Аптасына бір күн кем жұмыс істесеңіз де, айлығыңыз азаймайды десе, сенер ме едіңіз? Өңіміз емес, түсіміз сияқты. Бірақ әлемде мыңдаған адам осылай өмір сүріп жатыр, тіпті зерттеулер олардың жұмысы бұрынғыдан да өнімді бола түскенін айтады. Сондықтан қазір алпауыт компаниялар мен тұтас мемлекеттер «бес күн бойы кеңседе отырудың не мәні бар?» деп ойлана бастады. Tamga Media HR сарапшымен тілдесіп, тақырыпты тарқатып көрді.
Бес күндік жүйе қайдан шықты?
1926 жылы америкалық кәсіпкер Генри Форд өз зауыттарына бес күндік жұмыс кестесін енгізген еді. Ол мұны жұмысшыларға жаны ашығаннан емес, таза пайда үшін істеді. Себебі алты күн қатарынан жұмыс істеген қызметкерлері апта соңында қажып, істің өнімін төмендететінін түсінді. 1938 жылы бұл ереже АҚШ заңнамасына енді де, бүкіл әлем осы жүйеге көшті.
Содан бері бір ғасырдай өтті, заман мүлдем өзгерді. Зауыттағы ауыр жұмыстың орнын ноутбук пен ақыл-ой еңбегі басты. Бірақ жұмыс кестесі баяғы қалпында қалып қойды. Дәуір жаңарса да, әдет қалды.
2020 жылғы пандемия бұл қатып қалған сеңді қозғады. Миллиондаған адам үйден жұмыс істеуге көшкенде, нәтиже кеңседе қанша сағат отырғаныңа емес, істі қалай атқарғаныңа байланысты екені белгілі болды. Осыдан кейін «жұмыс күндерін де азайтса қайтеді?» деген сұрақ туды. Бірақ пандемия Қазақстан нарығының әлемдік үрдістерден қаншалық артта қалғанын көрсетіп берді. Оған дейін біздің көптеген компанияда «үйден немесе қашықтан жұмыс істеу» деген ұғым мүлдем болмаған еді.
Рената Нуреева, HR сарапшы:
«Пандемияға дейін мен өзім Beeline-да жұмыс істедім, біз, сірә, аптасына бір күн үйден жұмыс істеу мүмкіндігін енгізген алғашқылардың бірі болған шығармыз. Мұндай тәжірибе басқа еш жерде кездеспейтін. Локдаун басталғанда, барлық компания амалсыз жаңа форматқа ауысты. Осыдан кейін, 2022 жылдан бастап, 2024 жылға дейін, қашықтан жұмыс істеу үрдісі белең алды. 2024 жылдан бастап, бұл бағыт икемді жұмыс кестесіне ауысты. IT, қаржы саласы, диджитал және консалтинг компаниялары өзгерді: олар икемді болып, бейімделуге дайын екенін көрсетті. Басқаларында бұл сирек кездеседі».
Зерттеулер не дейді?
Кейінгі жылдары төрт күндік жұмыс аптасы ондаған елде үлкен сынақтан өтіп, оның тиімді екені іс жүзінде дәлелденді. Ауқымды зерттеуге 141 компания қатысты. Бұл еңбек 2025 жылы Nature Human Behaviour журналына жарияланды.
+40%
2019 жылы Microsoft Japan компаниясы төрт күндік жүйеге ауысқанда, жұмыс өнімділігі дәл осындай көрсеткіште өскен.
86%
Сынаққа қатысқан компаниялардың басым бөлігі бұдан былай тек төрт күндік форматпен жұмыс істейтінін айтқан.
Бостон колледжі мен Дублин университеті ғалымдары мынадай тұжырымға келді: төрт күнге көшкенде жұмыс арта түспейді. Адамдар қысқарып қалған күннің орнын толтырамыз деп жанұшырып, артық күш жұмсамайды. Керісінше, компаниялар уақытты текке алатын пайдасыз істерді, әсіресе бітпейтін жиналыстарды азайтып, міндеттерді ақылмен бөлуді үйренеді.

Сонымен қатар қызметкерлердің күйзелісі мен шаршағаны басылып, ұйқысы қанады, спортқа уақыт табылады. Зерттеулер көрсеткендей, жаңа жүйеге ауысқан ұйымдарда жұмыстан шығып кететіндер қатары азайған.
Джульет Шор, Бостон колледжінің социология профессоры, 4 Day Week Global зерттеуінің жетекшісі:
«Адамдардың өз жұмысына көңілі толып, өнімділігін жоғары бағалай бастағаны біз үшін күтпеген жаңалық болды. Қызметкерлер жұмысқа да үлгеріп, жеке өміріне де уақыт таба алды. Бұл олардың жалпы көңіл-күйі мен денсаулығын жақсартты».
Дегенмен зерттеушілердің бір бөлігі жаңа жүйенің алғашқы әсері туралы ескертеді. Олардың айтуынша, жаңа формат енді басталған алғашқы айларда адамдарда құлшыныс жоғары болып, уақыт өте келе ынта басылуы мүмкін. Бірақ бұл қауіп жүйенің жарамсыз екенінен емес, оны компанияның ішіне қаншалық дұрыс енгізе алғанына байланысты.
Рената Нуреева, HR сарапшы:
«Батыстың бұл деректерін қазіргі Қазақстан нарығына қолдануға әлі ерте деп ойлаймын. Бізде салықтар өсті, шағын және орта бизнес өкілдерінің көбі жабылып жатыр, ал ірі компаниялар шығындарын барынша қысқартты. Қазіргі басты мәселе – барды сақтап қалу және тиімділікті жоғалтпау. Оның үстіне, жасанды интеллектіні енгізіп жатырмыз, бұл аз емес, қайта көбірек жұмыс істеу деген сөз. Дамып келе жатқан отандық компанияларда қазір төрт күндік емес, қайта алты күндік жұмыс аптасына сұраныс жоғары».
Жаңа жүйеге кімдер көшті?
Төрт күндік жұмыс аптасы тек кішігірім стартаптардың ермегі емес. Оны қазір тұтас мемлекеттер деңгейінде сынап, іске асырып жатыр.

Исландия – бұл істі алғаш бастағандардың бірі. 2015-2019 жылдар аралығында жұмыс уақытын қысқартып көрді, нәтижесінде 2022 жылға қарай елдегі жұмысшылардың жартысынан астамы (51%-ы) төрт күндік кестеге ауысты.
Бельгия – 2022 жылы бұл жүйені заң жүзінде бекіткен тұңғыш еуропалық мемлекет. Мұнда бұрынғыдай аптасына 40 сағат істейді, бірақ оны төрт күнге бөліп орындауға рұқсат берілген.
Жапония – 2025 жылғы сәуірден бастап Токионың мемлекеттік қызметкерлері төрт күн ғана істейді. Билік бұл қадамға бала туу көрсеткішін көтеру және шамадан тыс жұмыстан болатын өлім-жітіммен күресу үшін барды.
Германия – 2023-2024 жылдары 41 ұйым алты ай бойы осы жүйені сынап көрді. Олардың 73%-ы жаңа форматты біржола қалдыруды ұйғарды.
Ұлыбритания – 200-ден астам компания қызметкерлердің айлығын кеспей, төрт күндік жұмыс аптасына толық көшкенін хабарлады.
Нидерланды бұл форматты ресми енгізбесе де, іс жүзінде солай өмір сүріп жатыр. 2024 жылғы дерек бойынша, мұндағы орташа жұмыс уақыты аптасына 32,1 сағатқа жетті. Бұл – Еуропадағы ең төменгі көрсеткіш.
Төрт күндік жұмыс күнін бастамашысы – «100-80-100» қағидасын қолдайтын «4 Day Week Global» ұйымы. Оның негізгі мәні: 100% жалақы, 80% жұмыс уақыты және 100% өнімділік.
Қазақстанда мұндай тәжірибе әлі ресми түрде қоданылып жатқан жоқ. Дегенмен кейбір (негізінен халықаралық) компания ортақ мәміле таба білді.
Рената Нуреева, HR сарапшы:
«Отандық ірі компаниялардың төрт күндік жүйені ресми енгізгенін естіген емеспін. Бірақ басқаша амалын тапқандар бар: құжат бойынша жұма жұмыс күні болып есептелгенімен, ол уақыт толық тренингтерге, стратегиялық жоспарлауға немесе тимбилдингтерге арналады. Адамдар жұмысқа келеді, бірақ күннің бір бөлігін күнделікті күйбең тірліктен тыс істерге жұмсайды. Егер біздің нарыққа жақын контексті алсақ, ТМД, Шығыс Еуропа және бәлкім, Малайзия мен Сингапур сияқты Азия елдерінің мысалын қарауға болады. Еуропа мен АҚШ-тың жағдайы бізге мүлдем ұқсамайды.
Қазақстанда бұл қадамға алдымен IT, қаржы, маркетинг, шығармашылық және консалтингтік компаниялар бара алар еді, өйткені олар өзгерістерге тез бейімделеді. Ал медицина, өндіріс, мұнай-газ, құрылыс салалары үшін кез келген өзгеріс – үлкен стресс».
Аралас формат – тек өтпелі кезең
Бірнеше күн кеңседе, бірнеше күн үйден жұмыс істеу (аралас формат) заман талабына сай ең тиімді шешім сияқты көрінген еді. Бұл формат уақытында көмектесті, бірақ бәрі осымен тоқтап қалмайды, бұл – өтпелі кезең ғана.
Бұл жүйе «жұмыс орны» деген түсінікті мүлдем өзгертті: жақсы нәтижеге жету үшін кеңседе отыру міндетті емес екенін бәрі түсінді. Осы бетбұрыстан кейін келесі сұрақ туындады: жұмыс орнына тәуелді болмасақ, онда неге жұмыс күндерінің санына байланып отырмыз?

APA мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылы АҚШ-тағы жұмыс берушілердің 22%-ы төрт күндік аптаны ұсынған (2022 жылы бұл көрсеткіш 14% еді). Бұл үрдіс өте тез дамып келеді. Алайда Қазақстан бұған енді ғана бет бұрып жатыр.
Рената Нуреева, HR сарапшы
«Біздің мәліметіміз бойынша, жұмыс берушілердің тек 30-40%-ы ғана мұндай таңдауды ұсынады. Бұл тіпті жартысы да емес, көпшілігі әлі күнге дейін күнде кеңсеге қатынап жүр. Жұмыс берушілер төрт күндік жүйе жұмыстың нәтижесі мен тиімділігін төмендетеді деп қауіптенеді. Оларды да түсінуге болады. Клиенттер бес, кейде алты күн жұмыс істейді, ал компания төрт күнге көшсе, тапсырыстардан айырылып қалады. Бұл компания үшін тиімсіз».
Бес күн бұлжымас заң емес
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, төрт күндік жүйеге көшкен компаниялар жұмыс өнімін жоғалтпайды. Керісінше, олар қызметкерлердің жиі жұмыстан шығып кетуінен, шаршап-қажып, ауырып қала беруінен құтылады. Тынығып, күш жинаған адам жұмысты сапалы істейді.
Бірақ халықаралық зерттеулер бір бөлек те, Қазақстанның нарығы бір бөлек. Басқару жүйесінің шикілігі, уақыт өткізуге емес, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс мәдениетінің жоқтығы, бес күн жұмыс істейтін клиенттерге тәуелділік – осының бәрі жаңа жүйеге тез арада өте салуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан мәселе «төрт күндік жұмыс аптасы келе ме, келмей ме» дегенде емес, оның нәтижелі болуы үшін ең әуелі не өзгеруі керек дегенге саяды.
Рената Нуреева, HR сарапшы:
«Бүкіл жүйе бірге өзгермейінше, төрт күндік апта қалыпты жағдайға айналмайды. Бір компаниялар төрт күн, ал басқалары алты күн жұмыс істесе, әрине, көбірек еңбек еткен тарап ұтады. Бұл – қарапайым арифметика. Ол үшін бәрін бір мезетте өзгерту керек, сонда ғана нәтиже болады. Басқа жағдайда бұл жүйе бізде жұмыс істеп кетпейді».
Ал әзірге... Осы бес күн ішінде расымен өнімді жұмыс істеп жүрмін деп ойлайсыз ба?




