МедиаСәнCrocs «сүйкімсіз галөштен» сәнді аяқкиімге қалай айналды?

Crocs «сүйкімсіз галөштен» сәнді аяқкиімге қалай айналды?

3 тамыз 2026
5 мин
Instagram @crocs

15-20 жыл бұрын Crocs-ты бәрі мазақ қылатын. Ең сұрықсыз аяқкиімге теңеп, «мынаны киіп көшеге қалай шығады?» деп күлетін. Ал 2026 жылы бұл аяқкиімді актерлар да, әншілер де, спортшылар мен дизайнерлер де, миллиондаған қарапайым адам да киеді. Шектеулі тиражбен шығатын модельдері минут ішінде сатылып кетеді. Tamga Media кезінде тек дәрігерлер мен бағбандарға арналған аяқкиімнің қалай бүкіл әлемнің хейтін еңсеріп, ең танымал сән брендіне айналғанын анықтап көрді.


Бәрі кемеден басталды


Crocs тарихы 1999 жылы Америкадағы үш дос – Скотт Симанс, Джордж Бедекер мен Линдон Хэнсоннан басталған еді. Кемеде жүргенде Симанс достарына Канаданың белгісіз Foam Creations компаниясы шығарған ерекше резеңке аяқкиімді көрсетеді. Түрі біртүрлі болғанымен, аяқкиім су палубада тайғанамайды, із қалдырмайды әрі су өткізбейді.

Кеме капитандары көбіне лоферге ұқсайтын, табаны ақ топсайдер киетін. Олар да палубаны бүлдірмейді, тек суды тез сіңіріп алады. Ал резеңке аяқкиім су өткізбеген соң, әлдеқайда ыңғайлы еді. 


Алғашында Бедекер мен Хэнсон ерекше аяқкиімді көргенде күліп қана қойған. Кейіннен аяқкиімді жарыса киіп көріп, оның жайлы болғанына таңғалып, дәл сол сәтте жаңа бизнес идеясын ойлап табады.


Алғашқы Crocs басқаша аталуы мүмкін еді


Сол жылы достар Канада компаниясымен келісіп, аяқкиімді өндіру мен сату құқығын алады да, артынша Crocs жасайтын Croslite фирма материалын да толық сатып алды. Осылай, олар өз компаниясын ашады. Шын мәнінде, бренд басында Crocs емес, жай ғана Beach («жағажай») деп аталған еді.


Дәл осы атаумен олар алғашқы аяқкиім топтамасын Флоридадағы кемелер көрмесіне шығарды. Олар жылына 30 мыңға жуық аяқкиім сатсақ, сүйікті хобби сияқты шағын бизнес болып қалар деп ойлайды. 

Ерекше аяқкиім көрмеде бірден жұрттың назарын аударды. Тесіктері бар біртүрлі сабоны адамдар қызықтап, киіп көреді. Нәтижесінде бірінші топтама лезде өтіп кетеді.


Неліктен бренд Crocs деп аталды?


Сұраныс жақсы болса да, Beach атауы ұзаққа бармады. Негізін қалаушылар аяқкиімнің атын тым қарапайым деп топшалады. Демалысқа арналған тауарлардың арасында мұндай атаумен көзге түсу қиын еді.


Содан олар аяқкиімнің жалпақ әрі тесік-тесік пішіні қолтырауынның тұмсығына ұқсайтынын байқап, Crocs атауын қояды.


Атауы өте сәтті қойылған еді. Өйткені аяқкиім де қолтырауын сияқты суда да, құрлықта да киюге ыңғайлы. Осы ерекшелік брендті басқалардан даралап, атын шығаруға үлкен септігін тигізді.


Адамдар оны сән үшін алған жоқ


Қазір Crocs брендін сәнмен байланыстырады. Ал алғашқы сатып алушылар тренд қумаған еді. Аяқкиімді күні бойы аяғынан тік тұрып жұмыс істейтін аспаздар, дәрігерлер, медбикелер, бағбандар мен мейманхана қызметкерлері ұнатады.


Себебі сабо жеңіл, су тисе бүлінбейді, оңай жуылады. Бірінші жылдары адамдар оны дизайны үшін емес, өте ыңғайлы болғаны үшін сатып алды.

Осының арқасында сатылымы тез өсті. 2003 жылға қарай он мыңдаған аяқкиім сатылып, жоспардағы көлемнен асып түсті. Компания ол кезде әлі пайдаға шықпаса да, сұраныс өте жоғары болды.


«Әлемдегі ең сүйкімсіз аяқкиім»


Crocs танымал болған сайын оның сырт пішінін сынайтындар көбейді.


Тіпті 2000 жылдардың ортасында интернетте аяқкиімді жақтырмайтын адамдар жиналып, топ құра бастады. Жаңалықтарда оны ең талғамсыз заттардың қатарына қосса, сән журналдары «ешқашан киюге болмайтын аяқкиім» деп айдар тақты.


Қызығы, жұрт аяқкиімнің тек сыртына қатысты сын айтып, жайлы екеніне ешкім мін таға алмайтын. Тіпті басында күліп, мазақ қылғандардың өзі бір рет киіп көрген соң, бас тарта алмады. Содан брендтің қолданушылары «Киіп көрмейінше түсінбейсің» деген фразасын ойлап тапты.


Үлкен бизнеске айналған кішкентай бұйымдар


Джиббитстер (Jibbitz) – Crocs-тың дөңгелек тесіктеріне тағатын кішкентай әшекейлер. Олар да брендке қыруар ақша әкелді.


Бұл компанияның идеясы емес еді. Америкада тұратын Шери Шмельцер балалары аяқкиімін шатастырып алмасын деп, оларға арнап сәнді фигуралар жасайды. Мұны көрген көршілері, достары мен таныстары да сұрай бастайды.

Ал Crocs осы оқиғаны естіген соң, оны көшіріп жасамай, шағын бизнесті идеясымен бірге сатып алды.


Осыдан кейін қарапайым пластик әшекейлер бөлек бағытқа айналды. Енді кез келген адам аяқкиіміне ұнайтын кейіпкерлерін, жануарларды, смайликтерді тағып, қалауына қарай сәндейтін.


Аяқкиімді бұлай өзгерту мүмкіндігі брендтің басты ерекшелігіне айналып, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында кеңінен тарады.


Табысы ешқашан таусылмайтындай көрінді


Аяқкиімнің көп сатылғаны сонша компания жұмысын барынша кеңейтті. Crocs жаңа үлгілерін шығарып, әлем бойынша өз дүкендерін аша бастады. Оған қоса өндіріске де қыруар қаржы салды.


Инвесторлар бұған мәз болды. Компания бағалы қағаздарын сатуға шығарған соң, құны бірден шарықтап кетті. Сарапшылар Crocs-ты сол кездегі ең табысты брендтердің бірі деп бағалады.


Осы тұста басшылар тауарға сұраныс әрдайым болады екен деп өнімді халықтың сатып алу қарқынынан да тез әрі көп өндіре бастады. Содан қоймада сатылмаған миллиондаған аяқкиім жиналып қалды. Оның үстіне, үлгілерін көбейтіп жібергені сонша сатып алушылар бірінің екіншісінен айырмашылығын ажырата алмай қалды.


2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде ахуал тіпті қиындады. Адамдар ақша үнемдеуге көшіп, сатылым бірден төмендеп кетті. Компания ешкім алмайтын қаптаған аяқкиіммен қалды.


Crocs жабылып қала жаздады


Тасы өрге домалап тұрған бренд санаулы жылда тығырыққа тірелді. Компания дүкендерін жауып, жұмысшыларын қысқартып, қыруар шығынға батты. Сарапшылар оларды келесі жылға жетпей жабылады деп болжады.


Оның үстіне, сән де өзгере бастады. Көбі бұл сабоны уақыты өтіп кеткен, трендтен шыққан зат деп есептеді.

Crocs-тың тарихы осымен аяқталатындай көрінді. Бірақ дәл осы кезде компания жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертіп, бірнеше жыл өткенде брендті қайтадан сән әлемінің төріне шығарды.


Жаңа басшы сынға мән бермеді


2014 жылы компанияны Эндрю Рис басқарады. Ол Crocs-ты әдеттегі аяқкиімдерге ұқсатуға тырыспай, керісінше, олардың ыңғайлы болғанына мән берді.


Басшылар аяқкиімнің әдемілігі үшін емес, жайлы болғаны үшін өтімді екенін ескеріп, сәтсіз шыққан үлгілерден бас тартты. Олар қайтадан классикалық сабоны көбірек шығара бастады. Түр-түрін ретсіз көбейтпей, сапасы мен дизайнына көңіл бөлді.


Бренд өзінің ерекше келбетінен ұялмай, керісінше артықшылығына айналдырды.


Сән үйлері күтпеген қадам жасады


Crocs сән көрсетілімдеріне шығып, төңкеріс жасады. 2017 жылы Францияның Balenciaga бренді биік платформасы бар өз үлгісін таныстырғанда, көбі әзілге балады. Кеше ғана талғамсыз санап жүрген дизайнерлер енді аяқкиімді өз атынан шығара бастады.

Брендке көзқарас түбегейлі өзгеріп, артынша Post Malone, Джастин Бибер, Disney, Marvel, McDonald's сияқты атышулы жұлдыздармен, компаниялармен бірлескен жобалар көбейді.


Әрбір жаңа топтама үлкен оқиғаға айналып, кей үлгі бірнеше минутта өтіп кететін. Бұл қадам Crocs-ты бау-бақша мен ауруханаға киетін аяқкиім стереотипінен толық арылтты.


Пандемияда сатылым одан сайын артты


2020 жылы ел үйде отырып жұмыс істеуге көшкенде, жайлы аяқкиім іздей бастады. Көп брендтің сатылымы түсіп жатқанда, Crocs сатылымы одан сайын өсті. Адамдар үйде көбірек болған соң, сән қумай, ыңғайлысын таңдады.


Бұған TikTok пен Instagram да әсер етті. Жұрт Crocs коллекцияларын, Jibbitz әшекейлерін көрсетіп, видео түсіріп жүктеді. Жастар күлкіге айналдырмай, керісінше, өзін ерекше көрсетудің жолы деп қабылдады.


Аяқкиім неғұрлым ерекше көрінген сайын интернетте соғұрлым көп талқыланды. Әр талқыланған сайын брендтің танымалдылығы арта берді.

Crocs неге әлі күнге дейін танымал?


Қазір Crocs 80-нен астам елде сатылады. Жыл сайын миллиондаған жұбы өтеді.  


Компания кейінгі жылдары елдің не қалайтынын дәл тапты. Жұрт сән қуам деп аяқты қинауды қойды. Бұрын ыңғайсыз аяқкиімге шыдап жүре берсе, қазір жайлы болғаны маңызды.


Сонымен қатар Crocs жай аяқкиім болудан қалды. Коллаборациялар мен Jibbitz әшекейлері оған ерекше сипат берді. Қазір біреу сабо коллекциясын жинаса, біреу өзінше сәндеп алады. Ал кейбіреулер сүйікті музыканты не фильмімен бірге шыққаны үшін ғана ала салады.


Басты құпиясы да осы. Компания ешқашан «біздің аяқкиім әдемі» деп жұртты сендіруге тырыспады. Керісінше, сұлулықты екінші орынға сырғытып қойды. Нәтижесінде, кейде ең оғаш дизайнның өзі уақытша сәннен әлдеқайда ұзақ өмір сүретінін дәлелдеді.

Бөлісу: