Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалына барсаңыз, Аризона каньондарын елестететін еңселі тас мұнаралар мен көк тіреген «азу тісті» шыңдарды көресіз. Онда барғандар өзге әлемге тап болғандай күй кешетінін айтады. Бозжыра мен оның айналасындағы сай-салалар миллиондаған жыл бұрын ежелгі Тетис деп аталған мұхиттің түбі деген болжам бар. Бұл рас па әлде ел аузындағы аңыз ба? Tamga Media деректерді саралады.
Қазақ жерінде расымен Тетис мұхиты болған ба?
Тетис (Tethys, Тефида) дегенде көне грек мифологиясындағы су құдайының есімі еске түседі. Бірақ заманауи геология ғылымы Тетис мұхиты аңыз емес екенін, жер бетінің қалыптасу тарихында үлкен рөл атқарғанын алға тартады. 1893 жылы австриялық ғалым Эдуард Зюсс «Das Antlitz der Erde» яғни «Жер келбеті» еңбегінде Мезозой және Кайнозой дәуірлері аралығында (шамамен 250-10 миллион жыл бұрын) Лавразия мен Гондвана суперконтиненттерінің арасын алып мұхит бөліп жатқанын жазған және бұл мұхитқа Тетис атауын берген.
Ғалым миллиондаған жыл бойы жер қыртысының қозғалысы нәтижесінде құрлықтар біртіндеп жақындай түсіп, Тетис мұхиты тартыла бастағанын жазған. Осы жойқын процесс барысында мұхит түбі көтеріліп, қазіргі Еуразия мен Орталық Азияның жер бедері, соның ішінде Альпі, Кавказ және Гималай тау жүйелері қалыптасты.

Өзімізге таныс қазіргі Каспий, Қара теңіз және Арал теңіздері – осы Тетис мұхитынан қалған табиғи жұрнақтар.
Бозжыра мен Тетисті не байланыстырады?
Бозжыра – Маңғышлақ түбегінде орналасқан ерекше табиғи ескерткіш, әк және бор шөгінділерінен тұратын, тастақты, жартасты, каньонды аймақ. Маңғыстау облысы Қарақия ауданында, Ақтау қаласынан шамамен 300 км қашықтықта орын тепкен.
Шатқалдағы «Азу тістер» деп аталатын әктасты екі шың өлкенің визит картасы, ал таулардың пішіні киіз үйге, сүңгуір қайық пен бекініске, тіпті құзар шыңға ұқсайды. Бір қызығы, мұндағы шатқалдар бір-біріне ұқсамайтын, бірегей келеді. Дәл осы Бозжырада Тетис мұхитын мекен еткен түрлі өсімдік мен жануардың қалдығы жатыр. Өткен ғасырларда Бозжыраға суретші Тарас Шевченко, геолог Николай Андрусов, географ Григорий Карелин, палеонтолог Владимир Бажанов сияқты зерттеушілердің жолы түскен. Олар Бозжыра мұхит түбі болғанын ғылыми еңбектерінде сипаттап кеткен.
Бүгінде әлем саяхатшылары мен фотографтары да бұл мекенге көптеп келеді.
Бозжыра мұхит түбі болғанын айғақтайтын 3 дәлел:
Борлы құздар мен әктас шөгінділері: Бозжыра таулары мен шатқалдары – миллиардтаған микроскопиялық организмнің, планктон, моллюск пен ұлу сүйектері мен бақалшақтарынан тұрады. Олар миллиондаған жыл бойы мұхит түбіне шөгіп, қалың әктас пен бор қабаттарын түзген.
Палеонтологиялық олжалар: шатқалда аттап басқан сайын теңіз кірпілерінің тасқа айналған қалдықтарын, ұлу қабықтарын және жойылып кеткен мегалодон немесе көне акулалар тісін табуға болады.
Эрозия: биіктігі 200 метрге жететін аңызға айналған Бозжыра азулары мен табиғи амфитеатрлар мұхит суының тартылуы, кейіннен аңызақ жел мен жауын-шашын әсерінен пайда болған.
С.Бун (S. C. Boone) бастаған ғалымдар тобы Communications Earth & Environment (Nature Portfolio) журналында жариялаған зерттеуінде Орталық Азиядағы жер бедері Тетис мұхитындағы тектоникалық тақталардың қозғалысы нәтижесінде қалыптасқанын жазады. Ғалымдар жер қыртысының тереңдегі қозғалыстары мыңдаған километрге ықпал етіп, таулардың көтерілуіне және Бозжыра сияқты шатқалдардың түзілуіне арқау болғанын айтады.

Маңғыстаудың табиғаты ғасырлар бойы қалай өзгерді?
Бозжыра ерекше табиғи ескерткіш ретінде ғана емес, геоклиматтық тарихымен де ерекшеленеді. Деректерге сүйенсек, қазіргі Маңғыстау маңы өзенге бай, фаунасы сан алуан, топырағы құнарлы өлке болған. Мұнда жылқылардың арғы атасы саналатын гиппариондар, сондай-ақ сойдақ тісті жолбарыстар (махайродтар) мекен еткен. Мұхит тартылғаннан соң ылғалды ауа райы құрғақ шөлді климатқа алмасып, өзендер тартылып, тас пен борлы шатқалдар өңіріне айналды. Бүгінде Бозжыраның қатаң климаты мен топырағына бейімделген шөлде өсетін сирек өсімдіктер (мысалы тасты жерде де гүлдейтін гиацинттердің арнайы түрі) мен бауырмен жорғалаушылар мекен етеді.
Қорыта айтқанда, Тетис мұхиты – аңыз да, ойдан шығарылған ертегі де емес, Жер ғаламшарының миллиондаған жылдарды қамтитын геологиялық тарихы.



