Вазэктомия қандай операция, кімдерге арналған, операцияға келісіп, кейін райыңыздан қайтуға бола ма – деген сұрақтардың жауабын алдыңғы мақаламызда оқи аласыздар. Алайда мұның бәрі тек теория еді, ал өмірде бәрі басқаша болуы мүмкін. Осы орайда Диас пен Айым Бекетаевтармен сұхбаттастық. Олар Tamga Media-ға бұл шешімге қалай келгендерін, неге қорғанудың дәл осы түрін таңдағандарын әрі әлеуметтік желіде не себепті ашық айта бастағандарын айтып берді.
Вазэктомия жасату идеясы ең бірінші кімге келді?
Айым:
Идея маған келді. Бірден күйеуіме айттым, ол бұл тақырыпты зерттей бастады. Содан екеуміз ақылдаса отырып, операция жасатуға шешім қабылдадық.
Диас:
Әйелім «Көңілі қалған үй шаруасындағы әйелдер» («Отчаянные домохозяйки») сериалын көргеннен соң ойланып қалғанын айтты. Кейін әлеуметтік желіден Испанияда тұратын ТМД-ның жұбайларын тауып алдық. Олар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Ота жасатуға қатысты қандай да бір күмән, қорқыныш болды ма?
Диас:
Шынын айтсам қорықпадым. Тек ота жасайтын үстелді, жап-жарық шамдарды, бетперде мен халат киген дәрігерлерді көргенде қобалжыдым. Ота біткен соң ол да басылды. Кейін 15-20 минуттай бөлмеде жатып, демалдым. Артынан киініп, үйге қайттым.
Айым:
Ал мен қорықтым. Қазақстанда мұндай ота сирек жасалады, дәрігерлер қателесіп кетсе, не болады деп ойладым. Сөйтсем, бұл біздің елде жиі жасалатын процедура екен.
Дәрігерлер ақпарат пен көмекті дұрыс бере алды ма?
Диас:
Шыны керек, Қазақстанда бұл отаның жиі жасалатынына таңғалдық. Тек бұл туралы ашық айтылмайды, сол себепті де көп адам біле бермейді. Кез келген уролог бәрін кәсіби түрде түсіндіріп, тіпті макет арқылы егжей-тегжейлі көрсетіп берді. Мен басында «шап жағым ауыратын шығар» деп қорықтым. Бірақ қолыма катетер қойғанда ғана кішкене жаныма батты.
Бірінші консультация қалай өтті?
Диас:
Алғаш рет барғанымызда дәрігер бізді бұл ойымыздан қайтарғысы келді. «Заң бойынша 35 жасқа толмай отаны жасатуға болмайды» деді. Заң жағынан хабарым болмаған соң: «Жақсы, желтоқсанда 35-ке толамын, оған дейін тағы бір ойланайын» деп қайтып кеттім. Бірақ кейін заңгермен және өзге де дәрігермен сөйлескенде, олар отаны жасатуға толық құқығымыз бар екенін айтты.
Кейін екінші дәрігер бізге өзі хабарласты. Бәрін түсіндіріп, отаның барысын видеоға түсіруге көмектесетінін айтты. Тіпті жеңілдік те жасап берді: әдетте отаның бағасы 300 000 теңге тұрады, ал бізге 150 000 теңгеге жасады. Сөйтіп тексеріліп, ота жасайтын күнді 28 маусымға белгіледік. Сөйтіп бір айдай күттік. Жанымыздағы адамдар мұны жай хайп деп ойлады.

Бұл туралы әлеуметтік желіде ашық айтуға не түрткі болды?
Диас:
Урологқа бірінші консультацияға барғанда бұл туралы көп ойландым. Дәрігер маған мысқылдай қарап, әйеліме «түтікшеңізді байлатыңыз» деді. Осы кезде біз сияқты ойланып жүрген отбасылар үшін бәрін ашық айту керек екенін түсіндім. Егер күйеуі екі түрлі ойда болса, дәрігер оларды райынан қайтарып жіберуі мүмкін.
Дәл сол уақытта парақшамда 390 оқырманым ғана бар еді. Бәрі таныстарым, туыстарым, достарым мен бірге әскерде болған жігіттер болатын. Бірінші консультациядан кейін жақындарымыз біліп жүрсін деп сторис салдық. Мұның еш ұяты жоқ, бәрі дұрыс қабылдайды деп ойладым. Бірақ қатты қателескен екенмін.
Неліктен жүктіліктен қорғану жауапкершілігі көбіне әйелге артылады?
Диас:
Себебі жүкті болатын – әйел. Шыны керек, еркектерге оңай: жасайтынын жасап, ол туралы тіпті ойламайды да. Әйелі жүкті болған кезде ғана не істейтінін ойланады: не баланы қалдырады немесе аборт жасайды. Ал аборт әйелдің денсаулығына өте зиян. Мұндай тақырыпты тіпті отбасында тек әйелдер талқылайды, өкінішке қарай ер адамдар араласпайды. Негізі ер адам да шешімді бірге қабылдауы керек.
Айым:
Елде «кім жүкті болса, сол қорғансын» деген түсінік бар. Мұндай көзқарастан арылатын уақыт келген сияқты. Оның үстіне ер адамдарға жасайтын ота әлдеқайда жеңіл болса, неге жасамасқа? Ал әйел ағзасы нәзік әрі күрделі. Оның үстіне, ұрығын биоматериалды мұздатып қоюға да болады.
Вазэктомияға дейін қалай қорғандыңыз, одан бас тартуға не себеп болды?
Диас:
Контрацепцияның қай түрі де мінсіз емес. Спираль ағзаға жақпай, қандағы темірді азайтып жіберуі мүмкін. Ішетін дәрілер гормонды бұзады. Ал мүшеқапқа кей адамдардың аллергиясы бар. Соүың бәрінен бас тарттық.
Қанша уақытта қалыпқа келдіңіз? Жұмыс пен спортқа аз уақытта орала алдыңыз ба?
Диас:
Дәрігерлер үш күн күтіну керек деді. Ал мен бір күнде-ақ аяққа тұрдым. Отадан соң жарты сағаттан кейін-ақ рөлге отырып, үйге қайттым. Ота бейсенбіде жасалды, ал дүйсенбі күні спортзалға барып жүрдім. Қазір тіпті орны да білінбейді, бір сантиметрдей ғана із бар.
Тек бірнеше күннен кейін сперматозоидтардың жоқтығын тексеру үшін қайта сараптама тапсырдым.
Тағы балалы болғыларыңыз келсе, не істейсіздер?
Диас:
ЭКО жасаймыз, биоматериалды сақтап қойдық. Ал суррогат ана жалдай алмаймыз. Себебі заң бойынша мұндай қадамға әйелдің денсаулығы бала көтеруге мүлде жарамайтын жағдайда болу керек екен, сол кезде рұқсат етіледі. «Фигурамды бұзғым келмейді» деп өз бетіңізше суррогат ана таңдай салуға болмайды.

Жақындарыңыз тарапынан қандай орынсыз пікірлер болды?
Диас:
Көбіне «Бұл кастрация ғой, бұған қалай бардың?», «Хайп қуып, оқырман жинағың келді ме?» деп жатты. «Піштірілген бұғы» деп тиіскен хейтерлер де болды. Тағы біреулер: «Ажырасып кетсең, басқа әйел саған қалай бала туып береді?» десті.
Біріншіден, мен ажырасуды ойлап жүрген жоқпын.
Екіншіден, ондай жағдай болған күннің өзінде, сүйікті әйелімнен туған балаларым бар. Қайда жүрсем де, оларды өзім өсіремін.
Бұл қадамға ең алдымен балаларымның амандығы мен отбасымның бақыты үшін бардым. Ал егер кейін тағы балалы болғым келсе, сақтаған биоматериалым бар. Заңды түрде оны қашан және кіммен пайдаланатынымды өзім шешемін.
Ер адамдар репродуктив денсаулыққа қатысты кеңес алуға неге қорқады?
Диас:
Біріншіден, әлсіз көрінгісі келмейді. Дәрігердің не басқаның алдында еркектік беделіме нұқсан келе ме дейді.
Екіншіден, бұл сұрақты дұрыс зерттемей, «толық піштіріп тастайды» деп ойлайды.
Үшіншіден, мұның денсаулыққа, тестостеронға кесірі тисе ше, оған қоса жұрт не айтады деп уайымдайды. Әсіресе өзін «мықты еркек» («альфа-самец») етіп көрсеткісі келетіндер уайымшыл келеді.
Ер адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?
Диас:
Егер жарыңызды сүйсеңіз, оның денсаулығын ойлап, жауапкершілік алуыңыз керек. Батыста бұл отаның өте танымал екенін білесіздер, тіпті танымал адамдар да жасатады. Ең бастысы, жан-жақты зерттеп, шешімді жұбыңызбен бірге қабылдау.
Ештеңеден қорықпаңыздар, ешкімді тыңдамаңыздар. Бұл туралы жария еткіңіз келмесе – айтпаңыз, біз сияқты ашық айтқыңыз келсе – айтыңыз. Жұбайым екеуіміздің өмірімізде түбегейлі ештеңе өзгерген жоқ, бұрынғыша бақытты өмірімізді сүріп жатырмыз.sds




