МедиаҚоғамБір уақытта алты қарындашпен алты портрет салған суретші

Бір уақытта алты қарындашпен алты портрет салған суретші

16 мамыр 2026
2 мин
Художник, одновременно нарисовавший шесть портретов шестью карандашами
Суретші Мейрамбек Китанов | Фото: Жеке архивінен

Бір уақытта алты қарындашпен алты тарихи тұлғаның портретін салу мүмкін емес сияқты көрінеді. Дегенмен әлеуметтік желіде небәрі бір сағаттың ішінде дәл осындай ерекше жұмысты жасаған суретшінің видеосы кең тарап кетті. Бірі мұны нағыз рекорд ретінде бағаласа, енді бірі автордың ерекше табандылығы мен шеберлігіне таңдай қақты. Бұл таңғаларлық еңбектің авторы – Мейрамбек Қитанов.


Мейрамбек Қитанов Алматыдағы Алатау дәстүрлі өнер театры декорация бөлімінің басшысы болып қызмет етеді. Ол бұған дейін де үш қарындашпен үш адамның портретін қатар салған. Бұл жолы суретші өз мүмкіндігін тағы бір мәрте сынап көріп, рекордын жаңартуға бел буған. Сөйтіп қазақтың бірқатар тарихи тұлғасының бейнесін бір уақытта қағазға түсірді.


Мейрамбек Қитанов: 

«Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына, Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына, Өзбекәлі Жәнібеков пен Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай, суреттерін салдым». 


Оның айтуынша, бір уақытта бірнеше бейнені қатар салу оңай емес. Бұл үшін қолдың шапшаңдығы ғана емес, мидың бірнеше образды бір мезетте бақылап, үйлестіре алуы да керек. Мұндай жұмыс көп дайындық пен тұрақты жаттығуды талап етеді.


Мейрамбек Қитановтың өзі Қызылорда облысында дүниеге келген. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркем-сурет факультетінде білім алған. Қазір Алатау дәстүрлі өнер театрында қойылымдарға қажет бұйымдарды жасап, сахнаны безендіреді.


Суретші тек бір бағытпен шектелмейді. Оның тағы бір ерекше қыры – жіп пен шегені пайдаланып портрет жасайтын стринг-арт өнері.


Мейрамбек Қитанов:

«Бұл іспен айналысып жүргеніме бір жылдан асты. Стринг-арт өнері Қытай мен Ресейде жақсы дамыған. Бұл бағыт өте күрделі. Аса шыдамдылық пен табанды еңбекті талап етеді. Бір тұлғаның бейнесін толық шығару үшін 10-13 сағаттап уақыт жұмсауға тура келеді. Оны жасап жатқанда қырағы болуың керек. Әуелі шаршы тақтаға 240 шегені дөңгелек формада айналдырып, қағып аламыз. Кейін қара жіпті шегеге іліп, тұлғаның жүзін бейнелейміз». 


Ол осы әдіспен Джеки Чан, Маколей Калкин, Өмірқұл Айниязов, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Ерболат Тоғызақов сияқты танымал тұлғалардың портреттерін жасаған. Оның айтуынша, мұндай жұмыстарға деген сұраныс қазір күннен-күнге артып келеді.


Бұдан бөлек, Мейрамбек Қитанов карикатура жанрымен де айналысады. Оның пікірінше, бұл – бейнелеу өнеріндегі ең күрделі бағыттардың бірі. Себебі ол тек шебер емес, адамның мінезін тереңінен тани білуі керек. Суретші карикатура арқылы келемеж емес, адамның ішкі болмысындағы жылы қасиеттерді көрсетуге тырысатынын айтады. 


Мейрамбек Қитановтың ойынша, сурет салуға деген қабілет туа біткенімен, оны дамытатын жалғыз жол – үздіксіз еңбек пен табандылық. Оның пайымдауынша, сурет – жай ғана бейне емес, ол ой мен сезімнің, жігер мен шеберліктің түйіскен тұсы. Сондықтан оның әр туындысы – үнсіз, бірақ терең әңгіме іспетті.

Бөлісу:

Бір уақытта алты қарындашпен алты портрет салған суретші