Көпшілігіміз растафариандық туралы естігенде бірден Боб Марлидің әндерін, дред шаш үлгісін, ашық қызыл-сары-жасыл түсті киімдерді және тыйым салынған шөптерді елестетеміз. Дегенмен, бұл тек регги тыңдармандарының субмәдениеті ғана емес, өзінің ерекше сенімдері мен дәстүрлері бар толыққанды дін екенін екінің бірі біле бермейді. Аталмыш діни ағым осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын Ямайка аралында қалыптасты. Оның негізін қалағандар – Африкадан күштеп әкелінген құлдардың ұрпақтары болатын. Олар Інжілді (Библияны) өзінше тәпсірлеп, тарихи атамекенімен рухани байланыс орнатуға ұмтылды және нәсілдік кемсітушілікке қарсы күресті. Tamga Media Джаның кім болғаны, Эфиопияның не себепті Сион деп аталатыны және регги музыкасы арқылы жаһанға танылған осынау діннің басты тұлғасына африкалық императордың қалайша айналғанын зерттеп көрді.
Ямайкада бәрі қалай басталды?
Растафариандық діні бірнеше ғасыр бойы отарлау мен құлдықтың зардабын тартқан Ямайкада пайда болды. Еуропалықтар бұл аралды алып плантацияға айналдырды, ал құлдыққа түскен африкалықтар ол жерде отаршыл билік пен жер иелеріне еңбек етуге мәжбүр болды.
1834 жылы Британ отарларында, оның ішінде Ямайкада құлдық заң жүзінде жойылды. Бірақ адамдарды бірден босатудың орнына «шәкірттік» (apprenticeship) деп аталатын жүйе енгізілді. Яғни, бұрынғы құлдар өздерінің бұрынғы қожайындарына әрі қарай да жұмыс істей беруге міндетті болды. Бұл жүйе тек 1838 жылы ғана толық жойылды. Десе де, тарихқа сүйенсек, бұдан соң да нәсілшілдік пен әлеуметтік теңсіздік мәселесі қоғамда сол күйі қала берді.

Осындай қиын-қыстау кезеңде ямайкалық қара нәсілді дін таратушылар Інжілді мүлдем жаңа қырынан тәпсірлей бастады. Қасиетті кітаптағы тұтқыннан азат етілу және атамекенге оралу туралы хикаяларды олар өздерінің ауыр тағдырымен ұштастыра білді. Мұнда Эфиопия мемлекетінің маңызы зор болды. Себебі, сол заманда Африка құрлығындағы өзге елдер Еуропаның бодауында жатқанда, Эфиопия өз дербестігін сақтап қалған еді. Сол себепті, бұрынғы құлдардың ұрпақтары бұл мемлекетті азаттық пен өз түп-тамырын мақтан етудің басты символы ретінде қабылдады.
Растафариандық ағымның дамуына өзінің көзқарастарымен қатты әсер еткен тарихи тұлғалардың бірі – Маркус Гарви. Ол – Ямайканың танымал қоғам қайраткері, қара нәсілділердің құқығын қорғаушы, панафриканизм мен қара нәсілділер ұлтшылдығын насихаттаушы көшбасшы. Гарвидің ұстанымы бойынша, тегі африкалық халықтар өз болашағын өздері айқындап, тәуелсіздікке ұмтылуы және тарихи атажұртына қайтуға мүмкіндік алуы тиіс. Ол растафариандық дінді тікелей өзі құрмаса да, оның соңынан ермесе де, оның саяси-қоғамдық идеялары бұл қозғалыстың іргетасының қалануына орасан зор үлес қосты.
Растафарилер Маркус Гарви өз заманында Африка құрлығын азат етіп, қара нәсілділерді тарихи атажұртына бастап баратын патшаның келетінін болжап кеткен деп санайды. Ғасырлар бойы құлдық пен отаршылдық қамытын киген халық үшін бұл сөздер үлкен үміт пен жарқын болашақтың кепіліндей көрінді. Ақыры, олар күткен күн де келіп жетті.
Тәңірге баланған император
1930 жылдың 2 қарашасында Эфиопияның жаңа билеушісі Аддис-Абебадаге тәж кигізу рәсімі өтті. Ол тарихта Хайле Селассие I деген атпен қалды, ал билікке келмес бұрын оны Тафари Маконнен деп атаған. Бүгінде кең таралған «Растафари» (Rastafari) атауы дәл осы тұлғаның «Рас» деген лауазымы мен «Тафари» есімінің бірігуінен пайда болған.
Бұл тәж кигізу рәсімі алғашқы растафариандықтар үшін өте маңызды оқиға болды. Тәуелсіз жалғыз африкалық мемлекеттің жаңа билеушісі көп азап шеккен континенттің де мықты тарихы мен күш-жігері бар екенін көрсетті. Тіпті оған берілген «Патшалардың патшасы» немесе «Яһуда тайпасының арыстаны» сияқты ресми лауазымдардың өзі қасиетті Інжіл кітабынан алынған еді.

Алайда Эфиопиядан мыңдаған шақырым қашықтықта, мұхиттың арғы жағында жатқан Ямайка халқы бөтен мемлекеттің билеушісін не себепті Құдай дәрежесіне көтерді? Растафариандардың кейбірі Хайле Селассиені Джаның (Құдайдың) жердегі көрінісі немесе Исаның қайта келуі деп есептесе, енді біреулері оны Африкаға азаттық сыйлайтын киелі патша ретінде қабылдады.
Дегенмен, Эфиопиядан өте алыста жатқан ямайкалықтар неге өзге елдің басшысын Тәңір тұтты? Растафариандықтардың бір тобы Хайле Селассиені Джа (Құдай) немесе Иса пайғамбардың өзі деп біледі. Ал қалғандары оны қасиетті билеуші әрі Африканың еркіндік символы деп бағалайды.
Айтпақшы, Селассиенің өзі православ христиан дінін ұстанған және өзін ешқашан Құдаймын деп жарияламаған. 1967 жылы берген сұхбатында ол өзі туралы мұндай пікірді жоққа шығарған. Бірақ бұл растафариандықтардың өз сенімінен бас тартуына себеп болмады, керісінше, олар оның бұл сөздерін Құдайға тән кішіпейілділік пен қарапайымдылық деп түсіндірді.
Алайда императордың өмірі діни діни үлгі-өнегеден алыс болды. Бір жағынан, ол елді басқарып, конституция қабылдап, Африка бірлігі ұйымының құрылуына елеулі үлес қосты. Екінші жағынан, елді қатаң басқарып, саяси еркіндікті шектеді. 1935 жылы Эфиопияға фашистік Италия басып кіріп, Хайле Селассие елден кетуге мәжбүр болды. Ол 1941 жылы қайта оралды. Алайда уақыт өте келе халық оны кедейлік, әлеуметтік теңсіздік және дағдарысты еңсере алмағаны үшін жиі сынай бастады. 1974 жылы әскери күштер императорды биліктен тайдырды. Бір жылдан кейін оның қайтыс болғаны хабарланды.
Қарап тұрсаңыз, бұл өте қызық парадокс: растафариандықтар Селассиеге құдайдай табынғанымен, эфиопиялықтардың басым бөлігі оны елді күйзеліске әкеп тіреген қатыгез билеуші деп қабылдады.
Джа, Сион және Вавилон
Растафариандықтың басты нанымы – Джа (Jah). Бұл дінді ұстанушылар Құдайды осылай атайды. Олардың көбі Джа тек аспанда ғана емес, адамның ішінде және бүкіл тіршілік иесінің бойында бар деп сенеді.

Тағы бір маңызды ұғым – Сион (бұл еврейлердің ұлттық қозғалысы саналатын сионизммен байланысты емес, Библиядағы «уәде етілген жер» бейнесінен алынған). Растафариандықтар үшін бұл – Африка, әсіресе Эфиопия. Олар бұл жерді тарихи отаны әрі еркіндік пен қадір-қасиетті табатын мекен деп санайды. Кейде Сион нақты бір жерді емес, әділетті қоғам идеясын білдіреді.
Вавилон – Сионға мүлдем кереғар мағына. Растафариандар халықты езіп-жаншитын зорлық-зомбылық жүйесін осылай атайды. Жағдайға байланысты бұл ұғым нәсілдік кемсітушілікті, отаршылдық саясатты, билік өкілдерінің қатыгездігін немесе әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті білдіруі мүмкін. Тұжырымдай келе, Вавилон – адам баласының азат өмір сүруіне тұсау салып, өзін өзгелерден төмен сезінуге мәжбүрлейтін кедергілердің жиынтық атауы.
Осы жерде сізде орынды бір сұрақ туындауы мүмкін: егер растафариандықтар Африканы өздерінің тарихи отаны деп санаса, оның үстіне құлдық әлдеқашан жойылған болса, неге олардың бәрі сол жаққа көшіп кетпеді?
Іс жүзінде бәрі қиынырақ. Кейбіреулері шынымен де Эфиопияға, көбінесе Шашемэнне қаласына көшіп барды. Бірақ басқа елге көшу – бұл тек тарихи атамекенге оралу ғана емес, сонымен қатар жұмыс іздеу, құжаттарды реттеу, жаңа тіл үйрену және жергілікті заңдар мен тәртіпке бой үйрету деген сөз. Сондықтан көптеген адамдар үшін Эфиопия нақты көшіп баратын мекеннен гөрі, армандағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған армандағы отанының бейнесі (символы) күйінде қалып қойды.
Неліктен растафариандықтар дред қойып, марихуана тартады?
Дред шаш үлгісін растафариандықтың басты айшығы десек, қателеспейміз. Бұл ағымдағылардың барлығы бірдей шашын бұлай өсірмегенімен, басым бөлігі үшін оның діни астары бар. Олар Інжілдегі шаш қимау қағидасына сүйенеді және шашын кескеннен кейін бүкіл күш-қуатынан айырылған қасиетті кітаптағы Самсонды мысалға келтіреді.
Бері келе дредтер африкалық тектің нышанына және еуропалық сұлулық стандарттарына қарсылықтың белгісіне айналды. Ал шашын алмауға Құдай алдында ант берген адамның шашын күштеп қырқу – оның діни сеніміне жасалған ауыр қиянатпен тең.

Сонымен қатар, растафариандық ұғымының көбіне қызыл, сары, жасыл түстермен байланыстырылатыны тегін емес. Эфиопияның туынан бастау алатын бұл бояулар африкалық мәдениет пен ұлттық мақтанышты білдіреді. Нақтырақ айтсақ, қызыл түс - азаттық жолында төгілген қанды, сары түс – қазына-байлықты, ал жасыл түс – табиғат пен жер-ананы бейнелейді.
Енді ганджа туралы айтпай кетуге болмас. Ямайкада каннабисті осылай атайды. Растафариандықтар үшін бұл жай ғана есірткі емес, дұға ету, ой түю және Джамен (Құдаймен) байланыс орнату құралы болып саналады. Олар мұны Інжілдегі адамдарға берілген өсімдіктер мен халықты емдеуге арналған ағаш жапырақтары туралы жолдармен дәлелдейді. Мысалы: «Міне, Мен сендерге бүкіл жер бетіндегі тұқым беретін барлық шөпті бердім» (Жаратылыс кітабы, 1:29).
Қызығы сол, Ямайкада марихуана тек 2015 жылы ғана қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Оған дейін көптеген елдердегідей заң жүзінде оған ресми түрде тыйым салынған еді. Дегенмен ямайкалықтар оны ондаған жылдар бойы бүкіл арал аумағында, соның ішінде діни мақсатта да үзбей қолданып келген.
Растафариан мәдениетінің көпшілік біле бермейтін тағы бір ерекшелігі – «ital» (айтал). Бұл – тамақтанудың өзіндік тәсілі. Көптеген растафариандықтар барынша табиғи өнімдерді жеуге және тамақты артық өңдеусіз (қоспаларсыз) дайындауға тырысады. Олардың кейбірі шошқа етін жемесе, енді біреулері еттен мүлдем бас тартып, вегетариан немесе веган болып кетеді.
Әлем халқы растафариандық туралы регги арқылы қалай білді?
Біз растафариандықтың түп-тамыры мен оның өзіндік сенімдерін талдап өттік. Алайда бұл дінге регги музыкасының қандай қатысы бар?
Регги 1960 жылдары Ямайка жерінде дүниеге келіп, жергілікті халық мәдениетіне тез сіңісіп кетті. Бұл жанрды өзіне тән баяу ырғағы мен қою бас-гитара дыбысынан жазбай тануға болады. Оның ішіндегі «даб» (dub) деп аталатын тармағында өнерпаздар түрлі жаңғырықтар мен дыбыс эффектілерін араластырып, тыңдарманды елітіп әкететін тылсым әуендер жазады.

Регги өкілдері растафариандық көзқарастарды өз шығармашылығына бірден арқау етті. Олардың әндерінде азаттық, африкалық тегін ұмытпау және нәсілшілдікті жою тақырыптары көтерілді. Бұл бағыттың басты жаршысы, сөзсіз, Боб Марли еді. Ол тек құлаққа жағымды әуендер ғана емес, астарында салмақты ой жатқан туындылар қалдырды. Мәселен, оның «War» әні Хайле Селассиенің теңдік туралы сөзінен алынса, «Redemption Song» туындысы өткендегі құлдықты еске алып, сананы бұғаудан босатуға үндейді.
Қорыта айтқанда, регги – әділетсіздік пен кемсітушілікке қарсы тұрып, бостандыққа шақыратын наразылық үні. Ал Боб Марлидің растафариандық философияны жалпақ жұртқа паш еткені соншалық, көптеген дін өкілдері үшін ол қатардағы әншіден гөрі әулиеге бергісіз қасиетті тұлғаға айналды.
Растафариандық бүгін қандай күйде?
Растафариандар тек Ямайкада ғана тұрмайды. Олардың қауымдастықтары Ұлыбританияда, Солтүстік Америкада, Кариб бассейні елдерінде, Эфиопияда және Африканың басқа да бөліктерінде бар. Ізбасарларының нақты санын есептеу қиын, бірақ түрлі бағалаулар бойынша олардың саны шамамен бір миллион адамды құрайды.
Растафариан мәдениетінің белгілері бүгінде діни шеңберден әлдеқайда асып кетті. Қызыл, сары және жасыл түсті киімдер, дредтер мен регги әуендері бәрімізге таныс. Көптеген брендтер мен туристік компаниялар бұл стилді өз мүддесіне пайдаланады, көбінесе артында не тұрғанын білмесе де, музыка мен көрінетін бейнеден тереңірек мағына бар екенін ұмытпаған жөн. Бұл ағымның негізі адамдардың еркіндігі мен теңдігі үшін күрестен бастау алады. Сондықтан Боб Марлидің әндерін тыңдаған сайын, оның астарында қандай ұлы идеялар жатқанын түсінгеніміз жөн.



