Әлемде●Экономика●Доллар арзандап жатыр: әрі қарай не болады?

Доллар арзандап жатыр: әрі қарай не болады?

12 қазан 2026
4 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Қыркүйекте доллар теңгеге шаққанда 4,6%-ға арзандап, айды 440,49 теңге деңгейінде аяқтады. Бұл туралы Ұлттық банктің ай сайынғы шолуында айтылған. Дегенмен қыркүйектің соңғы күні-ақ доллар қайта өсе бастады. 30 қыркүйектегі KASE саудасында 1,22 теңгеге қымбаттады. Алысқа ұзамай, 1 қазанда Ұлттық банктің ресми бағамы 440,86 теңгеге жетті. Сонымен, енді доллар қайта өсе ме, әлде ары қарай арзандай бере ме? Басты сұрақты Tamga Media қаржы мамандарына қойды.


Теңгенің күшеюіне не әсер етті?


Қыркүйекте ұлттық валютаның қатайуына бірнеше фактор себеп болды:

  • Салық кезеңі. Тоқсан соңында экспорттаушылар салықты теңгемен төлеуі тиіс. Осыған байланысты олар валютаны көбірек сатады. Ал қазан айында мұндай валюта ағыны саябырсиды.

  • Жоғары базалық мөлшерлеме. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жоғары болып тұрғанда, ақшаны теңгеде ұстау өте тиімді. Бұл теңгеге деген сұранысты арттырады.

  • Мұнай мен экспорт. Мұнай бағасының жоғары болуы елге түсетін валюта ағымын көбейтеді.

Ұлттық банктің мәліметінше, қыркүйекте нарықта доллар сұраныстан асып кетті. Содан реттеуші бағамға араласпай, тіпті сатамыз деген доллардың бір бөлігін ұстай тұрды. Алдағы уақытта доллар бағамы сұранысқа, салық төлемдеріне, сыртқы ахуал мен геосаясатқа қарап өзгереді.


Halyk Finance сарапшылары не дейді?


5 қазанда Halyk Finance аналитиктері қыркүйектегі валюта нарығына шолу жасады. Жыл басынан бері теңге 12,9%-ға нығайған. Ал 2025 жылдың қыркүйек соңында ғана доллар 549 теңге болып тұрған еді.


Сарапшылардың айтуынша, теңгені демеп тұрған басты факторлардың бірі – Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын сатып алып жатқан шетелдіктер. 2025 жылдың соңынан бері олардың құйған инвестициясы 3,9 млрд доллардан 6 млрд долларға дейін өсті. Мұндағы басты тартымдылық – жоғары мөлшерлеме: АҚШ ФРС-інде бұл көрсеткіш 3,75-4% (инфляция 9,3%), ал бізде Ұлттық банкте 16,25% болып тұр.


Halyk Finance жыл соңында бағам 490 теңге шамасында болады деп болжайды. Себебі IV тоқсанда валютаға сұраныс әдеттегідей артады, Ұлттық банк мөлшерлемені төмендетуді жалғастырады, ал айналым арқылы сатылатын валюта көлемі азаяды. Дегенмен сарапшылар мұны сақтықпен жасалған болжам деп санайды: егер биржада доллар жеткілікті болса, теңге бұдан да күштірек сақталуы мүмкін.

Сарапшылар не дейді


Валютаның болашағына қатысты үш қаржы маманымен сөйлестік. Үш сарапшының да пікірі бір жерден шықты: доллар бәрібір қымбаттайды. Тек оның қай деңгейге дейін өсетініне келгенде әрқайсысы әртүрлі болжайды.


«Доллар 450 теңгеден төмен түспейді»


Қыркүйектегі доллар арзандауын көпшілік жаңа тренд деп қабылдады. Бірақ бірінші сарапшымыз бұнымен келіспейді: оның ойынша, доллар өзінің ең төменгі шегіне жетті және жақын арада жаңа дәлізге орнығады.

«Доллар ары қарай арзандай береді деуге негіз жоқ. Жақын арада өзіне қолайлы дәлізін табатын сияқты. Менің болжамымша, бағам 450-470 теңге аралығында тұрақталады. Доллар 450 теңгеден төмен түседі дегенге сенбеймін» - деді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.


Сарапшы мұның басты себебін АҚШ-тағы жағдайдан көреді. ФРС мөлшерлемені көтергендіктен, доллардағы облигациялардың табыстылығы артты. Бұл инвесторлардың долларға деген қызығушылығын қайта оятты. Ел ішінде де белгі бар: банктерге долларлық депозиттер бойынша жылдық 2,5%-ға дейін төлеуге рұқсат берілді, демек экспорттаушылар түсімді валютада көбірек сақтауы мүмкін.


Дегенмен ол айырбастау пунктеріне жүгіруге асықпауға кеңес береді.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев айтуынша:

«Қазір теңгені долларға айырбастау тиімсіз. Егер бұл күнделікті жұмсайтын ақшаңыз болса, курстың айырмашылығынан ұтыласыз. Содан да қаржыны табыстылығы жоғары теңгелік депозиттерде ұстаған дұрыс».


«Теңге қайта әлсірейді»


Екінші сарапшының болжамы қатаңырақ. Оның бағалауынша, жыл соңына қарай доллар 480-490 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін, бұл Halyk Finance болжамымен де сәйкес келеді. Теңгенің күшеюін ол ең алдымен Ұлттық банктің жоғары мөлшерлемесімен түсіндіреді. Осының арқасында елге шетелдік инвесторлардың алыпсатар ақшасы (спекулятивті капитал) ағылды. Олар долларын сатып, теңгені жылдық 15-16%-бен мемлекеттік облигацияларға орналастырады, ал кейін долларды арзан бағада қайта сатып алады.


Қаржыгер Арман Бейсембайдың пікірінше:

«Өткен жылдың қазан айынан бері жоғары пайыздық мөлшерлеме теңгенің нығаюына негізгі күш болды. Әлі де солай болып тұр. Пайыздық мөлшерлеме жоғары болғанша, теңге арзандай қоймайды. Мұны негізгі фактор ретінде түсіну керек.

Алайда теңгенің тым қатаюының екінші жағы да бар. ҚҚС өскеннен кейін халықтың қалтасы жұқарып, несие мен жеңілдетілген ипотека шектелді, құрылыс қарқыны бәсеңдеді. Халық аз сауда жасайтын болғандықтан, импорт пен валютаға деген сұраныс төмендеді. Мұның үстіне, теңгенің қымбаттығы бюджетке кері әсер етіп жатыр: қаңтар–тамыз аралығында қазынаға 700 млрд теңгеге жуық қаражат түспей қалды. Инфляция төмендеп келеді, сондықтан 23 қазанда Ұлттық банк мөлшерлемені тағы да төмендетуі ықтимал. Олай болса, шетелдік капитал кері қайта бастайды».

«Теңге қалыпты ырғақпен арзандай береді»


Үшінші сарапшы жыл соңына дейін 10%-ға дейін арзандайтынын болжайды. Сөзінше, бағам 455-465 теңге төңірегінде болмақ.


Сарапшы рубльдің де ықпалын бөле-жара атап өтті. Ресей – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Рубль әлсіреп, теңге нығайған сәтте отандық бизнес зардап шегеді.

«Инфляциялық күтулердің жоғары болуын, Ресей экономикасының кері ықпалын және әлемдік нарықта мұнай бағасының өсуіне шектеулі факторларды ескерсек, ұлттық валюта бағамы біртіндеп төмендеуі мүмкін.

Теңгенің шамадан тыс күшеюі жалпы экономика үшін де тиімсіз. Теңгенің арзандауына рубльдің құнсыздануы да әсер етеді. Рубльдің әлсіреуі біздің бизнеске тиімсіз, себебі ресейлік кәсіпкерлермен бәсекелесу қиындайды» - деп R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов пікір білдірді.


Алғашқы сарапшы сияқты ол да долларға жапа-тармағай жүгіруді құптамайды.

Арман Байғанов пайымдауынша:

«Қазір базалық мөлшерлеме айтарлықтай жоғары, ал депозиттер бойынша жылдық 14-15% мөлшерлеме инфляцияны толық жабады. Долларлық депозит мөлшерлемесін 2,5%-ға дейін көтергісі келгенімен, ол АҚШ-тағы инфляция деңгейін өтей алмайды. Содан да валютаны тек курс ауытқуына қарай бермей, инвестициялық тиімділігіне қарап таңдау керек. Курс екі жаққа да құбылуы мүмкін».


Сарапшылардың пікірі бір жерден шықты: қыркүйектегі теңгенің күшеюі – уақытша құбылыс, жыл соңына дейін доллар бәрібір қымбаттайды. Айырмашылық тек оның қаншалықты өсетінінде. Күрт девальвация болады деп ешкім күтіп отырған жоқ. Оның үстіне сарапшылар да долларға жүгірудің қажеті жоқ дейді: теңгедегі депозиттер жақсы табыс әкеліп тұрғанда, ақшаны теңгеде ұстаған тиімді. Нарыққа әсер ететін басты оқиға – Ұлттық банктің 23 қазандағы шешімі болмақ.

Бөлісу: