Медиа●Қоғам●«Домбыраны кез келген ағаштан жасауға болмайды»: аспапқа қалай жан бітеді?

«Домбыраны кез келген ағаштан жасауға болмайды»: аспапқа қалай жан бітеді?

5 шілде 2026
4 мин
Ерасыл Әділбеков | Фото: Коллаж Tamga Media

Домбыраға екі мәрте жан бітеді: әуелі шебердің қолынан шыққанда, кейін күйшінің саусағы тигенде толық кемеліне жетеді. Бірақ оның қалай жасалатынын, қандай жолдан өтетінін көпшілік біле бермейді. Ағаш таңдау, домбыраға үн қосу, шебердің көңіл күйі – бәрі аспаптың сапасына әсер етеді. Tamga Media домбыра күніне орай шебер әрі күйші Ерасыл Әділбековпен сөйлесіп, домбыра жасаудың қыр-сырын сұрап білді.


«Өнер мен шеберлік атадан балаға дариды»


Ерасыл Әділбеков бала күнінен аспаптардың қалай жасалатынын көріп өскен. Өйткені әкесі Нұрбек Әділбек белгілі шебер болған. Алғашында Ерасыл әкесінің жолын қуамын деп ойламаған. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдап, сахнада өнер көрсеткен, кейін өнертану бағыты бойынша магистратурада білім алған. Дегенмен музыканың өзі оны шеберлікке жетелеп әкеліпті. Достарына аспап таңдауға көмектесіп жүріп, бұл салаға қалай келгенін байқамай қалған.

«Өнер мен шеберлік атадан балаға дариды» деген сөзге сенемін. Бірақ көп нәрсе адамның ынтасына байланысты. Тіпті бұрын біреу «болашақта шебер боласың» десе, сенбес едім. Әкем де менің бұл іске аса икемім жоқ деп ойлайтын. Әлі күнге дейін пышақ ұстап тұрғанымды көрсе, «қолыңды кесіп алма» деп ескертіп отырады. Бірақ адам шынымен қызықса және құлшынып тұрса, кез келген істі үйренуге болады екен. Ең бастысы, қорқыныш пен күмәннің шекарасынан өтіп, алғашқы қадамды жасау. Сол кедергіден аттағаннан кейін ғана тәжірибе жиналып, шебер бола бастайсың», – дейді Ерасыл. 


«Домбыраны бір күнде жасап шығуға болады»


Ерасылдың айтуынша, аспап жасау ісі жақсы көңіл-күй мен дұрыс ниеттен басталады. Шебердің көңіл күйі болмаса, жұмысқа кірісуі қиын. Оның үстіне, оның ішкі күйі жұмысына әсер етпей қоймайды екен. 


Екінші кезең – материалды дұрыс таңдау. Шебердің сөзіне қарағанда, көбі осы жерде қателеседі. Ағаштың құрылымы әртүрлі бағытта болады. Осы ерекшеліктерді дұрыс ескермесе, кейін ағашты кескенде майысып, бұралып немесе пішіні өзгеріп кетуі мүмкін. 

«Табиғи жолмен кептірілген ағашты жақсырақ деп санаймын. Себебі ағаштың өзіне тән табиғи қалпы болады. Мысалы, қағазды түтікше етіп орап, кейін жіберсеңіз, ол қайтадан бастапқы қалпына келуге тырысады. Ағаш та сол сияқты. Оны өңдегенде сол бастапқы қалпына ұмтылып, майысып немесе бұралып кетуі мүмкін. Сондықтан ағаштың табиғи ерекшелігін ескеру керек», – дейді спикер.


Домбыра шебері ағаштың қаншалық ылғал екенін арнайы аспап арқылы тексереді екен. Кейін ағашты ақырын соғып, үнін тыңдайды. Дыбысы анық шығып, жаңғырығы ұзаққа жетсе, ағаштың сапасы жақсы деген сөз. Ал ағашты өңдегенде қайта-қайта майысып, қисайып кетсе, бұл оның пеште жасанды жолмен кептірілгенін білдіреді екен. Ерасыл мұндай материалды қолданбаймын дейді.


Шебер сапалы әрі жарамды ағашты таңдаған соң, оны кесіп, домбыраның мойнын жасауға кіріседі. Домбыраның мойны әдетте екі түрлі ағаштан – өзегі бір ағаштан, ал сырт бөлігі қатты әрі берік ағаштан жасалады. 

«Сонда уақыт өте келе, домбыраның мойны майысып кетпей, берік болып тұрады. Кейін мойынның пішінін жасап, оны шанақпен жалғайтын тұғырын дайындаймыз. Домбыра жеті, тоғыз немесе он бір қырлы болса, мойын тұғыры да соған сәйкес жасалады», – дейді шебер.


Одан кейін шанағы жасалады. Шебер ағашты 3-3,5 миллиметр қалыңдықта кесіп, тегістейді де, арнайы әдіспен иеді. Содан соң иілген бөліктерді біріктіріп, шанақты құрастырады. Корпус дайын болғаннан кейін аспаптың мойнын қайта өңдеп, толық тегістейді. Сосын оған домбыраның басын жабыстырып, оның үстіне перне тақтайшасын орнатады. 


Бұдан кейін мойын мен шанақ түйіскен жердің бұрышы мен арақашықтығын есептейді. Шебердің айтуынша, осы өлшем домбыраны тартқанда қаншалық ыңғайлы болатынына, дыбысына тікелей әсер етеді. Сондықтан қателеспеген жөн.


Келесі кезең бет қақпағын дайындауға арналады. Ең қызығы, әр шебердің өз әдісі бар екен. 

«Кейбір шебер домбыраның мойны мен шанағын арнайы ойық арқылы жалғайтын құлып әдісін қолданады. Ал енді бірі мойынды шанақтың ішіндегі көлденең бел ағашқа бекітеді. Мен көбіне осы екінші әдісті қолданамын. Бет қақпағын жабыстырған соң, домбыраның дыбысын тексереміз. Одан кейін қажет ойықтарды жасап, шпон жабыстырамыз. Кейбір домбыраға жиек орнатылады, ал кейбірі жиексіз жасалады», – дейді шебер.


Барлық бөлшек дайын болғаннан кейін аспапты толық тазалап, өңдейді. Содан соң бірнеше қабат лак жағып, әрлейді. Лак толық кепкен соң, соңғы кезең басталады. Бұл кезде шекпернесін, құлағын және басқа да қажет бөлшектерін орнатып, домбыраны толық жинайды. 

«Домбыраны бір күннің ішінде жасап шығаруға болады. Көптеген шебер мұны ашық айта бермейді. Қай шеберден сұрасаңыз да, көбісі «кем дегенде бір-екі ай уақыт кетеді» деп жауап береді. Бірақ шын мәнінде, бір күннің ішінде екі-үш домбыра жасап шығаратын шеберлер де бар. Өзім көбіне қатарынан үш-төрт домбыраны бастап қоямын. Әдетте оларды шамамен бір айда аяқтауға тырысамын. Бірақ тапсырыс беруші шыдамдылық танытып, еркіндік берсе, бір домбыраны үш-төрт ай бойы жасап, әр кезеңін мұқият бақылауға болады. Осындай жағдайда аспаптың сапасы да, дыбысы да жақсырақ болады», – дейді шебер.



«Домбыра алдымен өз көңілімнен шығуы керек»


Ерасыл үшін жақсы домбыра кездейсоқ «сәтті шыққан» емес, сапалы музыкантқа сенімді қызмет ететін аспап. Оның айтуынша, әрбір аспап кем дегенде негізгі талаптарға сай болуы керек: пернелері таза дыбыс шығаруы керек, шырыл немесе артық дыбыстар болмауға тиіс, мойынның геометриясы дұрыс есептелуі қажет. Сол қолмен пернелерді басқанда саусақтарға артық күш түспей, еркін әрі жеңіл басылуға тиіс. Сонымен қатар дыбыстың акустикалық қуаты да маңызды.

«Шынымды айтсам, дайын домбыраны иесіне тапсырардың алдында қатты уайымдаймын. Перфекциониспін, әр детальға аса мән беремін. Дегенмен өзімнің көңілімнен шығатындай деңгейде жасап шығарамын. Өз жұмысымнан қанағаттансам, клиент те міндетті түрде риза болады деп сенемін. Себебі мен өзім домбыра тартатын кәсіби домбырашымын, сондықтан домбыраның дыбысы қандай болуы керек екенін жақсы білемін. Бұл – менің үлкен артықшылығым», – дейді Ерасыл Әділбеков.


«Жәдігер домбыраларым бар»


Қазір шебердің өз коллекциясы бар: онда әртүрлі домбыра сақтаулы тұр. Тіпті әкесінің ұстазы Мұса Әділұлының, талантты шебер Жақсылық Оспановтың да домбырасы бар. Бұл аспаптар Ерасыл үшін тек коллекция емес, шеберлік мектебінің жалғасы, белгілі бір кезеңнің ізі, тәжірибенің куәсі іспетті. Әсіресе әкесінің қолынан шыққан аспаптарды көзінің қарашығындай сақтайды екен.

«Кейде осы домбыраларды болашақта музейге өткізген дұрыс па, әлде өзім жеке музей ашып, әкемнің және өзімнің домбыраларымды сол жерде сақтаған дұрыс па? деп ойланамын. Бұл сұрақтың жауабын әлі таппадым», – дейді Ерасыл Әділбеков.



«Домбыраның үні әр шаңырақтан естілсе, одан асқан қуаныш жоқ»


Шебердің айтуынша, домбырада орындалатын әр күйдің өзіндік тарихы мен терең мағынасы бар. Алайда қазір көп адам күйлердің мәніне үңіле бермейді. Оның пікірінше, философиялық ойға құрылған шығармаларды түсіну үшін уақыт, назар және белгілі бір дайындық қажет.


Ерасыл кейбір күйді тартқанда немесе тыңдағанда бір ғана домбырадан тұтас оркестр ойнап тұрғандай әсер алатынын айтады. Бұл домбыраның мүмкіндігі өте кең екенін көрсетеді. Шебер болашақта осы өнер мен тәжірибесін шәкірттеріне үйреткісі келеді.

«Жастарға айтарым – домбыраны сақтап қана қоймай, оны дамытыңыздар. Ізденіңіздер, тәжірибе жасаңыздар, жаңа идеялардан қорықпаңыздар. Дәстүр мен жаңашылдықтың тепе-теңдігін сақтай білсек, домбыраны әлемдік деңгейдегі музыкалық аспаптардың қатарына шығара аламыз», – дейді шебер.

Бөлісу: