ДенсаулықСұлулықДерматолог: SPF крем терінің қатерлі ісігінен қорғайды

Дерматолог: SPF крем терінің қатерлі ісігінен қорғайды

7 маусым 2026
4 мин
Фото: Tamga Media / ЖИ

Жыл сайын анықталатын қатерлі ісіктің әрбір үшіншісі – тері обыры. Оның негізгі себептерінің бірі – күннің зиян ультракүлгін сәулесі. Бүгінде Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күн сәулесін канцероген, яғни қатерлі ісік тудыруы мүмкін фактор ретінде мойындаған. Сондықтан мамандар одан қорғанудың маңызы зор екенін айтады. Мұны қалай дұрыс жасауға болады? Дерматолог пен онколог-дәрігерлер жауап берді.


Қазір мамандар күннен қорғайтын кремді тұрақты қолдануға кеңес береді. Себебі күн жылу мен D дәруменін ғана емес, теріге зиян ультракүлгін сәулелерді де бөледі. Олар тері жасушаларын зақымдап, түрлі ауруға әкелуі мүмкін. Онколог-дәрігер Жақсыбай Нұрпейістің айтуынша, тері обыры көбіне терісі ақшыл адамдарда, ашық күн астында көп жүретіндерде және жиі күйіп қалатындарда кездеседі. Балалар мен жасөспірімдер де қауіп тобына кіреді.


Жақсыбай Нұрпейіс, онколог-дәрігер:

«Адам өзін ультракүлгін сәуледен қорғамаса, базальды немесе жалпақ жасушалы тері обыры, тіпті ең қауіпті түрі – меланома дамуы мүмкін. Теріде ұзақ жазылмайтын жара, түйін, қышу пайда болса немесе меңнің түсі мен пішіні өзгерсе, міндетті түрде дәрігерге бару керек. Сонымен қатар теріні жылына кемінде бір рет тексертіп тұрған жөн».


Назым Берікқызы, дерматолог:

«Ультракүлгін сәулелердің зиянын бағалайтын көрсеткіш ультракүлгін индексі деп аталады. ДДСҰ осы көрсеткіш 3-тен асқанда міндетті түрде күннен қорғану керек дейді. Одан төмен болса, крем жақпауға болады, бірақ адамның терісі сезімтал болса, пигментациясы немесе басқа тері аурулары болса, онда ауа райына да, индекске де, елге де қарамай, күннен қорғайтын кремді міндетті түрде қолданғаны дұрыс».


Күннен қорғайтын кремді қалай таңдау керек? 


1. Күннен қорғайтын крем таңдағанда SPF 50-70 аралығындағы өнімге назар аудару керек. 


Себебі SPF30 теріні 50% ғана қорғаса, SPF50 теріні 95% қорғайды екен. Ал SPF70 және SPF100 99% қорғайтын көрінеді. Дегенмен соңғы екеуі көбіне маркетингтік тәсіл деуге болады. Себебі күннен қорғайтын крем теріңізді 100% қорғайды деп айта алмаймыз. Сондықтан теріні тек креммен емес, баскиім, жабық киім киіп, көзілдірік тағып, қолшатыр ұстап та қорғауымыз керек. 


Ультракүлгін сәуле көзге де зиян екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2020 жылы бүкіл әлемде 15 миллион адам катарактаның салдарынан көз жанарынан айырылған. Мұның 10%-ы ультракүлгін сәуленің әсерінен көрінеді.


2. Кремнің сыртқы қаптамасында міндетті түрде UVB және UVA сәуледен қорғайды деген ақпарат болуы қажет. 


Күннің ультракүлгін сәулесі бірнеше түрге бөлінеді. 

  • А типті (UVA) сәуле терінің терең қабатына дейін өтеді. Ол теріні ерте қартайтып, коллагенді бұзады. Мұны фотоқартаю дейді. Соның салдарынан әжім, дақ пайда болып, тері босаңсып, күңгірт тартады. А типті ультракүлгін сәулелер қыста да, бұлтты күндері де бұлттан және терезеден өтіп кете алады.

  • В типті (UVB) сәуле терінің беткі қабатын күйдіріп, қызартады. Сонымен бірге ол аз мөлшерде D дәруменін түзеді. 

  • С типті (UVC) сәуле жерге жетпейді, оны озон қабаты ұстап қалады.


Назым Берікқызы, дерматолог:

«Бұлардың арасынан ең қатты әсер ететіні – UVA сәулеcі. Себебі дәл осы сәуле тері обырын тудырады, тез қартайтады. Зерттеулерге сай, тері 80% күннің әсерінен қартаяды. Күннен қорғайтын крем дәл осы сәулелерден қорғайтын болса, қаптамасында көрсетілуге тиіс. Еуропалық бренд болса, қаптамада UVA, UVB деп жазылады. Ал кореялық брендтерде PA+++, PA ++++, PA +++++ деп жазылады. Бұл жерде неғұрлым плюс көп болса, соғұрлым крем сапасы да жақсы».


3. Тері түрі мен ерекшеліктеріне байланысты таңдау керек.


Терінің ультракүлгін сәулеге реакциясын фототип деп атайды. Дерматологияда оны Фицпатрик классификациясы бойынша анықтайды, ол 6 түрге бөлінеді.

  • Бірінші фототип – терісі өте ақ, шашы жирен, бетінде сепкіл бар адамдар. Олар күнге тез күйіп қалады, бірақ терісі қарайып кетпейді.

  • Екінші фототип – терісі ақшыл адамдар. Олар күнге тез қызарып, күйіп кетеді және өте баяу және аздап қараяды.

  • Үшінші фототип – тері түсі орташа ақшыл адамдар. Олар біртіндеп қоңырқай бола түседі, бірақ күн қатты түссе, күйіп қалуы мүмкін.

  • Төртінші фототип – терісі қараторы адамдар. Олар күнге көбіне күймейді, тез қарайып кетеді.

  • Бесінші және алтыншы фототип – терісі қара адамдар. Олардың терісінде меланин көп болған соң, күнге өте сирек күйеді және күнге төзімді келеді.


Назым Берікқызы, дерматолог:

«Кез келген фототипте күн сәулесінің әсерінен тері ерте қартаяды және ДНҚ жасушалары зақымдануы мүмкін. Бірақ 1-2 фототипте күнге күю, ерте қартаю және тері қатерлі ісігінің қаупі жоғарырақ. 3-4 фототиптегілердің терісі тез қоңырланатындықтан, кейде олар дұрыс қорғанбайды. Алайда дәл осы топта пигментация мен мелазма жиі кездеседі. Сондықтан оларға SPF 30-50 аралығындағы, UVA қорғанысы бар крем қолдану керек. 5-6 фототиптегілер күнге сирек күйгенімен, терісі гиперпигментацияға бейім. Сол себепті оларға химиялық фильтрлі немесе тоналды минералды фильтрлі күннен қорғайтын құралдар қолданғаны жөн».


Маманның айтуынша, адамның терісі майлы, акнеге бейім болса, текстурасы жеңіл, флюид, гель түріндегі күннен қорғайтын кремді таңдағаны дұрыс. Қаптамадағы oil-free немесе non-comedogonic деген жазуларға мән беруі керек. 


Ал құрғақ теріге керісінше, гиалурон қышқылы, церамид, сквалан сияқты ылғал ететін компонеттері бар крем таңдау керек. Құрғақ теріге арналған күннен қорғайтын кремде спирт болмауына аса мән беру қажет. Ал розацеа, куперозға бейім сезімтал теріге, балаларға, косметология процедураларынан кейін физикалық, яғни минералды фильтрі бар өнімді таңдаған дұрыс. Басқаша айтсақ, кремнің құрамында мырыш, титан диоксиді болуы керек. Ал пигментацияға бейім тері үшін көбіне тоналды күннен қорғайтын крем қолданылады.  


Неге кейбір SPF кремнен бетте аппақ болып қалып қалады?


Күннен қорғайтын крем құрамында екі түрлі сүзгі бар. Физикалық немесе минералды сүзгілер ультракүлгін сәулені шағылыстырып, қайта таратады. Тек текстурасы қоюлау келеді, сондықтан бетте аппақ із қалуы мүмкін. Ал химиялық сүзгілер ультракүлгін сәулені сіңіріп, оны жылуға айналдырады. Текстурасы жеңіл, жаққанға ыңғайлы.


Назым Берікқызы, дерматолог:

«Күннен қорғайтын кремді терінің ашық тұрған, күн түсетін бөлігіне, яғни, бетке, мойынға, құлаққа, кеудеге және қолға жағу қажет. «Екі саусақ» тәсілімен екі саусақ мөлшеріндей жағуға болады. Күні бойы үйде болсаңыз, жақпауға болады. Кремді екі сағат сайын қайта жағып отыру керек. Бірақ көлікпен 20-30 минутта жұмысқа барып, кейін күні бойы кеңседе отырсаңыз, яғни күн сәулесі түспейтін жабық ғимаратта болсаңыз, онда екі сағат сайын жаңартудың қажеті жоқ.
Көлік жүргізушілеріне де қорғану керек. Себебі ультракүлгін сәулелер әйнектен өтеді. Терісінде мең, қал немесе сүйелі бар адамдарға да қорғану қажет, себебі күннің әсерінен олардың құрылымы өзгеруі мүмкін. Бетіңізде макияж болса, өзіңізге қажет, ыңғайлы өнімді таңдап алуыңыз керек. Қазір нарықта спрей, стик, кушон, тіпті, опа түріндегі күннен қорғайтын өнімдер бар».


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы SPF30 және одан жоғары, сондай-ақ UVA мен UVB сәулелерінен қорғайтын крем қолдануға кеңес береді. Кремді денеге шамамен үш-төрт шай қасық мөлшерінде жағып, көшеге шығардан 20-30 минут бұрын қолданған дұрыс. Осы уақыт ішінде крем теріге сіңіп, әсер ете бастайды. 


Назым Берікқызы, дерматолог:

«Жазда жағажайға барсаңыз, тауға шықсаңыз, арнайы күннен қорғайтын SPF, UPF қорғанысы бар киімдерді киген дұрыс. Мұндай киімдер Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда танымал. Себебі азиаттар терілерін күннен қатты қорғайды. Ал еуропалықтар күнге күйгенді ұнатады, көп қорғанбайды. Біз де азиатпыз ғой, теріміз күюге, оған пигментация мен сепкіл шығуға бейім».


Күннен қорғайтын кремді қалай тазалау керек? 


Егер теріңіз комедон мен акнеге бейім болмаса, тек бет жууға арналған гельмен-ақ тазартуға болады. Ал егер теріңіз акнеге бейім немесе сезімтал болса, алдымен мицелляр су, гидрофиль майы немесе арнайы тазартқыш арқылы макияж бен SPF-ті кетіріп, содан кейін гельмен жуу қажет. Себебі кейбір күннен қорғайтын крем тері саңылауларын бітеп тастайды.

Бөлісу: