Қазақта «Досы көппен сырлас» немесе «Жақсымен дос болсаң, жетерсің мұратқа» деген ғасыр бойы қалыптасқан өнегелі нақыл сөздер бар. Дегенмен, қоғамда әлі де табысты адамның міндетті түрде жақын достары болуы керек деген қатып қалған қағида бар. Ортасы жоқ жандарға кейде аяушылықпен қарап, «бәрімен араласпаса, демек өзі де тұйық шығар» деп асығыс баға береміз. Дәл осы стереотип кесірінен көп адам жанымызға жайсыз тиетін, “улы” қарым-қатынастарды тоқтата алмай жүреді.
Ал егер достық бұрынғыдай жылулық, қолдау мен қуаныш әкелмей, тек ауыртпалық тудырса не істеу керек? Tamga Media психолог Сона Илгарқызы және гештальт-психотерапевт Елена Поляковамен бірге адамдардың неліктен жылдар бойы өзіне зиян келтіретін достықты шыдап жүретінін және адамға міндетті түрде жақын дос керек пе деген сұрақтарды талқылады.
Достық деген ерекше көзқарас қалай қалыптасты?
Кітап не мультфильм кейіпкерінің міндетті түрде досы болуы бізге қалыпты нәрсе сияқты көрінеді. Ол досын мектепте, аулада немесе сапар кезінде кездестіреді, кейін екеуі бірге түрлі қиындықты басынан кешіп, ренжіседі, қайта татуласады. Алайда достық бақытты өмірдің негізгі тірегі деген түсінік біртіндеп қалыптасты.
Тарихшы Марк Пил Friendship: A History кітабындағы New Worlds of Friendship: The Early Twentieth Century бөлімінде ХХ ғасырдың бірінші жартысында Батыс қоғамында достық «жақсы өмірдің» маңызды бөлігі ретінде қабылдана бастағанын жазады. Қалалардың өсуі, адамдардың жиі қоныс аударуы және бұрынғы әлеуметтік ортаның өзгеруі туыстар мен көршілерге сүйенген байланыстарды әлсіретті. Соның нәтижесінде адамдар өздері таңдайтын, ерікті түрде қалыптасатын достық қарым-қатынастарға көбірек мән бере бастады.

ХХ ғасырдың екінші жартысында бұл үрдіс одан әрі күшейді. Марк Пил, Лиз Рид және Джеймс Уолтердің зерттеулеріне сүйенсек, қалалық және қала маңында тұратын адамдар достарымен сырласып, эмоциялық қолдау алып, бірге уақыт өткізеді. Ал бұрын мұндай қажеттілік тек отбасы мүшелерімен, туыстары мен көршілерімен шектелген.
Бұл өзгеріс соғыстан кейін онжылдықта ерекше байқалды. Мектеп пен басқа да тәрбие ортасының балалары ұжыммен араласып, құрдастарымен уақыт өткізуге көбірек көңіл бөле бастаған. КСРО-да да балаларды ұжыммен бірге тәрбиелеуге ерекше мән берілді. Мектепте оқушыларды достыққа, бір-біріне көмектесуге және қолдау көрсетуге үйрететін.
Осы кезеңде «ең жақын дос» деген түсінік те қалыптасты. Яғни сізді өзгелерден жақсы түсінетін, кемшілігіңізді қабылдайтын, қуанышыңызға ортақтасатын және қиын кезде жаныңыздан табылатын ерекше жақын адам бейнесі пайда болды.
Достар бәріне бірдей қажет пе?
Қоғамда «жалғыз қалып қоймау керек» деген стереотип кесірінен көбі достық қарым-қатынас орнатуға мәжбүр. Онша қызық емес, көзқарасы үйлеспейтін адамдармен араласуға келіседі, көңілге тиетін сөздерге үнсіз шыдайды, қуаныш сыйламайтын кездесулерге уақыт арнайды. Мұның бәрі — түбінде жалғыз қаламын деп қорқудан болады.
Бірақ қарым-қатынас тек қорқынышқа негізделсе, адам өзіне бір сұрақ қойып көрген жөн: бұл қарым-қатынас маған шынымен керек пе?

Психолог Сона Ильгарқызы былай дейді:
«Егер достық сізге қуаныш, қолдау және күш берсе, бұл өте жақсы. Мұндай жақындықты бағалап, оған қамқорлық жасау маңызды.
Ал өміріңізде дәл қазір сырласатын жақын досыңыз болмаса, бұл сіздің кемшілігіңіз емес. Әр адамның өмірінде әртүрлі кезең болады. Жалғыз болу — міндетті түрде адам бақытсыз немесе өмірінде бірдеңе дұрыс емес екенін білдірмейді».
“Улы” достық
Достық ғұмырымызда қаншалықты терең орын алса, біз де досқа арқа сүйеп, түсіністік пен қолдау күтетініміз рас. Дәл сол себепті де байланыс сақтау немесе қарым-қатынасты тоқтату бірден шешіле қоятын оңай қадам емес. Өйткені бұл тек бір адамды өміріңнен сызып тастау емес, ортақ естеліктерден, қалыптасқан әдеттерден және жылдар бойы жиналған «бұл — менің жақын адамым» деген сенімнен бас тартып, ішкі жан дүниеңді ауырту деген сөз.
Дегенмен адамды үнемі қажытып, көңіл күйіне кері әсер ететін достықты тоқтатқан дұрыс. Әрине, кез келген ортада бір рет болған түсініспеушілік немесе сәтсіз әңгіме қарым-қатынасты бірден «зиянды» санауға негіз бола алмайды. Мұндағы ең басты критерий, мұндай жағымсыз жағдайлардың жүйелі түрде қайталана ма, жоқ па екені және жалпы арадағы сыйластыққа қалай әсер ететіні.
Зиянды достық белгілері
Сізбен тек қажет кезде араласады
Адам сізден көмек, кеңес, ақша, таныс-тамыр немесе эмоциялық қолдау керек болғанда ғана хабарласады. Қажеті біткен соң сізді керек етпейді.
Біржақты қызығушылық
Сіз оның өмірінде не болып жатқанын білесіз, маңызды күндерін есте сақтайсыз, мәселесін тыңдайсыз. Ал ол сізбен сирек хабарласады, өміріңізде не болып жатқанына мән бермейді.
Қиын кезде оған сене алмайсыз
Сіз әрдайым жәрдемге ұмтыласыз, ал сізге көмек қажет болғанда ол түрлі сылтау айтып, ғайып болады.

Жеке шекараңызды елемейді
Жаныңызға бататын нәрсені ашық айтып, олай жасамауды өтінсеңіз де, ол сізді елемейді, қайта өзіңізге өкпелеп, қысым көрсетуді жалғастыра береді.
Өзіңізді үнемі кінәлі сезінесіз
Әр шешіміңізді түсіндіріп, ақталуға немесе «жақсы дос» екеніңізді дәлелдеуге мәжбүр боласыз. Бірте-бірте кінәлай беріп, сізді уысында ұстағанды айлаға айналдырған.
Жетістігіңізге қуана алмайды
Қуанышыңызға шын көңілден қуана алмайды, жетістігіңізді төмендетіп көрсетеді немесе әңгімені бірден өзіне бұрып әкетеді. Кейде өзін сізбен салыстыра бастайды.
Сырыңыз құпия болып қалмайды
Аманнатқа қиянат жасайды. Сеніп айтқан құпияңыз өзгелердің ортасында сөз болып жүреді. Бұл сенімге жасалған үлкен соққы.
Оның жанында өзіңіз бола алмайсыз
Ойыңызды ашық айталмайсыз. Досыңыздың көңіліне қарап, жақсы жаңалығыңызбен бөліссеңіз, ол қалай қабылдайды деп алаңдайсыз.
Достық тек белгілі бір ортада ғана бар
Жұмыста, оқуда немесе ортақ компанияда жақсы сөйлесіп, араласуыңыз мүмкін, бірақ сол ортадан тыс жерде арақатынасыңыз үзіледі. Бұл достық емес, жай ғана таныстық.

Бірнеше белгі сәйкес келсе, не істеу керек?
Кез келген достыққа нүкте қоймас бұрын, арадағы жағдайдың түпкі төркінін байыппен саралап алған жөн. Бұл ретте мәселенің бәрін тек екінші тарапқа жаба салу әділетсіз болар еді. Мүмкін сіз досыңыздан тіптен көп нәрсе күтесіз, сондақтан өз тарапыңыздан саналы шешім қабылдаған жөн.
Психолог Сона Илгарқызы былай түсіндіреді:
«Кез келген қарым-қатынас — адамның өзімен және өзгелермен байланыс орнату тәсілінің айнасы.
Кейде адам достыққа барын салады: әрдайым бірінші болып хабарласады, қолдау көрсетеді, жағдайын сұрайды, бар уақыты мен назарын бөледі. Бірақ жауап ретінде сондай ықылас пен жылуды сезінбейді. Бұл жағдай қайта-қайта қайталанғанда, адам бірте-бірте қажи бастайды. Әрине, соншама уақыт, күш пен сезім жұмсалған байланысқа нүкте қою оңай емес.
Әрқайсымыздың ішімізде өзгелерге уақыт, күш-қуат пен қамқорлық бөлетін рухани ыдыс бар деп елестетіңіз. Егер сіз үнемі тек беріп, орнына ештеңе алмасаңыз, бір күні ол ыдыс ортайады. Сондықтан не беретініміз ғана емес, өзгенің қамқорлығын қабылдай алуымыз да маңызды. Бұл екі тарап әрдайым бірдей күш салуы керек деген сөз емес. Өмірде біреуге қолдау көбірек қажет болатын кезеңдер болады. Бірақ жалпы алғанда, жақын қарым-қатынаста тек бере білу емес, қабылдай білу де бірдей маңызды. Мұндайда аялдап, өзіңізге сұрақ қойыңыз: Дос ретінде кімді таңдап жүрсіз? Өз қажеттілігіңізді айта аласыз ба? Қамқорлықты қабылдауға дайынсыз ба?»

Неге біз зиянды достықтан бас тарта алмаймыз?
Жасырын пайда
2026 жылы 1 267 адам қатысқан зерттеуде бір адам бізге бір сәтте пайда да, қиындық да әкелуі мүмкін екенін көрсеткен. Мысалы, белгілі бір доспен араласу кейде жүйкеңізге тиіп, қажытуы мүмкін. Алайда сол адам әлі де сырласатын жан, ортақ естеліктер мен ортаны байланыстырушы көпір, не болмаса өткен өміріңіздің бір бөлігі болып қала береді.Дәл сол себепті адам қарым-қатынастың белгілі бір деңгейде зиян екенін түсінсе де, одан алатын жылулықтан, қолдаудан немесе жылдар бойы қалыптасқан байланыстан бірден айырылғысы келмейді.
Жалғыз қалудан қорқу
Робин Данбардың 2025 жылы жарияланған зерттеулер шолуында адамның әлеуметтік байланысқа мұқтаж екені, ал достық оның психологиялық саулығында маңызды рөл атқаратыны айтылады. Сол себепті зиян достықты үзудің өзі қорқынышты. Адам үйреншікті әңгімеден, ортақ достарынан және «жанымда біреу бар» деген сезімнен айырылып қаламын деп алаңдайды. Кейде қарым-қатынасты жалғастырудың жалғыз себебі де осы: жалғыз қалу одан да ауыр көрінеді.
Жұмсалған күшті қимау
Қарым-қатынасқа неғұрлым көп уақыт пен естеліктер жұмсалса, оның аяқталғанын мойындау соғұрлым ауыр. Психологияда бұны қайтарылмайтын шығындар (sunk cost effect ) эффектигі деп атайды. Достықта да осындай жағдай кездеседі. Бірге өткізген жылдар мен ортақ естеліктердің көп болуы қарым-қатынасты міндетті түрде сақтап қалу керек дегенді білдірмейді.

Достықтың көлеңкелі тұстары
Гештальт-психотерапевт Елена Полякова жақын қарым-қатынаста біз бір-біріміздің тек жақсы жағымен қатар, кемшілігімен де кездесеміз. Психологияда мұны кейде адамның «көлеңкелі» жағы деп атайды.
Достық мінсіз болуды талап етпейді. Жақын адамыңыз кейде ашуландыруы, қателесуі, көңіл күйі болмауы, сізді бірден түсінбеуі немесе сіз күткендей әрекет етпеуі мүмкін. Мұның бәрі қарым-қатынастың бірден зиянды екенін білдірмейді. Бірақ осы кемшіліктер мен сіздің шекараңызды жүйелі түрде бұзатын әрекеттің арасын ажырата білу керек.
Егер досыңыздың жанында өзіңізді жайсыз сезінетініңізді түсінсеңіз, бірақ соған қарамастан бұл байланысты үзгіңіз келмесе, алдымен араңыздағы қарым-қатынас түрін өзгертіп көріңіз. Сізге не ұнамайтынын ашық айтып, жеке шекараңызды белгілеңіз, өз қажеттілігіңізді түсіндіріп көріңіз. Содан кейін досыңыз сізді тыңдап, бір нәрсені өзгертуге дайын ба, соған назар аударыңыз.
Кейде осындай ашық әңгімеден кейін достығыңыз жақсарады. Ал кейде керісінше, бұл достықты бұрынғыдай жалғастыру мүмкін емес екені анық болады.

Достықты тоқтатуға шешім қабылдасаңыз, не істеу керек?
Сіз арадағы мәселені түсінуге тырыстыңыз, бір-біріңізге қайта-қайта мүмкіндік бердіңіз, көңіліңізге не тиетінін, не нәрсе ауыр тиетінін ашық айттыңыз. Алайда, барлық әрекетке қарамастан, ештеңе өзгермеді ме? Әлде бұрынғыдай дос болу мүмкін болмайтын жағдай болды ма? Мұндай ауыр қадамға барғанда, ең алдымен, мына бір маңызды шындықты естен шығармаған жөн: достықтың аяқталуы сізде немесе басқа біреуде міндетті түрде бір мін, үлкен мәселе бар дегенді білдірмейді.
Сонымен қатар, досыңызбен сөйлеспей қалу — шын мәніндегі орны толмас жоғалту сияқты сезіледі. Өйткені араңызда ортақ естеліктер, үйреншікті орта, бірге құрған жоспарлар, тек екеуіңіз ғана түсінетін әзілдер бар. ең ауыры осы сезіммен қощтасу.
Сона Илгарқызы адамға бұл сезімдерді қабылдауға уақыт керек деп кеңес береді.
«Асықпай, өзіңізді түсінуге толық құқығыңыз бар.
Достық аяқталғаннан кейінгі кезең өзіңізді жақсырақ тануға мүмкіндік береді. Біраз уақыт жалғыз қалып, сезіміңізге құлақ түріп, болашақта қандай достықты қалайтыныңызды түсіну маңызды.
Өзіңізге мынадай сұрақтар қойып көріңіз: мен достықта қандай адаммын? Өзгелерге не беремін? Өзім не алғым келеді? Маған қандай қарым-қатынас сай келеді? Өзара қолдау мен үшін нені білдіреді?»
Мұндай сұрақтар өзіңіздің қарым-қатынасты қалай құратыныңызды жақсырақ түсінуге көмектеседі. Кейде досымен арасы үзілгеннен кейін адам өзіне ұнамайтын нәрсеге тым ұзақ шыдап жүргенін байқайды.Ал кейде, керісінше, адам өз қажеттіліктерін бұрын ешқашан ашық айтпағанын түсінеді. Мұндайда өзіңізді кінәламаңыз. Керісінше, орын алған жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, алдағы уақытта жаңа қарым-қатынас пен салауатты орта құруға бұл үлкен сабақ екенін ұмытпаңыз.

Достың орнына жақсы таныс
Бір достықтың аяқталуы адам жалғыз қалады дегенді білдірмейді. Елена Полякованың айтуынша, уақыт өте келе жаңа таныстар мен достар да өздігінен келеді:
«Психолог ретінде мен табыс табуға қатысы жоқ, жай өзіңіз үшін жасайтын бір хобби болғанын жиі ұсынамын. Мұндай іс психикаға демалуға көмектеседі. Осындай ортада жаңа таныстар мен достар да пайда болуы мүмкін. Олар сізбен қызығушылығы ортақ, ойы жақын адамдар болуы ықтимал».
Өміріңіздегі әр адаммен өте жақын дос болу шарт емес. Бір адаммен спорт туралы әңгімелескен ұнайды, екіншісімен кітап талқылайсыз, ал үшіншісі жұмыста бірге кофе ішіп, сыр бөлісетін жақсы әріптес болар. Әр қарым-қатынас міндетті түрде жақын достыққа айналуы керек емес. Кейде ортақ қызығушылыққа негізделген жеңіл әрі жайлы араласудың өзі жеткілікті.
Қашан достықты артта қалдыру керек?
Кейде адамдар бір-бірінен реніш не жанжалдың кесірінен емес, өмірі өзгергендіктен алыстайды. Мектеп не университет бітіру, басқа қалаға көшу, жаңа жұмыс, бала тәрбиесі, отбасы құру сияқты өзгерістер бұрынғы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін. Бір кезде ортақ әңгіме азайып, қызығушылықтарыңыз бөлек болып, бұрынғы жақындықтың жоғалғанын байқауыңыз мүмкін. Бұл — қалыпты жағдай.
Бір кездері өте жақын болғаныңыз әр достықты өмір бойы сақтауға міндетті екеніңізді білдірмейді. Кейде сол адамға өміріңіздің белгілі бір кезеңінде қасыңызда болғаны үшін іштей алғыс айтып, бұл достықты артта қалдыруға болады.



