МедиаСәнDior империясы: қалай өнерден индустрияға айналды?

Dior империясы: қалай өнерден индустрияға айналды?

2 сәуір 2026
5 мин
Как Кристиан Диор создал империю – дело не только в приталенном платье
Le Figaro журналының аға репортеры Кристиан Диорды Милли-ла-Фореттегі үйінде Құрмет легионымен марапаттауда, 1950 | Dior

Dior француз үйі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әйелдерге баса назар қойып, өз заманының мәдени символы ретінде салтанатты түрде ашылды. Кристиан Диордың табысы тек New Look-пен шектелмейді. Ол сән әлемінде де, бизнес стратегиясында да жаңашыл болды. Шығармашылықты коммерциялық мақсатпен ұштастыру — оның басты күші еді. Толығырақ мақалада баяндаймыз.


Аңыз адамның дүниеге келуі 


Кристиан Диор 1905 жылы Нормандияда дүниеге келген. Ол тау бөктерінде, бау-бақша мен гүлдердің арасында, Les Rhumbs рилласында өсті. 1910 жылдары оның отбасы Парижге көшіп, Кристиан астаналық суретші, әдебиетші және дизайнерлердің ортасына түсті. Өмірін өнермен байланыстырған адамдардың ықпалымен, Диор да шығармашылық жолды таңдағанды жөн көреді.


Диордың өнер саласы бойынша білімі жоқ. Ол ата-анасының шешімімен 1920 жылы École des Sciences Politiques университетіне саяси ғылымдарды оқуға түседі. Әдеттегідей, оның да ата-анасы дипломатты тұрақты әрі болашағы бар мамандық деп, сән мен өнерді жай ғана жеңіл әуестік деп қабылдады. Бірақ Кристиан студент кезінен-ақ лекцияларына бармай, оның орнына Париждегі өнерсүйер қауымның арасында уақыт өткізетін. Тіпті ақын Жан Кокто мен композитор Эрик Сати оның ең жақын достарына айналды. Дәл осы кісілер Диорды атақты суретшілермен, коллекционерлер және меценаттармен таныстырды. 


1928 жылы Диорға әкесі қаржылай көмектеседі де, ол галерия иесі Жак Бонжанмен бірге сурет галереясын ашады. Диаордың иллюстрациялары Пикассо, Брак және Далидың жұмыстарымен қатар көрсетілді. Диор өзін суретші санамаса да, өнер жанашыры еді. Дегенмен ол галереяда ұзақ істемеді: 1931 жылы анасы мен ағасы қайтыс болып, әкесі қаржылай күйрегенде ол да қаражатсыз қалды. Сөйтіп галереяны жабуға тура келді. Содан кейін Диор қалпақ пен көйлектердің эскизін сән үйлеріне сата бастады, ал 1935 жылдан бастап Figaro Illustré журналында иллюстратор болып істеді. 1938 жылы Кристиан Диордың шығармашылық жолы уақытша тоқтады – ол майданға аттанып, Францияның оңтүстігінде офицер болды.


1940 жылы Франция капитуляция жасағаннан кейін Диор Парижге оралып, Robert Piguet пен Lucien Lelong сән үйлерінде істей бастады. Дәл осы жерде ол пішу өнерін терең меңгеріп, пропорция табуды үйренді және өз стилін қалыптастарды. 


New Look революциясы 


1946 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кристиан Диор кәсіпкер Марсел Буссакпен бірге 30 avenue Montaigne-де сән үйін ашты. Ол кезде Марсель Буссак ондаған тоқыма фабрикасына иелік етіп, мата өндірісін толық бақылап отырған. Соғыстан кейін Францияның сән әлеміндегі көшбасшылығын қайта қалпына келтірудің жолын іздеп жүрген еді.  Сол себепті кәсіпкер Диордан эстетикалық жаңашылдық көріп, үлкен қадам жасауға бел буды. 


Dior алғашқы топтамасын 1947 жылғы 12 ақпанда көрсетті. Corolle мен En 8 желісі нағыз жаңалық болды. Нәзік силуэттер, қыпша белді ойып тұрып көрсететін, етегі кең белдемшелер сәнсүйер қауымның жүрегін бірден жаулап алды. Harper’s Bazaar редакторы Кармель Сноу мұны New Look деп атады. Ол жаңа стильді сипаттағанда сөзбен дөп түсіп, тарихта осы атпен қалды. Осылай, Dior Еуропа сол кезде мұқтаж болған нәзіктік, әдемілік пен үміттің жаңа сұлбасына айналды. 


Әлемдік нарыққа шығу 


Dior-дың жетістігі тек Еуропамен шектелген жоқ. 1948 жылы Кристиан Нью-Йорктегі атақты Бесінші авеньде дүкенін ашты. Керемет prêt-à-porter, аксессуарлар мен басқа да қымбат сәндік заттар америка халқы үшін қолжетімді болды. Сол жылы Parfums Christian Dior құрылым бөлімшесі ашылды. Ал алғашқы хош иіс – Miss Dior бірден классикаға айналып, еркіндік пен нәзік талғамның символына айналды. Кристиан Диор әтір образды толықтыратын, тіпті кез келген киімнің маңызды бөлігі деп қарады. 


Іскерлік стратегия 


Кристиан Диордың дарыны тек заман рухын сезіп, соғыстан кейінгі қоғамның сұранысын аңызға айналған коллекциясында дәл бейнелей алғанында ғана емес. Ол өз жетістігін тоқтатпай, оны бүкіл әлемге тарата білді. Алдымен ол сән жүейсін құрды. Қолғап, белбеу, сөмке, баскиім, тіпті шұлық тігіп, топтамасы түрлі аксессуарға толды. Оның ішінде әтір де бар. Miss Dior иіссуының New Lokk-пен бір уақытта шығуы жайдан жәй емес еді. Хош иістер мен аксессуарлар киімге қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан көп әйелдің оларды өзіне сатып алуға шамасы келетін. Бұл көпшілік үшін Dior әлеміне «алғашқы қадам» жасау мүмкіндігі еді және брендке деген ішкі адалдықты қалыптастырды. Бүгінде бұл entry-level luxury деп аталады. Бизнестің логикасы мынада – аксессуарлардың өлшемі жоқ, сондықтан оларды көп данада шығарған арзанға түседі. Соның өзінде олар сән үйінің кодын сақтап қалатын. Көйлектен бастап, әтір құтысына дейін сән үйінің өзегі сақталған. 


Сөйтіп Dior енді тек ауқатты клиенттерге тәуелді болған жоқ. Ол элиталық ательеден тұтас тұтыну жүйесіне айналып, ХХ-ХХІ ғасырлардағы luxury индустриясының негізгі моделіне айналды. 


Лицензия алу (Авторлық құқық) 


Бұдан бөлек, Кристиан Диор лицензия алу жүейсін енгізді. Париждің өзге сән үйлері лицензияны беделге қауіп деп сағанада, Кристиан Диор оны мүмкіндіке айналдырды. Ол тауарды Парижден тасымалдаудың орнына, Dior атауымен өнім өндіру құқығын сатты. Сапа стандарттарын өзі бекітіп, әр сатылымнан белгілі бір қаражат алып отырды. Бұл жүйе бизнестің тоқтап қалмай, қарқынды дамып, басқа сатылым алаңдарыне тез бейімделуге мүмкіндік берді. Dior атынан ready-to-wear топтамасын, ішкиімдер, аксессуарлар және үйге арналған заттар шығара бастады. Кейін сән үйі АҚШ-та (бұл негізгі нарық еді), Латын Америкасында, Жапонияда және Таяу Шығыста лицензиялар бере бастады.Бірақ Америка Dior-дың көзі тірісінде екінші орталыққа айналған. 


Маңызды сәт – сапаны тексеру. Лицензия қатаң түрде берілетін. Dior материалды қадағалап, ұсынысты мақұлдап, сән келтіріп отырды. Шарт бұзылса, лицензияны алып қоятын. Мұның бәрі сән үйіне әжептәуір қаражат әкелді. Бүгінде Диор құрған осы жүйе бойынша LVMH, Kering және Richemont сияқты ірі конгломераттар жұмыс істейді. Олар ауқымды өндірілетін, нарықта кең тарайтын санаттар арқылы табыс табады.


Dior-дың жаңа дәуірі 


Бүгінде Dior жаңа шығармашылық кезеңді бастан өткеріп жатыр. Мария Грация Кьюри кеткен соң, киім желісінің барлығы британиялық дизайнер Джонатан Андерсонның қолына өтті. Loewe сән үйінің бұрынғы креативті директоры енді аңызға айналған New Look-ті жаңаша көзқараспен қайта қарап, архивтік кодтарды заманауи форматпен ұштастырып келеді.


Dior тарихының рухы Париждің дәл жүрегінде, 30 avenue Montaigne мекенжайында орналасқан La Galerie Dior кеңістігінде сақталған. Дәл осы жерде кезінде сән үйінің алғашқы ғимараты ашылған. Бүгінде музей мен көрме келушілерге шығармашылық процестің ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік береді: түпнұсқа эскиздер, архивтік құжаттар мен тарихи коллекциялар сән тарихының кәугері ретінде  әсер қалдырады.

Бөлісу:

Dior империясы: қалай өнерден индустрияға айналды?