Ақша қалай құнсызданады? Одан қалай сақтанамыз? Қаржыны қандай валютада жинаған дұрыс? Қаржыгер Ғалымжан Өтепберген айтып береді.
Девальвация – ақшаның құнсыздануы. Біздің валютамыз, яғни, теңге ішкі емес, сыртқы факторлардың әсерінен құнсызданады. Басқаша айтсақ, біздің экономикамыз сыртқы экономикаға тәуелді. Өйткені елде экспортқа қарағанда импорт көп. Сыртқа өнім көп шығармаймыз, есесіне, сырттан көп өнім аламыз. Сырттан қандай валютамен, қандай бағаға сатып алғанымыз ішкі баға көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Мысалы, бізге өнімдердің 60-70%-ы Ресейден келеді. Қазір әлемдегі геосаясат тұрақсыз болып, рубль әлсіресе, біздің экономика да әлсірейді. Өйткені біз Ресейден өнімдерді теңгемен емес, рубльмен, сол елдің валютасы бойынша сатып аламыз.
Біздің экономиканың басты қозғаушы күші – мұнай сату. Мұнайдың бағасының көтеріліп-түсуіне соғыс, санкция, әлемдегі дағдарыс сияқты түрлі фактор әсер етеді. Мысалы, Иран мен Израиль мемлекетінің арасындағы соғыс салдарынан мұнай бағасы күрт өсті. Себебі АҚШ бірнеше елге санкция салды. Осы санкциялар алынып, нарықтағы мұнайдың көлемі артса, сәйкесінше бағасы түседі. Мұнайды арзанға сатсақ, бюджетке түсетін ақша да азаяды. Осындай ішкі бюджет тапшылығынан девальвация пайда болады.
2015 жылы 1 АҚШ доллары 180 теңге болды. Жыл ішінде теңге құнсызданып, 320–350 теңгеге дейін жетті. Бұған Ресейге санкция салынып, рубль әлсірегені себеп болды.
Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші – мұнай. Түрлі факторға байланысты мұнайдың бағасы өсіп-төмендеп отырады: соғыс, санкциялар, жаһандық дағдарыстар. Мысалы, Иран мен Израиль арасындағы соғыс салдарынан мұнай бағасы күрт қымбаттады, өйткені АҚШ бірқатар елге санкция енгізді. Егер бұл санкциялар алынып, нарықтағы мұнай көлемі артса, баға тиісінше төмендейді.
Мұнай арзандаса — бюджетке түсетін кіріс азаяды. Ал бюджет тапшылығы девальвацияға алып келеді. Теория жүзінде бұл үдеріс осылай жұмыс істейді.

Мемлекетке сыртқы факторлардың әсерінен ұлттық валютаның бағамын бір деңгейде ұстап тұру қиынға соққанда Ұлттық банк валюта интервенциясын жасайды: резервтегі долларды нарыққа сатып, оның орнына теңге шығарады. Бұл теңгенің бағамын тұрақтандыруға көмектеседі.
Ақшаны қайда сақтаған дұрыс?
Қаржыны қысқа мерзімге сақтауды жоспарласаңыз, валюта күйінде сақтаған дұрыс. Валютаны қолда ұстауға не депозитке салуға болады. Ақшаңызды депозитте жинаймын десеңіз, банк шарттарына назар аударыңыз. Ең әуелі банк сенімді болу керек. Мысалы, 2018 жылы Астана банкі жабылғанда біраз салымшы өзінің ақшасын жоғалтып алды. Қазір елімізде Қазақстандағы депозиттерге кепілдік беретін қор істейді. Ұлттық банктің лицензиясын алған банктер 20 миллион теңгеге дейін депозитті қайтаруға кепіл береді. Сонымен қатар депозиттің пайыз мөлшерлемесін де ескеру керек. Қысқа мерзімге арналған жинақ үшін овернайт депозиті тиімді, өйткені жинақтағы ақшаға пайыз күн сайын есептеледі және қажет болса ондағы соманы бір күнде шығарып алуға болады.

Екіншіден, банк салымшыны сақтандырып-cақтандырмайтынына мән беру керек. Үшіншіден, сенімді валютаны таңдау керек. Доллар, еуро, франк, йен, фунт, дирхам, динар деген валюталар сыртқы факторларға қатты тәуелді емес. Мысалы, бүкіл әлемде инфляция болып жатса, Жапонияда, керісінше, дефляция болып, баға жылдан жылға түсіп жатыр.
Қаржыны ұзақ уақыт сақтау үшін алтын, акция, жылжымайтын мүлік еткен тиімді.
Алтын – ұзақмерзімді актив, оны екі-үш айға алып, сатып жібергеннен пайда жоқ. Ұзақ мерзімге сақтасаңыз, бағасы өсіп тұра береді. Әлемдегі ірі мемлекеттер өзінің байлығын алтын етіп сақтайды. Себебі оған әлемдегі дағдарыс, апат сияқты факторлар әсер ете алмайды.
Акцияны кемінде 10-20 жылға сақтау керек, себебі ол әлемдік саясатқа тәуелді. Ал қысқа мерзімде құны түсіп кетуі мүмкін.
Жылжымайтын мүлік көбіне пассив деп есептеледі. Оны алып-сатумен айналыссаңыз, пайда мен тәуекелді алдын ала есептеп, жоспарлау керек. Бағасы көбіне инфляцияға байланысты өседі.
Девальвация кезінде не істемеу керек?
Қаржыны девальвациядан 100% қорғайтын әдіс жоқ. Девальвация кезінде әркімнің сөзіне сеніп, манипуляциясына еріп кетпеу керек. Ақшаны бірден басқа валютаға айырбастаудан аулақ болу керек. Валюта бағамының өсіп-түсетінін нақты ешкім айта алмайды. Сол себепті валютаны нарық тыныш кезде сатып алу керек. Қарыз алмауға тырысу қажет. Ең бастысы, өзімізде бар ақшаны диверсификациялау, яғни, тәуекелдерді бөле алу керек. Мәселен, бар ақшаңызды қолма-қол етіп ұстасаңыз, девальвация кезінде қаржыңыз құнсызданып, ұтыласыз. Сондықтан бір бөлігін валюта күйінде қолымызда ұстап, бір бөлігін депозитте сақтау керек. Тағы бір бөлігін акцияларға, облигацияларға, алтындарға айналдырған дұрыс. Сол кезде тосыннан болып жатқан жағдайларға төтеп беруге мүмкіндік бар.




