ӘлемдеЭкономикаDarideiya бренді: 21 жастағы дизайнер ұлттық нақышты қалай кәсіпке айналдырды?

Darideiya бренді: 21 жастағы дизайнер ұлттық нақышты қалай кәсіпке айналдырды?

25 ақпан 2026
5 мин
Darideiya: как 21-летний дизайнер превратила национальный стиль в бизнес
Дария Қуатжан | Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Елде қазақы әрі заманауи киім-кешекке сұраныс артып, нарықта жүздеген жаңа өнім пайда болды. Солардың бірі – Darideiya. Небәрі 21 жастағы Дария Қуатжан қиялы мен қолындағы ине-жібін, тігін машинасын біріктіріп, дизайнерлік киім жасап, өз брендін құрды. Жас дизайнер ұлттық брендті қалай табысты кәсіпке айналдырғанын айтып берді.


Дария бірнеше жылдан бері киім үлгілерінің дизайнын өзі сызып, өзі тігіп келеді. Алғашқы коллекциясын колледждегі дипломдық жұмысы үшін жасаған. Әуеліде бұл тек шығармашылық ізденіс болған. Уақыт өте, тынымсыз еңбектің арқасында ісі жүріп, оның ауқымы кеңейіп, жеке брендке айналды. Осылай, жас дизайнер Darideiya деген брендін құрды. Бастапқыда командасында төрт қана адам болса, қазір 40-тан астам қызметкер тігінші, қолөнерші қызмет етеді.

“Бренд атауы “Дария” және “идея” сөздерінен құралған. Бұл атау тамырымыздан дарыған сәнді, нәзіктік пен күштің үйлесімін білдіреді. Darideiya – өткен мен бүгінді жалғап, тамырынан ажырамаған заманауи қазақ болмысының бейнесі”, – дейді дизайнер.


Дария алғашқы дизайнерлік киімдерін үйде тігіп, сатқан. Оны сатып алған адамдар әлеуметтік желіде шынайы пікірін жазып, өнімдер біртіндеп көпшілікке таныла бастаған. Ұлттық нақыштағы заманауи киімге сұраныс артқан соң, дизайнер Darideiya брендінің шағын дүкенін ашыпты. 

“Клиенттердің сенімі мен қолдауы шабыт берді. Дегенмен кәсіп бастау оңай емес екен. Әсіресе, өндіріс процесінде қиын болды. Соған қарамастан әр өнімнің сапасына ерекше мән беріп, бірнеше рет тексеріп шығарамыз”, – дейді ол.


Қазір Darideiya коллекциясында қыз-келіншек пен балаларға арналған түрлі киім үлгілері бар: жейде, көйлек, күртеше, белдемше, корсет, шапан және тағы басқа. Әр туындысына дизайнер “Қырмызы”, “Үшем”, “Аңсаған”, “Бикеш”, “Құмар”, “Ұмай”, “Айдай” сияқты мәнді атаулар берген. Коллекцияда мерекелік кешке де, ресми іс-шараға да, күнделікті өмірде кигенге ыңғайлы киімдер бар.

“Табиғат, қазақ мәдениеті, түрлі кейіпкер, әсіресе қазақ әйелдерінің болмысы шабыт береді. Кейде бір ғана сезім немесе деталь тұтас коллекцияға айналуы мүмкін. Бір коллекцияны дайындауға шамамен бір ай кетеді, ал кей идея жылдар бойы пісіп жетіледі”, – дейді дизайнер.


Дарияның айтуынша, қазір ұлттық нақыштағы киімге қызығатындар көп. Олар айына мыңнан астам дизайнерлік киім тігіп, сатады екен. Ел тұрғындары көбіне алдын ала тапсырыс беріп, алады екен. Бұл ел нарығында отандық брендтің өніміне, ұлттық стильге сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен Darideiya өнімдері тым арзан да, тым қымбат та емес. Дизайнер ұлттық киім тек мата мен тігіннен тұрмайды дейді. 

“Бұл – қол еңбегі, идея, уақыт және мәдени жауапкершілік. Сондықтан оның бағасы да сол бойынша қойылады. Дизайнер үшін баға әділ болуы керек, ал киімнің құндылығы адамға сезілуге тиіс”, – дейді ол.


Оның сөзінше, ұлттық киімнің басты ерекшелігі – код. Ұлттық киім өзгелерге, қоршаған ортаға оның кім екенін сөзсіз-ақ аңғартуы керек. Сондықтан ұлттық ою-өрнекті заманауи стильмен үйлестірген маңызды.

“Киім мен үшін – тіл. Сол тіл арқылы мәдениетті, тарихты, әйел болмысын жеткіземін. Сән – тек форма, мен үшін басты нәрсе киімнің мағынасы. Ұлттық элемент тек мұражайда емес,  күнделікті өмірде де үйлесім тауып, қолданылуы керек”, – дейді дизайнер.


Биыл Дария “Қазақ аруы – 2025” байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Байқаудан соң дизайнер көп тәжірибе жинаған, ал Darideiya брендінің жаңа тынысы ашылыпты. Мәселен, бренд бұрынғы жұмыстарынан өзгеше “Көшпенді дала ұрпақтары” деген жаңа коллекциясын ұсынды. Коллекция көпшіліктің көңілінен шығып, нәтижесінде дизайнер дүкенін кеңейтіп, Алматының орталық көшелерінің біріндегі ірі ғимаратқа көшкен.


Алдағы уақытта Darideiya тек киім бренді емес, жан-жақты мәдени платформаға айналмақ. Дизайнердің басты мақсаты – жаңа коллекциялар шығару, шығармашылық коллаборациялар жасау және халықаралық бағытта жұмыс істеу. Ол қазақ мәдениетін әлемге тек этно стиль ретінде емес, заманауи әрі терең құбылыс ретінде танытқысы келеді.

Бөлісу: