МедиаҚоғамБір жұмыста 70 жылдай істеп жүрген 96 жастағы жапондық әжей

Бір жұмыста 70 жылдай істеп жүрген 96 жастағы жапондық әжей

30 мамыр 2026
3 мин
Фото: Guinness World Records

Бір ғана мекемеде, бір қызметте 70 жылдай тоқтамай жұмыс істей алар ма едіңіз? Үнемі ізденіс пен өзгеріс трендке айналған қазіргі жаһанданған дәуірде мұны елестетудің өзі қиын. Ал жапониялық Ясуко Тамаки үшін бұл – үйреншікті өмір салты. 1956 жылы 26 жасында кеңсеге қатардағы қызметкер болып кірген ол 96 жасқа толса да, әлі жұмыс істеп келе жатыр. Осындай табандылығының арқасында әжей Гиннесс рекордтар кітабына «әлемдегі ең қарт офис-менеджер» ретінде еніп, өз ісіне ең адал адам атанып отыр. Tamga Media ғұмырын бір кәсіпке арнаған кейіпкердің тарихына үңіліп көрді.


Еңбек кітапшасындағы жалғыз жұмыс орны


Ясуко Тамаки 1930 жылы 15 мамырда дүниеге келген. Оның мансабы 1956 жылы Осака қаласындағы Sunco Industries компаниясынан басталды. Бұл – құрылысқа қажет бұрандалар, шуруптар мен бекіткіш бөлшектер сатумен айналысатын Жапониядағы ең ірі компаниялардың бірі. Ол кезде Ясуко небәрі 26 жаста еді. Содан бері әлем өзгерді, технология дамыды, ал Ясуконың жұмыс орны сол күйі қалды.

Компания құрылған алғашқы жылдардан бері оның көз алдында басшылықтың үш буыны ауысты. Ол жұмысқа кіргенде мекемеде небәрі 20 адам істесе, қазір ұжым саны 430-дан асады. Ол ұзақ жылдар бойы кадрлар бөлімінде еңбек етіп, бухгалтерия мен ішкі коммуникацияға жауапты болды. 40 жасында бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілді. 2020 жылы 90 жас 174 күнге толған шағында Гиннесс рекордтар кітабы оны ресми түрде тіркеді. Мәліметтерге сүйенсек, ол 2026 жылы 96 жасында да қызметін жалғастырып, еңбек өтілі 70 жылға жуықтаған.


Компанияның «тірі шежіресі»


Ұжым Ясуконы мекеменің «тірі шежіресі» деп құрметтейді. Себебі ол қағазға түспеген, есептерде жазылмаған компанияның бұрынғы қиын-қыстау кезеңдері мен дағдарыстан қалай шыққанын жас мамандарға үнемі айтып отырады. Ол тіпті өзімен басқа бөлімде істейтін, жүзбе-жүз көріспеген әріптестерінің де немен айналысатынын беске біледі.


Сондай-ақ Ясуко тек ескіге жармасып отыратын адам емес. Ол басшылыққа жастардың келуін және буын алмасуын толық құптайды. Оның «әр заманның өз көшбасшысы болуға тиіс» деген ұстанымы бар.


90 жасында әлеуметтік желіні белсенді пайдаланған


Тамакидің ең таңғаларлық қасиеті – оның заманға сай бейімделе білуі. Көп адам қартайған сайын жаңа дүниені үйренуден қашады. Ал Ясуко 67 жасында компьютерде жұмыс істеуді нөлден бастап оқып, 70 жасында оны еркін меңгеріп алған. Жасы ұлғайғанына қарамастан, ол әріптестерімен бірге түнде де тау шаңғысын тебуге барады екен.


Мұнымен тоқтап қалмай, 86 жасында біліктілігін арттыру курстарына қатысып, 90 жасында әлеуметтік желілерді белсенді қолдануға көшкен. Әжейдің бұл таңғаларлық жетістігіне кейін Гиннесс өкілдері де назар аударған.


Рекордшының бір күні қалай өтеді?


90 жастан асқан шағында осынша белсенді болуының құпиясы оның күнделікті рутинасында жатыр.


  • Ол таңғы 5:30-да ұйқысынан оянып, күнін ерте бастағанды жақсы көреді.


  • Таңертең міндетті түрде жарты сағат йогамен айналысады, одан кейін буддистік сутраларды (дұға-өсиеттерді) оқып, жан тыныштығын табады.


  • Жұмысқа жаяу, автобус немесе метро арқылы барады.


  • Когнитивті қабілетін дамыту үшін үнемі кітап оқиды. Тіпті, жапон иероглифтерін білу деңгейін тексеретін өте қиын Кандзи тестін (Semi-Grade 1) сәтті тапсырған.


  • Бос уақытында логика мен есте сақтау қабілетін жақсартатын қытайлық маджонг ойынын және түрлі карта ойынын ойнайды.

Икигай – өмірдің мәні мен ұзақ жасау құпиясы


Жапондықтарда «Икигай» деген ұғым бар. Ол «таңертең ұйқыдан қуанып оянуға себеп» немесе «өмірдің мәні» дегенді білдіреді. Икигай – адамның сүйікті ісі, қолынан келетін кәсібі, қоғамға тигізер пайдасы мен табыс көзінің бір нүктеде тоғысуы.


Батыс мәдениеті бір істі ондаған жыл бойы істей беруді «ішпысарлық әрі қайталана беретін іс» немесе «тоқырау» деп қабылдайды. Ал жапондық философия, керісінше, қайталаудан бақыт табуға үйретеді. Мәселен, әлемге әйгілі жапондық суши шеберлері немесе қыш құюшылар бір ғана қимылды, мысалы, 50 жыл бойы күріш жуып, содан ләззат пен тыныштық табады. Олар үшін бір істі қайта-қайта жасау – шеберлікті шыңдаудың үздіксіз процесі әрі күнделікті медитация.


Ясуко Тамакидің бір орында 70 жылдай шаршамай жұмыс істеуінің басты сыры да осы философияда жатыр. Ол күнделікті кеңсе тіршілігін, қағазбастылық пен есеп-қисапты ауыр міндет емес, өмірінің мәні, яғни икигайы деп қабылдаған.


Гиннесс сертификатын қолына алған сәтте әжей мұны үлкен ерлік санамайтынын айтып, өз икигайын былай түсіндірген:


«Мен осынша жыл менен не талап етілді, соны ғана істеп келдім. Бәрі кішкентай қадамнан басталатынына сенемін. Өмірге басқаларға пайдалы болу үшін келгендеймін. Компания басшылығының, менеджерлердің және әріптестерімнің көңілінен шығып, оларды қуанту – менің басты мақсатым болды».

Бөлісу:

Бір жұмыста 70 жылдай істеп жүрген 96 жастағы жапондық әжей