Деменция – көп адамды алаңдататын аурулардың бірі. Есте сақтау қабілетінің нашарлауы, мінез-құлықтың өзгеруі және адамның біртіндеп өзіне күтім жасай алмай қалуы оның өзіне ғана емес, бүкіл отбасына әсер етеді. Алайда бұл ауру туралы әлі де аз айтылады. Ал алғашқы белгілерін көбіне жас ұлғаюымен байланыстырып, елемей жатады.
Жас келді екен деп, әрбір адам міндетті түрде деменциямен ауырмайды. Зерттеулерге сүйенсек, өмір салтын өзгертіп, денсаулыққа күтім жасасаң, аурудың қаупін азайтуға болады. Tamga Media белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызметкерлері Гүлхаят Махановна және Айжан Мұратбековнамен бірге деменцияның Қазақстанда қаншалықты жиі кездесетінін, алғашқы белгілерін қалай тануға болатынын және мидың саулығын сақтауға не істеу керегін түсіндіреді.
Деменция деген не?
Деменция – адамның есте сақтау, ойлау, сөйлеу қабілеттері біртіндеп нашарлайтын синдром. Адам уақыт пен жүрген жерін шатастырып, шешім қабылдауда және күнделікті үйреншікті істерін орындауда қинала бастайды. Бірақ деменцияны қартаюдың қалыпты белгісі деп санауға болмайды.

Энтони Хопкинс ойнаған «Әке» (The Father, 2020) фильмі деменциясы бар адамның жағдайын түсінуге көмектеседі. Көрермен де басты кейіпкер сияқты не болып жатқанын түсінбейді. Үйдің іші өзгергендей көрінеді, оқиғалар бір-бірімен араласып, таныс адамдарын тану қиынға соғады. Қай оқиға қазір болып жатқанын, қайсысы өткеннің естелігі екенін ажырату қиындайды.
Ауру асқынған сайын бүкіл отбасының өміріне әсер етеді. Адамға өз бетінше өмір сүру, шешім қабылдау және күнделікті шаруаларды атқару қиындайды. Сондықтан жақындары оның кейбір міндеттерін өз мойнына алып, күтім жасауға көмектеседі. Ауру отбасындағы қарым-қатынасты да өзгертіп, туыстарынан жаңа жағдайға үнемі бейімделуді талап етеді.
Джулианна Мур ойнаған «Әлі де Элис» (Still Alice, 2014) фильмінде 50 жастағы тіл білімі профессоры Альцгеймер ауруына шалдыққанын біледі. Ол деменцияға әкелетін аурулардың бірі. Уақыт өте келе Элис көп нәрсені ұмыта бастайды, жұмыс істеуі де қиындайды. Ол болашағын ойлап уайымдайды: бір күні өзіне күтім жасай алмай, күйеуі мен балаларының көмегіне мұқтаж болып қалудан қорқады.
Деменцияның дамуын азайтуға болады. Зерттеулер деменция белгілері байқалмай тұрып-ақ, оның қаупіне әсер ететін кейбір факторларды өзгертуге болатынын көрсетеді.

АҚШ-та деменция туралы қалай ақпарат береді?
АҚШ-та қараша айы Альцгеймер ауруы туралы ақпарат таратуға және науқасқа күтім жасайтын отбасы мүшелерін қолдауға арналған. Осы айда арнайы ұйымдар танымдық кездесулер, вебинарлар, қайырымдылық акциялары мен ақыл-ес саулығына арналған іс-шаралар өткізеді.
Мысалы, Американың Альцгеймер қоры жыл сайын Light the World in Teal акциясын өткізеді. Бұл күні ғимараттарға көгілдір-жасыл түсті жарық түсіріледі. Адамдар да осы түстегі киім киіп, әлеуметтік желілерде Альцгеймер ауруы туралы ақпаратты кеңінен таратады. Осылайша жұрттың назарын ауруға аударуға тырысады. 2026 жылы акция 2 қарашада өтеді деп жоспарланған.
Қарашада АҚШ-та Walk to End Alzheimer’s қайырымдылық серуендері де өтеді. Жыл сайын 600-ден астам қауымдастықта адамдар бірге серуендеп, Альцгеймер ауруын зерттеуге және науқастардың отбасыларына көмектесуге ақша жинайды. Promise Garden деп аталатын бөлімде қатысушылар түрлі түсті символдық гүлдер ұстайды. Әр түс адамның Альцгеймер ауруымен қандай байланысы барын білдіреді.
Альцгеймер қауымдастығы деменциясы бар адамдардың жақындарына арнайы сабақтар өткізеді. Онда науқасқа қалай күтім жасау керегін, мінез-құлқындағы өзгерістерді қалай түсінуге болатынын және қайдан көмек алуға болатынын айтады.
Мұндай шаралар адамдарға ауру туралы ашық сөйлесуге, оның алғашқы белгілерін байқауға және қажет кезде көмек сұрауға көмектеседі.
Қазақстанда қанша адамда деменция бар?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда Альцгеймер ауруымен есепте тұрған адамдар саны көбейген. 2021 жылы олардың саны 677 болса, 2022 жылы – 1559, 2023 жылы – 2279, 2024 жылы – 2992, ал 2025 жылы 3706 адамға жеткен. Жыл сайын орта есеппен 710 адамға осы диагноз қойылады. Дәрігерлердің тұрақты бақылауында 65 жасқа толмаған 742 науқас та бар.
Альцгеймер ауруы – деменцияға әкелетін себептердің бірі ғана. Сондықтан осы диагнозбен есепте тұрғандар саны, Қазақстандағы деменциямен ауратын адамдардың жалпы санын көрсетпейді.
Деменция неліктен пайда болады?
Жас ұлғайған сайын деменцияға шалдығу қаупі артады. 2024 жылы The Lancet журналының халықаралық комиссиясы деменция қаупіне әсер ететін 14 факторды анықтады. Олардың біразына адамның өзі ықпал ете алады. Ғалымдардың есептеуінше, осы факторларға дер кезінде көңіл бөлу деменция жағдайларының шамамен 45%-ын болдырмауға немесе аурудың басталуын кейінге шегеруге көмектесуі мүмкін.
Деменция қаупін арттыратын 14 фактор:
Білім деңгейінің төмен болуы
Есту қабілетінің төмендеуі
Қандағы «жаман» холестериннің (LDL) жоғары болуы
Депрессия
Бас пен мидың жарақаттары
Аз қимылдау
Темекі шегу
Қант диабеті
Қан қысымының жоғары болуы
Семіздік
Алкогольді шамадан тыс ішу
Адамдармен аз араласу, қоғамнан оқшаулану
Ауаның ластануы
Көру қабілетінің нашарлауын уақытылы емдеу

Деменцияның алғашқы белгілерін қалай байқауға болады?
Есте сақтау. Адам жақында болған оқиғаларды, әңгімелерді, келіскен нәрселерін жиі ұмытып, бір сұрақты қайта-қайта қоя бастайды.
Уақыт пен орынды ажырату. Уақытты, күндерді шатастырады немесе өзі жақсы білетін жерде адасып қалуы мүмкін.
Сөйлеу. Сөздерді ұмытып, қалай айтылатынын есіне түсіре алмау, ойын жеткізу немесе әңгімелесу қиындайды.
Күнделікті істер. Дүкеннен зат алу, тамақ дайындау, төлем жасау, телефон қолдану сияқты үйреншікті істерді орындауда қиналады.
Жоспарлау. Істерді ретімен орындау, ақшаны дұрыс жұмсау және шешім қабылдау қиындай түседі.
Мінез-құлық. Жақындары адамның бұрынғыдан енжар, ашушаң, мазасыз немесе күмәншіл болып кеткенін байқайды. Бұрын ұнатқан істеріне қызығушылығы төмендеуі мүмкін.
Өз бетінше өмір сүру. Ең маңызды белгі – есте сақтау мен ойлау қабілетіндегі өзгерістер адамның бұрынғыдай өз бетінше өмір сүруіне кедергі келтіре бастауы.
Біреудің атын ұмытып қалу немесе кілтті таппай қалу деменция бар дегенді білдірмейді. Ал есте сақтау, ойлау және басқа да қабілеттері ұзақ уақыт бойы нашарлап, күнделікті істерін өз бетінше атқаруға кедергі келтірсе, дәрігерге қаралып, тексерілген жөн.
Деменцияның алдын алу
Деменция қаупін азайту үшін адамдармен араласып, жаңа нәрселер үйреніп, көбірек қозғалған пайдалы. Егде жастағы адамдарға осындай мүмкіндік беретін орындардың бірі – Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 134 мемлекеттік орталық жұмыс істейді. Онда дене жаттығуларын жасап, би билеуге, шығармашылықпен айналысуға болады. Телефон мен компьютерді қолдануды да үйретеді. Қажет болса, психологтан қолдау алуға болады. Орталықтарда жеңілдіктер қарастырылған, зейнеткерлерге тегін қызмет көрсетіледі.

Мұнда үлкен кісілер шет тілдерін үйренеді, бірге ән айтады, қолөнермен айналысады және мәдени шараларға қатысады. Бір-бірімен танысып, әңгімелесіп, уақытын пайдалы өткізеді. Орталықтарға есте сақтау мен ойлау қабілеті нашарлай бастаған адамдар да келеді.
Орталықтың жұмысы туралы Алматы қаласындағы Әуезов орталығының қызметкері Айжан Мұратбековна айтып берді:
«Деменцияның бастапқы сатысындағы адамдар бізге күнде болмаса да, тұрақты келіп тұрады. Олардың жағдайына түсіністікпен қарап, заң талаптарын да ескеруіміз керек. Сондықтан тіркелу кезінде туыстарынан міндетті түрде ресми өтініш аламыз. Басты талап – жақындары оларды орталыққа дейін ертіп әкеліп, сабақтан кейін алып кетуі керек. Орталықтың ішінде олардың қауіпсіздігіне біз жауап береміз. Ал сабақ аяқталып, сыртқа шыққаннан кейін бұл жауапкершілік қайтадан отбасына өтеді. Сол себепті оларды ертіп әкеліп, алып кету өте маңызды».
Ер адамдар көбіне шахмат пен үстел теннисін, ал әйелдер сурет салу мен тоқыма тоқуды таңдайды. Келушілер арасында арнайы таяқпен жүру, яғни скандинавиялық жүріс пен емдік дене жаттығулары да танымал.
Дегенмен орталықтың науқастарды қабылдауда өз мүмкіндіктері мен талаптары бар.
«Біз аурудың бастапқы сатысындағы адамдарды ғана қабылдаймыз. Бұл кезеңде өзгелермен араласу мен жеңіл жаттығулар олардың жағдайын жақсартуға көмектесуі мүмкін. Өкінішке қарай, деменцияның орта және ауыр сатысындағы науқастарды қабылдай алмаймыз. Оларға арнайы медициналық күтім қажет.
Спорттан бастап шығармашылыққа дейінгі барлық сабақтарымыз тегін. Ақылы бағдарламаларымыз жоқ. Келушілерге қойылатын міндетті талап – Алматы қаласында тұрғылықты жері бойынша ресми тіркеуде болу. Қаланың қай ауданында тіркелгені маңызды емес. Алматыда тіркеуі болса, Әуезов ауданындағы біздің орталыққа келе алады».

Мұндай орталықтар мақсаты – үлкен кісілердің денсаулығын, есте сақтау және ойлау қабілетін сақтауға көмектесу. Орталық тәжірибесі көрсеткендей, деменциядан қорқып қана қоймай, оның асқынуын азайтуға күш салу керек.
Гүлхаят Махановна – қарт адамдарды емдейтін дәрігер-гериатр. Ол Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында жұмыс істейді. Дәрігер күнделікті жұмысында үлкен кісілерге қалай көмектесетінін айтып берді.
«Күнделікті жұмысымда деменцияның адам өміріне қалай әсер ететінін көремін. Адам біртіндеп ұмытшақ болып, зейін қоюы, ойлануы және қимылдарын үйлестіруі қиындайды. Бұған көбіне Альцгеймер ауруы себеп болады. Қан тамырлары аурулары мен бұрын алған бас жарақаттарының салдарынан да деменция пайда болуы мүмкін.
Кейбір қауіп факторларын өзгерте алмаймыз. Мысалы, 65 жастан асу немесе тұқым қуалаушылық. Әйелдер ұзағырақ өмір сүретіндіктен, оларда бұл ауру жиірек кездеседі. Сонымен қатар адамның өмір салтына және денсаулығына байланысты факторлар да көп: артық салмақ, темекі шегу, жоғары қан қысымы, ұйқысыздық және өмір бойы интеллектуалды еңбекпен аз айналысу».
Дәрігер есте сақтау мен ойлау қабілеті нашарлаған әр адамның жағдайын ескеріп, соған сай көмек көрсету маңызды екенін айтады.
«Жұмыс барысында адамға дұрыс күтім мен қолдаудың қаншалықты көмектесетінін жиі көреміз. Әсіресе төрт жыл бұрын орталығымызға келген бір әйел есімде қалды. Ол басынан жарақат алған екен. Қайда жүргенін түсінбей, тоқтамай жылай беретін. Біз оған көңіл бөліп, қамқорлық жасап, сабақтарға біртіндеп қатыстыра бастадық.
Тұрақты жаттығулар жасап, емдік дене шынықтыру сабақтарына қатысып, басқа адамдармен араласқан сайын жағдайы жақсара түсті. Ол тынышталып, сөйлесе бастады. Айналасында не болып жатқанын да жақсырақ түсінетін болды. Есте сақтау қабілеті әлі де әлсіз болғанымен, қазір қайда бару керегін, не істеу қажет екенін біледі және сұрақтарға жауап бере алады».

Деменция туралы қандай кітаптар оқуға болады?
«Миды қалай қорғауға болады: кез келген жаста деменцияның алдын алу» (Используйте голову, чтобы спасти мозг. Профилактика деменции в любом возрасте) – Митчелл және Эмили Клионски. Деменция қаупін азайту үшін күнделікті әдеттерді қалай өзгертуге болады? Авторлар осы сұраққа жауап беріп, есте сақтау мен ойлау қабілетін сақтаудың жолдарын түсіндіреді.
«Ақыл-ойды сергек, жадыны мықты ұстау. Альцгеймер ауруының алдын алу бағдарламасы» (В здравом уме и твердой памяти. Программа профилактики болезни Альцгеймера) – Гэри Смолл және Джиджи Ворган. Кітапта мидың саулығын сақтау және Альцгеймер ауруының қатерін азайту туралы айтылады. Оқырманға күнделікті қолдануға болатын кеңестер ұсынылады.
«Бір күнде 36 сағат» (36 часов в сутки) – Нэнси Мэйс және Питер Рабинс. Бұл кітап деменциясы бар жақынына күтім жасайтын адамдарға арналған. Онда науқасқа көмектесу, оның мінезіндегі өзгерістерді түсіну және отбасында туындайтын қиындықтарды шешу жолдары түсіндіріледі. Кітап жаңа мәліметтермен үнемі толықтырылып отырады.
«Деменция туралы білгіңіз келген, бірақ сұрауға қорыққан нәрсенің бәрі » (Деменция: все, что вы хотели и боялись о ней узнать) – Максим Малявин. Психиатр дәрігер деменцияның не себепті пайда болатынын, қандай түрлері бар екенін және қалай дамитынын жеңіл тілмен баяндайды. Ауру мен оның алдын алу туралы білгісі келетіндерге арналған.
Смартфондар мен жасанды интеллект есте сақтауымызға, зейінімізге және ойлауымызға қалай әсер етеді? Бұл туралы «Бәрімізді Альцгеймер күтіп тұр ма: смартфон мидың жұмысын қалай өзгертті?» мақаласында жазған едік.



