Биыл жазда Sotheby’s аукционында Birkin сөмкесі 10,1 миллион долларға сатылып, әлемдегі ең қымбат сөмке болды. Осыған орай, Tamga Media Hermes сән үйінің ең аңызға айналған туындысы – Birkin сөмкесінің қалай пайда болғанын баяндайды.
Аспанда туған аңыз сөмке
1983 жылы актриса Джейн Биркин Парижден Лондонға ұшақпен бара жатқанда кездейсоқ Hermes сән үйінің басшысы Жан-Флуи Дюмамен бірге отырады. Джейн кішкентай сөмкелерді ұнатпай, көбіне тоқылған кәрзеңке қолданатын. Ұшақта сөмкесін жоғарғы жаққа қойып жақанда заттары шашылып кетеді. Сол кезде ол Дюмаға: “Өзімнің де, қызымның да заттары сыйып кететін үлкен әрі сәнді Hermes сөмкесі болса, бірден алар едім” дейді. Осы сөзді естіген Дюма сол жерде жаңа сөмкенің эскизін қағазға сала бастаған. Тіпті қолында арнайы қағаз болмаған соң, ұшақта құсқанда қолданатын пакетке сызған деседі. Бұл оқиғаның қаншалықты рас екенін ешкім нақты білмейді, бірақ аңыз бойынша аспанда туған сөмкенің бағасы да, дәрежесі де әлі күнге дейін шарықтап тұр.
Бір жылдан кейін бренд сөмкені жасап шығарады. Жаңа сөмкені бұзау терісінен тігіп, алтын түстес фурнитурамен әсемдеген. Сөмкеге JB деп жазып, Джейн Биркиннің құрметіне Birkin деген атау берген.
Birkin сөмкелерін коллекция етіп жинайтындар көп. Бірақ Джейннің өзінде бірнеше ғана түрі болған. Ол бір сөмкені тозғанша ұстағанды жөн көрген. 1994 жылы Джейн сол сөмкелерінің бірін ЖИТС-пен күресетін Solidarité Sida қорына ақша жинау үшін аукционға қойды. 2000 жылы оны париждік коллекционер әрі винтаж дүкен иесі Катрин Бенье сатып алады, ал биыл сөмкені Valuence Japan компаниясының басшысы Шинсуке Сакимото алды.
Birkin сөмкесін танымал еткен Саманта
Бастапқыда Birkin сөмкесі көптің назарын аудармаған. 1980 жылдары сән әлемін Chanel сөмкесі жаулап алған еді. Ал 1990 жылдары ғана Birkin шынайы It Bag – сән әлемінде танымал, мәртебесі жоғары, әркім қолында ұстап жүргісі келетін сөмкеге айналды.
2001 жылы Sex and the City сериалынан кейін Birkin сөмкесіне қызыққандар көбейді. Сериалдағы бас кейіпкердің бірі Саманта Джонс оны алу үшін танымал клиентті пайдаланып, бес жылға созылған кезегін бір сәтте аттап өтіп кетпек болады. Бірақ жоспары іске аспай қалады.
Сол кезде Саманта:
“Бұл сөмке емес, бұл – Birkin” дейді.
Оның бұл сөзі әлі күнге дейін ел аузынын түспейді.

Сіз емес, Birkin сізді таңдайды
Қазір көптеген қыздар мен әйелдер Birkin сөмкесін алғысы келеді. Бірақ оны сатып алу оңай емес: Hermes сөмкені шектеулі мөлшерде шығарады және нақты санын да ашық айтпайды. Арнайы кезек жүйесі де жоқ. Дегенмен армандаған сөмкені алу мүмкіндігі бар.
Әуелі Hermes дүкеніне барып, сатушымен жақсы қарым-қатынас орнатқан жөн. Тек сөмке үшін келгендей көрінбес үшін басқа тауарларын да сатып алған дұрыс. Сатып алған адамға сөмкені арнайы бөлмеде табыстайды. Осылай, олар Birkin иесі болу ерекше мәртебе екенін көрсетеді. Бірақ сөмкенің түсі, үлгісі немесе көлемі дәл клиент қалағандай болмауы мүмкін, өйткені дүкенге келген тауардың нақты сипаты соңына дейін құпия боп қалады. Мұндай жағдайда клиент сөмкені алмай, одан бас тарта алады. Бірақ сатушымен қарым-қатынасын бұзып алуы мүмкін.
Бұрынғы сатушылардың айтуынша, Birkin сөмкелері қоймада тұрады. Бірақ компания оларды бірден бермей, әдейі күткізіп, тапшы тауар сияқты көрсетеді. Бұл – олардың маркетинг қадамы және ақша табудың бір тәсілі.
"Көп адам қолы жетпейтін дүниені қалайды. Ал ұсыныс тым көбейіп кеткен кезде сән бұйымның құндылығы жоғалады", – деген Hermеs Americas президенті Роберт Чавес
Алтыннан да қымбат сөмке
Birkin сөмкесі – тек әдемі аксессуар емес, қаржылай актив. Заң жүзінде де осындай мәртебе алған. Кейінгі 35 жылда Hermes Birkin сөмкесінің бағасы 500%-дан көп өсіп, тіпті алтыннан да қымбат болып отыр.
Бұрын Birkin сөмкесінің бағасы 2000 доллардан басталса, қазір 10 000 долларға дейін жетеді. Hermes компаниясы тек осы сөмкелерді сатып, жылына шамамен 100 миллион доллар табады. Кейінгі 10 жылда бұл сөмкелерден 1 миллиард доллар пайда көрген.

Француз тігіншілері Birkin сөмкесін 18 сағат тігеді. Бірақ бұл жұмысқа кіріспей тұрып, олар сән үйінде бес жыл бойы тәжірибе жинап, үйренеді. Сөмке толықтай қолдан тігіледі. Қазір Birkin сөмкесі 25, 30, 35 және 40 сантиметр көлемінде шығарылады. Олар түрлі сапалы теріден, тіпті эксклюзив теріден де жасалады. Бренд жыл сайын жаңа түстер қосып отырады. Қазір 200-ден астам түс нұсқасы бар. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, бренд жылына шамамен 70 000 Birkin сөмкесін шығарады. Бүгінде әлемде оның миллионнан аса данасы бар.




