EdTechITChatGPT терапиясы: жасанды интеллект психологтың орнын баса ала ма?

ChatGPT терапиясы: жасанды интеллект психологтың орнын баса ала ма?

25 ақпан 2026
5 мин
ChatGPT-терапия: заменит ли искусственный интеллект психолога?
Фото: Tamga Media / ЖИ

Қазір жасанды интеллект дамығаны соншалық, адамдар ChatGPT-ге жеке мәселесін жазып жүр. ChatGPT сұрақты талдап, кеңес беруге тырысады. Сырт көзге кәдімгі психолог сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ЖИ психолог терапиясын шынымен алмастыра ала ма? Бұл қаншалықты қауіпсіз? Қысқаша түсіндіреміз.


ChatGPT – өте қолайлы құрал. Себебі ол кез келген сұраққа жауап береді, интернеттегі ақпаратты жинап береді. Тіпті адамның ішкі күйіне қатысты сұрақтарға да психологиялық техника бойынша талдап, кеңес бере алады. Кей адамға ол “тірі маманнан” да тиімді көрінеді. Себебі, біріншіден, психологтың терапиясына бару үшін алдын ала жазылып, оның мекенжайына бару керек. Ал ChatGPT кез келген жерде онлайн әрі тегін қолдануға болады. Екіншіден, ЖИ құрал кез келген уақытта адамның сұрағына жауап береді, яғни тәулік бойы жанында. Үшіншіден, бұл құрал адамды сынамайды, қолданушы да “Психолог мен туралы не ойлады екен?” деген сұрақтармен өзін мазаламайды.


Психолог Арман Амангелдінің айтуынша, жасанды интеллект тиімді құрал болғанымен, психологтың орнын түбегейлі алмастыра алмайды. Оған бірнеше себеп бар.


ChatGPT шынайы эмпатия таныта алмайды. ChatGPT – алгоритмдер мен дайын мәліметтерге негізделген жүйе. Жасанды интеллект адамның ішкі жан дүниесін түсініп, сезімін шынайы сезе алмайды. Ол тек эмоцияны еліктеп көрсетеді және достық қарым-қатынас иллюзиясын құрастырады. Жасанды интеллект қолданушының жазған ақпараты бойынша ғана мәселені талдап, оған диагноз қойып, кеңес береді. 


Ал психология эмоция, эмпатия, қарым-қатынас, адам жанын түсіну сияқты факторларға сүйенеді. Психолог, психотерапевт, психоаналиктик сияқты мамандар адаммен онлайн немесе офлайн кездесіп, оның бет-бейнесін көреді. Оның жандүниесін түсінуге тырысады. Әңгімесін тыңдап қана қоймай, адамның көзқарасына, өзін-өзі қалай ұстайтынына, дауыс ырғағына мән береді. Себебі мұның бәрі – психологқа адамға көмектесу үшін қажет болатын ақпарат. 


ChatGPT жалған ақпарат беруі мүмкін. Жасанды интеллектінің берген ақпаратының бәрі дұрыс бола бермейді. Кейде бұл құралда ақпаратты бұрмалап, жалған дерек, тиімсіз, тіпті қауіпті кеңес беруі мүмкін. Мұны жасанды интеллектінің “галлюцинациясы” деп атайды. Сондықтан психологиялық мәселеде психологқа барған абзал. 


ChatGPT мәселені бір тараптан ғана қарайды. Әдетте жасанды интеллект қолданушының жазғанына, сөзіне қарап, естігісі келетінін тұжырымдарды айтады, кеңес береді. Сондықтан бұл құрал мәселені екі жақтан қарап, шешімін табуға тырыспайды. Мәселен, бір қолданушы досымен ұрсып қалды. Ол жасанды интеллектіге бар өкпесін төгіп, жазып жіберді. Мұндай кезде адам көбіне оқиғаны өз жағынан баяндайды. Өз қатесін түсінбейді, тек екінші тарапқа деген ренішін жазады. Бұл ақпаратты алған интеллект қолданушының нұсқасын ескеріп қана, қолдау білдіреді. Кейде іштегі мәселені сыртқа шығарып, жеңілдеп алуға жақсы құрал болар. Дегенмен кейбір жағдайда мәселені одан әрі ұшықтырып жіберуі мүмкін. 


ChatGPT-ді қолданғанда нені ескеру керек?


2023 жылы Стэнфорд университетінің зерттеушілері психологтың терапиясына барып, жасанды интеллектіні де қолданған адамдар жақсы нәтиже көрсеткенін анықтаған. Ал 2022 жылғы зерттеу бойынша, чат-боттар мазасыздана, күйзеле бастаған адамдарға көмектесе алған. Бірақ күрделі психологиялық мәселені шешуі қиын. Сондықтан ChatGPT-ді қосымша құрал етіп қолданған жөн.

Оған қоса қанша досым деп санасаңыз да, жасанды интеллектіге жеке деректеріңізді, қаржыңызға қатысты ақпарды бөліспеңіз. Мәселеңіз қиын болса, бірден психологқа жүгініңіз.

Бөлісу:

ChatGPT терапиясы: жасанды интеллект психологтың орнын баса ала ма?