МәдениетТұлғаларДінмұхаммед Қонаев: ел жүрегінде қалған тұлға туралы не білесіз?

Дінмұхаммед Қонаев: ел жүрегінде қалған тұлға туралы не білесіз?

23 қаңтар 2026
7 мин
Динмухамед Кунаев: человек, которого помнят и любят

Қоғам Дінмұхаммед Қонаев басқарған кезді әлі күнге сағынышпен еске алады. Тіпті жазушы Олжас Сүлейменов ол билеген кезеңді “Алтын дәуір” деп атаған. Ал АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр Дінмұхаммедті КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы, мықты саясаткер деп мойындаған. Дінмұхаммед Қонаев қандай адам әрі саясаткер еді? Сол жылдары өмір сүрген халық неге оны ерекше сыйлайды? Тарихқа көз жүгіртейік.


Бәйдібек бидің ұрпағы


Дінмұхаммед Қонаев – Бәйдібек бидің ұрпағы. Бәйдібек би дана әрі әділ болған. Одан кейінгі ұрпағы Азынабай да қадірлі еді. Ораз Қауғабайдың “Таңғажайып Қонаев” кітабындағы дерек бойынша, Азынабай ұрпағының болашағына алаңдап, бір көріпкелге барған. Көріпкел “Төртінші немесе бесінші ұрпағың Алатау етегіндегі елдің ішінде нұр болады, әулетке құт әкеледі” деп жорыған екен. Азынабайдың бесінші ұрпағы – Дінмұхаммед Қонаев.


Дінмұхаммед Қонаев 1912 жылғы 12 қаңтарда Верный қаласында (қазіргі Алматы) туған. Ол қарапайым отбасынан шыққан: әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы Алматы облысында ауыл шаруашылығы мен саудада еңбек еткен сауатты кісі, ал анасы Зәуре Шелек ауданындағы шаруалардың әулетінен болған. 




Тау-кен инженері елдің ең жас басшысына айналды


Дінмұхаммед Қонаев танымал биші Шара Жиенқұловамен бірге бір сыныпта оқыған. Сыныптасының сөзінше, Дінмұхаммед аққұба, бойшаң, алғыр, сыпайы болған. Дінмұхаммед Қонаев мектепті бітірген соң, тау-кен инженері боламын деп шешеді. Бұл таңдауына алғашқы қазақ теміржол инженері Мұхамеджан Тынышпаев ықпал еткен. Дінмұхаммед өмір бойы Тынышпаевтың ұлы Ескендірмен дос болыпты.

Дінмұхаммед Қонаев 1930 жылы Мәскеудегі тау-кен академиясына түсіп, 1936 жылы тау-кен инженері дипломын алады. Елге оралған соң, Балқаш мыс қорыту комбинатында машинист болып істеп, аз уақытта бұрғылау цехының басшысына дейін көтерілді. 1938–1942 жылдары Қоңырат, Риддер, Лениногор кен басқармаларын басқарып, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданға өндіріс өнімдерін жеткізуді ұйымдастырды.

1942 жылы 30 жасында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі Төрағасының орынбасары болып тағайындалып, республикадағы ең жас басшы атанды. Ол көмір, мұнай, түсті металлургия, электр станциялары, теміржол, көлік және қорғаныс зауыттарын басқарды.

Қонаев ғылымнан да қол үзбеді: 1948 жылы техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды, 1952–1955 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және Президенті болды.

Кейін билікке оралып, жеті жыл Министрлер кеңесінің төрағасы, 24 жыл Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.





Қонаев басқарған тұста Қазақстан қалай өзгерді?


Дінмұхаммед Қонаев басқарған жылдар елдің дамып жатқаны кезеңі еді. Әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсарып, ірі өндіріс орындары салынды, ғылым мен білім өркендеді. 


Соғыс жылдарында Қонаев басқарған кеніштер, ауыл шаруашылығы майданға өнім жіберіп отырды. Қазақстанның шекарасы сақталып, кей аудандар Өзбекстаннан қайтарылды. 1955–1986 жылдары елде 43 жаңа қала салынды. 


Халық саны 7 миллионнан 16 миллионға жетті. 1985–1986 жылдары жоғары білім алатындар саны 688-ге жетті. Жоғары оқу орындары 28-ден 55-ке көбейді, ал кітапханалар 1,1 мыңнан 9,7 мыңға артты.


1961 жылғы 12 сәуірде алғаш рет адам “Байқоңыр” ғарыш айлағынан ғарышқа ұшты. Бірақ Юрий Гагариннің қазақ жерінен космосқа аттанғанын әлем кейінірек, яғни үш ай өткен соң естіді. Себебі ғарыш айлағының орналасқан жері құпия болатын. Ал 1985 жылы “Байқоңыр” ғарыш айлағының 30 жылдығын тойлағанда Дінмұхаммед Қонаев қазақ ғарышкерді ғарышқа ұшыруды ұсынды.




Тарихи ескерткіштер де қалпына келтірілді. Олардың ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Жамбылдағы Айша бибі кесенесі және басқа да тарихи ескерткіштер бар. Қонаевтың бастамасымен “Медеу” мұз айдыны, Алматыны селден қорғайтын бөгет салынды. 


Елде театрлар, мәдениет үйлері, кино студиялары ашылды. Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы бүкіл Одаққа танымал болып, жылына 7-9 фильм шығаратын деңгейге жетті.


Бұл кезде спорт саласы да дамыды, қазақстандық спортшылар Мәскеу Олимпиадасында КСРО командасына қоржнына 16 медаль салды. Олардың ішінде Қазақстаннан шыққан алғашқы қазақ Олимпиада чемпионы, балуан Жақсылық Үшкемпіров те болды. 


“Мен Зухра Шәріпқызымен 50 жыл, 6 ай, 2 күн бірге тұрдым”


Дінмұхаммед Қонаевтың жары – Зухра Шәріпқызы. Екеуі 1939 жылы Алматыда танысып, бір-біріне ғашық болады. “Зухра тартымды, сауатты, салмақты қыз еді”, – дейді Қонаев естелігінде. Танысқаннан кейін олар отау құрып, ұзақ уақыт бірге өмір сүрген. Өкінішке орай, олардың балалары болмаған, бірақ Қонаев туған інісі Асқардың екі ұлы Диар мен Эльдарды өз баласындай тәрбиелеп өсірген. 1990 жылы Зухра Шәріпқызы дүние салған.

























“Зухра ең жақын әрі мейірімді досым болды. Біз 50 жыл, 6 ай және екі күн тату-тәтті ғұмыр кештік”

Қош бол, Ұлы адам! 


1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда республикалық Орталық Комитет Пленумы өтті. Сол күні Дінмұхаммед Қонаев қызметтен кетіп, оның орнына Геннадий Колбин келді. Қонаев 75 жасқа толуына бір ай қалғанда, 24 жылдан астам Бірінші хатшы болған қызметінен босатылды. Келесі күні наразы жастар шеруге шығып, Қазақстанда тұрмаған, бейтаныс адам не үшін басшылыққа келгенін түсіндіруді талап етті.


Қонаевқа “желтоқсан көтерілісіне қатысты” деген жала жабылды. Бірақ Қазақстан тәуелсіздік алған соң, оның аты ақталды.


1993 жылдың тамызында ол Мұхамеджан Тынышпаевты еске алатын асқа бара жатқанда, яғни 22 тамызда сағат 19:22-де дүниеден өтеді. 25 тамызда халық аза тұтып,  Абай атындағы опера және театр маңында мыңдаған жұрт жиылып, жол бойына гүл шашып, Қонаевты ақтық сапарына шығарып салды. Жазушы Олжас Сүлейменов Қонаев портретінің жанына былай жазды.


Димаш Ахметұлы Қонаев өмірден өтті. Қош бол, Ұлы адам!

Бөлісу:

Дінмұхаммед Қонаев: ел жүрегінде қалған тұлға туралы не білесіз?