2026 жылдың қазан айында Fiat Парижде өзінің жаңа концепт-карын таныстырды. Көліктегі Metamorfosi деп аталатын ерекше жүйе «6+1» отбасылық автокөлікті үсті ашық төрт орынды пикапқа оп-оңай өзгертеді. Егер мұндағы «+1» орны қосымша адамға арналған деп ойласаңыз, қателесесіз, ол итке арналған орын. Алдыңғы жолаушы орны шыны төбенің астындағы жайлы шезлонгқа айналады, ал иттің орындығын, кәдімгі қарғыбау ретінде пайдалануға болады. Мұның бәрі фантастика емес. Бірақ қарапайым адамдардың болашақта бұл көлікті айдай алатыны, не алмайтыны әлі де белгісіз. Fiat компаниясы Multiplay жобасын жай ғана «идеялар сынағы» деп атап, оның жаппай өндіріске шығу-шықпауы туралы жұмбақтап, үндемей отыр.
Бүгін біз сатылымға міндетті түрде шығады деп уәде етілмейтін осындай концепт-карлар туралы сөз қозғаймыз. Жалпы оларды жасаудың қажеті қанша? Шындығында, бұл – инженерлер қиялының шексіздігі мен жарқын келешекке деген сенімнің көрінісі. Сондай-ақ, осы сынақ көліктеріндегі 1-2 технология түбінде міндетті түрде қарапайым сериялық көліктерге қосылады. Ендеше, кезінде болашақтың бейнесін көрсеткен автокөліктерді еске түсіріп, олардың қандай элементтері бүгінге дейін жеткенін бірге көрейік.
GM Firebird II және III: барлығын дөп басқан, бірақ ештеңені болжай алмаған ізашарлардың атасы
1950 жылдары жұрт «жарқын болашаққа бір-ақ қадам қалды» деп қатты сенді. Ол кезде Америкадағы ең үлкен жаңалық – реактивті ұшақтар еді. Сондықтан адамдар кәдімгі көліктер де ұшаққа ұқсауы керек деп ойлады. General Motors компаниясының бас дизайнері Харли Эрл бұған бәрінен де қатты сенімді болды. Firebird көліктері әскери ұшақтарға ұқсатып жасалды және оларды тек Motorama көрмесінде көрсету үшін ғана құрастырды. Компания бұл көліктерді сатылымға шығаруды мүлдем жоспарлаған жоқ. Ондағы басты мақсат – халыққа GM компаниясының қандай керемет дүниелер жасай алатынын мақтанышпен көрсету ғана еді. 1956 жылы шыққан Firebird II қарапайым отбасылық көлік ретінде ойластырылды. Оның ішінде төрт орындық болды, ал сырты (шанағы) толығымен титаннан жасалды. Титанмен жұмыс істеудің қаншалықты қиын екенін ойлай беріңіз (тіпті қазіргі күннің өзінде толықтай титаннан жасалған бір-ақ көлік бар). Оған қоса, көлікке 200 ат күшін беретін газ турбинасы орнатылып, жанармай ретінде кәдімгі керосин құйылатын болған. Алайда бұл көліктің екінші үлгісі ғана болатын. Ал оның үшінші нұсқасының сыртқы келбеті мен дизайны мүлдем басқаша жасалды.

GM Firebird III: Өткеннен келген «ұшпа тәрелке»
Елуінші жылдары жұртты келешекке деген үлкен үміт пен сенім жетеледі. Сол кезде жарық көрген Firebird III көлігі кәдімгі беймәлім ұшатын нысанға (НЛО) қатты ұқсайтын. Автокөлікте жеті бірдей қанат, жүргізуші мен жолаушы отыратын бөлек шыны кабиналар және жоғары жылдамдықта шанақтан суырылып шығатын ауа тежегіштері орнатылды. Дәстүрлі рөл мен педальдің орнын басқару джойстигі басса, артқы көріністі көрсететін айнаның орнына салон ішіндегі экранға бейне тарататын камера қойылды. Алайда көліктің ерекшеліктері мұнымен бітпейді. Ол есікті өздігінен ашатын ультрадыбыстық кілтпен, круиз-контрольмен, күн батқанда өзі жанатын фарлармен және қашықтан басқарылатын климат-контрольмен жабдықталған. Осы жүйенің арқасында жүргізуші салон ішіндегі температураны көлікке отырмай тұрып-ақ ыңғайлап қоя алатын. Егер автокөліктің сыртындағы қанаттары мен шыны күмбездерін алып тастап, тек ішіндегі технологияларына ғана мән берсек, кәдімгі Hyundai Solaris көлігінің (оның өзінде базалық емес, жақсырақ нұсқасының) мүмкіндіктерін көреміз. Яғни, General Motors компаниясы қазіргі Tesla секілді заманауи көліктердің деңгейіне сонау жылдары-ақ бағыт алған еді.
Бұл көліктердің өздігінен жүретін қабілеті де болды. Алайда бұл жүйе тек асфальт астына кабель жасырылған арнайы жолдарда ғана жұмыс істеді (көлік сигналды алдыңғы дөңгелектегі катушкалар арқылы қабылдайтын). Жарнамалық видеоларда жүргізушілер «арман жолында» шалқая демалып келе жатады, ал әйнек мұнарадағы диспетчерлер оларға радио арқылы қай жерде кептеліс барын айтып, экранға ең ыңғайлы маршрутты шығарып беретін болған.
Ең таңғаларлығы сол, GM дизайнерлері келешекте көліктердің сыртқы пішіні қандай болатынын мүлдем дұрыс болжай алмады. Бірақ, олар көліктердің ішкі мүмкіндіктері мен функцияларын жүз пайызға жуық дәл тапты. Кезінде жай ғана техникалық қиял болып көрінген дүниелер қазіргі күнделікті шындығымызға айналды. Өкінішке қарай, олардың тамаша идеяларының толық іске аспауына «ақылды жолдардың» салынбай қалуы себеп болды. Қазіргі таңда бұл мәселені басқаша шешті: көлік автоматты түрде жүруі үшін қажетті технологияның бәрі көшенің астында емес, автокөліктің өз ішінде болуы тиіс. Айтпақшы, Firebird III туралы тағы бір таңғажайып дерек: 2018 жылы бұл көлік әлі де жүріп тұрды.
Cadillac Cyclone: зымыранға ұқсаған қауіпсіз көлік
1959 жылы жарық көрген Cyclone – белгілі дизайнер Харли Эрлдің ең соңғы ірі жобасы. Бұл көлікті оның ғарыш тақырыбындағы туындыларының қорытындысы деуге болады. Сырттай қарағанда, Cyclone екі бірдей зымыранды ортасындағы салонмен біріктіріп қойғанға ұқсайды. Сонымен қатар, жүргізуші даладағы адамдармен көліктен шықпай-ақ еркін сөйлесе алуы үшін, салонға арнайы құрылғы – дауыс зорайтқыш (интерком) орнатылған.
Алайда бұл автокөліктің ең басты ерекшелігі алдыңғы жағындағы зымыран тәрізді сүйір тұмсықтарында жасырылған еді. Оның ішіне жолдағы кедергілерді алдын ала сезіп, жүргізушіге ескертетін радарлар қойылды. Ол заманда бұл технологияның қаншалықты мінсіз жұмыс істегені нақты белгісіз, бірақ дәл осы идея бүгінгі күнге дейін жетті. Мысалы, қазіргі Mercedes көліктеріндегі автоматты түрде шұғыл тежеу жүйесінің негізі осы Cyclone-нан басталған. Бұл – концепт-карлардың фантастикалық сыртқы келбеті мен дизайны өткен ғасырда қалғанымен, олардың ішіндегі ақылды технологиялардың біздің заманымызға сәтті бейімделгенінің айқын көрінісі.

Ford Nucleon: атом мен үміттің ыдырауы
Егер сіз отбасыңызбен ұзақ саяхатқа шықпақ болсаңыз, қай жерде және қашан жанармай құю керектігін алдын ала ойластырып алғаныңыз жөн. Өйткені жол алыс, ал қалалардың арасынан жанармай бекеті табыла бермеуі мүмкін. 1958 жылы осы жанармай құю мәселесін қалай шешпек болды дейсіз ғой? Өте қарапайым: көліктің жүксалғышына (багажнигіне) ядролық реактор орнатылды. Ford компаниясы дәл осындай қуат көзімен жүретін отбасылық көлікті таныстырды. Жоспар бойынша, реактор артқы орындықта отырған балалардың дәл арқа тұсында орналасуы керек еді, ал бір реткі «қуаттау» мыңдаған шақырымға жететін болған. Одан кейін реактордың қуаты таусылғанда, арнайы бекетке барып, оның өзегін (сердечнигін) жаңасына ауыстыра салу жеткілікті еді.
Өздеріңіз түсінгендей, Ford Nucleon автокөлігінің бірде-бір жұмыс істейтін нұсқасы жасалған жоқ. Мұндай идеяға автокөлікке шақ келетін жеңіл әрі шағын реакторлардың жоқтығы, сондай-ақ радиациядан қорғану мәселесі тұсау болды. Тіпті сондай кішкентай реакторды ойлап тапқан күннің өзінде, оның радиациясынан қорғайтын қабаттың салмағы автокөліктің өзінен де ауыр болып кетер еді.
Осы концепт-кардың бұрынғы үлгілерден басты айырмашылығы неде? Егер Firebird және Cyclone көліктері нақты техникалық есептер мен инженерлік шешімдерге негізделсе, Nucleon жобасы тек атом энергиясының құдіретіне деген соқыр сенімнен ғана туындаған.

Негізінде, концепт-кар – бұл жай темір тұлпар емес, адамзаттың келешекке жасаған батыл мәлімдемесі (манифесі) және өз заманынан озып туған нағыз өнер туындысы.
Lancia Stratos Zero: ұлы идея үшін есіксіз қалған көлік
Бұл автокөлікке көзіңіз түссе, дәл бір Илон Масктың жаңа жобасы немесе сирек ұшырасатын Lamborghini моделі екен деп қалуыңыз әбден мүмкін. Негізінде, 1970 жылы Туринде өткен көрмеде Bertone студиясының шебері Марчелло Гандини көпшілікке осы туындысын ұсынған болатын. Stratos Zero тек ерекше дизайнымен ғана емес, өте аласа болуымен де таңғалдырады. Оның биіктігі бар-жоғы 83-84 сантиметр, яғни ересек адамның белінен ғана келеді. Оның үстіне, көлікте мүлдем есік жоқ. Салонға кіру үшін алдыңғы әйнекті шатырмен бірге жоғары көтеріп, ішіне аттап кіріп, жайғасу қажет болған.
Бұл сол кездегі дизайн әлеміндегі нағыз «ессіздік» еді. Әрине, мұндай көлікті қарапайым отбасыларға сату ешкімнің ойына да кіріп-шыққан жоқ. Бұл керісінше, «автокөлік осындай да пішінде бола алады» деген өте батыл идеяның көрінісі еді. Сол себепті де жұрт оны «тым шектен шыққандық» деп бағалады.
Дегенмен, бұл батыл қадам өз нәтижесін берді. Гандини ойлап тапқан үшкір (сына тәріздес) пішін кейіннен Lamborghini көліктерінде кеңінен қолданылды. Осылайша, Stratos Zero алдағы жиырма жылда жарық көретін барлық суперкарлардың үлгісін қалыптастырып берді. Бұдан түйетініміз: болашаққа тек жаңа технологиялар ғана емес, ерекше пішіндер мен дизайндар да сәтті қадам баса алады екен.
Сөз соңында тағы бір қызық (бірақ аса маңызды емес) факт: дәл осы көлікті Майкл Джексонның «Moonwalker» атты фильмінен көруге болады.

Nissan Pivo: артқа жүруді жек көретіндерге арналған көлік
Жапондық Nissan мамандары көлікпен артқа жүруді мүлдем ұнатпағанға ұқсайды. Әйтпесе Pivo концепт-карының дүниеге келуін түсіндіру қиын. 2005 жылы олар кабинасы шар пішінді және өз осінде 360 градусқа айналатын электрлі көлікті таныстырды. Оның басты артықшылығы – тұрақтан шығар кезде артыңызға бұрылып қараудың қажеті жоқ. Жай ғана салонның өзін жүретін бағытқа бұрасыз да, алға қарай қозғала бересіз.
2007 жылы жоба одан әрі дамып, Pivo 2 нұсқасы шықты. Жаңа модельге 90 градусқа бұрыла алатын дөңгелектер орнатылды. Осының арқасында көлік тар тұрақтағы екі машинаның ортасына шаян сияқты бүйірімен оп-оңай кіріп кететін болды. Сонымен қатар, рөлде отырып тез қобалжитын жүргізушілерді тыныштандыруғы салонға бет-әлпеті бар кішкентай робот қойылды. Ол адаммен сөйлесіп, жұбатып, көңіл-күйін көтеруі керек еді. Мұны сонау 2007 жылғы жасанды интеллект деуге әбден болады.
Ең қызығы, Nissan дәл сол жылы бұл мәселені басқа, әлдеқайда арзан әрі қарапайым жолмен шешіп тастады. Олар алғашқылардың бірі болып, көлік айналасын 360 градусқа шолатын Around View Monitor жүйесін жаппай өндіріске шығарды. Көліктің төрт бұрышындағы камералар суретті біріктіріп, дисплейге машинаңызды төбесінен (құс ұшатын биіктіктен) көрсетіп беретін болды.

Бұл – кейде сұрақтың жауабы емес, сол сұрақтың өзі уақыт сынынан өтіп, сақталып қалатынының айқын мысалы. Ал кезіндегі әлгі «робот-психолог» та із-түссіз жоғалып кеткен жоқ. Ол бүгінгі заманауи көліктердің көбінде кездесетін кәдімгі дауыстық көмекшіге (голосовой помощник) айналып, өз жалғасын тапты.
BMW GINA: жаңаша «киінетін» уақыт
2008 жылы BMW мамандары көліктерге жандылық пен адамға тән жылулық жетіспейді деген шешімге келіп, өздерінің GINA жобасын тура мағынасында «терімен» қаптады. Әрине, бұл жай ғана әдемі сөз: іс жүзінде машинаның сырты ерекше созылмалы матамен жабылды. Сол матаның астына автокөліктің пішінін түрлендіруге мүмкіндік беретін қозғалмалы металл қаңқа орнатылды. Ең қызығы, оның шамдары дәл адамның көзі қалай ашылса, матаны солай екі жаққа ысырып барып жанатын. Ал GINA атауы ағылшын тіліндегі «Geometry and Functions In N Adaptations» сөздерінен құралған.
Бұл ерекше концепт – BMW тарихындағы ең көп дау тудырған дизайнер Крис Бэнглдің төл туындысы. Ол кезде жұрт оны екіұдайы пікірмен не асқан данышпан, не есі дұрыс емес адам деп бағалайтын.
GINA көлігі концепт-карлардың тағы бір жасырын пайдасын – қиял мен мүмкіндіктердің шекарасын кеңейтуге болатынын көрсетеді. Осы жоба арқылы BMW компаниясы көліктің шанағы міндетті түрде қатты темірден жасалған суық қорап болуы шарт емес екенін, оның одан да жоғары, өзгеше формада бола алатынын дәлелдегісі келді. Егер байқасаңыз, бұл идеяның бағана ең басында айтылған жаңа FIAT (Metamorfosi) көлігінің тұжырымдамасымен үндесіп жатқанын аңғару қиын емес.

Rinspeed sQuba: ғарыш емес, мұхит
Бұл оқиғаларға қарап, «концепт-карлар қайткен күнде де болашақтың бір бөлшегін – идеясын, техникасын немесе дизайнын дәл тауып отырған екен» деп ойламаңыз. Бірақ бұл жерде біз байқаусызда «аман қалғанның қателігі» (ошибка выжившего) құбылысына ұрынып отырмыз. Әрине, бұлар – уақытынан бұрын ойлап табылған, бізге шабыт беріп, бүгінгі заманауи технологиялардың іргетасын қалаған дарынды адамдар туралы керемет оқиғалар. Дегенмен, шынайы өмірде барлық идея бірдей тарих бетінде қала бермейді. Мәселен, Rinspeed sQuba көлігінің тағдыры сияқты жағдайлар әлдеқайда жиі кездеседі. Бұл машина өнеркәсіпке ешқандай жаңалық әкелмеген, артында ешқандай із де, пайдалы технология да қалдырмаған жобалардың қатарына жатады.
Швейцариялық Франк Маркус Ринденкнехт көп жылдар бойы кәдімгі автокөліктерді жаңартып, жетілдірумен айналысты. Оның жеке тюнинг-ательесі болды. Ол жерде көліктерді мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлап қайта жасап, машиналардың төбесіне люк орнататын. 70-жылдардың соңынан 90-жылдарға дейінгі күнделікті өмірі осылай өтіп жатты.
Кейін ол аяқастынан өз кәсібін сатып жіберді де, толығымен футуризмге (болашаққа бағытталған технологияларға) және концепт-карлар жасауға бет бұрды. Оның идеяларының ішінде жүргізушісіз (өзі жүретін) көліктер жасау, машиналардың табиғатқа зиянын азайту және тағы басқа көптеген жобалар болды. Ол өзінің осындай батыл, тіпті «ессіз» идеяларымен танымал болғаны соншалық, жұрттың бәрі кезекті көрмеде оның қандай жаңалық әкелетінін асыға күтетін болды. Оның шығармашылығының ең жоғары шыңы (шынайы шедеврі) – sQuba жобасы болды. Ол тек су бетінде қалқып қоймай, су астына 10 метрге дейін сүңги алатын әлемдегі алғашқы амфибия-автокөлік еді. Машинаны 2008 жылы Женева көрмесінде халыққа таныстырды. Шын мәнінде, бұл Lotus Elise көлігінің негізінде жасалған, суды қатты жақсы көретін электрлі кабриолет (төбесі ашық көлік) болатын. Бұл жобаның ең күлкілі тұсы – белгісіз бір себептермен көліктің салоны ашық күйінде қалған. Яғни, жүргізуші мен жолаушы су астында кәдімгі акваланг (оттегі баллоны бар маска) киіп отыруы керек деп жоспарланған.

Бұл жобаның Бонд туралы «Мені сүйген тыңшы» фильмінен шабыт алғаны анық байқалады. Кинодағы Lotus Esprit оп-оңай суасты қайығына айналатын еді ғой. Бірақ бір қызығы – кинодағы көліктің ішіне тамшы да тамбайтын құрғақ болған, алайда мына нұсқаға неге су өткізбейтін кабина жасамағаны мүлдем түсініксіз.
Негізінде бұл көлік бастан-ақ бос ермек, жай ғана көз тартар шоу ретінде жасалды және сол күйінде ұмыт болды. Кейінірек бұл бастамаға Илон Маск қызығып, sQuba-ны күнделікті өмірге жарамды толыққанды көлікке айналдырамын деп сөз бергенімен, сол уәдесі сөз жүзінде қалып қойды.
Mercedes-Benz Vision AVTR: болашақпен заманауи байланыс
Бүгінгі тақырыбымыздың түйініне де жеттік. Ендігі кезек біздің дәуірдің концепт-карларында. 2020 жылдың басында CES көрмесінде Mercedes жұртты таңғалдырып, әйгілі «Аватар» фильмінің желісімен жасалған ғажайып көлікті көрсетті. Мұндағы ең басты жаңалық – салоннан үйреншікті рөлді таппайсыз. Оның орнына жүргізуші қолын ортадағы арнайы тетікке қояды да, құрылғы адамның тамыр соғысын сезіп, соған сәйкес бағыт алып отырады. Шанақтың артқы тұсындағы ондаған қозғалмалы пластина сырттағы ортамен тілдесудің рөлін атқарса, көліктің өзегінде сирек кездесетін қазбаларды қажет етпейтін, табиғи органикалық химияға негізделген аккумулятор жатыр. Оның үстіне, бұл машина 30 градустық бұрышпен шаян тәрізді диагональ бойымен де қозғала алады.
Міне, бүкіл оқиғаны бір арнаға тоғыстыратын тұсқа келдік. Кезіндегі Firebird «біздің қолымыздан техникалық тұрғыда не келетінін көріңдер» деп күш көрсетсе, AVTR «біздің нені сезіне алатынымызға қараңдар» деп эмоцияға шақырады. Автоөндіріс мүлде жаңа деңгейге өтті. Бұрын көлікті тек өнертапқыш инженерлер мен қиялшылдар сызса, бүгінде оған маркетологтар мен кино сценаристері де белсене араласа бастады.
Тұсаукесерден бергі алты жылда бұл идеялардың біреуі болсын сериялық шығарылымдағы көліктерге енгізілді ме? Мәселен, бүйірмен қозғалатын «шаян жүрісі» нақты сериялық өндіріске шықты. Бірақ оны алғаш болып Mercedes емес, оның басты қарсыласы іске асырды: электрлі GMC Hummer EV көлігіне дәл осындай CrabWalk жүйесі орнатылды. Есесіне, Mercedes өз кезегінде электрлі жаңа G-Class моделіне танкі құсап тұрған орнында шыр көбелек айналатын функция қосты. Оның үстіне, AVTR-дің сырт келбеті біз кинолардан көріп үйренген ғажайып болашақты көз алдымызға әкеледі.

Тағы бір қызықты жайт: AVTR дизайны көпшіліктің көңілінен шыққаны соншалық, қазір оны балаңызға дүкеннен қарапайым ойыншық ретінде де алып бере аласыз. Сөзсіз, ол ойыншықтан нағыз Mercedes сапасын таппайсыз, басқару жүйесі тамыр соғысын сезбейді, ал аккумуляторы кәдімгі химиялық заттардан тұрады. Сонда да бұл футуристік көлік халықтың жүрегінен ерекше орын алып, шынайы сүйіспеншілікке ие болды.
Fiat Centoventi: бастапқы нүктеге қайта оралу
Әлгі итке арналған арнайы орны бар Fiat моделіне қайта соғайық, бірақ оған дейін осы марканың тағы бір қызық концептісіне тоқтала кеткен жөн. Итальянша «Centoventi» сөзі «жүз жиырма» дегенді білдіреді. Көлік дәл осы атаумен 2019 жылы Женевадағы көрмеде брендтің 120 жылдығына арнайы таныстырылды. Бұл нағыз бөлшектеліп-жиналатын конструктор-көлік болатын. Орындықтың қаптамасы мен бас тірегіштерінен жалықсаңыз, басқа түске лезде ауыстырып алуға болатын, ал көлемді жүк салғыш қажет болса, артқы қатардағы орындықтарды алып тастау жеткілікті еді. Қызығы, мұндай модульдік тәсіл тек салонмен шектелмеді, машинаның техникалық бөлігіне де енгізілді. Мәселен, бір оталғаннан қанша шақырым жүретіні батареяның санына байланысты болды. Аккумуляторды бірден толық сатып алмай, қажетіңізге қарай бөлек блоктармен алып, кәдімгі электрлі велосипедтің батареясы сияқты бөлек қуаттай беруге болатын. Ал көліктің артқы жүксалғыш есігіне экран қойылды: машина жүріп бара жатқанда онда фирманың эмблемасы жарқырап тұрса, тұрақта тұрғанда көлік иесі өтіп бара жатқан жандарға арнап түрлі мәтін жазып қалдыра алатын еді. Сөзсіз, ауыстырмалы шағын батареялар да, сыртқа арналған жүксалғыштағы дисплей де жаппай өндіріске енген жоқ. Дегенмен, Centoventi-дің өзіне тән торлы стилі мен жалпы рухы кейіннен жарық көрген нағыз сериялық Grande Panda көлігіне берік негіз болды.

Сөйтіп, Fiat 2019 жылы көлік иесінің ыңғайына қарай өзгеретін модульді концептті ұсынса, араға 7 жыл салып, 2026 жылы да иесіне бейімделетін құрастырмалы көлік идеясын қайта ортаға шығарды. Уақыт өтсе де, болашақты бөлшектеліп жиналатын осындай жүйе ретінде көру тоқтаған жоқ. Өйткені бүгінде бүкіл өркениет адамның жайлылығына қызмет етуге бағытталған: төрімізде тұрған құрамалы жиһаздан бастап, қолымыздағы ұялы телефон мен гаджеттерге дейін тек біздің жеке қалауымызға сай бапталады. Бұдан жеті жыл бұрын болашақ осылай сипатталса, алдағы жылдарда да осы бағыттан айнымайтын сияқты. Кейде ең батыл, тіпті «ессіз» болып көрінетін идеялар біреу шынайы өндіріске енгізуге тәуекел еткенше, көрме сайын подиумға қайта оралып тұрады. Осы тұрғыдан қарасақ, жаңа Multiplay – адамның жан қалауына толықтай жауап беретін арман көлігін жасаудың кезекті бір көрінісі. Ендеше, келер күннің де дәл осылай бір күні біздің ыңғайымызға толықтай бейімделіп шығатынына шын жүректен сенейік.




Пікірлер
Пікір жазу және лайк басу үшін тіркелу керек