Көше қиылысындағы телефон бекеттері. Газдалған сусын сататын аппарат. Кәстрөлде қайнатылатын пластик бигудилер. Sega және Денди ойын приставкалары. Мұның бәрі еш хабарсыз, қоштаспай-ақ бір мезетте жоқ болып кетті. Кейде осының бәрін мүлдем ойламағаныңды, тіпті қашан ұмыт қалғанын да аңғармағаныңды сезіп, таңырқайсың. Олардың ажалы жеткен жоқ. Тек тіршілік ағысы басқа арнаға бұрылды да, олар жағада қалып қойды. Tamga Media осылай бір мезетте жоғалып кеткен заттарды еске алып көрді.
Телефон соғатын пунктер
Бұрын «байланыс бөлімшесі» деген арнайы орын болатын. Поштаның ішінде немесе жеке тұратын кішігірім ғимарат. Төрде кассир отырады, ал қабырға бойлай тізілген ағаш кабиналар. Әр кабинаның ішінде бір телефон, кішкене сөре және соңына дейін жабылмайтын есік. Дауыс оқшаулағыш деген атымен жоқ, арғы будкадағы көршіңіздің не айтып жатқаны анық естіліп тұратын.
Әуелі кассирге барып, қаланы, нөмірді айтып, үш-бес минуттың ақысын алдын ала төлейсіз. Сосын кабинаға кіріп, телефонның шырылдағанын күтіп отырасыз. Кейде байланыс тез орнайды, кейде сарылып күттіреді. Телміріп отырып, ақыры қоңырау шалынғанда, арғы жақтан сыздықтап, үзіліп-созылып жеткен туған жанның дауысы естіледі. Алыста болса да, тірі дауыс.
Өзге қала мен қиырдағы елге хабарласатындар үшін бұл жердің орны бөлек еді. Алыстағы ағайын, алысқа оқуға кеткен перзент, жат жердегі жақындар... Мұндағы әр қоңырау тұтас бір оқиғаға айналатын. Соған арнайы қамданып, айтар сөзіңді қағазға түртіп алып, санаулы минутқа бәрін сыйғызуға тырысатынбыз. Әр сөзіңіз ақшамен өлшенген соң ба, әңгіменің қадірі де мүлдем бөлек еді.
Кейін үй телефондары, бертін келе ұялы телефондар пайда болды. Олар алыспен байланысуды оңайлатқан соң, мұндай бекеттер де санаулы жылда қаңырап бос қалды. Ешбір хабарландырусыз, үнсіз ғана жабылып тынды. Кабиналарды бұзып, ғимараттарды басқа мақсатқа пайдаланды. Баяғы пошта ғана сол орнында әлі де тұр.

Трамвайлар
Алматы трамвайы 2015 жылы келмеске кетті. Ресми дерек бойынша, рельстер жол қозғалысына кедергі келтіріп, көшелерді жаңартуға қолбайлау болған көрінеді. Ал ел арасында «автобустар көбейген соң, трамвайды ескінің сарқыты ретінде ысырып тастады» деген әңгіме қалды. Соңғы вагон Төле би көшесімен ешқандай салтанатсыз, білінбей ғана өтіп кете барды.
Ал негізінде, бұл көлік түрі Алматыда 1937 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан еді. Сексен жыл бойы бір соқпақпен жүріп, жер сілкінісін де, кеңес өкіметін де, тәуелсіздік пен дефолтты да бастан өткерді. Жолаушылар ауысты, вагондар жаңарды, бағыттар сәл өзгерді, бірақ трамвайдың болмысы сол қалпында қалды. Ол Алматының асқар таулары сияқты қала келбетінің ажырамас бөлшегіне айналып кеткен еді.
Оның өзіне тән ерекше үні болушы еді. Құлаққа жағымсыз шу емес, нағыз темірдің сыңғыры, сәл дірілдеген металл дауысы. Бұл дыбысты бір орам жерден-ақ жазбай тануға болатын. Қазір рельстер алынып, үстіне асфальт төселген. Қала өз тарихынан еш із қалдырмауға тырысқандай. Тек бұрыннан қалада тұратындар ғана кейде көліктер ағылып жатқан кәдімгі жолды нұсқап: «Осы жерде бұрын трамвай жүретін» деп күрсінеді.

Видик пен кассеталар
Тоқсаныншы жылдары үйде видеомагнитофонның болуы нағыз мереке еді. Бұл дүние отбасының мерейі мен мәртебесін асырып, беделін айқындайтын. Егер сыныптастардың бірінде «видик» пайда болса, оны бүкіл аула еститін. Кино көруге нағыз кинотеатрға барғандай дайындалатынбыз: қараңғы бөлме, бір топ бала және жүректегі ерекше толқыныс... Кейде үлкендер де жиналып, видик бәрімізді бір экранның алдына отырғызып қоятын.
Ал кассеталар – өз алдына бөлек бір әлем. Маркермен жазылған жапсырмасы бар қалың пластик қораптарды айтсаңызшы. Кассетаны айналдырудың өзі – бір рәсім. Ол ызыңдап айналып жатқанша шүйіркелесіп шай ішіп, келесі фильмді көру-көрмеу туралы қызу таласып үлгеретінбіз.
Бүгінгі өлшеммен қарасақ, сапасы сын көтермейтін еді. Экрандағы жолақтар, бейнеден қалып қоятын дыбыс... Бірақ оған ешкім мін тақпайтын. Фильм жай ғана ермек қана болмай, нағыз оқиғаға айналатын.
DVD шыққан бойда видеомагнитофондар да сахнадан тез кетті. Кассеталарды қорап-қорап қылып далаға тастады. Қазір оларды кейде ескі-құсқы базарлардан көріп қаласың. Дегенмен адамдар оны кино көру үшін емес, өткен күннің бір белгісі, қолмен ұстауға болатын естелік ретінде ғана алады.

Телефон нөмірлері жазылған қойын дәптер
Телефон нөмірлеріне толы кәдімгі шағын қойын дәптер әрбір үйдің тірі шежіресіндей еді. Егер оны жоғалтып алсаңыз, бүкіл өткен өміріңіздің ізі өшкендей күй кешетінбіз. Кейбір нөмірді қайта табу мүмкін емес еді. Адамдар сол қағазбен бірге біржола ғайып болатын.
Қазір байланыс нөмірлері «электрон бұлтта» сақталып, бір құрылғыдан екіншісіне оп-оңай көшеді, жоғалмайды. Есесіне, нөмірлерді жатқа білуден қалдық. Көбісі тіпті өз нөмірін айта алмай мүдіреді. Ақпарат сенімді болғанымен, жадымыздың қадірі кете бастағандай.
Бұрын біреудің нөмірін жатқа білу – сол жанның сен үшін қаншалықты қымбат екенінің нышаны еді. Қазір бұл жай ғана қолыңда смартфоның жоқтығын аңғартатын белгіге айналды.
Тұтқадағы әуен
Ұялы телефондарда рингтондар пайда болмай тұрып, өзгеше бір әуен болушы еді. Біреуге қоңырау шалып, жауап күткен сәтте тұтқадан музыка естілетін. Бір-біріне ұқсамайтын, бірнеше нотадан ғана тұратын қарапайым дыбыстар... Бірақ әр компанияның өз қолтаңбасы бар еді, сен оларды ескі танысыңның даусындай бірден танитынсыз.
Қазақтелеком, Beeline, K'Cell. Әрқайсының өзіндік «күту әуені» болатын. Кейін оларды заманауи гудоктар, сосын мүлдем үнсіздік, бертін келе жарнамалар алмастырды. Тұтқадағы әуен келмеске кетті. Бұл тым кішкентай, елеусіз көрінгенімен, бәрібір бір жылулықтың үзілгені еді.

Кәстрөлде қайнаған бигудилер
Әйелдер тұратын әр үйде резеңкелі пластик бигудилер болатын. Қызғылт, сары, көк – әртүрлі шаш үлгісіне арналғандары басқа бір қораптың ішінде шаш қыстырғыштармен араласып жататын. Сол берекесіз қораптың ішінен керекті өлшемді іздеп табу өзінше бір хикая еді.
Әйелдер маңызды қуаныш алдында бигудилерді міндетті түрде қайнататын. Кәстрөл, қайнаған су, күйіп қалмас үшін қолға алған сүлгі... Ыстық пластик шашты жақсы ұстайтындықтан, суымай тұрып жылдам орап үлгеру керек. Бұл нағыз ептілікті қажет ететін, сондықтан әдетте анасы қызына, құрбысы құрбысына көмекке келетін. Бигуди – қатар отырып сырласуға, мұң шағуға таптырмас сылтау болатын.
Халат киіп, басына бигуди толтырып, ас үйде шай ішіп отырған әйелді көргенде ешкім таңғалмайтын. Мұнда ешқандай сән жоқ, тек нәтиже маңызды. Сұлулық үлкен дайындықты талап ететін және сол «құпия» процесті үй ішінің бәрі көретін. Бигуди мүлдем жоғалған жоқ, олар дүкен сөрелерінде әлі тұр. Бірақ мереке алдында плита үстінде қайнаған кәстрөл, ысыған пластиктің иісі сезілмейді.

Альбомдағы фотолар
Пленкалы фотоаппарат екінші мүмкіндікке мұрсат бермейтін. Батырманы бастың, жарқ етті ме бітті, сол сәт қалт жібермей мәңгілікке таспаланды деген сөз. Жұмылып қалған көз, оғаш кейіп, сәтсіз ракурс немесе кадрға байқаусызда кіріп кеткен жолаушы... Осының бәрі сәтті шыққан суреттермен бірге жүретін.
Фотоны арнайы студияларда шығаратынбыз. Алматының әр бұрышында, сауда үйлерінде, жерасты өткелдерінде, базар маңында мұндай нүктелер көп еді. Пленканы өткізіп, суреттерді бір сағаттан соң немесе ертесіне барып алатынбыз. Осы бір сарылып күтудің өзі тұтас бір оқиғаға айналатын. Не шығатынын білмей, іштей толқып жүру – процестің ең қызық тұсы. Тосынсыйға толы сәттерді бәріміз жақсы көретінбіз.
Бүгінде біз бір уақытта ондаған сурет түсіріп, ішінен жалғыз біреуін ғана қалдырамыз. Қалған тоғызын "сәтсіз" деп бірден өшіріп тастаймыз. Бірақ дәл сол қолымыз бармай өшірген суреттеріміз өмірдің ең шынайы сәттері болар ма еді, кім білсін...
Техника дамыған сайын суретті де сапалы түсіретін болдық, бірақ естеліктер жадымызда аз сақталады. Фото бұрынғыдан әлдеқайда көп, ал көкейдегі бейнелер неге екені белгісіз, азайып бара жатқандай.

Денди, Sega және батарейкалы тетрис
Денди қазақстандықтардың үйіне тоқсаныншы жылдары келді. Сұр түсті приставка, қос батырмалы джойстик және ара-тұра суырып алып, үрлеуді қажет ететін картридж... Осы бір «картриджді үрлеу» әдісі – баладан балаға тарайтын, ғылым түсіндіре алмайтын ерекше «құпия ілім» іспетті еді. Оның шынымен көмектесетініне ешкім кепілдік бермесе де, үрлеген соң ойынның жүріп кететініне бәріміз сенетінбіз.
Көп ұзамай Sega келді. Ол жылдамырақ, түстері қанық, ал экрандағы суреттері нағыз өмірдің өзіндей көрінетін. Sonic, Mortal Kombat, FIFA сынды ойындарды әр мектеп оқушысы жатқа білетін. Ол кезде үйде Sega-ның болуы – қазіргі соңғы үлгідегі iPhone-мен тең еді. Тек ойнау үшін емес, сол ойынды көру үшін де арнайы іздеп келетіндер көп болатын.
Ойынды кезекпен ойнайтынбыз. Біреуі джойстик ұстаса, қалғандары жабылып қарап отыратын. Осы бір күту сәті еш жалықтырмайтын, өйткені өзгенің ойынын тамашалау өзің ойнағанмен бірдей қызық болатын. Ақыл айтып, кеңес беріп, өзара қызу таласатынбыз. Тіпті қолда жалғыз джойстик болса да, ойын бәрімізге ортақ іске айналатын.
Ал тетристің жөні мүлдем бөлек. Қалтаға сыйып кететін, батарейкамен істейтін кішкене сұр «кірпіш» секілді. Оны жолға, кезекке, тіпті қызықсыз сабақтарға да жасырып алып шығатынбыз. Экраны титтей, дыбысы шиқылдаған бірдеңе болса да, одан бас алмай ойнаушы едік. Тетрис тұтас бір буын үшін ең алғашқы жеке гаджетке айналды.

Ұялы бірлік толтыруға арналған карточка
Кәдімгі қағаздан сәл қалыңдау бұл дүниенің бір жағында оператор логотипі мен құны: 100, 200 немесе 500 теңге деп бадырайып жазылып тұратын. Ал екінші жағында құпия код жасырылған сұр жолағы болушы еді. Оны лотерея билеті ұқсатып, тиынмен еппен қыру керек.
Осы бір «қыру» процесінің өзі – қызық дүние. Сандарды зақымдап алмас үшін байқап қимылдап, ақырын өшіресің. Сұр ұнтақ үстелге немесе алақаныңа шашылып, жолақ астынан ұзын-сонар сандар көріне бастайды. Оны телефонға қателеспей теру – өз алдына бір жұмыс. Бір саннан мүлт кетсең болды, жүйенің «Кодыңыз қате» деген салқын жауабы бәрін басынан бастауға мәжбүрлейтін.
Карточкалар барлық жерде сатылатын: дүңгіршекте, базарда, тіпті дүкендер де тұратын. Оны сыйға беретінбіз, қарызға алатынбыз, кейде қырылмаған күйі жоғалтып та алатынбыз. Егер қалтаңда әлі іске қосылмаған карточка болса, ол кәдімгі «қаражат» сияқты көңілге демеу болатын.
Терминалдар мен мобильді қосымшалар келгенде, бұл карточкалар да дыбыссыз ғайып болды. Соңғы рет оларды 2010 жылдардың ортасында көрген сияқтымын, ал қазір еш жерден таппайсың.
Газдалған су автоматы
Кеңес заманында бұл автоматтар әр бұрышта тұратын. Кейін біршама уақыт көзден таса болып, 2000 жылдары жаңарған кейіпте қайта оралды. Бірақ біздің айтпағымыз – сол баяғы темірден соғылған, үстінде жалғыз қырлы стақаны мүлгіп тұратын ескі автоматтар.
Аппарат оңай қосылатын: тиынды тастайсың, батырманы басасың, шүмектен су шапшып шыға келеді. Стақан бәріне ортақ – оны сол жерде төменнен айналып ағатын суға бір шайып жіберіп, қолдана бересің. Бүгінгінің талғамымен қарасақ, бұл ерсі көрінуі мүмкін. Бірақ ол кезде бұған ешкім бас ауыртпайтын. Суды ішетін де, өз жолымен жүре беретін.
Судың екі түрі болатын: шәрбатпен және шәрбатсыз. Тәтті шырын қосылғаны қымбатырақ тұратын. Сары немесе қызыл түсті жеміс сироптарының дәмі тіл үйіретін әрі мұздай болатын. Алматының аптап ыстығында бұдан асқан рахат табу қиын еді.
Бұл автоматтар да дәуірмен бірге келмеске кетті. Олардың орнын алдымен пластик бөтелкелер, кейін темір құтылар мен кофе аппараттары басты.

Үй телефоны
Бұл аппарат әдетте дәлізде немесе қонақ бөлмедегі тумбочканың үстінде тұратын. Дискілі немесе батырмалы, уақыт өте келе ширатылып, түйін болып қалатын ұзын сымы бар кәдімгі үй телефоны... Ол кезде өзіңнің де, өзгенің де нөмірін жатқа білу – қалыпты жағдай еді. Досыңа қоңырау шалу үшін нөмірді кезек-кезек ерінбей теріп, сабырмен күту керек. Кейде тұтқаны бірден көтереді, кейде оныншы гудокқа дейін сарылтып қояды, ал кейде мүлдем жауапсыз қаласың.
Үй телефонына қоңырау шалу нақты бір адамға емес, тұтас бір үйге хабарласу деген сөз еді. Тұтқаны кез келген жан – анасы, әкесі, інісі немесе әжесі көтеруі мүмкін. Сондықтан бұл іс ерекше сыпайылықты қажет ететін. Амандасып, өзіңді таныстырып, сосын барып керекті адамды шақыруын өтінесің. Сөйлескің келген жанға жеткенше кішігірім рәсімнен өткендей боласың.
Егер байланыс желісі бос болмаса, күтіп, қайта хабарласуға тура келеді. Қысқа гудоктар біреудің сөйлесіп жатқанын аңғартады, ал ол әңгіме сағаттарға созылуы мүмкін. Телефон бүкіл отбасына ортақ болғандықтан, кезекке тұру үшін кейде өзара келіссөз жүргізуге де тура келетін.
Алматыдағы соңғы үй телефондары жоғалып кеткен жоқ, олар тек шырылдауын қойды. Аппараттар әлі де көптеген үйлерде тұр, желіге қосулы, нөмірі де сақталған. Бірақ оған қоңырау сирек түседі, түссе де көбіне бейтаныс біреулер соғады. Байланысу баяғыда ұялы телефонға көшкен. Ал үй телефоны ешкімнің қолы тастауға батпайтын, үй ішінің ескі көзіндей болып қалды.

Магнитофон мен музыкалық кассеталар
Магнитофон үйдің төрінде, ең көрнекті жерде тұратын. Ол кезде теледидар мен компьютер емес, дәл осы аппарат төрдің сәні еді. Екі кассета салатын орны бар, әуен ырғағымен билейтін эквалайзер оттары жыпылықтаған үлкен магнитофон… Бұл зат үй ішіне ерекше көңіл-күй орнату немесе нақты бір іске кірісу дегенді білдіретін. Тіпті сол сәтте бүкіл үйдің тынысы өзгеріп, әуенмен бірге жаңа бір әлем ашылғандай күй кешетінбіз
Кассеталарды көбіне радиодан, өзге таспалардан немесе күйтабақтардан өзіміз жазып алатынбыз. Әрине, сапасы да әртүрлі болатын: радиодан жазғанда әннің ортасында диджейдің дауысы қосылып кетіп, бүкіл жазбаны бүлдіретін кездер де аз емес еді. Бұл кейде жүйкені жұқартқанымен, сол дәуірдің өзіне тән қайталанбас үніне айналды. Кассетаның сыртына орындаушының атын, кейде жай ғана «жинақ» немесе «би» деп өз қолымызбен жазып қоятынбыз. Әркімнің қолтаңбасы әртүрлі, соған қарап-ақ кассетаның кімдікі екенін жазбай танитынсың.
Кассетаны айналдырудың өзі бір жұмыс. Керекті әнді есептегішке қарап, мөлшермен тауып көру... Сәл асырып жіберіп, кейін қайтару, тағы да мүлт кету... Ақыры діңкең құрығанда, басынан бастап тыңдай салған әлдеқайда оңай көрінетін. Бұл әдет алдыңнан не шықса, соны сол қалпында қабылдауға, сабыр сақтауға үйрететін.
Кейін CD пайда болды, сосын mp3, бертін келе стриминг келді. Әр жаңа кезең музыканы қолжетімді еткенімен, оны «өз дүнием» деп иелену сезімін азайтып жібергендей. Қазір телефонда миллиондаған ән бар, бірақ сыртында біреудің қолтаңбасы қалған сол бір ескі кассета сенің ғана меншігің, сенің ғана жеке тарихың болып қала бермек.

Түйін
Бұл айтылғандардың бәрі бір күнде ғайып бола салған жоқ. Ешкім де келіп: «Ертеңнен бастап фотопленка болмайды» деп кесіп айтқан емес. Әр зат ыңғайлырақ дүниелердің келуімен біртіндеп жылыстай берді.
Алайда осының бәрін қоса алғанда, қазіргі әлемнің мүлдем басқаша құрылғанын аңғарамыз. Бәрі жылдамырақ, дәлірек, тиімдірек бола түсті. Бұл жақсы ма? Әрине. Дегенмен…




