Медиа●Қоғам●Чайлдфри: қазақ қоғамы баласыз өмірді неге үлкен проблема көреді?

Чайлдфри: қазақ қоғамы баласыз өмірді неге үлкен проблема көреді?

9 шілде 2026
4 мин
Фото: Pexels

Қоғамда саналы түрде балалы болмауды таңдаған адамдар бар. Мұндай ұстанымды «чайлдфри» деп атайды. Алайда көпшілік бұл таңдауды әрдайым түсіне бермейді. Соның салдарынан баласыз ерлі-зайыптылар ағайынның ортасында, той-томалақта «Қашан бесік тербетесіңдер?» деген сияқты бітпейтін сұрақтар мен қысымға жиі тап болады.

Жақындардың бұл қысымы қайдан шығады? Біреудің бала сүйгісі келмегені өзгелерге неге соншалық маза бермейді? Tamga Media осы сұрақтарды психоаналитика бағытындағы психолог Назигүл Темірғалиевамен бірге талқылады.

Анықтама: Чайлдфри – адамның саналы түрде «балалы болмаймын» деген шешімі. Бұл денсаулық мәселесінен емес. Адам жай ғана ата-ана болуды өмірдегі басты міндеттің бірі деп санамайды. Осы жерде екі нәрсені шатастырмау керек:

  • Childless – денсаулыққа, өмірлік жағдайларға немесе басқа себептерге байланысты баласы жоқ адам. Мұнда мұң, өкініш бар.

  • Childfree – өз еркімен, саналы түрде балалы болмауды таңдаған адам. Бұл таңдау адамның өзін міндетті түрде бақытсыз сезінетінін білдірмейді.


– Кейбір адам неге чайлдфри болғанды жөн көреді?


– Психоаналитика тұрғысынан қарасақ, бұған бір ғана себеп табу қиын. Біреу мұны еркін өмір салты көрсе, екіншісі өмірлік ұстанымы санауы мүмкін. Кейде бұл «Бала өсірудің оңай емесін білемін, оған күш-қуатым жетеріне сенімді емеспін» деп өзіне есеп беріп, осындай ойға келеді. Ал кейде бала кездегі отбасылық реніштер, ішкі қорқыныштар әсер етуі мүмкін. Тіпті кейбірі ата-анасының ауыр тағдырын қайталағысы келмегеннен бала сүйгісі келмейді. Сондықтан бұл таңдау жасағанның бәрін бірдей көруге болмайды.

– Неге біздің қоғам баланың жоқтығын үлкен проблема көреді?


– Біздің қоғам отбасы болу мен бала сүюді ерлі-зайыптылардың ғана жеке шаруасы емес, бүкіл ағайынның ортақ ісі сияқты көреді. «Бала – артыңда қалатын тұяқ, ұрпақтың жалғасы», «ел қатарлы дұрыс өмір сүріп жатқаныңның белгісі» деп біледі. Сондықтан біреу «Мен балалы болғым келмейді» десе, жұрт мұны жеке таңдау деп ойламайды. Ата-баба дәстүрінен аттап, әулеттің үмітін ақтаудан бас тартқандай көреді.


Бұл – қоғамның өзі үйренген қалыпты тіршілігін қорғау инстинкті. Айналадағының бәрі «ер жетті, үйленді, бала тапты» деген дайын жоспар бойынша өмір сүрсе, бұл шеңберден шыққан адам өзгелердің мазасын қашырады. Оның бұл қадамы басқалардың ішінде «Мен өз өмірімді шынымен өзім қалап таңдадым ба, әлде жұрттан қалмайын деп, көптің соңынан ере салдым ба?» деп күмәнданып қалуы мүмкін. Сол себепті бізде баласыз жүргендерге бейжай қарау қиын. Оларды міндетті түрде «бейшара» немесе «тек өзін ойлайтын эгоист» деп кінәлауға дайын тұрамыз.

Бұған қоса елдегі демография жағдайы да әсер етпей қоймайды: кейінгі жылдары туу көрсеткіші төмендеп барады дегенді естігенде, жұрт бала туғысы келмейтіндерге тіптен шүйліге бастайды.


– Жақындарыңның «қашан балалы боласыңдар» деген қысымының төркіні неде? Бұл шынайы жанашырлық па?


– Мұнда бәрі араласып кеткен: жанашырлық та, уайым да, қадағалау да, тіпті үлкендердің өз ішіндегі жасырын үрейлері де бар. Ата-ананың «немере сүйгіміз келеді» деген сөзінің артында болашақ сәбиге деген махаббат қана тұрған жоқ. Оның астарында қартаюдан, жалғыз қалудан қорқу, «артымда тұяқ қалса екен» деген уайым немесе өз өмірін «ел қатарлы» сүргеніне көз жеткізу сияқты ниет тұрады.


Кейде үлкендер перзентінің балалы болғанын өзінің ата-ана ретіндегі жетістігі деп біледі. «Балам үйленіп, бала сүйсе, демек, мен ата-аналық міндетімді дұрыс атқардым, жұрттан ұят болмады» деп ойлайтындар да бар. Ал есейген бала өзге жолды таңдаса, үлкендер мұны іштей өздеріне айтылған сөгіс немесе «жақсы тәрбие бере алмадым ба» деп өзін кінәлай бастайды.

Мұндай қысым көбіне ұрпақтар арасындағы жеке шекараның жоқтығынан шығады. Ата-ана есейіп кеткен перзентін өз алдына таңдау құқығы бар жеке тұлға деп емес, өз өмірінің заңды жалғасы, айтқанынан шықпауға тиіс бөлшегі ретінде көреді.


– Неліктен баласыз өмірді таңдағандар бала-шағасы бар адамдардың шамына тиеді?


– Бала өсіріп отырғанның көбі қатты шаршайды, бірақ мұны жұртқа айта алмайды. Ал жанында еш уайымсыз, еркін жүрген адамды көргенде, сол шаршағаны, реніші сыртқа ашу болып шығады. Біздің қоғамда әке мен шеше үнемі бақытты, бәріне төзімді болуы керек деген түсінік бар. «Баламды жақсы көремін, бірақ үлкен жауапкершіліктен қатты шаршаймын» деп шын айтуға ұялады.


Шынында бала бағу оңай емес. Бұл уақытты, ақшаны және үлкен шыдамды талап етеді. Осындай кезде біреу «Маған мұндай жауапкершілік керек емес» десе, балалы адамның кезінде ойлауға да қорыққан сөзін дауыстап айтқандай болады. Осыдан кейін «Неге ол өзін ойлайды, ал маған кезінде бұлай етуге болмады?» деген ішкі реніш оянады.

Өзгенің еркіндігі адамның жанын ауыртпайды. Ол тек адамның өзінде еркіндіктің жоқ екенін есіне салады.


– Мұндай қысым әлі нақты шешімге келмеген адамға қалай әсер етеді?


– Мұндай қысым адамға саналы түрде таңдау жасауына кедергі келтіреді. Адам «Мен шынымен балалы болғым келе ме?» деп ойланудың орнына «Бала қаламағаным қаншалық дұрыс, менен бір кінәрат бар ма екен?» деп уайымдай бастайды.


Ақыры адам өз қалауымен емес, қорқыныштан шешім қабылдауға мәжбүр болады. «Жасым өтіп барады» деп жалғыз қалудан немесе жұрттан бөлініп «оғаш» көрінуден, ата-ананы ренжітіп алудан қорқады. Кейін кейде бала туған соң, «неге асықтым?» деген іштей өкініш басталады.

Бала адамның есейгенін дәлелдейтін құрал немесе жалғыздықтың емі емес. Адам бала сүюге іштей дайын болуы керек. 


– Қазақстанда ерлер мен әйелдердің бұл жағдайды қабылдауында айырмашылық бар ма?


– Иә, айырмашылық жер мен көктей. Бізде әйелдерге түсетін салмақ әлдеқайда ауыр. Қоғамда әйелдің тәні де, тағдыры да өзіне тиесілі еместей. Оған қоғам қашан бала туу керек, қанша туу керек екенін айтып, «жасың өтіп барады» деп үнемі есіне салып отырады. Әйелдің басты міндеті бала туу деп есептейтіндер жетерлік. Сондықтан баладан бас тартқан әйелді жұрт «әйелдік табиғатына қарсы шықты» деп айыптауға дайын. Бұл – біздің менталитетте әйел болмысы тек ана болу ұғымымен шектеліп қалғанынан.

Ер адамдардан да «артыңда кім қалады?» деп сұрайды. Бірақ бұл көбіне әулеттің атын шығару, тек пен мәртебе тұрғысынан ғана айтылады. Не десек те, баласы жоқ еркекке қарағанда баласыз әйел қоғамның сөзіне көбірек ілігеді.


– Баласы жоқ болғаны үшін айналадан қысым көріп жүрген жандарға қандай кеңес берер едіңіз?


– Ең бастысы, ұрыс-керіске бармау керек. Сырттан сөз келгенде адам не ақталуға, не ренжіп, қарсы шығуға тырысады. Одан да сабыр сақтап, өз шекараңды нақты белгілеген жөн.

Мәселен «Сіздер үшін бұл тақырыптың маңызды екенін түсінемін. Бірақ бұл шешім менің өміріме, менің денсаулығыма қатысты. Мен мұны талқылағым келмейді» деп қысқа қайыруға болады.


Туыстар түсінбей, әрі қарай қазбалай берсе «Сізбен ренжіскім келмейді, бірақ бұл тақырыпты енді қозғамай-ақ қояйық» деп нүкте қою керек. Өз шекараңды қорғау дөрекілік емес. Бұл – өз қалауыңды сақтай отырып, жақындарыңмен қарым-қатынасты бұзбаудың жалғыз жолы.

Бөлісу: