Режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы әйелі Назира Бақаева бостон некесі бойынша бір әйелмен бірге тұратынын айтып, сұхбат бергеннен кейін қазақ тіліндегі интернет сегментте “бостон некесі” туралы жиі айтыла бастады. Осыдан кейін көпшілік арасында бұл қандай өмір салты, ЛГБТК+ өкілдерінің қарым-қатынасынан, қыздармен бірігіп пәтер жалдап тұрудан айырмашылығы неде деген сұрақтар пайда болды. Tamga Media осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Бостон некесі деген не?
Бостон некесі – екі әйелдің некеге тұрмай, бірақ бір отбасы сияқты бірге өмір сүруі. Бұл неке заңмен бекітілген ресми одақ емес, жай ғана екі адамның саналы келісімі. Мұндай некенің заңды күші жоқ. Екі әйел өз арасында келісіп, бір үйде тұрып, үй шаруасын бірге жүргізіп, бір-біріне қаржы, физикалық, эмоциялық және психологиялық тұрғыдан көмектеседі.
Қазақ қоғамында бостон некесі туралы енді ғана айтыла бастады. Бірақ бұл термин ХІХ ғасырда пайда болған. 1886 жылы жазушы Генри Джеймс бір шығармасында екі әйелдің бірге өмір сүргенін сипаттап жазған. Ол уақытта АҚШ-та суфражистік қозғалыс күшейіп тұрған кез еді. Суфражизм – әйелдердің ер адамдармен тең дәрежеде сайлау құқығына ие болуды талап еткен қозғалысы. Ол кезде көп әйел білім алуға, экономикалық және саяси тәуелсіздікке ұмтылған.
Бостон некесі – әйелдердің ер адамдарға тәуелді болмай, өмір сүруге деген талпынысынан туған әлеуметтік құбылыс. Ал бұл некенің «бостон некесі» аталуына жазушы Генри Джеймстің Бостон қаласында өмір сүріп, білім алып, өзі жазған романды «Бостондықтар» деп атауы себеп болған.
Бостон некесі біржынысты неке ме?
Бостон некесін біржынысты некемен теңестіруге болмайды. Біржынысты неке кейбір елде ресми түрде тіркеліп, заң бойынша мойындалған. Ал бостон некесі ешбір мемлекетте ресми тіркелмеген, олар ерлі-зайыпты ретінде танылмайды. Сондықтан ол құқықтық емес, әлеуметтік-мәдени ұғым. Сонымен қатар бостон некесінде жыныстық қарым-қатынас болмайды. Мұндай одақтағы әйелдердің жеке өмірі, өз серігі болуы мүмкін.

Әйелдер не үшін бостон некесін таңдайды?
Халықаралық психологтар ассоциациясының мүшесі Елена Тригубтың айтуынша, әйелдердің бостон некесін таңдауына бірнеше себеп бар.
Бірінші себеп – ересек өмірге бейімделу
Жас кезде ата-анадан бөлек шығып, өз бетіңмен өмір сүру оңай емес. Алғашында осындай кезде жалғыз қалмау үшін бостон некесі пайда болған. Екі құрбы үлкен қалаға не шетелге бірге барып, бір үйде тұрады. Олар тұрмыстғы өмірін бірге құрып, бір-біріне қаржылай да, моральдық тұрғыдан да қолдайды. Бұл жаңа ортаға бейімделіп, болашағын жоспарлауға көмектескен.
Қазақстанда да бірнеше қыз болып бір пәтерді жалдап тұратындар көп. Әсіресе, оқуға немесе жұмысқа келген жастарға жалғыз тұру қиын. Бірақ бұл бостон неке емес. Бостон некесінде әйелдер бір отбасы сияқты өмір сүреді: бір-бірі үшін жауап береді, қиын сәтте қолдайды, жоспарды бірге құрады. Ал жай ғана бірге пәтер жалдап тұратындың мақсаты – ақша үнемдеу. Олар пәтерақы мен коммуналдық төлемдерді бөлісіп төлейді, ал қалған уақытта әркім өз өмірін сүреді.

Екінші себеп – материалдық жағдай
Қоғамда жалғызбасты аналар көп. Бірі ажырасып, баласымен қалады, енді бірі жолдасын ерте жоғалтады. Мұндай кезде баланы жалғыз тәрбиелеу қиын. Көп баласы болса, жағдай одан да ауыр болады. Кейбір елде жалғызбасты аналар бостон некесі бойынша бірге тұрып, балаларын бірге өсіреді. Бұл қаржы жағынан тиімді. Ең бастысы – көзқарастың, құндылықтың және мінездің үйлесуі.
Үшінші себеп – кәрілік
Қартайғанда бір-біріне сүйенетін әйелдер де бостон некесін таңдайды. Жалғыз қалған, балалары жанында жоқ немесе жасы ұлғайған әйелдер бірге тұрып, бір-біріне күтім жасайды, ауырғанда көмектеседі, әңгімелеседі, күнделікті тіршілігін бөліседі.
Төртінші себеп – асексуалдылық.
Кейбір әйел сексуал қатынасқа мұқтаж емес екенін түсініп, осы неке бойынша серіктесімен бірге өмір сүруді жөн көреді. Бұл жағдайда бостон некесі қысымсыз әрі жайлы өмір формасына айналады.

Бесінші себеп – гендер стереотиптерінен бас тарту.
Дәстүрлі некеде үй шаруасы, тұрмыстағы жауапкершіліктің көбі әйелге жүктеледі. Бұдан көп әйел қатты шаршайды. Бостон некесінде барлық міндет тең бөлінеді. Сол үшін оны әділ қарым-қатынас деп қабылдайды.
Алтыншы себеп – психологиялық немесе физикалық жарақат.
Отбасында зорлық-зомбылық көрген немесе психологиясына ауыр тиетін жағдайларды басынан өткерген әйелдер ер адаммен қарым-қатынастан саналы түрде бас тартып, қауіпсіз серіктестікті қалайды. Қазақта “әйелдің жанын әйелден артық ешкім түсіне алмайды” деген сөз бар.
Жетінші себеп – эмоциялық қажеттілік.
Кей әйел дәстүрлі некеде жұбайымен эмоциялық тұрғындан жақын бола алмайды. Олар жарымен әңгімелескісі, ортақ қызығушылығы болғанын, мәдени іс-шараларға бірге барғысы, түрлі тақырыпты бірге талқылағысы келеді. Отбасы құрмай тұрып, ерлі-зайыпты театрға, көрмеге, СПА-ға, психологқа бірге барамыз деп келіскенімен, некелескен соң уәделер орындалмай, әйел өзін жалғыз сезінуі мүмкін.Осындай жағдайда кей әйел жанын түсінетін, қызығушылығы ұқсас адаммен бірге өмір сүру үшін бостон некесін таңдайды.

Қорыта айтқанда, бостон некесі – жаңа тренд немесе қоғамның азғындалғаны емес, тарихи және әлеуметтік негізі бар одақ. Ол бәріне бірдей қолайлы болмауы мүмкін. Оған қоса бұл дәстүрлі отбасы моделіне қарсы қойылатын нәрсе емес, өмір сүрудің бір формасы ғана.




