Әлеуметтік желіде бітпейтін апат, у-шу, біреудің қайғысы мен ертеңгі күннің белгісіздігі алдыңыздан шығады. Көңіліңіз құлазып, телефонды тастай саласыз. Бірақ арада он минут өтпей жатып, әлгі лентаға қайта үңілесіз. Мұны бірден жігерсіздікке балап немесе құрылғыға таңылған тәуелділік деп түсінбеу керек. Бұл – біздің қанымызға сіңген сақтық. Бойымыздағы түйсік әлі сол баяғы замандағыдай кез келген қауіпті қалт жібергісі келмейді. Бірақ қазіргідей жағымсыз жаңалық толастаған заманда сол түйсігіміз өзімізге соққы болып тиіп жатыр. Миымыз неліктен жаман хабарға әуес? Tamga Media тарқатып көрді.
Жамандықтың «салмағы» басым
Ерте замандағы арғы бабамызды елестетіп көріңізші. Бірі бұтаның арасынан шыққан әрбір сыбдырға елең етіп, бірден сақтанып, қашып немесе тығылады. Ал екіншісі сабырлы еді: сыбдырды естісе де, «жел шығар» деп ойлап, жидек тере беретін. Әрине, біріншісі аман қалып, ұрпақ өрбітті. Ал екіншісі қамсыздығының кесірінен жабайы аңға жем болды. Осылай, мыңдаған жылдар бойы табиғи сұрыптау бұл сақтықты санамызға таңба қылып басып берді.
Бұл психологияда negativity bias деп аталады. Яғни, адам баласы жақсылықтан гөрі жаман хабарға бүйрегі бұрып тұрады. Бұл терминді 2001 жылы америкалық психологтар Пол Розин мен Эдвард Ройзман ғылымға енгізген. Олардың тұжырымы бойынша, жағымсыз оқиғалар мен суық хабарлар адам жанын жақсылыққа қарағанда әлдеқайда қаттырақ күйзелтеді.
Қысқасы, жамандықтың «салмағы» басым. Бір ауыз сын сөз үш мәрте айтылған мақтауды жоққа шығарады. Көңілсіз өткен бір күн шуақты бір аптадан көбірек есте қалады. Жетістік туралы он жаңалықтан қарағанда, бір апат туралы хабар назарды бірден аударады. Жағымсыз жағдайлардың жан дүниемізге әсері, тіпті біз оны ақылмен түсініп тұрсақ та, жақсылықтан әлдеқайда қуатты болады.
Отбасылық психолог Джон Готтман жұптар арасындағы қарым-қатынасты зерттей келе, бір қызық заңдылықты байқаған. Ерлі-зайыптылар арасындағы бір реттік ренішті жуып-шаю үшін кемінде бес жағымды сәт керек екен. «Беске бір» – міне, адамның ішкі дүниесі үшін жамандықтың нақты «құны» осы.

Мидағы қауіп детекторы
Бұл құбылыстың ми құрылымында нақты негізі бар. Мұндағы басты рөл – бадамша дене, ғылыми тілде айтсақ, амигдалаға тиесілі. Ол мидың самай тұсындағы терең қабатында орналасқан. Бұл мүшені мидың ішіндегі «қауіп сезгіш күзетші» десе де болады. Ол кез келген сезімге толы ақпаратты ми қыртысы ақылмен саралап үлгергенше-ақ қабылдап қояды.
Америкалық нейробиолог Джозеф Леду бұл процесті ақпарат өңдеудің «төте жолы» деп сипаттайды. Яғни, сырттан келген белгі ми қыртысына соқпай, бірден бадамша денеге жетеді. Бұл бізге қауіптен тез құтылуға мүмкіндік береді. Дегенмен кейде ми ақ-қараны ажыратпай жатып-ақ «байбалам салады». Алдымен дене қауіпке жауап береді де, оның шын не өтірік екенін кейін барып түсінеді.
Чикаго университетінің ғалымы Джон Качиоппоның зерттеуінше, мидың белсенділігі жағымсыз көріністерді көргенде әлдеқайда жоғарылайды. Ми қауіпті сезгенде, тіпті сигналдардың қуаты бірдей болса да, жақсы нәрсеге қарағанда әлдеқайда қаттырақ «елеңдейді».
Бұл жағдай ағзадағы норадреналин мен кортизол гормондарының әсерімен де күшейе түседі. Күйзеліс кезінде бөлінетін бұл гормондар естеліктерді санаға ұмытылмастай етіп шегелеп тастайды. Сондықтан да адамдар суық хабарды естіген сәтін егжей-тегжейлі есінде сақтайды да, ең бақытты күнінің детальдарын ұмытып қалады. Күйзеліс үстіндегі естеліктер миға тереңірек таңбаланады.
БАҚ мұны қалай пайдаланады?
Журналистикада «Қан болса – хабар болады» (if it bleeds, it leads) деген қағида бар. Редакторлар мұны қатыгездіктен емес, көпжылдық тәжірибеге сүйеніп ойлап тапқан. Олар ғалымдар дәлелдегенше-ақ, халықтың суық хабарға елеңдегіш екенін жақсы білген. Демек, мұндай мазмұндағы дүниелердің көптеп шығуы – миымыздың ішкі сұранысына берілген жауап.
Нейробиолог Тали Шарот адамның наным-сенімі жаңа ақпарат келгенде қалай өзгеретінін зерттеген. Оның айтуынша, адам баласы өз көзқарасын жақсы жаңалыққа қарағанда жаман хабардың әсерімен тезірек өзгертеді екен. Жақсы ақпаратты біз тек қалаған кезімізде, яғни ойымызға сәйкес келсе ғана қабылдаймыз. Ал суық хабар кез келген тосқауылды бұзып, санамызға тікелей жетеді.

Әлеуметтік желі алгоритмдері бұл мәселені ойдан шығарған жоқ, тек бар нәрсені ушықтырып жіберді. Science журналында жарияланған зерттеу бойынша, жалған хабар шындыққа қарағанда әлдеқайда жылдам әрі кең тарайды. Оған ақпараттың растығы емес, оның қорқыныш, жиіркеніш пен таңданыс тудыруы себеп.
Осының салдарынан қазіргі таңда адамдар арасында «жаңалықтан қашу» (news avoidance) үрдісі белең алып жатыр. Көптеген адам үрей мен шарасыздықтан құтылу үшін ақпараттан саналы түрде бас тартып жатыр. Қызығы сол – алгоритмдер көрерменді өзіне тарту үшін барын салғанымен, соңында халық жаңалық оқуыдан біржола безіп отыр.
Жаман жаңалыққа «телмірудің» зардабы
Қоғамда жаман жаңалыққа әуес болуды сипаттайтын doomscrolling термині бар. Doomscrolling – жаман, негативке толы ақпаратты, жаңалықты іздеп, лентаны тоқтаусыз парақтау. Бұл түсінік 2020 жылы кеңінен қолданылды. Бірақ бұл құбылыс пандемияға дейін де болған. COVID тек оның ауқымы мен зардабын айқара ашты.
Пандемия кезіндегі зерттеулер жаңалықтарды тоқтаусыз оқу мен ішкі үрейдің, тіпті торығудың арасында тікелей байланыс барын көрсетті. Әрине, жаңалықтың өзі ауру тудырмайды, бірақ ол адамның психологиялық күйін біртіндеп нашарлатады. Әсіресе, жүйкесі онсыз да жұқа жандар мұндай соққыны ауыр қабылдайды.
Нейробиология тұрғысынан қарасақ, мұның себебі айқын. Үнемі үрей үстінде жүру мидың жұмысын мүлдем өзгертіп жібереді. Созылмалы күйзеліс кезінде мидың алдыңғы бөлігі, яғни байыппен ойлауға, жоспарлауға және сезімді тізгіндеуге жауапты аймағы әлсірей бастайды. Осылай, үрей адамның ақ-қараны ажырату қабілетін төмендетеді, ал ол өз кезегінде адамды келесі бір суық хабардың алдында дәрменсіз етеді.
Нейропсихолог Рик Хэнсон бұл құбылысты былай сипаттайды: біздің жадымыздағы жақсы сәттер тефлон сияқты (ешнәрсе жұқпайды), ал жаман естеліктер жабысқақ таспа сияқты. Миымыз автомат түрде қауіпке жабысып қалады да, жақсылықтың қасынан сырғып өте шығады. Мұны мидың ақауы деуге келмейді, бұл – жаратылысымыздың ерекшелігі. Бірақ ақпарат тасқын болып аққан заманда осы қасиетіміз өзімізге қарсы жұмыс істеп тұр.

Миды қайта баптау мүмкін бе?
Бір қуанарлығы, миымыз өте икемді жаратылыс. Яғни, нейропластиканың көмегімен біз тұрақты әдеттеріміз және назарымыз арқылы ми құрылымын өзгерте аламыз. Ол үшін Хэнсон «жағымды тәжірибені орнықтыру» деп аталатын жаттығуды ұсынды. Жақсы сәттерге әдейі аялдап, соны сезіну: бұл жамандықты көрмеу немесе өзімізді алдау деген сөз емес. Бұл – жақсылықты байқамай өте шығатын үйреншікті әдетке саналы түрде тосқауыл қою. Нейропластика саласындағы зерттеулер көрсеткендей, осындай жаттығулар арқылы уақыт өте келе мидағы жүйке байланыстарын нығайтуға болады.
Күнделікті өмірде «ақпараттық гигиенаны» сақтаудың маңызы зор. Мұндағы қағидалар құр логикаға ғана емес, медиапсихология саласындағы нақты зерттеулерге негізделген.
Біріншісі: Көлем емес, уақыт маңызды. Жаңалық оқуға арнайы уақыт бекіту. Мәселен, күніне екі рет 15 минут жаңалық оқуға болады. Бұл жаңалықтан біржола бас тартудан қарағанда тиімдірек. Ми ақпаратты талғап оқығаннан көрі, оған бөлінетін уақытты шектеуді жеңілірек қабылдайды.
Екіншісі: Лента емес, дереккөз. Әлеуметтік желідегі алгоритмдер сізді тек қызықтыруға, яғни сезіміңізді оятуға бағытталған. Нақты басылымдарды өзіңіз таңдап оқысаңыз, тізгін роботтан қайтадан өзіңізге өтеді.
Үшіншісі: Білу мен үрейленудің айырмашылығы. Әлемде не болып жатқанынан хабардар болу – бір бөлек. Ал қауіп сигналын іздеп, үнемі жаңалық аңду – мүлдем басқа дүние. Алғашқысы дұрыс шешім қабылдауға көмектессе, соңғысы еш нәтижесіз миды шаршатады.




