Медиа●Қоғам●Достықтан артық, махаббаттан кем: ситуейшншип деген не?

Достықтан артық, махаббаттан кем: ситуейшншип деген не?

28 маусым 2026
4 мин
"Любовь и другие лекарства" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

«Сендер жүріп жүрсіңдер ме?» деген сұраққа «жоқ, біз жай сөйлесіп жүрміз» деп жауап беретін кездер таныс па? Бірге киноға барасыздар, сыр шертесіздер, интимдік жақындық та бар, бірақ ешкім ешкімге ешнәрсе міндетті емес. Қазіргі дейтинг мәдениетінде бұл форматтың өз атауы бар – situationship (ситуейшншип). Tamga Media психологтар мен ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, жас ұрпақтың бұл жаңа «махаббат» формасы адам психикасына қалай әсер ететінін талдап көрді.


Ситуейшншиптің белгілері


Ағылшынның “situation” (жағдай) және “relationship” (қарым-қатынас) сөздерінен құралған бұл термин – нақты статусы жоқ, бірақ романтикалық және физикалық жақындығы бар қарым-қатынас.


Психологтар оны «достықтан артық, бірақ толыққанды қарым-қатынастан төмен» деп сипаттайды.


Негізгі белгілері:

  • Статусы жоқ. «Біз кімбіз?» деген сұрақ ашық қалады. Екеуі де бұл тақырыпты қозғаудан ат-тонын ала қашады.

  • Эмоциялық және физикалық жақындық бар. Бірге уақыт өткізеді, бір-біріне әбден бауыр басып қалған.

  • Міндеттеме жоқ. Ондай «жұптар» бір-бірінің алдында ешқандай жауапкершілік арқаламайды, болашаққа ортақ жоспар құрмайды. Олар көбіне «қазір қарым-қатынасқа дайын емеспін, бірақ сені жоғалтқым да келмейді» деп ашық жауаптан жалтарып кетеді. Бір сөзбен айтқанда – «арқансыз байлану».

Бұл қайдан шықты?


Бұл термин 2017 жылдан бастап поп-мәдениетте кеңінен тарай бастады. Әсіресе зумерлер мен миллениалдар арасында өте танымал. Tinder, Bumble сияқты танысу қолданбалары бұл форматтың көбеюіне тікелей әсер етті.

  • АҚШ-та 18-34 жас аралығындағы жастардың шамамен 50%-ы осындай қарым-қатынаста болған.

  • Ал Global Dating Insights дерегі бойынша, жалпы ересектердің 60%-ы өмірінде кемінде бір рет ситуейшншипте болған.

Бұл форматтың тұзағы


Springer ғылыми журналында жарияланған жаңа зерттеу бұл құбылысқа терең анализ жасады. Зерттеушілер 2024-2025 жыл аралығында жүздеген адамнан сауалнама алып, мұндай қатынастарда әдетте қанағаттану деңгейі өте төмен және жауапкершілік өте әлсіз болатынын анықтады.


Психологтар  мұның жағымсыз үш әсерін айтады:


1. Ең басты стресс – белгісіздік. Ғалымдардың айтуынша, бас проблема адамдардың еркін кездесуінде емес, ертең не боларын білмеу. Ертеңгі күнге деген сенімсіздік тұрақты үрей, уайым және эмоциялық тұрақсыздық әкеледі.


2. «Ойын автоматы» эффектісі. Бұл – психологиядағы өте қауіпті тұзақ. Серіктесіңіз бір күні сізге қатты көңіл бөліп, ыстық ықылас танытады, ал келесі күні су сепкендей басылып, мүлдем хабарсыз кетіп қалады. Осындай «бірде ыстық, бірде суық» тұрақсыздық адамды одан сайын тәуелді етеді. Ми мұны дәл ойын автоматы сияқты қабылдап, «келесі жолы ұтып қалармын» деген үмітпен дофаминге байлана береді.


3. Мүлдем екі түрлі адамның байланысы. Байланыс теориясына сәйкес, ситуейшншипте көбіне екі түрлі адам болады: үрейлі-жабысқақ (anxious) және қашқақ (avoidant) типтер. Біріншісі үнемі жақындық іздеп, қатынасты сақтап қалуға тырысса, екіншісі жауапкершіліктен қорқып, қаша береді. Нәтижесінде «қашқан сайын қуып, қуған сайын қашатын», ешқашан аяқталмайтын токсик цикл пайда болады.


Түсініксіз қатынасты үзе алмаудың себептері


«Бұл соншалық стресс әкелсе, неге оны тастамайды?» деген ой туады. 2025 жылғы Sexuality & Culture журналында жарияланған зерттеу бұған төрт нақты себеп келтіреді:

  1. Эмоциялық байланыс. Қанша дегенмен арада сезім бар.

  2. Жалған үміт. «Сен мен үшін өте қымбат адамсың, бірақ мен әзірге не қалайтынымды өзім де түсінбей жүрмін». Дәл осылай айтылған жылы сөздерден кейін адамда «Мүмкін уақыт өте келе шынайы жұпқа айналып кетерміз, түсінер, өзгерер» деген иллюзия мен алдау пайда болады.

  3. Жалғыз қалмау. Мүлде ешкімсіз қалғаннан гөрі жартылай болса да біреудің болғаны жақсы көрінеді.

  4. Қажеттіліктің жартылай өтелуі. Интимдік және эмоциялық қажеттілік ішінара қанағаттандырылады.

Ал 2024-2025 жылдардағы International Journal of Indian Psychology зерттеуі зумерлердің бұл форматты көбіне «сынақ кезеңі» ретінде қарастыратынын көрсетті. Бұл серіктесімен қаншалық үйлесімді екенін тексеруге және өз эмоцияңды қауіпсіз деңгейде ұстап тұруға көмектеседі. Бір адамдарға бұндай қарым-қатынас тиімді. Бірақ анық ережелердің болмауы түбінде бәрібір күйзеліске алып келеді.


Ситуейшншип – адамға жақындық береді, бірақ қауіпсіздік бермейді. Еркіндік береді, бірақ тұрақтылық бермейді. Ғалымдардың ортақ байламы мынадай: бұл форматтағы басты жау – белгісіздік. Екі жақ та бұл ойынның ережесін дәл түсініп, соған келіссе ғана қауіпсіз. Ал біреуі іштей толыққанды махаббат күтсе, түптің түбінде оның жүрегі жараланатыны анық. 

Бөлісу: