Әлемде●Қаржы●Black Friday: тарихы, жеңілдіктер мен артық шығындалмау жолдары

Black Friday: тарихы, жеңілдіктер мен артық шығындалмау жолдары

27 қараша 2026
5 мин
«Подарок на Рождество» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

27 қараша, жұмада дүкендер «жылдың ең ауқымды жеңілдік науқанын» бастайды. Осыған дейін қазақстандықтар Kaspi Жұма мен 11.11 акцияларын өткізіп үлгерді. Сондықтан негізгі қақпан тауардың бағасында емес, «жеңілдіктен құр қалмайын» деген асығыстықта. Black Friday қалай пайда болғанын және жаппай жеңілдіктер кезінде межелеген бюджеттен асып кетпеудің жолдарын бірге қарастырайық.


Black Friday қалай пайда болды?


Black Friday атауы алғаш рет саудаға емес, қаржы дағдарысына байланысты қолданылған. Бұл – 1869 жылдың 24 қыркүйегінде АҚШ алтын нарығының күйреуі еді. Уолл-стриттің екі қаржыгері – Джей Гулд пен Джим Фиск, алтын бағасын қолдан өсіріп, кейін қомақты пайдамен сату үшін оны жаппай сатып алған. Алайда олардың жоспары жүзеге аспай, нарық құлдырағанда Уолл-стрит алпауыттарынан бастап қарапайым шаруаларға дейін талай адам банкротқа ұшырады.


Ал жаппай жеңілдіктерге бұл атау арада бір ғасыр өткен соң ғана таңылды. 1960-жылдардың басында Филадельфия полициясы қаладағы қарбалас хаосты осылай атаған. Себебі дәл сол күні қала маңындағы тұрғындар Рождестволық сауда жасауға және армия мен флот арасындағы жыл сайынғы дәстүрлі футбол матчын тамашалауға қалаға қарай ағылатын. Бұл атау саудагерлерге ұнамады. 1961 жылға қарай ол халық аузына әбден сіңіп кеткендіктен, қала билігі оны «Үлкен жұма» деп өзгертпек те болды, бірақ одан ештеңе шықпады. Бүкіл ел аумағына бұл термин әлдеқайда кеш тарады, тіпті 1985 жылдың өзінде ол әлі жалпыұлттық сипат ала қоймаған еді.

«Қызыл мен қара сия» туралы әдемі аңыз кейін пайда болған. Бухгалтерлік есепте шығын қызылмен, ал кіріс қара сиямен жазылатындықтан, дүкендер жыл бойы шығынмен жұмыс істеп, тек Алғыс айту күнінен кейін ғана пайдаға шығады деген ұғым бар. Бірақ бұл – ойдан шығарылған нәрсе. Сауда желілері бұл атауға жағымды реңк беру үшін мұндай түсіндірмені 1980-жылдардың аяғында өздері құрастырған. Шындығында, бұл тіркес халық арасында әлдеқашан бекіп кеткен еді, ал сауда саласы оны жай ғана өз пайдасына жаратып алды.


Қазақстанда Black Friday атауын сөзбе-сөз «Қара жұма» деп аудармай, оған жағымдырақ балама ұсыну әрекеттері де бар. Жарнама мен медиада «Жомарт жұма», «Жасыл жұма», «Берекелі жұма» сияқты атаулар кездеседі. Мұның бір себебі – қазақ қоғамында жұма күні қасиетті саналатындықтан, «қара» сөзімен тіркесуі кей адамдарға жағымсыз естіледі. «Жомарт жұма» жеңілдікті сатушылардың «жомарттығымен» байланыстырады, ал «Берекелі жұма» атауы қасиетті жұма күнінің жағымды мәнін сақтауға тырысады. «Жасыл жұма» да «қара» сөзінің орнына оң ассоциация беретін жарнамалық баламалардың бірі ретінде қолданылады. Дегенмен бұл атаулардың ешқайсысы ресми бекітілген ортақ термин емес, сондықтан осы материалда халықаралық қолданыстағы Black Friday атауын пайдаланамыз.


Бір күннен тұтас маусымға дейін


Бүгінде Black Friday – бір ғана күн емес, жаппай жеңілдіктердің тұтас бір кезеңі. Оның уақыты күнтізбе бойынша анықталады. Яғни қарашаның төртінші бейсенбісіне келетін Алғыс айту күнінен кейінгі жұма. 2026 жылы осы күні 27 қарашаға түсіп тұр, ал көптеген дүкендер жеңілдіктерін демалыс күндеріне ұластырып, 30 қарашадағы Кибердүйсенбіге дейін созады. АҚШ-та бұл маусымның бастауы 6-7 қазанда өткен Amazon Prime Big Deal Days болды.


Бұған ұқсас басқа да күндер пайда болды. Мәселен, 11.11 жаппай сатылымы Қытайдағы «Бойдақтар күнінен» басталды: 2009 жылы Alibaba оны сауда науқанына айналдырды, ал алғашқы сатылымға небәрі 27 сатушы ғана қатысқан еді. Бүгінде «Бойдақтар күні» Black Friday мен Кибердүйсенбіні артта қалдырып, әлемдегі ең ірі онлайн-шопинг күніне айналды, ал оның 2025 жылғы көлемі шамамен 238 млрд доллар деп бағаланды. Рас, Alibaba платформасы 2022 жылдан бастап нақты түскен қорытынды соманы жариялауды тоқтатты, сондықтан бұл деректер – сыртқы сарапшылардың бағалауы.


Бұл жұманың қаншалықты ауқымды екенін АҚШ деректерінен анық көруге болады. 2025 жылғы Cyber Week кезінде, яғни Алғыс айту күнінен Кибердүйсенбіге дейінгі бес күн ішінде тұтынушылар онлайн саудаға 44,2 млрд доллар жұмсаған. Оның 11,8 млрд доллары – Black Friday, ал 14,25 млрд доллары Кибердүйсенбіге тиесілі болды. Бұл шығындардың айтарлықтай бөлігі бөліп төлеуге рәсімделген. Кибердүйсенбіде «Buy Now Pay Later» («Қазір ал, кейін төле») қызметі арқылы жасалған сауда көлемі 1 млрд доллардан асты.


Қазақстан: не өтіп кетті, алда не күтіп тұр?


Қазақстандықтар үшін қараша айының ең ірі жеңілдік науқаны артта қалды. 2026 жылдың 5-8 қарашасында Kaspi Жұма өтті. Онда 50%-ға дейінгі жеңілдіктер, жоғары бонустар және 24 айға дейін бөліп төлеу ұсынылды. Жалпы Kaspi Жұма жылына үш рет – ақпан, маусым және қараша айларында өткізіледі.


Енді алда – 27 қарашадағы Black Friday мен 30 қарашадағы Кибердүйсенбі бар. Қазақстандық сауда желілері мен банктердің өз мерзімдері бар, олар акцияларын әдетте бірнеше күнге созады. Қазақстанда белсенді қолданылатын Wildberries және Ozon сияқты маркетплейстер де Kaspi.kz, Halyk Market, Sulpak және Technodom-мен бірге отандық жеңілдіктер жұмасына қатысады. Мәселен, Ресей нарығы үшін Wildberries 13-30 қараша аралығында жеңілдік жарияласа, Ozon бұл кезеңді 13 қараша мен 2 желтоқсан аралығы деп көрсетті. Ал Қазақстандағы нақты мерзімдер әр дүкенде әртүрлі, сондықтан оларды әр сатушының ресми сайтынан тексерген жөн.


Қазақстандық науқандардан бөлек, шетелдік дүкендер мен маркетплейстердің – мысалы, Amazon, AliExpress, Temu және iHerb, сондай-ақ еуропалық ASOS, Zalando мен Sephora-ның өзінің «қара жұмасы» тағы бар.


Агрегатор сайттардың дерегінше, AliExpress-те жаппай сатылым 20 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтеді. Еуропада Black Friday шамамен осы кестемен сәйкес жүреді. Black Week 23-29 қараша аралығында болады, бірақ көптеген сатушылар жеңілдіктерді одан әлдеқайда ерте бастап жібереді. ASOS жеңілдіктер науқанын 27-30 қараша күндеріне белгілеген. Ал Германияның mydealz порталының болжамынша, Zalando биыл да Black Friday ұсыныстары күн сайын ауысып отыратын апталыққа айналдырады, сондықтан оларды онлайн қадағалап отырған абзал. Zara әзірге ештеңе жариялаған жоқ, өйткені ол әдетте басқа сатушылар сияқты жеңілдік мерзімін тұтас бір аптаға созбайды.


Шетелден тауар алғанда кедендік лимит туралы білу қажет. Халықаралық пошта немесе курьерлік қызмет арқылы келетін сәлемдемелерге кедендік баж салығын төлемеу үшін тауардың құны 200 еуродан, салмағы 31 килограммнан аспау қажет. Ұлттық банктің 2026 жылғы бағамы бойынша бұл – шамамен 102 000 теңге. Валюта бағамы өзгеріп тұратындықтан, оны дәл сатып алған күні қайта есептеп алған жөн. 


Егер сәлемдеме құны белгіленген лимиттен асып кетсе, артық бөлігіне кедендік төлем салынады. Оның мөлшері – лимиттен асқан соманың 15%-ы, бірақ салмақ бойынша есептегенде әр келіге кемінде 2 еуро болуы керек. Мысалы, сәлемдеменің құны 300 еуро болса, лимиттен 100 еуроға асып тұр. Бұл жағдайда сол 100 еуроның 15%-ы, яғни 15 еуро көлемінде кедендік төлем төленеді.


Бұл ережелер жақын арада өзгеруі мүмкін. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі жаңа тәртіпті бекітті. Соған сәйкес, егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан асса, 5% кедендік баж тек лимиттен асқан бөлікке емес, тауардың толық құнына салынады. Бұған қоса ҚҚС төленеді. Ал қазіргі 31 килограммдық салмақ шектеуі алынып тасталмақ. Жаңа ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп жоспарланған. Дегенмен оның нақты мерзімі ратификациялау рәсімінің қашан аяқталатынына байланысты болады.


Бұл жерде екі нәрсеге мән берген жөн. Біріншісі: егер бір сәлемдемеде бірдей тауар тым көп болса, кеден қызметі оны жеке қолдануға арналған зат емес, коммерциялық партия деп тануы мүмкін. Ондай жағдайда жеке тұлғаларға арналған кедендік лимит қолданылмайды. Екіншісі: шетелдік интернет-дүкендерде де күмәнді ұсыныстар мен жалған тауарлар кездеседі. Сайтта нақты мекенжай мен байланыс деректері болмаса, тауарды қайтару шарттары көрсетілмесе немесе ақшаны жеке картаға аударуды сұраса – күмән тудыратын белгілер деп білу қажет. Сондықтан тапсырыс бермес бұрын тауарды қайтару тәртібі мен кепілдік шарттарын тексеріп алған дұрыс. Шетелдік сатушылардың ережелері әртүрлі болуы мүмкін.

Батыс дүкендерінің басты мәселесі – жеткізу құнында. Олардың бәрі бірдей тауарды тікелей жібере бермейді, сондықтан қазақстандықтардың көбі делдал қызметтерге (жеткізу сервистеріне) жүгінеді: тапсырыс алдымен сол компанияның шетелдегі қоймасына түседі, ал ол жақтан сізге қарай жөнелтіледі. Бұл жүйе жұмыс істейді, бірақ тауардың негізгі бағасына делдал қызметі мен халықаралық жеткізу ақысы қосылады.


Сол себепті тапсырыс бермес бұрын түпкілікті шығынды алдын ала есептеп алған дұрыс: оған тауардың бағасы, Еуропа не АҚШ ішіндегі жеткізу, делдал ақысы, халықаралық тасымал және сол күнгі валюта бағамы кіреді.


Сондай-ақ кедендік талаптарды да естен шығармаңыз: егер делдал бірнеше тапсырысты бір ғана сәлемдемеге біріктірсе, оның құны қалай есептелетінін алдын ала нақтылап алыңыз. Себебі әр зат жеке алғанда арзан болғанымен, сәлемдеменің жалпы сомасы белгіленген лимиттен асып кетуі әбден мүмкін.


Жеңілдіктің бәрі жеңілдік емес


Мұндай жаппай сатылымдар кезіндегі ең басты кеңес – бағаны салыстыру. «Жаппай сатылым» немесе «ең тиімді баға» деген жарнамалар әрдайым шындыққа жанаса бермейді. Ұлыбританияның Which? тұтынушылар ұйымы тауарлардың баға тарихын жыл сайын бақылап отырады. Олардың 2024 жылғы Black Friday жүргізген сараптамасына сәйкес, сегіз дүкендегі 175 тауардың барлығы (100%-ы) жылдың басқа кезеңдерінде осыдан арзанырақ немесе дәл осындай бағамен сатылған болып шықты. Ал оның алдындағы жылы «тиімді ұсыныс» деп көрсетілген 227 тауардың 92%-ы жыл бойы дәл сол бағада тұрған не одан да арзан болған. 2026 жылдың 24 қарашасында Which? жаңа зерттеуін жариялады: 2025 жылғы Black Friday кезінде зерттелген 756 ұсыныстың небәрі 22%-ы ғана сол жылдың ең төменгі бағасына жеткен. Бұл – Ұлыбритания нарығындағы дерек. Дегенмен тәсіл басқа елдерде де кездеседі: кейде жеңілдік тауардың алдын ала көтерілген «бұрынғы» бағасынан есептеледі.


Бұл ретте адам психологиясы да өзіне қарсы жұмыс істейді. Psychology Today басылымы жазғандай, кері санайтын таймерлер мен «тауар саны шектеулі» деген ескертулер асығыстық тудырып, FOMO (ағылш. Fear of Missing Out – «мүмкіндікті жіберіп алу қорқынышы») сезімін қоздырады. Ал ұтымды сәтті қолдан шығарып алу өкініші жаңа зат сатып алу қуанышынан әлдеқайда басым түседі. 2 000 британдықтың арасында жүргізілген сауалнамада қатысушылардың 44%-ы осындай дүрбелеңге еріп кететінін мойындаған. Сондай-ақ Black Friday кезінде алған заттарына зумерлердің – 60%-ы, ал бумерлердің 21%-ы өкініш білдірген. Тұтынушылар көбінесе киім-кешек, асүй гаджеттері мен косметика жиынтықтарын босқа сатып алғанына өкінеді.


Жеңілдіктің шынайылығын тексеру өте оңай. Finance.kz қарапайым мысал келтіреді: мәселен, 300 000 теңге тұратын смартфон «30% жеңілдікпен» 210 000 теңгеге сатылып, 90 000 теңге үнемдейсіз деп ұсынылды делік. Бірақ оның құнын басқа сатушылардың бағасымен салыстырып көрсеңіз, дәл сол телефонның 215 000 теңге тұратынын байқауыңыз мүмкін. Сонда нақты айырмашылық – уәде етілген 30%-дың орнына бар болғаны 5 000 теңге, яғни небәрі 2% шамасында ғана болып шығады. Сондықтан кез келген затты сатып алмас бұрын басқа екі-үш сауда дүкенін ашып, жады көлемі бірдей дәл сол модельдің бағасын салыстырып қарап шығыңыз.


Артық шығындалып кетпеудің бес жолы 

  • Бірінші ереже: сатылым басталмай тұрып тізім жасаңыз. Осы тоқсанда нақты не сатып алғыңыз келетінін алдын ала анықтап, тізімге одан бөлек ештеңе қоспаңыз. Жаппай жеңілдік науқаны – жаңа қажеттіліктер ойлап табуға себеп емес.

  • Екінші ереже: бюджет бекітіп, оны ай сайынғы төлемге емес, жалпы табысыңызға қараңыз. Егер ай сайын несие мен бөліп төлеуге кететін ақша жалақыңыздың едәуір бөлігін алып қойса, тағы бір затты қарызға сатып алмас бұрын ойланған жөн. Ұлттық банк те азаматтардың шамадан тыс қарыздануын шектеуді жоспарлап отыр. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушының жалпы борышы оның сегіз жылдық табысынан аспауға тиіс деген шектеу енгізу көзделген.

  • Үшінші ереже: бағаны кемінде екі-үш сатушыдан салыстырыңыз. Дәл сол модельдің бағасын 2–3 сауда орнынан қарап, акцияға дейін бірнеше күн немесе апта бұрын скриншот жасап сақтап қойыңыз. Сонда ғана ұсынылған жеңілдіктің бұрынғы бағамен салыстырғанда қаншалықты шынайы екенін өзіңіз анық көре аласыз.

  • Төртінші ереже: уақытпен қыспаққа алу айласына алданбаңыз. Егер кері санайтын таймер «небәрі 5 минут қалды» десе, бұл – нақты ақпарат емес, маркетингтік айла. Шешім қабылдау үшін бір түн ойланыңыз: сізге шынымен керек заттар ешқайда жоғалып кетпейді.

  • Бесінші ереже: жеңілдікті емес, бастапқы соманы есептеңіз. Тауардың нақты құнын білу үшін жеңілдікпен көрсетілген бағаға жеткізу ақысын, міндетті қосымша қызметтерді және несие бойынша артық төлемді де қосып есептеу керек.


Алаяқтар және тұтынушы құқығы 


Жаппай жеңілдіктер кезінде жалған интернет-дүкендер де көбейеді. Мұндай сайттарды бірнеше белгісінен байқауға болады: домен атауы түпнұсқа сайттан бір әріппен немесе басқа домендік аймақпен ерекшеленуі мүмкін, заңды мекенжайы, байланыс нөмірлері мен тауарды қайтару шарттары көрсетілмейді. Сайт мекенжайындағы HTTPS немесе құлып белгісі оның толық қауіпсіз екенін білдірмейді. Күмән тудыратын тағы бір белгі – сатып алушыны асықтыру, мысалы «тек қазір», «соңғы мүмкіндік» деген ескертулерді жиі көрсету немесе тауар туралы нақты ақпарат бермеу. ҚР Ішкі істер министрлігі күмәнді сатушылардың жеке шотына ақша аудармауға кеңес береді. Сондай-ақ картаңыздың CVV/CVC кодын, PIN-кодын және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеңіз. 


Егер мәселе туындаса, жеңілдік кезінде де тұтынушы ретіндегі құқығыңыз қарапайым күндердегідей толық сақталады. Қазақстанда кепілдік, айырбастау және қайтару талаптары арзандатылған бағамен алынған тауарларға да бірдей жүреді. Тиісті сападағы азық-түлік емес тауарлардың басым бөлігін 14 күнтізбелік күн ішінде айырбастауға болады. Тұтынушылық дау туындаған жағдайда ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне eOtinish порталы арқылы шағым түсіруге, ал алаяқтыққа тап болсаңыз – 102 нөмірі бойынша полицияға жүгінуге болады.


Black Friday кезінде ең бастысы – жеңілдікке қызығып, қажет емес затты сатып алмау. Егер бір нәрсені бұрыннан алуды жоспарлап жүрсеңіз, оның әдеттегі бағасын білсеңіз және қарызсыз сатып алуға қарызға кірмесеңіз керемет мүмкіндік. Ал тек «жеңілдік бар екен» деп қажетсіз зат алу – артық шығын екенін ұмытпаңыз.

Бөлісу:

Пікірлер

Пікір жазу және лайк басу үшін тіркелу керек

Black Friday: тарихы, жеңілдіктер мен артық шығындалмау жолдары