағанда нашар болған. Яғни жұмыс поштасын тексермесеңіз де, ойыңыз жұмыста жүрсе, демалыстың пайдасы азаяды.
Жұмысқа оралуды алдын ала жоспарлаңыз. Зерттеуде демалыстан соң бірден ауыр жұмысқа кіріскен мұғалімдердің сергектігі тезірек басылған. Тәртібі қиын оқушылармен жұмыс істеу мен уақыттың жетіспеуі бұған себеп болған. Сондықтан алғашқы аптаға күрделі талқылаулар мен маңызды кездесулерді қоймаған жөн. Бірінші күні тек шұғыл істерді атқарыңыз.

Демалыстан кейін де тынығуға уақыт бөліңіз. Жоғарыда айтылған мұғалімдер жұмысқа оралғаннан кейін де демала алғанда, демалыстың әсері ұзағырақ сақталған. Алғашқы апталарда серуендеу, спортпен айналысу және жақындармен уақыт өткізу сергектікті сақтауға көмектеседі.
Келесі сапарды алдын ала жоспарлаңыз. Нидерландтың 1530 тұрғыны қатысқан сауалнамада сапарға шығуды күтіп жүрген адамдар өздерін басқалардан бақыттырақ сезінген. Бірақ сапардан кейін бұл айырмашылық байқалмаған. Зерттеушілер мұны алдағы демалысты қуана күтумен түсіндіреді. Басқа бір зерттеу де жаңа затты күткеннен гөрі, сапарды немесе қызықты оқиғаны күту көбірек қуаныш сыйлайтынын көрсеткен. Сондықтан демалыстан оралған соң келесі айдың демалыс күндеріне сапар жоспарлап, билет не қонақүйге орын алып қою жақсы көңіл күйді сақтауға көмектеседі.
Жылына бір рет қана демалмаңыз. Демалыстың әсері бірнеше аптаға созылады, ал жұмыс айлар бойы жалғасады. Сондықтан жұмыссыз өткізетін кештер мен демалыс күндері де күш жинаудың тұрақты бөлігі болуы керек. Ал еңбек демалысы тереңірек тынығуға мүмкіндік береді.



