Шынайы өмірде болған оқиғалар кейде ойдан шығарылған сюжеттерден де қызық болады. Мысалы, Лука Гуаданьиноның «Жасанды» (Artificial) драмасы OpenAI компаниясында 2023 жылдың қарашасында болған дағдарыс туралы баяндайды. Бұл – нақты оқиғаға негізделген көркем фильм. Мұндай фильмдерді көргенде «Шын мәнінде не болды?», «Олар неге осындай шешім қабылдады?», «Біз білмейтін тағы қандай жайттар бар?» деген сұрақтарға жауап іздейміз. Өйткені әңгіме өмірде бар адамдар мен бізге де әсер етуі мүмкін оқиғалар туралы болып отыр.
Деректі фильмдер де бізді осынысымен қызықтырады. Табиғат аясында қиындыққа тап болған адамның аман қалуын тілейміз. Қылмыс туралы сериал көргенде, оның сырын өзіміз де ашуға тырысамыз. Ал алаяқтық туралы фильмдерде адамдардың қалай алданып қалғанын түсінгіміз келеді.
Біріміз спортшылардың жеңіске қалай жеткенін білгіміз келсе, енді біріміз танымал адамдардың сахна сыртындағы өміріне қызығамыз. Технологияның пайдасы мен қаупі туралы фильмдер де ойландырады. Неліктен біз шынайы оқиғаларды көргенді ұнатамыз? Оның жеті себебін бірге қарастырайық.
Бізге өмірде болған оқиғалар қызық
Деректі фильм көргенде, ондағы оқиғалардың шынымен болғанын білеміз. Сол себепті бұрын естіген оқиғаның өзі бізге ерекше әсер етеді. Мұндай фильмдер әлемді жақсырақ түсінуге, жаңа нәрсе білуге көмектеседі. Сондықтан тарих, танымал адамдардың өмірі, қылмыс, табиғат пен ғылым туралы фильмдерді қызыға көреміз.

Мысалы, Netflix-тің «Шумахер 1994: аңыздың басталуы» (2026, «Шумахер 1994: рождение легенды») фильмі Михаэль Шумахердің алғаш рет әлем чемпионы атанған кезі туралы баяндайды. Ескі бейнежазбалар мен жақындарының естеліктері арқылы оның жеңіске қалай жеткенін көреміз. Жұбайы Коринна да сол күндер туралы әңгімелейді. Бізге жарыстың нәтижесін білу ғана емес, спортшының осы жетістікке жету жолын көру де қызық.
Деректі кино өзгенің өмірін түсінуге көмектеседі
Біз соғыста, босқындар лагерінде немесе алыс экспедицияда болып көрмеген шығармыз. Бірақ деректі фильм сол жердегі адамдардың өмірін жақынырақ танытады. Оқиғаға беріліп, кейіпкермен бірге қуанып, бірге уайымдаймыз. Оның әңгімесін тыңдап, неден қорқатынын, нені армандайтынын білген сайын, оны жақсырақ түсінеміз.

Мысалы, Сергей Мирошниченконың «КСРО-да туғандар» («Рожденные в СССР») жобасы әртүрлі республикаларда тұратын жеті жастағы балалардың өмірін көрсетуден басталған. Алғашқы түсірілім 1990 жылы өткен. Режиссер шамамен әр жеті жыл сайын сол балалармен қайта кездесіп, өмірлеріндегі өзгерістерді түсіріп отырған. Осылайша олардың қалай есейгенін, армандары мен ойларының қалай өзгергенін көреміз. Олардың өмірі арқылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі қоғамдағы өзгерістерді де байқаймыз.
Бірте-бірте кейіпкерлер бізге таныс адамдай болып кетеді. Бала кезінде не армандағанын, өскенде қандай адам болғанын салыстырамыз. Кейбір оқиғалардан өз өмірімізді көріп, балалық шағымызды, ата-анамыз бен мектебімізді еске аламыз.
Күнделікті өмірде жетіспейтін сезімдерді іздейміз
Деректі фильм көргенде түрлі сезімді бастан кешіреміз: таңғаламыз, уайымдаймыз, кейіпкерге жанымыз ашиды немесе болған жағдайға ашуланамыз. Ал оқиғаның шын болғанын білгенде, ол бізге одан да қатты әсер етеді.

Мысалы, Netflix-тің «Ұрлау: Элизабет Смарт» (2026, «Похищение: Элизабет Смарт») фильмі өз үйінен ұрланған 14 жастағы қыздың оқиғасын баяндайды. Бұл жағдай 2002 жылы АҚШ-тың Юта штатында болған. Элизабет тоғыз ай тұтқында болып, жылдар өткен соң басынан кешкенін өзі айтып береді. Фильмде сол кездегі бейнежазбалар, бұрын көрсетілмеген материалдар, жақындары мен тергеушілердің әңгімелері берілген.
Элизабетті және оны іздеген адамдарды тыңдап, олардың қалай қорыққанын, қиналғанын, үмітін үзбегенін түсінеміз. Қыздың осы ауыр оқиғадан кейін қалыпты өмірге қалай оралғанын көреміз.
Өзінің басынан өткенін ашық айтып, Элизабет зорлық-зомбылық көрген басқа адамдарға да қолдау көрсетеді. Олардың жалғыз емес екенін сезінуіне көмектеседі.
Бізге беймәлім дүниелерді түсінгіміз келеді
Деректі фильм бізді қызықтыратын сұрақтарға жауап береді: «Бұл қалай жұмыс істейді? Адамдар неге бұлай істейді? Негізінде не болған? Басқа жерде адамдар қалай өмір сүреді?»
Бәрін өзіміз көріп, біліп шыға алмаймыз. Ал деректі фильм арқылы ғарыш туралы білеміз, көне өркениеттермен танысамыз, қылмыстың қалай ашылғанын көреміз. Басқа халықтардың тұрмысы мен дәстүрін де жақсырақ түсінеміз.

Мысалы, Netflix-тің «Денсаулығыңды таны: ішектің құпиялары» (2024, «Взломай свое здоровье: секреты кишечника») фильмі ағзамыздың тамақты қалай қорытатынын түсіндіреді. Дәрігер Джулия Эндерс пен ғалымдар ішекте тіршілік ететін ұсақ ағзалардың ас қорытуға және жалпы денсаулыққа әсері туралы айтады. Тәжірибелер, анимация мен адамдардың өз әңгімелері арқылы күрделі тақырыпты түсіну жеңілдейді.
Бұрынғы ойымыз өзгеруі мүмкін
Кейде фильмді «менің ойым дұрыс па?» деген сұраққа жауап іздеп көреміз. Бірақ кейіпкерлердің әңгімесін тыңдаған соң, мәселеге басқаша қарай бастаймыз. Олардың қуанышы мен уайымы бізге де әсер етіп, ойлануға себеп болады.
Мысалы, қазақстандық режиссер Ринат Балғабаевтың Шыңырау («Бездна») фильмі депрессия туралы баяндайды. Стендап-комик Ғалым Қалиақбаров, кәсіпкер Досбол Ахмеджанов және публицист Глеб Пономарев өз бастарынан өткенін айтады. Ал мамандар депрессияның жай шаршау, жалқаулық немесе мінездің әлсіздігі емес екенін түсіндіреді.
Фильмнен кейін көрермендер әлеуметтік желілерде өз оқиғаларымен бөлісті. Көпшілік депрессия туралы айту оңай емес екенін жазды. Өйткені жақындарыңның өзі кейде жағдайыңды түсінбей, қиналып жүргеніңе мән бермеуі мүмкін.
Осындай фильмдер өзгені жақсырақ түсінуге көмектеседі. Бұрын «өзіңді қолға ал» деп айта салсақ, енді «Қалайсың? Саған қалай көмектесе аламын?» деп сұрап, адамның әңгімесін тыңдаймыз.
Деректі фильмдегі бейтаныс адам бізге жақын болып кетеді
Бір қызығы, фильмнің басында мүлде танымайтын адам уақыт өте танысымыздай көріне бастайды. Оның әңгімесін тыңдап, күнделікті өмірін, фотосуреттері мен бұрынғы бейнежазбаларын көргенде, қасында жүргендей сезінеміз.
2026 жылы Science Communication журналында жарияланған зерттеуде 630 америкалық көрерменнің ғалымдар туралы Observer деректі фильміне реакциясы зерттелген. Қатысушылар кейіпкерлерге ғылыми атақтары немесе өздеріне ұқсастығы үшін емес, көбіне олардың білуге құштарлығы, шынайылығы, зейіні мен сөйлесу мәнері үшін сенгенін айтқан.
Яғни экрандағы адамды жақын сезінуіміз оның тұлғасын қаншалықты тани алғанымызға байланысты. Мінезін, ойларын, өзгелермен қалай сөйлесетінін көрген сайын, оны жақсырақ түсіне бастаймыз.

Деректі фильмді көруіміздің тағы бір себебі – өзімізді түсіну.
Кейде өзгенің өмірі туралы фильм өз өмірімізді түсінуге көмектеседі.
Елу жасында мамандығын ауыстырған адам туралы оқиға жұмысымыз жайлы ойландыруы мүмкін. Ауру туралы фильм денсаулығымыз бен қартаюға деген көзқарасымызды еске салады. Отбасы туралы фильм ата-анамызды ойға түсіреді. Ал суретшінің өмірі орындалмай қалған армандарымызды еске салуы мүмкін.
Деректі фильм көргенде жаңа нәрсе білеміз, түрлі сезімді бастан кешіреміз, кейіпкердің өмірін өзіміздікімен салыстырамыз. Кейде осының бәрі әлемге басқаша қарауға себеп болады.
Мысалы, режиссер Самат Нұрматовтың «Суретші Сулиан Иляев» («Художник Сулиан Иляев») деректі фильмі қазақстандық суретші Сулиан Иляевтың шығармашылығын, туындыларын және өнерге деген көзқарасын таныстырады. Фильмді көрген адам бейнелеу өнеріне қызығып, картиналарға мұқият қарап, бұрын білмеген суретшінің еңбектерін танып-білуі мүмкін.
Деректі кино көрерменге ғана емес, режиссерлерге де шабыт береді. Самат Нұрматов «Барака» (1992) фильмінің өзіне ерекше әсер еткенін айтады. Сондай-ақ «Мен – Хит Леджер» (2017) фильмін де жанына жақын көреді. Онда актердің өмірі ескі бейнежазбалар мен жақындарының естеліктері арқылы баяндалады.
«Мен үшін деректі кино – өз ойымды, сезімімді кадр арқылы жеткізудің жолы. Меніңше, Рик Рубин, Мартин Скорсезе және Вернер Херцогтың еңбектері ерекше бағалы. Әрқайсысының өз тәсілі бар. Маған деректерді айтып қана қоймай, белгілі бір көңіл күйді және адамға деген көзқарасты жеткізу маңызды».
Осылайша өзгенің оқиғасы бізді жаңа нәрсеге жетелеуі мүмкін. Біреу жаңа әуестік табады, біреу өнерге қызығады, ал енді біреу өзі де деректі фильм түсіріп көргісі келеді.
Деректі фильм оқиғаның барлық қырын көрсете бермейді. Кімді сөйлету, қандай деректі қосу, қай көріністі көрсету керегін автор өзі таңдайды. Музыка мен пікірлер де көрерменге әсер етеді. Сондықтан фильмде көргеніміз – оқиғаның автор ұсынған нұсқасы. Оны толық шындық деп қабылдамай, айтылғанды ой елегінен өткізіп, басқа деректермен салыстырған жөн.



