Кеш батты. Тағы бір жұмыс аптасы аяқталды. Барлық шаруаңызды реттеп, кешкі асыңызды жылытып жатырсыз. Музыка қосқыңыз келеді, бірақ қазір нақты бір әнді таңдап, соған көңіл бөлгіңіз жоқ. Жай ғана мазаламайтын, тыңдап отырып ұйықтап кетуге болатын бір жайлы әуен керек. Бірсарынды болса да, бәрібір.
Ал дәл осы күні сіз ән тыңдап отырған платформаға шамамен 100 мың жаңа трек қосылды. Олардың жартысынан көбін ЖИ жасаған. Бірақ платформа өзі ұсынбаса, бұл әндердің көпшілігін ешкім тыңдамайды. Бұл – 2026 жылғы маусымдағы нақты дерек. Ең қызығы, сіздің бүгінгі кешіңіз бен осы 100 мың тректің арасында тікелей байланыс бар.
Екі маңызды сан
21 шілдеде Deezer платформасы қордағы музыканың жартысынан көбін ЖИ жазатынын хабарлады. Маусымда күн сайын орта есеппен 90 мың жаңа трек қосылып отырған. Салыстырсақ, 2025 жылғы қаңтарда тәулігіне небәрі 10 мың ән (барлық жүктелген әннің 10%-ы) шығатын еді. Демек, 16 айдың ішінде ЖИ жазған музыка саны 9 есе өскен.
Жаңалық БАҚ-та тез тарады. Бірақ журналистер ең басты нарсеге мән бермеді: бұл әндерді ешкім тыңдамайды. Жыл бойы ЖИ-музыканың тыңдалымы 1-3%-ға да жеткен жоқ.
Музыка көбейгенімен, оны тыңдайтын адам көбейген жоқ. Күніне бәрібір 24 сағат қана бар, сондықтан ешкім 9 есе көп тыңдамайды. Онда бұл музыка кімге керек?

«ЖИ ән жаза бастаған соң, музыканттар ақшасыз қалды» деу – қате. Тыңдалмаған әнге ақша төленбейді, себебі табыс трек санына емес, қанша рет тыңдалғанына байланысты. Музыканттардың табысы азайып жатқаны шындық, бірақ оның себебі әндердің көптігінде емес.
Платформалар не айтқысы келеді?
“Spotify AI music” деп іздесеңіз, Spotify-дың 75 миллион тректі өшіргені туралы жаңалық бірінші шығады. 2026 жылғы шілдеде компанияның маркетинг басшысы Сэм Дюбофф осы санды қайталап, күн сайын 100 мың жаңа ән қосылатынын айтты.
Күніне 100 мың ән – жылына 36 миллион. Ал Spotify 75 миллион әнді өшіріп, бұған дейін жиналып қалған қоқысты тазалады. Дегенмен қазір қандай қарқында игеріп жатқаны белгісіз. Оның үстіне, Spotify тек спамды тазалаған, ал Deezer қай әнді ЖИ жазғанын бөлек есептейді.
Екі платформаның есептеріндегі айырмашылықтың себебі бар. Deezer 2026 жылғы қаңтардан бастап ЖИ жасаған әндерді анықтайтын жүйесін ұсына бастады. Францияның Sacem ұйымы бұл жүйені сатып алды, ал Billboard оны чарттарда ЖИ көмегімен жасалған әндерді белгілеу үшін қолданады.
Сондықтан Deezer үшін ЖИ-музыканың көлемін барынша анық көрсеткен маңызды. Ал Spotify өз платформасындағы тазалау жұмыстарын ауқымды етіп көрсетуге мүдделі.
Қорытынды біреу: платформалардың ресми сандары жағдайдың толық көрінісін емес, әр компанияның өзіне маңызды бөлігін көрсетеді.
Ортақ қазан
Ешкім тыңдамайтын әндер онда не үшін керек? Мұны түсіну үшін Spotify-дың ақшаны қалай бөлетінін білу керек.
Платформа әр тыңдалым үшін төлеп отырмайды. Барлық ақша ортақ қазанға жиналып, кейін әндердің қанша тыңдалғанына қарай құқық иелеріне бөлінеді.
Сіздің төлеген ақшаңыз өзіңіз тыңдайтын орындаушыға кетпейді. Ай бойы бір ғана топты тыңдасаңыз да, төлеміңіз сол жалпы қорға түсіп, одан басқа танымал орындаушылар да үлес алады.

Басқаша айтқанда, сіз нақты бір музыканы сатып алмайсыз. Сіз ақшаның кімге және қанша бөлінетініне тікелей ықпал ете алмайтын ортақ жүйеге ақша төлейсіз.
2025 жылы Spotify авторлық құқық иелеріне 11 миллиард доллар төледі. Бірақ бұл ақшаның 30%-ын платформа өзіне алып қалады. Қалған бөлігі музыка компанияларына (лейблдерге) беріледі де, орындаушының өзіне өте аз бөлігі тиеді. Мысалы, музыкант Уайрд Эл Янкович (Weird Al Yankovic) әні 88 миллион рет қосылғаны үшін Spotify оған небәрі 12 доллар бергенін айтқан еді.
Онда ақша қайда кетіп жатыр?
Deezer дерегіне сүйенсек, 2025 жылы ЖИ жасаған әндердің 85%-ын боттар тыңдаған. Тректердің жаппай көбейіп кетуінің бір себебі де осы: ән неғұрлым көп болса, оларды боттарға тыңдатып, жүйені алдап ақша табу соғұрлым оңай.
Бұл жерде ЖИ музыкант емес, ақша табудың құралына айналады. Мысалы, Spotify-да осындай тәсілмен ақша табуға тырысатын күмәнді орындаушылар бар. Ал Deezer-де оларды табу қиын, өйткені платформа мұндай парақшаларды анықтап, бұғаттайды.
Орын алдын ала дайын еді
Spotify ЖИ пайда болмай тұрып-ақ, авторы жоқ аноним музыкалар үшін орын дайындап қойған.
2024 жылғы желтоқсанда журналист Лиз Пелли Harper's журналына зерттеу жариялап (кейін “Mood Machine” кітабын жазды), Spotify-дың 2017 жылы жұмысын бастаған “Perfect Fit Content” бағдарламасын әшкереледі. Ол бағдарламаның қандай шикілігі бар десеңіз, "Deep Sleep", "Ambient Relaxation", "Deep Focus", "Cocktail Jazz", "Bossa Nova Dinner", "Morning Stretch" сияқты сөзі жоқ, адамдар тек фон ретінде қосатын плейлисттерге гонорары өте арзан компаниялардың музыкасын толтырып қойған.

Мұндай орындаушылар азырақ ақша алады, сол себепті пайданың басым бөлігі платформаның өзінде қалады. 2023 жылға қарай 150-ден астам плейлист осындай арзан әндер болған.
Бұған дейін де швед басылымы “Dagens Nyheter” 500-ден астам «орындаушының» артында бүркеншік атпен жұмыс істейтін 20-дай ғана автор тұрғанын анықтайды. Ал музыка журналисі Дэвид Тернер “Ambient Chill” тізімінен Брайан Ино, Bibio мен Джон Хопкинс сияқты нағыз музыканттардың әдейі ысырып, орнына шведтің “Epidemic Sound” компаниясының арзан сток музыкалары келгенін дәлелдеді.
Ал Spotify-дың өзі бұған не дейді? Компания «бұл әндерді біз жазған жоқпыз» деп ақталғанымен, оларды плейлисттерге әдейі қосқандарын жоққа шығармады.
Сөйтіп, Spotify жылдар бойы тыңдарманды авторы жоқ, «ұйықтауға» мен «жұмыс істеуге» ыңғайлы арзан әуендерге үйретті. Сондықтан ЖИ бұл саланы өзі басып алған жоқ, тек дайын тұрған орындарға әндерін ұсынды. Бұл аз гонорарға келісетін музыканттардан да тиімді, себебі ЖИ-ге ақша төлеудің керегі жоқ.
Ақша әрдайым тасада бөлінеді
Музыка платформалары да ЖИ арқылы жасалған әндерге қарсы түрлі ережелер енгізіп жатыр. Мысалы, Deezer боттар арқылы жасанды тыңдалым жинаған және алты ай бойы ешкім тыңдамаған ЖИ әндерін өшіретінін мәлімдеді. Ал Tidal 2026 жылғы 15 шілдеден бастап ЖИ арқылы жасалған әндерге мүлдем ақы төлемейтінін айтты.

Ал Spotify басқа жолды таңдады. 2024 жылғы сәуірде платформа бір ән жылына кемінде 1000 рет тыңдалмаса, оған роялти төленбейтінін мәлімдеді.
Бұл ереже ЖИ музыкасы жаппай таралмай тұрып-ақ платформадағы тректердің 86%-ын табыссыз қалдырған. Яғни аз тыңдалатын жас орындаушылардың көпшілігі енді бұл жүйеден ақша ала алмайды.
«Спаммен күрес» деп аталған ереженің зардабын 1000 тыңдалымға жете алмағандардың бәрі тартты. Әнді қаптап шығара беретін ЖИ-ге бұдан келіп-кетер ештеңе жоқ. Ал 200 шынайы тыңдарманы бар жас музыкант үшін үлкен соққы болды. Алты ай бойы тыңдалмаған музыканы өшіру де дәл солай, себебі мұнда қоқыс әндермен бірге өз тыңдарманын таппай қалған жақсы ескі альбомдар да өшіп кетеді. Қай ережені алсаңыз да, ешқайсы әншіні қорғап тұрған жоқ, олар тек өзінің 30% алып отырған ортақ қазанын қорғайды.
Бұған дәлел – 2025 жылғы қарашада Нью-Йоркте Spotify-ға түскен сот шағымы. Онда платформаның "Discovery Mode" жүйесі әшкереленді. Музыкант немесе лейбл төменірек гонорарға келіссе, Spotify олардың әнін тыңдауға ұсынады. Тыңдарман мұны бейтарап ұсыныс деп ойлайды, ал шын мәнінде платформа арзан әндерді қабылдайды.
Музыканттарда басқа таңдау жоқ, тым болмаса азғантай ақша алу үшін осы жүйеге келісуге мәжбүр. Ал Spotify жүйеде «коммерциялық мүдделер ұсыныстарға әсер етуі мүмкін» деген ескерту барын айтып ақталды.
Бұл платформалардың айырмашылығы не?
Қай платформадан музыка тыңдайтыныңызды өзіңіз таңдайсыз. Музыканттарға кімнің қанша төлейтіні сіз үшін маңызды болмауы да мүмкін. Қосымша ыңғайлы болса жеткілікті. Дегенмен платформалар арасындағы айырмашылық бәрібір қызық.

Deezer жүйені Universal компаниясымен бірге 2023 жылғы қазанында іске қосты. 2026 жылғы наурызда 85% серіктесі ережені қабылдады. Мұнда 500 тыңдарман бір тректі кемінде 1000 рет тыңдаса, оның салмағы екі есе артады. Әрі алгоритм ұсынған емес, тыңдарманның өзі іздеп тапқан музыкасына көбірек ақша төленеді.
SoundCloud мүлдем басқаша істеді. Сіз жазылымға төлеген ақша ортақ қазанға кетпейді. Ол тек өзіңіз тыңдаған орындаушылардың арасында ғана бөлінеді.
Tidal мен Apple Music жүйесі де басқаша. Оларда тегін тариф жоқ. Сондықтан ортақ қазан ақша төлемеген тыңдалымдар есебінен азаймайды.
Qobuz редакторлық таңдау мен таза дыбыс сапасына басымдық береді. Бұл сервис бәсекелестеріндегі ЖИ музыкадан шаршағандардың арқасында өсіп келеді.
Сонымен, бізге не қалды?
Кешкісін жұмыс істеп отырып, фон ретінде бір тыныш әуен қоса салдыңыз делік. Көп мән де берген жоқсыз. Егер ол «Deep Sleep» немесе «Ambient Relaxation» сияқты жинақ болса, тоқтай тұрыңыз. Зерттеушілер дәл осы плейлисттерді жиі сөз етеді.
Бұл сіз арнайы іздеп, сүйіп тыңдайтын музыка емес, жай ғана фонда шу болып тұратын әуендер. Ең қызығы, бұндай әуендер үшін платформа музыканттарға көк тиын да төлемейді. Сондықтан олар сізге осындай арзан контентті ұсынуға құмар. Сіз бұл плейлисттерге кездейсоқ тап болған жоқсыз, платформа ақша үнемдеу үшін сізді осы жаққа өзі итермелеп отыр.
Олар «тыңдарман бәрібір мән бермейді, басқа сервис іздеп бастарын қатырмайды, ай сайын ақшасын төлей береді» деп есептейді.
Егер сіз де танымал сервистерден осындай фон әуендерді жиі тыңдасаңыз, сол тректің авторы кім екеніне бір сәт қарап қойыңыз. Сосын: «Мә мән бермей жүрген ақшам шынымен осыларға кетуі керек пе?» деп өзіңізге сұрақ қойып көріңіз.



