Жарты ғасыр бұрын әлем ғалымдары «жер бетіне адам сыймай кетеді» деп дабыл қаққан еді. Ресурстар таусылып, аштық орнайды деген үрей басым болды. Алайда 2026 жылы жағдай мүлдем басқаша. Қазір адамзатты халықтың көп екені емес, «демографиялық қысқару» алаңдатады. Басты мәселе адамның көптігі емес, бала туу көрсеткіші төмендеп, ұрпақ азайып, қоғамның қартаюы болып отыр. Батыс пен Азия елдеріндегі демографиялық күйзелістің себептері қандай? Мұның салдары қандай болмақ? Tamga Media жаһандық трендтер мен оның Қазақстанға әсерін талдап көрді.
Жаһандық демография
Адамзат тарихында алғаш рет дүниежүзіндегі бала туу көрсеткіші халықтың табиғи алмасу деңгейінен төмен түсе бастады. 1960 жылдары бір әйел орта есеппен бес бала туса, бүгінде бұл көрсеткіш екі-үшке дейін түскен. Бұл тренд қанша жылдан бері жалғасып келеді және таяудағы онжылдықтарда қандай нүктелерге жететіні қазір айқын белгілі.
БҰҰ-ның World Population Prospects 2024 болжамы бойынша, қазір 237 елдің 131-інде (55%) бала туу деңгейі ұрпақты алмастыру шегінен (2,1 бала) төмен. Бұл елдерде Жер шары халқының 68% тұрады. 2040 жылдардың аяғына дейін жаһандық орташа көрсеткіш те осы шекке жетпек. 2084 жылдары – яғни бізден алпыс жыл кейін – жер шары халқы 10,3 миллиардқа жетіп, шарықтау шегіне шығады. Содан кейін тарихта алғаш рет адамзаттың жалпы саны азая бастайды.

Ал 63 елде – Қытай, Жапония, Германия, Италия, Ресей, Оңтүстік Корея, Испания, Тайланд және т.б. – бұл процесс 2024 жылдың өзінде-ақ басталып кеткен. Олардың жиынтық халқы – Жер шары тұрғындарының 28%-ы.
Тағы Бразилия, Иран, Түркия, Вьетнам сиқты 48 елде (адамзаттың 10%-ы) шарықтау шегі 2025-2054 жылдар аралығына болжанады. Ал қалған 126 елде (оның ішінде Үндістан, АҚШ, Нигерия, Пәкістан, Индонезия бар) халық саны кемінде 2054 жылға дейін өсе береді. Сол кезде қоғам бұрын-соңды болмаған қарқында қартаяды: 2050 жылға қарай әр алты адамның бірі 65 жастан асқан зейнеткер болуы мүмкін. Сондықтан әлемдік экономика жұмыс күшінің азаюы мен халықтың қартаюы салдарынан жаңа дағдарыс орнауы ғажап емес.
Қытай: жасанды шектеудің зардабы
Қытай – мемлекеттік жоспарлаудың адам тағдыры мен ұлт болашағына қаншалықты қауіпті екенін көрсеткен қатал мысалдың бірі. 1979 жылы Бейжің «Бір отбасы – бір бала» саясатын енгізді. Үкімет халық санын азайтып, экономиканы дамытқысы келді. Бірақ бұл қадам стратегиялық тұрғыдан орны толмас қатеге айналды. Reuters агенттігінің сараптамасы бойынша, Қытай халқының саны бірнеше жылдан бері қатарынан азайып келеді.

Соның салдарынан Қытай қоғамы «4-2-1» деп аталатын демографиялық тұзаққа түсті: енді жалғыз бала екі ата-анасын және төрт ата-әжесін асырауға міндетті. Мұндай ауыр әлеуметтік жүк жас буынның тынысын тарылтып, олардың экономикалық мүмкіндіктерін шектеп тастады. Оның үстіне ондаған жыл бойы ұл баланы артық көру саясатының кесірінен ерлер мен әйелдер санында үлкен алшақтық пайда болды.
Қытайдың Ұлттық статистикалық бюросы 2024 жылғы деректері бойынша, елде әр 100 әйелге 104 ер адам келеді. Бала туу тұрғысынан одан да маңыздысы – некелесу жасындағы диспропорция: БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, 25–29 жас аралығындағы ер азаматтардың саны 44,4 миллион, ал осы жастағы әйелдер – небәрі 38,4 миллион. Бұл – миллиондаған ер азамат отбасын құру мүмкіндігінен айырылып отыр деген сөз. Нәтижесінде бүгінгі Қытай «байып үлгермей жатып, қартайып қалған» алпауыт мемлекеттің күйін кешіп жатқан жайы бар.
Оңтүстік Корея: тұрмыс тауқыметі және халықтың азаюы
Қытайда үкімет халық санын күштеп тыйса, Оңтүстік Кореяда жұрт бала сүюден өз еркімен бас тартып жатыр. Statistics Korea деректері бойынша, 2023 жылы мұндағы бала туу коэффициенті 0,72-ге дейін төмендеп, әлемдік антирекордты жаңартты. 2024 жылы ол алғаш рет тоғыз жылдан кейін 0,75-ке дейін өсті. Аз болғанымен жағдай оң жаққа бағыт алғанын көрсетеді.
Сеулде 2023 жылғы деректер бойынша бұл көрсеткіш одан да төмен – 0,55. Бұл дегеніміз қалай? Егер көрсеткіш қалса, 100 оңтүстік кореялық азаматтың жалпы 36 ғана баласы болады. Олардан 13 бала, одан кейінгі ұрпақтан 5 бала туады. Бұл – мемлекеттің ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетуіне әкеп соқтыратын қауіпті көрсеткіш.

Тағы бір айта кетері, Оңтүстік Корея жастарының арасында Sampo буыны (䵔哲み – үш нәрседен бас тарту: кездесу, некелесу, бала) қалыптасты. Бірақ одан кейін тізім ұзарды: жұмыс (sapo), баспана (opo), одан ары үміт пен денсаулық та қосылды. Корей жастары осыны chilpo деп атайды. Осылайша өмір философиясы статистиканың кері жаққа өзгеруіне алып келді. Бұл құбылыстың басты себебі – қоғамдағы шектен тыс бәсеке.
Сеул сияқты мегаполистерде баспаналы болу қол жетпес арманға айналды. Ал бала тәрбиесі мен репетиторларға кететін шығын жағынан бұл ел әлемде көш бастап тұр. Соның салдарынан жас буын балалы болуды «сән-салтанат» немесе көтере алмас экономикалық жүк ретінде қабылдайды.
Демографиялық дағдарыстың зардабы қазірдің өзінде елдің қауіпсіздігіне әсер ете бастады: сарбаздар жетпей, әскер құрамы 450 мыңға дейін қысқарды. Корея үкіметі жағдайды реттеу үшін бюджеттен миллиардтаған доллар бөліп жатыр. Дегенмен қоғамдағы құндылықтардың түбегейлі өзгеруі бұл қаржыны желге ұшырып отыр.
Батыс әлемі: еркіндік пен «кеш отау құру»
Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкадағы демографиялық дағдарыстың табиғаты мүлдем бөлек. Мұнда жастар арасында «кеш үйлену» мен «кеш есею» үрдісі басым. Eurostat деректеріне сүйенсек, Еуропада алғаш рет отау құрудың орташа жасы 35-тен асып кеткен. Бұл құбылыстың астарында жастардың алдымен мансап қуып, баспаналы болып, «өз рақатына өмір сүру» философиясы жатыр. Қазіргі Батыс қоғамында «қос табыс, бала жоқ» (DINK) деген ұстанымды ұстанатын отбасылар көбейіп, олар саналы түрде балалы болуға қарағанда, қаржылық еркіндік пен саяхатқа басымдық беретін болды.

Бұл үрдіс Скандинавия елдерінде «жалғыздық экономикасының» белең алуына әкеп соқты. Мәселен, Швеция мен Данияда әрбір екінші шаңырақта бір ғана адам тұрады. Ал Германия, Италия және Испания сияқты ірі мемлекеттер халық санын тек сырттан келген мигранттар есебінен толтырып отыр. Шынында, бұл елдердегі жергілікті ұлттардың саны азайып, депопуляция жолына түскен. «Өз рақатына өмір сүру» мен жауапкершіліктен қашу ұрпақ санын табиғи түрде тежеп тастады.
The Lancet журналының болжамынша, XXI ғасырдың соңына қарай дамыған елдердің көбінде халық саны күрт азаюы мүмкін. Тіпті заманауи медицина да бұл демографиялық тапшылықты толық жаба алмай отыр.
Африка: демографиялық дивиденд пе әлде жаңа қысым ба?
Азия мен Еуропа депопуляцияға шегінсе, Африка мүлдем басқа бағытқа бет алды. 1960 жылы Африкада 283 миллион адам тұрды. 2024 жылы бұл сан 1,5 миллиардқа жетіп, 64 жылда бес есеге өсті. БҰҰ-ның Африка экономикалық комиссиясы мәліметтері бойынша, Сахарадан оңтүстіктегі елдерде бір әйелге шаққанда орта есеппен 4,2 бала. Кейбір елдерде (Нигер, Чад, Сомали) бұл көрсеткіш 5-тен асады.
2050 жылға дейін Африка халқы тағы 950 миллионға артып, 2,5 миллиардқа жетеді. Ал ғасырдың аяғында Сахарадан оңтүстіктегі бөлік жалпы 3,3 миллиардқа жетпек. Сонда жер шарының әрбір үш баланың бірі – африкалық болады.

Бұл – бір мезгілде мүмкіндік те, қауіп те. Демографтар мұны «демографиялық дивиденд» деп атайды. Яғни, жұмыс күші тез өскенде, ал асырауды қажет ететін зейнеткерлер мен балалар үлесі әлі аз болғанда, елде экономикалық серпіліс үшін қысқа терезе ашылады. 1990-2000 жылдары Оңтүстік-Шығыс Азия осы терезені дәл пайдаланды. Бірақ Agence Française de Développement талдауы бойынша, Африканың бұл мүмкіндікті іске асыруы – сырттан келетін нәрсе емес.
2025-2040 жылдар аралығында тек Нигерияның өзінде 93 миллион жас адам еңбек нарығына шығады. Бұл жастарға сапалы білім, тұрақты жұмыс орны және әлеуметтік қорғаныс болмаса, демографиялық дивиденд демографиялық қысымға айналады. Міне, сондықтан жаһандық демографиялық картаны «бүкіл әлем қартайып жатыр» деп оқу – жартылай шындық. Шынайы картада бір жақта сарқылып бара жатқан жұмыс күші, екінші жақта оны асыра толтыра алатын, бірақ бұған дайын болмауы мүмкін аймақ тұр.
Қазақстан: бала туу мен қартаюдың арасалмағы
Қазақстанның демографиялық жағдайы әлемдік үрдістерге ұқсас болса да, өз ерекшеліктеріне ие. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша, еліміздің халқы 20,5 миллионнан асып, «жас ұлт» мәртебесін сақтап отыр. Дегенмен ішкі жағдай біркелкі емес. Кейінгі 10 жылда бала туу көрсеткіші көбіне төмендеді. Тек үш рет қана аздап өскен, оның екеуі COVID-19 пандемиясы кезінде болды. 2015 жылмен салыстырғанда бала туу шамамен 20%-ға азайды.
Абсолют сандар бұл серпілістің ауырлығын айқын көрсетеді: 2021 жылы 446 500 бала туылса, 2024 жылы бұл сан 365 900-ге дейін – үш жылда 18%-ға азайды. 2025 жылы тағы да төмендеп, 335 000-ға жетті. Яғни төрт жылда 25%-ға дейінгі құлдырады. Мамандардың бағалауынша, бұл – кейінгі 20 жылдағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Мысалы, оңтүстік пен батыс өңірде халық саны өсіп отырса, солтүстік пен шығыста азайып жатыр.

Елдегі бала туу көрсеткішінің төмендеуінің басты себептерінің бірі – елдегі экономикалық жағдай. Тұрғын үй, білім беру және медициналық қызметтердің қымбаттаған сайын отбасыларға бала туып, асырау қиынға соғып жатыр. Көп отбасы қаржы жағдайы реттелгенше, бала сүюді кейінге шегеріп қояды. Оған қоса әлеуметтік ұстанымдар да өзгерді: көп жастар отбасын құруды кейінге қалдырып, мансап пен өзін-өзі дамытуды таңдайды. Әйелдер алдымен жоғары білім алып, кәсіби жетістікке жетуді жөн көріп, содан кейін ғана бала сүю туралы ойланатын болды.
Туу көрсеткішінің төмендеуіне тек ниет емес, физиологиялық факторлар да әсер етеді. Солардың бірі — «бедеулік» диагнозы. 2024 жылдың алғашқы алты айында 29,1 мың әйел және 102 ер адамда осындай диагноз қойылған. 2019 жылы ерлерде бұл сан 36 болды, 2021 жылы – 119-ға жетті, 2023 жылы – 108. Яғни өсу тенденциясы тұрақты болса да, бір қалыпты емес сипатта. Осы динамика туу мәселесінің тек экономикалық емес, медициналық өлшемі де бар екенін көрсетеді.
Сонымен қатар Қазақстанда да қоғамның қартаю қарқыны үдеп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша, 2050 жылға қарай еліміздегі әрбір бесінші тұрғын зейнеткер болуы мүмкін. Халықаралық өлшемдерге салсақ, Қазақстан қазірдің өзінде «қартайып келе жатқан елдер» санатына еніп үлгерген.
2000 жылдардағы «бэйби-бум» кезінде дүниеге келген буын бүгінде еңбек нарығының негізгі күшіне айналды. Десек те оларды үлкен сын күтіп тұр: бұл буын алдағы уақытта зейнеткерлердің көбін асырап, әлеуметтік жүкті арқалауға мәжбүр болады. Сонымен қатар ірі қалаларда 30 жастан кейін үйленетін жастар көбейіп, Қазақстанның да «кеш үйлену» трендінен қалыс қалмайтынын аңғартады.
Қорыта айтқанда, Дүниежүзілік экономикалық форум (WEF) алдағы уақытта мемлекеттер арасындағы басты бәсеке табиғи ресурстар үшін емес, «адам капиталы» үшін жүретінін болжап отыр. Қазақстан үшін бұл бәсеке екі бағытта жүреді: сырттан мигранттарды тарту және ішкі жастардың елден кетуін тоқтату.
Бала туу 2021 жылғы шыңынан кейін төрт жылда 25%-ға азайды. 2025 жылы табиғи өсімнің минимумы 2008 жылдан бері ең төменгі деңгейде тіркелді. Бұл үрдіс жалғасатын болса, 2050 жылы жастар зейнеткерлерді асырушы күш болуын жалғастырады. Бұған экономикалық қиындықтар, әлеуметтік өзгерістер және физиологиялық мәселелер бірге ықпал жасап отыр. Сондықтан үкіметке кешенді шаралар керек. Тұрғын үй қолжетімділігі арттырып, білім мен медицина бағасын қолжетімді етіп, репродуктивті денсаулық және жастарды елде ұстап қалатын экономикалық орта қалыптастыру керек.




