2 мамыр – күллі әлем поттербастары үшін айрықша күн. Джоан Роулингтің жазған каноны бойынша, дәл осы күні Хогвартс үшін шешуші шайқас болды. Бұл – Фред Уизли, Люпин, Тонкс және тағы басқа да көптеген кейіпкер қаза тапқан соңғы майдан.
Ал 2026 жылғы желтоқсанда «Хәрри Поттер» желісімен түсірілген сериал HBO экранына шықпақ. Біреулер үшін бұл – алпауыт студияның кезекті дүниесі болса, енді бірі үшін – жан дүниесіне жақын, балалық шағының бір бөлшегі. Tamga Media «нөлінші» жылдары кітапты қолынан тастамай оқыған төрт отандасымызбен тілдесті. Олардың арасында журналист те, ұстаздар да, медиа маманы да бар. Кейіпкерлеріміз бұл хикаямен қалай танысқанын, көңілде қалған қызықтарын және жаңа туындыдан не күтетінін бөлісті.
Жанар Жансейіт, Райвенкло факультеті:
Тыныш жер іздеп, гардероб ішінде оқитынмын
Қалада өскен құрбым «Хәрри Поттерді» аузынан тастамайтын. Ол кез – 2002 жыл, ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне жаңа түскен уақыт, 17 жастамын. Оған дейін бұл кітап жайлы хабарым болмаған еді. Дәл сол жылы «Росмэн» баспасының аудармасы шықты, дереу сатып алып, оқи жөнелдім. Әпкемнің екі бөлмелі пәтерінде бес адам тұратынбыз. Кітапты кезекке тұрып, бір-бірімізден тартып алып оқитынбыз. Кейде ешкім кедергі жасамасын деп, ең тыныш жер – гардеробтың ішіне кіріп бас алмай оқитынмын. Түнгі үшке дейін көз ілмей, соңғы бетіне жеткенше асығатынмын. Бір томды екі күнде тауысқан кездерім болды.

Маған «Росмэннің» нұсқасы бәрінен де ыстық. Қазір басқа баспалар да орыс тіліне аударып жатса да, балаларым да дәл осы ескі аударманы оқып өсті.
Жеті томның бәрін көзімнің қарашығындай сақтадым. Бірақ кейін біреулер оқуға алып, қайтармай кетті. Содан коллекцияны маркетплейстер арқылы қайта жинауға тура келді. Жақында жиенім сұрап алып, біраз уақыт бермей жүр еді, әдейілеп сұрап алдым. Ол кезде қазіргі күйеуіммен қыз-жігіт болып кездесіп жүретінбіз. Ол әр том шыққан кезде маған сыйлыққа алып беретін. Ол уақытта кітаптар 700-800 теңге тұратын, ал «Хәрри Поттердің» бағасы – 3500 теңге еді. Сол уақыттағы ақшаның құнымен есептегенде қомақты сома. Бір жолы жігітім кітапты ағасының жұмысына тастап кетіп, қайтып оралса, кітап жоқ. Сол оқиға әлі күнге дейін ішімді ашытады.
Хәрмионаны өзім көріп, Райвенклода оқығым келетін
Мектепте үздік оқыдым, ақыл айтқанды жақсы көретінмін, сол себепті Хәрмионаны жақын тарттым. Нағыз Хәрмионаның өзі болдым десем болады. Қазір есейсем де, бұл мінезім қалмапты. Тағы бір ұнаған кейіпкерім – Хәрридің алғашқы махаббаты Чжоу Чанг.
Маған Гриффиндор ұнайды. Бірақ Хәрмионааға ұқсайтын болғандықтан, Райвенклоға (Когтевран) баратын ба едім... Кітап оқып отырғанда неліктен Хәрмионаа Райвенклоға бармады деп ойладым.

Хәрри Поттерді оқымағаның – өмірдің қызығын көрмегенің
Жарты жыл бұрын Александра деген өнертанушымен таныстым. Ол мені осы туындыны өнер тұрғысынан талқылауға шақырды. Жиынға 15 шақты адам жиылды. Мен түрлі болжам естігеніммен, тереңіне бойламаппын. Мысалы, кітаптағы сиқыршылар мен маглдардың қарым-қатынасы монархия мен қарапайым халықтың арасындағы байланысты меңзейді екен. Ал кеңірек қарасақ, Роулинг мәтінге грек мифологиясы мен антикалық мәдениетті шебер өріп жіберген. Бұл оның білімі қаншалық терең екенін көрсетеді. Сол кездесуге келгендер нағыз «поттербастар» екен, кітапты оннан астам рет оқыған, үзінділерді жатқа айтатындары да бар. Мен әлі оқымағандарға: «Хәрри Поттерді оқымағаның өмірдің қызығын көрмегенің» деймін. Бұл балалар әдебиеті емес, бұл – танымды кеңейтетін дүние. Толкиннің «Жүзіктер әміршісі» сияқты өз дәуірінің феномені. Мұны аттап өтуге болмайды.
Фильміне қарағанда кітабының атмосферасы тереңірек
Кинотеатрда барлық бөлімін көрген жоқпын, тек екі-үш фильмін ғана тамашаладым. Кітапты оқығаннан кейін фильмге құштарлығым аздау болды, себебі кітаптағы атмосфера әлдеқайда тереңірек.
Трейлері сәтті шығыпты, америкалық студиялардың шеберлігіне сөз жоқ. Актерлар да жақсы таңдалған. Бірақ сериал алғашқы кадрлардан-ақ драмалық сарынға басымдық берген сияқты. Фильмдер Жаңа жыл мен Рождество сияқты мерекелік көңіл-күй сыйлайтын. Ал мұнда баланың ауыр тағдыры бірден көзге ұрып, аяушылық тудырады. Көремін бе, жоқ па – білмеймін. Сол баяғы сезімді қайта сезінетініме сенімді емеспін. Сериал кітаптан алшақтауы мүмкін, оның өз міндеті бар. Бастысы – көрерменді атмосферасымен баурап алса болғаны.
Еркежан Арын, Хаффлпаф факультеті:
«От сауытын» таң атқанша оқыдым
16 жаста едім, ҰБТ-ға дайындалып жүрген кезім. Орыс тілін жетілдіру үшін сыныптасымнан оқитын бірдеңе сұрадым. Ол маған «Хәрри Поттерді» берді. Тіл үйренемін деп жүріп, тұтас бір әлемге тап болдым. Тарих пен математиканың ортасында Хәрридің бастан кешкендерін оқу нағыз адреналин еді. Кейде кітапты партаның астына тығып қойып, сабақта оқитынмын. Қызығы – дайындық орнына кітап оқыған сайын, байқау сынақтарындағы балдарым жоғарылай берді. Нағыз сиқыр осы емес пе?
Мен әуелі фильмін көріп, кейін кітап оқыған фанаттар қатарынанмын. Кітапта әр кейіпкер тереңінен ашылған соң, бұл әлем одан сайын қызықтырып, беріліп оқыдым. «Ұйқым қанбаса да, оқып шығам, мен білуім керек» деген кітап – “От сауыты”. Ана лабиринттегі оқиғалар өзің де бірге саспенсте отырып оқитындай ғой.

Жас кезімде Хәрриді, он жылдан соң бәрін жақсы көрдім
Жасөспірім кезде кітап оқығанда бірден бас кейіпкерді жақтап кететінмін. Әлбетте, Хәрри мықты, таңдаулы деген нық сеніммен жүрдім. Оның үнемі жолы болатынына, керек кезде қасында оған сенетін, оны қолдайтын адамдардың табыла қалатынына қызықтым. Бәлкім, сол кезде жеткіншек бала ретінде өзім соны қажет еттім, сол нәрсе маған жетіспеді. Араға он жыл салып қайта оқығанымда, әр кейіпкерін жақсы көріп кеттім. Әрқайсының өз жан-жарасы бар тұлға екенін түсіндім. Кикимердың оқиғасы – тура жүрекке оқ болып тиді ғой.
Мен Хогвартс мектебіне түссем, Хаффлпаф (Пуффендуй) факультетін таңдар едім. Бұл – Джоан Роулингтің де ең сүйікті факультеті. Маған осы факультеттің: «Мен бәрін бірдей оқытамын және бәріне бірдей қараймын» деген ұстанымы өте жақын. Қазір өзім оқытушы болғандықтан, әр студентті бөліп-жармай, бәріне бірдей білім мен қолдау беру керек екенін түсінемін. Пуффендуйлықтар еңбекқор, адал және өз қағидасына берік болған жандарды бағалайды. Олар мұны атақ немесе мақтау үшін емес, жүрек қалауымен жасайды. Қазіргі медиа әлемінде мұндай шынайылық пен сенімділік – құнды қасиет деп білемін.
Бізге «Росмэн» аудармасы жақын болды
Бірден ойыма түсіп тұрғаны, Снегг пен Снейп. Бастапқыда неге кітап пен фильмде екі түрлі айтады деп түсінбейтінмін. Кейін ғой, оның артында көп еңбек, үлкен команда, авторлық құқық дегендер тұрғанын түсіндік.
Біздің қатарластарымыздың дәл «Росмэн» аудармасын жоғары қоятынының бір себебі – аударма атауларының бізге түсінікті екенінде. Яғни классикалық аударма арқылы есте қалатындай етіп жасай алған. Өзіме Когтевран мен Пуффендуй – ағылшын тіліндегі түпнұсқа сөздің «вайбын» жеткізіп тұрған сияқты көрінеді. Сиқыр міндетті түрде түсініксіз «абракадабра» емес, түсінікті қарапайым тілде қолжетімді деген ой салады.
Араға он жыл салып, қазақша аудармасын оқыдым. Әр әрекеттің, шешімнің артында үлкен себептер бар екенін байқап түсіндім. Жылдар өте қайталап оқитын кітаптарым көп емес. Бірақ оқыған сайын өзіммен бірге кітаптағы кейіпкерлер де есейіп, ерекше дана болып кеткен сияқты көрінеді.
Сіңілімді нағыз «поттербас» етіп өсірдім. Әуелі фильмдерін көрсеттім, сосын кітаптарын бердім. Ресми қазақша аудармасы шыққанда бірден сатып алып бердім. Әзілдеп оған: «Сен менің ең сәтті инвестициямсың», деймін.

Сериалға кәсіби тұрғыдан да қызығамын
Фанаттың көбі актерлық құрамда сырт келбетіне қатысты өзгеріс барына реніш білдіріп жатыр ғой. Мен үшін фильмдерде түсініксіз болып қалған, ал кітапта жақсы ашылған және маңызы бар сахналардың болғаны маңыздырақ. Меніңше, фильмді ғана көрген адамдар үшін пайдалы болар еді. Жалпы сол сиқыр әлемін дұрыс фабулада ұсынудың бір жолы деп есептеймін.
Жаңадан шығатын сериалды міндетті түрде көремін. Поттербастарды түсінбейтін, оларды балалықтан есеймеген адам санайтындардың барын да білемін. Десе де бұл жерде тек фанатизмнен бөлек, салалық тұрғыдан да қызығамын. Медиа саласында жұмыс істегендіктен көп нәрсеге қызығасың. Мен дүниеге келген жылы Хәрри туралы алғашқы кітап әлемдік бестселлер болды. Бүкіл әлем сүйіп оқыды, кейіннен фильмдерін көрді. 30 жыл өтсе де, әлі де ел аузында, қазіргі тілмен айтқанда «праймда» болған дүние. Фильмде де, енді шығатын сериалда да Джоан Роулингтің өзі қатысқаны – сценарийдің құндылығын арттыратын сияқты. Себебі фанаттар түрлі теорияны талқылағанды жақсы көреміз. Автор әр нәрсеге, кейіпкерге, сөзге мән салады. Соны бақылаған қызық.
«91» тобының әнінде: «Мама, мен әлі де сиқырға сенгім келеді» деген сөз бар. Маған осы сезім кітаптағы күймен үндес сияқты. Ғажайыпқа сенетін бала көңіл ешқайда кетпейді, тек қайта шақырғаныңды күтеді. Мен білетіндердің бәрі бір ауыздан: «Кітап фильмнен әлдеқайда қызық екен» дейді. Мұны кеш түсінгендері өкінішті.
Шыңғыс Мәдібек, Хаффлпаф факультеті:
Хәрри Поттер талғамыма айтарлықтай әсер етті
Кітаппен алғаш рет алғашқы екі фильм жарық көргеннен кейін таныстым. 2003 жылы досымнан «Хәрри және пәлсапа тас» пен «Құпия бөлмені» сұрап алып оқыдым. Ол кезде тоғыз жастамын, үшінші сыныпта оқитынмын. Оған дейін де біраз дүниені еңсеріп тастаған едім. Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финнің бастан кешкендері» сүйікті шығармаларымның бірі болатын. Дегенмен Хәрри Поттердің сиқырлы әлемі талғамыма айтарлықтай әсер етті. Уақыт өте келе бұл топтама Дюманың «Үш мушкетері», Булгаковтың «Шебер мен Маргаритасы», Пьюзоның «Көкесімен» (Крестный отец) қатар тұратын бағалы туындылардың біріне айналды.

Кітапты көбіне үйде, тыныш ортада, күндіз жарықта оқығанды ұнататынмын. Бірақ ұзақ сапарларға да бірге ала кететінмін. Тіпті ауылда, ата-әжемнің қасында жүріп оқығаным да есімде.
Фильмнен көңілім қалды
Алтыншы кітап – «Шалақан ханзада» (Принц-полукровка) оқығанымда Том Реддлдің өткен өмірі туралы білген өте қызық болды. Түнгі үшке дейін бас алмай оқитынмын. Алайда экрандалған нұсқасы шыққанда, қатты көңілім қалды. Фильм авторлары түпнұсқаны тым қатты қысқартып жіберіпті, хикаяның есте қаларлық тұстарынан жұрнақ қана қалғандай сезілді. Мен үшін бұл – Хәрри Поттер туралы фильмдердің ішіндегі ең соңғы орында тұрған бөлім.
Кейде сүйікті үзінділерімді қайталап оқып тұрамын. Уақыт өте келе «Феникс алқасының» бүкіл цикл ішіндегі саяси астары ең қалың бөлім екенін түсінесің. Экранда бұл бөлім де қатты қысқарған, бірақ Имельда Стонтон Амбридж ханымның рөлін шебер ойнап шықты. Ол – бүкіл хикаядағы ең көп уын шашатын, яғни токсик кейіпкер. «Феникс алқасы» ұзақ уақыт билікте отырған адамдардың арасындағы саяси күдікшілдікті және шындықты мойындаудан қалай қашатынын керемет көрсетеді.
Бір кездері ініме барлық жеті томды бастан-аяқ дауыстап оқып бергенім бар. Сонымен қатар «нөлінші» жылдардағы Хәрри Поттер туралы ескі ойындарды бірге ойнайтынбыз. Ол кезде ойындарда кинодағыдай шынайылық аз болса да, фильмдерде жоқ Пивз секілді кейіпкерлер болатын және кішкентай Поттердің отты шаяндармен шайқасатын сәттері қызық еді.
Хаффлпаффтың ресми мүшесімін
Нағыз жанкүйер ретінде айтайын: Pottermore-да мен ресми түрде Хаффлпафф факультетіне қабылдандым. Патронусым – тұйғын құсы. Ал мені таңдаған таяқша қара жаңғақ ағашынан жасалған, өзегінде феникс құсының қауырсыны бар. Неге Хаффлпафф? Иә, олар Гриффиндор сияқты көзсіз батыр немесе Слизерин сияқты айлакер емес. Бірақ олар ісіне адал, сөзіне берік және достықты бәрінен биік қояды. Біз еңбекқорлығымыздың арқасында тәжірибе жинап, алға жылжимыз.
Хикаямен бірге есейдім
Басты кейіпкерлердің біреуіне ғана ұқсауға тырыстым деп айта алмаймын. Бұл кітаптардың құндылығы – сен хикаямен бірге есейіп отырасың. Әр жаңа бөлім сайын ойың, жағдайды қабылдауың өзгеріп, түрлі сәтте әр кейіпкердің болмысынан, әрекетінен өзіңе жақын тұстарды тауып отырасың.
Фильмдерді кинотеатрда көрдім. «Әруақтар сыйының» қос бөлімі шыққанда халық ерекше толқыды. Бұл біздің буын үшін тұтас бір дәуірдің қоштасуы секілді болды.
Сериал жаңа леп әкеледі деген үміттемін
Жанкүйерлер арасында сериалға түскен актерларға қатысты талас көп екені рас. Бірақ ескі хикаяға жаңаша қарау бәрібір қызық.
Ең бастысы, жобаның сапасы. Сериал форматы уақыт жағынан ұтымды, сондықтан кітаптағы оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндап, кейіпкерлердің болмысын тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кейбір өзгеріс те болады. Қазірдің өзінде сериалда кітап пен фильмде айтылмаған тұстар, мысалы, философиялық тасты жасаған Николас Фламельдің тағдыры немесе Люциус Малфойдың бірінші маусымда-ақ бой көрсетуі туралы сөз қозғалып жатыр. Авторлар оқиғаны кеңейтіп, жаңа леп әкелер.

Аида Аяберген, Райвенкло факультеті:
Седриктің қазасы бәрін өзгертті
Мен сиқыр әлемімен 12-13 жасымда таныстым. Әпкем қалалық кітапханадан «Хәрри Поттер және пәлсапа тасты» алып келді. Ол қызығып оқып жатқан соң, мұқабасына қарап мен де қол создым. Содан бері бұл әлемнен қол үзген емеспін.
«От сауыты» есімде ерекше сақталыпты. Үш сиқыршы турнирінің сахналарын демімді ішіме тартып оқыдым. Турнир қатысушылары үшін тақымымды қысып отырдым десем болады. Седриктің қазасы бүкіл хикаядағы ең ауыр әрі күтпеген жағдай болды. Содан кейін кітаптың сарыны өзгеріп, қауіп пен қайғының шын екенін сезіне бастадық.

Хәрмионаға әрдайым қызығам
Өзімді Равенкло (Когтевран) факультетіне жатқызамын. Себебі мен өзім ғылым саласында жүргеннен кейін жаңа нәрсені үйренуге, түрлі дағдыны игеруге, күрделі мәселені талдауға және әр нәрсенің терең мәнін түсінуге ұмтыламын. Күнделікті өмірде логика мен дәлелге сүйенемін.
Қыз болған соң маған Хәрмионаа Грейнжер жақын болды. Ол өте зерек, төзімді, әрдайым дұрыс жолды іздейді. Бұрын оның зейініне қызықсам, қазір оның адамгершілігін, адалдығын, достыққа беріктігін жоғары қоямын. Ол қиын сәтте достарын тастамайды. Сондықтан Хәрмионаа мен үшін жай ғана озат оқушы кейпінен асып, ішкі өзегі мықты, сенімді жан ретінде көрінеді.
Бүкіл топтаманы есейген шағымда әлі қайталап оқымадым, бірақ соған қатты құштармын. Кітаптың жаңа қырлары ашылатынына сенімдімін. «Росмэн» аудармасы мен үшін алғашқы әрі жалғыз нұсқа болды. Нақты есімде қалған детальдар болмаса да, дәл осы нұсқа жадымда берік сақталыпты.
Джинни сериалда ашылса екен
Трейлерді көрдім. Бұрынғы фильмдерде ескерілмеген ұсақ-түйекке мән берілгені ұнады. Мысалы, Хәрмионааның сырт келбеті ақыры кітаптағы суреттемеге сай келеді екен, бұл мені қатты қуантты.
Сериалда бұрынғы фильмдерде көлеңкеде қалып қойған кейіпкерлердің ішкі әлемі ашылса екен деймін. Кинода Джинни Уизли тым бәсең, жай ғана Хәрридің қасындағы қыз болып көрінді. Ал кітапта ол – өте батыл, тілі өткір, ешкімге мойынсұнбайтын, квиддичті керемет ойнайтын кейіпкер. Мейлі, сериал кітапты айнытпай қайталамаса да, фильмде атүсті өткен маңызды сәттерді қамтыса екен. Жаңа туындыны міндетті түрде тамашалаймын. Бұл – мен үшін балалық шаққа оралудың таптырмас мүмкіндігі.
Ал әлі оқымағандарға айтарым: фильмді көрсеңіз де, кітапты қолға алыңыз. Өйткені ондағы кейіпкерлердің ішкі дүниесі мен оқиғалардың тереңдігі мүлдем басқаша әсер береді. Бұл туындының сыртқы сиқырлы әлемінен гөрі оның өзегіндегі адалдық, жауапкершілік пен нағыз достық құндылықтары әлдеқайда тереңірек.
Сонымен, сериал 2026 жылы желтоқсанда шығады. Қазақстандық поттербастардың алғашқы буыны оны міндетті түрде күтіп алады: біреуі жалғыз, біреуі балаларымен бірге, ал енді бірі баяғыда шкафқа тығылып бірге кітап оқыған достарымен бірге тамашалайтын шығар.




