Денсаулық●Психология●Байлық пен атақ араша бола алмады: Пресли Гербердің қазасы неге әлемді дүр сілкіндірді?

Байлық пен атақ араша бола алмады: Пресли Гербердің қазасы неге әлемді дүр сілкіндірді?

25 қыркүйек 2026
4 мин
«Эйфория» сериалынан үзінді | Фото: IMDb

Синди Кроуфордтың 27 жастағы ұлы Пресли Гербердің қазасы көпшілікті есеңгіретіп, бір маңызды шындықты қайта еске салды. Депрессия - XXI ғасырдың ең қауіпті дерті. Байлық пен атақ күйзелістен қорғамайды, ал тәуелділік пен үмітсіздік ешқандай әлеуметтік статус таңдамайды. Қазір Санта-Моника полициясы оның өлімінің нақты себебін анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, өлімге есірткіні шамадан тыс қолдану себеп болуы мүмкін. Гербердің өзі бұған дейін де жылдар бойы депрессия, мазасыздық және тәуелділікпен күресі туралы ашық айтып келген.


Пресли Instagram желісінде «Менталды дүйсенбі» атты айдар жүргізіп, көпшілік ашық қозғай бермейтін психикалық денсаулық мәселелерін талқылайтын. Ол антидепрессанттар қабылдайтынын да жасырмаған. Ал оның қарындасы Кайя Гербер бұдан бір ай бұрын Vogue басылымына берген сұхбатында ағасының күйзеліспен күресі бүкіл отбасының өміріне әсер еткенін айтқан. Оның сөзінше, бұл қиын кезең олардың бір-бірімен бұрынғыдан да ашық әрі шынайы сөйлесуіне себеп болған.

Сырт көзге Пресли Гербердің өмірінде бәрі керемет көрінетін: әлемге танымал әрі қамқор ата-ана, толық қаржылық тұрақтылық, 15 жасынан басталған сәтті модельдік мансап, Calvin Klein брендімен жасалған ірі келісімшарттар, Moschino пен Dolce & Gabbana сән көрсетілімдеріндегі жарқын қадамдар. Дәл осы трагедия көпшілікті атақты адамдардың өміріне қатысты қоғамда жиі айтыла бермейтін күрделі тақырыпқа қайта оралуға мәжбүр етеді. Әрбір осындай оқиға кезінде қайта көтеріліп, кейін көлеңкеде қалатын басты сұрақ сол баяғы күйінде қала бермек. Расында да байлық, атақ пен жетістік адамды депрессиядан, шарасыздықтан және өзіне қол жұмасаудан қорғай ала ма?


Ақша көмектеседі, бірақ ойлағандай емес


Ғылыми ортада дау тудырмайтын бір ақиқат бар: жоқшылық пен қаржы тапшылығы – адамның психикалық саулығына қатер төндіретін басты факторлардың қатарында. Мұны ғылыми деректер де растайды. Атап айтқанда, 2007 жылғы канадалық зерттеу депрессия көрсеткішінің ең жоғарғы шегі жылдық табысы 10 мың доллардан төмен топта екенін анықтаған. Ал 2022 жылы Brain and Behavior журналында жарияланған ауқымды ғылыми шолу материалдық әл-ауқаттың психиканы белгілі бір дәрежеде қорғай алатынын растады. Қаржылық тұрақтылық адамды жұмыссыздық сияқты күрделі дағдарыстар кезінде клиникалық депрессияға ұшыраудан қорғайтын әлеуметтік тірек бола алады.


Алайда Нобель сыйлығының лауреаты Дэниел Канеманның 2010 жылы жүргізген әйгілі зерттеуі күнделікті эмоциялық әл-ауқат табыс артқан сайын тек жылына шамамен 75 мың доллар деңгейіне дейін өсетінін көрсетті. Осы межеден кейін табыстың одан әрі артуы адамның күнделікті көңіл күйіне айтарлықтай әсер ете бермейді.


2021 жылы PNAS журналында жарияланған кейінгі зерттеу бұл тұжырымға бірқатар түзету енгізді. Адамның өмірге деген көзқарасы мен бақыт индексі 75 мың доллардан кейін де орта есеппен өсе береді, бірақ оның қарқыны айтарлықтай баяулайды. Яғни жылдық табысты 500 мыңнан 5 миллион долларға дейін көтеру адамның күнделікті көңіл-күйін түбегейлі өзгертіп жібермейді. Қарапайым тілмен айтқанда, ақша қаражаттың жетіспеуінен туындайтын мазасыздықты жақсы азайтады. Ал мазасыздықтың себебі басқа болса, оның алдында ақшаның мүмкіндігі әлдеқайда шектеулі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы деректері де мазасыздық бұзылыстары мен депрессияның барлық елде және халықтың барлық тобында кең таралғанын көрсетеді. Бұл мәселелер жасқа да, табыс деңгейіне де тәуелді емес. Ұйымның соңғы мәліметіне сәйкес, бүгінде әлемде психикалық ауруларымен өмір сүріп жатқан адамдардың саны бір миллиардтан асады. Қазақстанда ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының бағалауынша, халықтың шамамен 4,4%-ы депрессиядан зардап шегеді. Бұл шамамен 800 мың адам. Ал Қазақстандағы суицид статистикасында себебі анықталған жағдайлардың ішінде жетекші факторлардың бірі – жалғыздық.


Бай отбасындағы балалар парадоксы


Бұл саладағы қалыптасқан түсінікке қайшы келетін тұжырымдардың бірін психолог Суния Лутар жасады. Ол ұзақ жылдар бойы жағдайы жақсы отбасыларда өскен жасөспірімдердің психологиясын зерттеген. Бақылау тобына кедей аудандарда тұратын балалар тобын іздеген. Алайда зерттеу барысында күтпеген жайт анықталды. Дәулетті отбасыларда өскен жасөспірімдер арасында депрессия мен психобелсенді заттарды шамадан тыс қолдану деңгейі, жағдайы төмен құрдастарынан жоғары болған. Жекелеген көрсеткіштер тіпті жалпыұлттық орташа деңгейден 1,5–2,5 есе асып түскен. Мысалы, ауқатты отбасынан шыққан жоғары сынып оқушы қыздардың әр бесіншісінде клиникалық депрессия белгілері анықталған. Бұл қалыпты көрсеткіштен шамамен үш есе көп.


Психолог мұны сырттай «артықшылық» көрінетін ортадағы екі қауіпті фактормен түсіндіреді. Біріншісі – баладан үнемі мінсіз нәтиже мен үлкен жетістік талап ететін тым қатал қысым. Екіншісі – ата-анамен шынайы эмоционалды байланыстың жоқтығы: баланың көзінше ата-ана физикалық тұрғыдан үйде болғанымен, ойы мен өмірі тек мансап пен табыс табуға ғана беріліп кетуі мүмкін. Лутардың пайымынша, «мен тек алға шыққанда немесе танымал болғанда ғана бағалымын» деген сеніммен өскен бала үнемі үрей мен қорқынышта өмір сүреді. Мұндай жасөспірімдердің ішімдікке немесе есірткіге жүгінуі, көбіне сол ішкі жалғыздық пен мазасыздықты басқаша жеңе алмағаннан шығатын қадам. Өйткені жанында сырын бөлісетін жақыны болмауы ықтимал.

Ал атақты адамдар мен олардың балалары үшін бұл мәселені тіпті ушықтыратын үшінші фактор бар. Ол үнемі халықтың назарында жүру, сыннан қашып құтыла алмау және басқалар талап еткен образдан шыға алмау. Керісінше, бұл адамның дәрменсіздік пен оқшаулану сезімін еселеп жібереді. Мұның арты қаншалықты ауыр қасіретке соғуы мүмкін екенін Робин Уильямс, Энтони Бурден және Честер Беннингтонның мезгілсіз қазасы бәрімізге қайта-қайта еске салып келеді.


Депрессия көбейіп бара ма?


Осы тұста тағы бір маңызды сұрақ туындайды: расында да депрессия бұрынғыға қарағанда көбейіп бара ма, әлде бұл жай ғана көп айтылатын тақырыпқа айналғандықтан ба? Статистика нақты өсім бар екенін көрсетіп отыр. Мұны тек «бұрын бұл тақырып жабық болатын, қазір ашық айтатын болды» деген фактормен ғана түсіндіруге болмайды.  Аурулардың жаһандық ауыртпалығын зерттейтін халықаралық деректерге сәйкес, әлемдегі психикалық аурулардың жалпы көрсеткіші 3,1%-дан (1990 жыл) 4,9%-ға (2019 жыл) дейін өскен. Ал DALY зертеулері бойынша, өмірі ауру мен мүгедектік салдарынан жоғалған көрсеткіш 2010–2021 жылдар аралығында 16,4%-ға артқан. Бұл өсім қарқыны басқа да көптеген созылмалы дерттермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.


Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай депрессия жаһандық аурулар тізімінде көш бастап, бірінші немесе екінші орынға шығуы мүмкін. Тіпті кей бағалаулар бойынша, ол жүрек-қан тамырлары ауруларын да басып озуы ықтимал. Бұл үрдіс, әсіресе, жастар арасында тым қарқынды дамып келеді. Gallup ұйымының 2025 жылғы сауалнамасына сәйкес, 30 жасқа толмаған америкалық ересектердің 27%-ы өмірінің белгілі бір кезеңінде депрессия диагнозымен бетпе-бет келгенін айтқан. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.

АҚШ-тың Ұлттық денсаулық статистикасы орталығының 2025 жылғы жаңа талдауы да бұл үрдісті айғақтай түсті. 12–19 жас аралығындағы америкалық жасөспірімдердің 19,2%-ында клиникалық депрессия белгілері анықталған. Ол осындай жүйелі бақылаулар жүргізіле бастағалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Зерттеушілер депрессияның өршуіне түрткі болып отырған басты факторлар қатарында әлеуметтік оқшаулануды, экран алдында тым көп уақыт өткізуді, сондай-ақ оқу мен болашақ мансапқа байланысты қатаң қысымды атайды. Басқаша айтқанда, психолог Суния Лутар бұрын тек ауқатты отбасыларға тән деп сипаттаған қатерлер бүгінде жаппай сипат алып отыр. Бұған әрбір баланың қолынан түспейтін смартфон мен цифрлық кеңістіктің де әсері ұшан-теңіз. Алайда ең қауіптісі сол – депрессия бірден драмалық оқиғадан басталмайды. Керісінше, оның белгілері біртіндеп, байқатпай келеді де, бастапқыда жай шаршау, өткінші сәтсіздік немесе уақытша көңілсіздік ретінде қабылданады. Адам жағдайының шынымен ушығып кеткенін көбіне тым кеш түсініп жатады.


Дәрігерлер күйзелісті бір реттік көңілсіздік емес, ұзақ уақыт бойы қатар жүретін тұрақты белгілер жиынтығы арқылы анықтайды. Олардың қатарына күннің басым бөлігінде байқалатын терең мұң немесе ішкі бос сезім, бұрын қуаныш сыйлаған істерге деген қызығушылықтың мүлде жоғалуы (ангедония), ұйқының бұзылуы (ұйқысыздық немесе керісінше шамадан тыс ұйқышылдық), тәбет пен салмақтың күрт өзгеруі кіреді. Сондай-ақ ешқандай ауыр жұмыс істемесе де тұрақты шаршау, зейін қоюдың қиындауы және негізсіз кінә немесе дәрменсіздік сезімі осы дерттің белгісі болуы мүмкін. Ең қауіпті әрі елеусіз қалатын белгілердің бірі – өлім туралы айту немесе өмір сүргісі келмейтінін білдіру. Мұндай сөздер әзіл түрінде айтылғандай көрінуі мүмкін, бірақ оларды ешқашан елеусіз қалдыруға болмайды. Басты диагностикалық өлшем – уақыт ұзақтығы. Клиникалық депрессия кезінде бұндай симптомдар екі аптадан астам уақыт бойы үздіксіз сақталып, адамның күнделікті тұрмысы мен жұмысына кедергі келтіреді. Ол жай ғана бірнеше күндік өтуші көңілсіздік емес, шын мәнінде көмекті қажет ететін жағдай.


Депрессиямен қатар өрістейтін тәуелділік түрлері де осыған ұқсас заңдылықпен біртіндеп күшейе түседі. Бастапқыда мазасыздықты басу немесе ұйқыны реттеу үшін анда-санда қолданылған зат уақыт өте келе сол бұрынғы әсерді беру үшін көбірек мөлшерді талап ете бастайды. Ал оны тоқтатуға әрекет жасағанда, физикалық және эмоционалдық жайсыздық еселеп арта түседі. Дәл сол себепті мамандар депрессияны да, тәуелділікті де дерт терең тамыр жаймай тұрып, алғашқы кезеңде ауыздықтау әлдеқайда оңай екенін үнемі ескертеді. Демек, жақыныңыздағы немесе өзіңіздегі сырт көзге бірден көріне бермейтін өзгерістерге уақытында назар аудару – кейінгі үлкен дабыл белгілерін күтіп отырудан әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз жол.

Депрессия кімді таңдайды?


Депрессия мен тәуелділік – ресурстың жетіспеуінен немесе тұрмыстық таршылықтан туындайтын жағдай да, мінездің әлсіздігі де емес. Олар өзіне тән күрделі механизмдермен дамитын ауыр дерттер. Сондықтан «оның бәрі түгел еді ғой, несі жетіспейді?» деген сөздің өзі ең қауіпті әрі қате ұстаным. Мұндай жаңсақ көзқарас сырт көзге өмірі мінсіз көрінетін адамның көмекке мұқтаж екенін дер кезінде байқалмайтыны кедергі келтіреді. Себебеі олар «менің мұңаюға, қиналуға хақым жоқ» деп, өздерінің күйзелісін одан әрі басады.


Пресли Гербердің трагедиясына қатысты ресми қорытынды қандай болса да, бұл оқиға мәселеге тек кез келген ақпарат құралы тудыратын уақытша дүрбелең ретінде емес, қоғам болып, маңызды сабақ ретінде қабылдануы тиіс. Ең бастысы – сырттай өмірі керемет көрінгенімен, жақындарымыздың іштей қиналып жүргенін уақытында көре білу. Біреудің жабырқап жүргенін байқасаңыз, бұл туралы сөйлесуден тартынбаңыз. Мүмкін, сіздің уақытында айтылған бір ауыз жылы сөзіңіз біреудің өмірін көмектесіп қалар.

Бөлісу: