Доула – жүкті әйелге босанатын кезде, босанғаннан кейін эмоциялық, физикалық және ақпараттық қолдау беретін маман. Доуланың медициналық білімі жоқ, сондықтан ол тек қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береді. Қысқаша айтқанда, дәрігер мен жүкті әйелдің арасындағы көпір сияқты.
Доула термині
«Доула» сөзі ежелгі грек тілінде «көмекші» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз ХХ ғасырдың екінші жартысында америкалық зерттеуші әрі акушер Дана Рафаэльдің арқасында жаңа мағынаға ие болды. Ол өз еңбектерінде «доула» терминін босанып жатқан әйелге физикалық және эмоциялық қолдау беретін, бірақ акушер немесе дәрігер емес әйелді сипаттау үшін қолданған.
Қазақстан
ДДСҰ зерттеулеріне сүйенсек, әйел босанып жатқанда жанында жақын адамы болса, өзін жақсырақ сезінеді. Қазақстанда босанып жатқан әйелдің жанына серіктес болып кіргісі келетіндер көбейген. Ең бастысы – жүкті әйел дәрігерге палатада жақындарынан кім болатынын алдын ала ескертуі керек. Статистика бойынша, әйелдер көбіне жанында анасы болғанын қалайды. Дәл осындай психологиялық және физикалық қолдауды доула да көрсете алады.
Қазақстанда доулалар 2010 жылдың басында пайда болды. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде шамамен 120-ға жуық тәжірибелі көмекші бар. 2019 жылы Қазақстанның Әділет министрлігі осы бағытты дамыту үшін және мамандықты ресми тізімге енгізу үшін Доула мамандарының қауымдастығы тіркеді. Бұл қызметке заң жүзінде тыйым салынбағандықтан, оған сұраныс артып келеді. Жүкті әйелдер жайлы әрі барынша қауіпсіз босану үшін доуланың көмегіне көп жүгінеді.
Доула маманының қызметінің бағасы әртүрлі. Мысалы, Астанадағы My assistant Doula доула орталығындағы мамандары шамамен 180 000 теңгеге толық босануға көмектеседі. Олар жүкті әйелмен кездесіп, маңызды ақпарат айтып, түсіндіреді. Кейін босанатын кезде жанында болады. Босанып болғаннан кейін екі сағат көмектеседі. Ана мен нәресте перзентханадан шыққан соң үйіне бір рет барып, массаж жасап, ананың ішін орап, өзін күтуге жәрдемдеседі.

Доула маманымен сұхбат
Доуланың жұмысын жақсырақ түсіну үшін астаналық доула маманы Ильмира Канапинамен сұхбаттастық.
Екі жыл бұрын Doula Center Astana орталығында оқыдым. Содан бері доула ретінде тәжірибе жинап, айына кемінде үш жүкті әйелге босануға жәрдемдесемін. Дүниеге келуіне көмектескен алғашқы бала – қазір 14 жаста.
Босанғанға дейінгі көмек
Жас ана босанғаннан кейін өзін жайлы сезінгені өте маңызды. Сол себепті қазір перзентханада барлық жағдай жасалған ақылы бөлімдерге сұраныс көп. Мен үнемі жанында болып, барынша қолдауға тырысамын.
Ең әуелі жүкті әйелмен кездесіп, танысып, өзін қызықтырған барлық сұраққа жауап беремін. Кейін бірге жоспар құрамыз. Қандай тамақ ішкен дұрыс екеніне дейін айтып беремін. Оған қоса клиентке процестің қалай өтетінін егжей-тегжейлі түсіндіремін. Әйелдің толғағы келіп, жатыр мойны үш-төрт сантиметрге ашылғанда жанына барамын. Клиентім босанып жатқанда өзін сенімді сезінуі үшін бағыт-бағдар беріп отырамын.
Босанып жатқан кезіндегі көмек
Әйелдер, әсіресе алғаш рет босанатындар өзін не күтіп тұрғанын білмеген соң қорқады. Сондықтан барынша оларды тыныштандыру үшін ойын бөлуге тырысамын, нақты жоспарды еске салып, эмоциялық күйзелісін азайтуға көмектесемін. Басты міндетім – жүкті әйелге қынабын, жатыр мойнын, жыныс мүшесінің ернін жыртпай, психологиялық шок алмай босануына көмектесу. Тыныс алуға үйретемін, массаж жасаймын, ауырғанын басуға тырысамын. Сонда босану процесі жеңілдей түседі. Мысалы, мен түтікше арқылы немесе «итше» тыныс алу техникасын үйретемін. Толғақ кезінде дем шығару уақыты ұзақ болғаны дұрыс. Ауырсынуды жеңілдету үшін диафрагмамен тыныс алған маңызды. Көбіне әйелдер сасқалақтап, техникаларды ұмытып қалады. Сондықтан басынан аяғына дейін олармен бірге тыныс алып отырамын. Толғақ кезінде бел омыртқасына салмақ түседі. Сондықтан беліне, аяғына және арқасына массаж жасаймын.
Мен дәрігер мен жүкті әйелдің арасындағы көпір іспеттімін. Мысалы, әйел джакузиде босанғысы келеді, бірақ оған КТГ жасау немесе окситоцин салу қажет болуы мүмкін. Сол кезде мен жағдайды түсіндіріп, дұрыс шешім қабылдауға көмектесемін. Доула дәрігерлердің кәсіби пікіріне сеніммен қарайды, себебі олардың басты мақсаты – баланың аман-есен дүниеге келуі.

Босанғаннан кейінгі көмек
Босанғаннан кейін екі сағат бойы жанында болып, ыстық шай беріп, баланы кеудесіне салуға көмектесемін, палатаға ауысуға, заттарын жинастырып, әрі қарайғы іс-әрекеттерді түсіндіремін. Перзентханадан шығар алдында келіп, ішті қалыпқа келтіруге арналған бенкунг әдісі бойынша орауды үйретемін.
Бесінші-жетінші күндері ана мен баланың жағдайын білу үшін қайта келемін. Іш бұлшықеттерімен, санның ішкі бөлігімен, арқа және қол бұлшықеттерімен жұмыс істеймін. Жұмсақ массаж арқылы әйелдің тезірек қалпына келуіне көмектесемін.
Доула болу – әйелдің өміріндегі ең маңызды әрі нәзік кезеңінде оған ерекше назар аударуды еске салатын мамандық. Серіктеспен босану және саналы ана болуға сұраныстың артқанының арқасында Қазақстандағы доулалар қоғамда өз орнын біртіндеп қалыптастырып келеді.



