Таңда бір шыны кофе ішу — тіс тазалап, одан қалса ояна сала телефон қарау сияқты үйреншікті әдетке айналды. Бойымызды сергітіп, жұмысқа ширақ кірісу үшін, тіпті кейде әдет болып қалған соң ішеміз. Кофе неғұрлым танымал болған сайын, мамандар да оған үйір болудың зиянын жиі айтып жүр. Tamga Media мамандармен сөйлесіп, кофеге қалай бой үйретіп кететінімізді, оның ұйқыға қалай кедергі жасайтынын және денсаулыққа салмақ салмай-ақ, бұл әдеттен қалай арылуға болатынын білді.
Адам кофеге қай уақытта әуес болады?
Нутрициолог Лилия Карпусевичтің айтуынша, кофеинге кофені көп ішкеннен ғана үйреніп кетпейміз. Ең қызығы, бұған адамның гені, ағзасы мен сусынның қалай дайындалғаны да әсер етеді.
«Біздің генімізде CYP1A2 деген арнайы фермент бар. Кофеиннің ағзаға сіңіп, жүйке жүйесіне әсер етуі де осыған байланысты. Содан болар, біреулер кофеге бірден үйреніп кетсе, ал кейбіреулер оған көп үйір бола қоймайды», – дейді маман.

Сонымен қатар әр сусындағы кофеин әртүрлі. Мысалы, эспрессоға қарағанда фильтр-кофеде кофеин көбірек болады. Ал энергетик сусындары тіпті бөлек: оның құрамында кофеиннен бөлек қант та көп. Қант миға әсер етіп, адамды сусынға қайта-қайта тартып тұрады.
Мұнымен қоса, мамандар тек сусынның құрамына емес, әдеттерімізге де мән беру керек дейді. Мұны білудің ең оңай жолы – күніне қанша шыны кофе ішетініңізді санау.
«Күніне бір-екі шыны кофе ішу – қалыпты нәрсе. Ал одан асып кетсе, бұл кофеге тәуелді екеніңізді білдіреді».
Кофе ішпеген күні өзіңізді қалай сезінетініңізге мән беріңізші. Бір шыны кофе ішпесеңіз, мазаңыз қашып, жұмысқа мүлдем зауқыңыз соқпаса – ағзаңыз кофеге әбден үйреніп алған.
«Мұндайда адам тез ашуланып, бойын енжарлық басады, күш-қуаты таусылғандай болады. Қысқасы, кофеинсіз ми да дұрыс істемейді. Содан жұмыс өнімділігі төмендеп, белсенділігіңіз бәсеңдейді», – дейді нутрициолог.

Бірақ бәрінде бірдей олай емес. Мысалы үнемі қан қысымы төмендеп кететін адамдар кофемен сергіп алады. Мұндай жағдайда кофе ішпесеңіз, бойдағы әлсіздік кофеге үйір екенінен емес, жай ғана ағзаның ерекшелігінен.
Неге кофеден бас тарту қиын?
Сомнолог-невролог Әділ Бейсенбаевтың айтуынша, кофеге үйір болу әдеттен ғана емес. Көбіне адамдар кофені энергия береді деп ойлайды, бірақ шын мәнінде оның әсері мүлдем басқаша.
«Мида нейротрансмиттер аденозинді анықтайтын рецепторлар бар. Аденозин – бұл шаршау молекуласы. Көп күш жұмсаған сайын қанымызда аденозин көбейіп, миға шаршағанымызды білдіреді. Ал кофеиннің құрылымы осы аденозинге қатты ұқсайды. Кофе ішкенде кофеин әлгі рецепторлардың орнын алып қояды. Содан аденозин өз сигналын жеткізе алмай қалады. Яғни кофе адамды сергітпейді, жай ғана шаршағаныңызды сездірмей, миды алдап тұрады», – дейді маман.
Дәл осы себепті кофе ішкенде өзіңізді сергек сезінесіз. Бірақ іс жүзінде шаршағаныңыз ешқайда кетпейді, іште жинала береді. Уақыт өте келе ағза бұған үйренеді де, адам кофе ішпесе, жұмыс та істегісі келмейді.
Көбіміз үшін кофе ішу дағдыға айналған: біреу таңын кофе ішіп бастаса, біреу жұмыс арасында үзіліс жасау үшін ішеді, ал тағы біреулер дос-жаранмен кездесуді немесе жұмысқа барар жолды кофесіз елестете алмайды.
«Бұл жерде психологияның да әсері бар. Адам иісі бұрқырап әрі дәмді болып тұрған кофені ішкенде ерекше рахат сезімге бөленеді. Содан кофеге үйренген жандарда әдет қалыптасады: таңертең де кофе, түсте де кофе. Қысқасы, кофе олардың күнделікті іс-әрекетінің бір бөлігі болады».

Оған қоса адам кофе ішпесе, өзін үнемі шаршап тұрғандай сезеді. Маманның айтуынша, адам «кофе ішпесем, энергиям болмайды» деп өзін сендіріп алады. Көбіміз жақсы жұмыс істеу үшін міндетті түрде кофе ішу керек деп ойлаймыз. Ал негізінде бойымыздағы енжарлықты басқа жол арқылы басуға болады.
Кофеинді қалай азайтуға болады?
Мамандар кофеден бірден бас тартпау керек дейді. Одан да ішетін кофені біртіндеп азайтып, күнделікті қарапайым әдеттерді өзгерту әлдеқайда тиімді.
«Ең дұрысы – күніне екі шыныаяқ кофемен шектелу. Одан көп ішіп жүрсеңіз, осы мөлшерден асырмауға тырысыңыз», – дейді нутрициолог Лилия Карпусевич.
Маманның айтуынша, ұйқыны қандыру өте маңызды. Адам дұрыс демалғанда ағза өз күшін өзі қалпына келтіреді де, кофеге жүгірудің қажеті болмайды.
«Ұйқыға сағат 22:00 мен 23:00 арасында жатқан дұрыс. Өйткені дәл осы уақытта ұйқы гормоны – мелатонин бөлінеді».
Көбіміз елемейтін тағы бір маңызды нәрсе – суды жеткілікті ішу. Мамандардың айтуынша, ағзада су азайса, адамның әлі құрып, зейіні төмендеп, одан әрі шаршай бастайды. Кейін қайтадан кофе ішкісі келіп тұрады.
«Судың аздығынан адам селсоқ болып, әлі құриды, бір нәрсеге бас қоюы қиындап, тез ашуланады. Көбіміз су ішуді мүлдем ұмытып кетеміз де, сәл шаршай бастасақ, бірден кофе ішуге жүгіреміз», – дейді нутрициолог.
Бұдан бөлек кофе денедегі маңызды минералдарды ағзадан шайып жібереді. Ал олар жүйке, бұлшықет пен жүректің дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет. Кофені шамадан тыс көп ішсеңіз, жүйкеге салмақ түсіріп, мазаны қашырады. Сондықтан мамандар тағы бір шыныаяқ кофеге жүгіргенше немесе энергетик ішкенше, жай ғана су ішіп, жақсылап демалуды ұсынады.



