МедиаӨнерБір мүсін – мың кадр: жастарды қызықтырған Almaty Museum of Arts-тағы “Қиылыс” туындысы жайлы не білеміз?

Бір мүсін – мың кадр: жастарды қызықтырған Almaty Museum of Arts-тағы “Қиылыс” туындысы жайлы не білеміз?

30 қаңтар 2026
5 мин
«Перекресток» Ричарда: что мы знаем о самой инстаграмной скульптуре
Фотограф: Зарина Гайнулина, AMA.

Биыл Алматыда Almaty Museum of Arts өз есігін ашты. Мұнда қазақстандық және шетел суретшілері мен мүсіншілерінің 700-ге жуық жұмысы қойылған. Жаңадан ашылған музей көрерменді әртүрлі бағыттағы өнер туындысымен таныстырады: сурет, мүсін, заманауи инсталляциялар – бәрі бар. Дегенмен жастардың көңілін бір туынды ерекше аударыпты. Бұл – америкалық мүсінші Ричард Серраның «Қиылыс» деген жұмысы. Әлеуметтік желідегі фото мен видеоларға қарап, музейге барғандар дәл осы мүсіннің жанында көп суретке, видеоға түсетінін байқауға болады. Жастар арасында ең танымал экспонатқа айналған өнер туындысы туралы не білеміз? 


Бір мүсін – бір зал


“Қиылыс” мүсіні Almaty Museum of Arts-тың 550 шаршы метрлік залын түгел алып жатыр. Ұзындығы – 23 метр, биіктігі – 4 метр, салмағы – 155 тонна. Тот баспайтын болаттан жасалған алып құрылым сырттай қарапайым көрінгенімен, ішіне кіргенде бәрі өзгереді.


Бұл жерде мүсінге қарап тұрмайсыз – оның ішіне кіресіз. Ол лабиринтке ұқсайды: бұрыласыз, адасасыз, қайта табасыңз. Әр қадам сайын кеңістік те, дыбыс та, сезім де өзгереді. Сол себепті жастар бұл жерде ұзақ жүреді, ойланады, фотоға, видеоға түседі. Музейдің экскурсия бөлімінің басшысы Ақжарқын Құмарбаева бұл мүсінді асықпай тамашалауға кеңес береді. Сонда ғана адам мүсіннің әсерін сезеді екен.





Ал танымал туындының авторы – ауыр металлмен жұмыс істейтін аңыз мүсінші  Ричард Серра. Оның жұмыстары әлемдегі ең беделді музейлерге қойылған. Көп адам Серраның шығармашылығын көру үшін арнайы ел-елді аралайды. Ал енді сол туындылардың бірі Алматыда тұр. Ричард Серраның туындысы Қазақстаннан басқа, Азияның бірде-бір елінде жоқ.


Оған қоса “Қиылыс” туындысы автордың өмірінің соңғы кезеңіндегі жұмыстарының бірі және ол Almaty Museum of Arts-тың тұрақты коллекциясына айналды. 


“Қиылысты” Қазақстанға қалай әкелді?


Бұл мүсін – Ричард Серраның мұхиттан ең алыс орналасқан туындыларының бірі. Оның жолы да кинодағыдай. Ең әуелі 2011 жылы оны коллекционер, миллиардер Рон Перельман сатып алып, Нью-Йорктегі Ларри Гагосян галереясына қойған. Бірақ кейін қаржыға байланысты келісе алмай, Гагосян музейін сотқа береді. Бітімге келгеннен кейін Рон Перельман мүсінді Хэмптондағы үйінің бағына қояды. 2018 жылы үй өртеніп, бірақ туынды аман қалады. 2021 жылы қаржыдан қиналған Перельман өз коллекциясын сата бастайды. 2023 жылы Ларри Гагосян мұражайы мүсінді сатып алатын адамды табады. Ол Қазақстаннан шыққан миллиардер әрі коллекционер Нұрлан Смағұлов болатын. 


Нұрлан Смағұлов та бұл  туындыны бірден таппаған. Ол бірінші Парижде Ричард Серраның “Таратқыш” деген туындысын көреді. Кәсіпкерге мүсіннің ұнағаны соншалық, оны бірнеше рет айналып шыққан екен. Өкінішке қарай, туынды ол кезде сатылып кеткен. Кейін қазақстандық кәсіпкер Гагосян галереясында Ричард Серраның тағы бір туындысы бар екенін естіп, “Қиылысты” қуана-қуана сатып алады. 






Бір қызығы, өнер туындысын Қазақстанға жеткізу оңайға соқпапты. Оны арт-дилер Ларри Гагосянның өзі әкеліп берген. Дегенмен жеткізу құнын есептеуге, логистиканы зерттеуге екі жыл кетіпті. Осыған байланысты Almaty Museum of Arts ашылу мерзімі де кейінге шегерілген екен. Өйткені алып мүсінді есіктен кіргізе алмайды. Ғимарат салынып жатқанда мүсінді кіргізіп алып, құрылысты жалғастырған. 


“Қиылысты” Америкадан Алматыға жарты жылда жеткізіп, бір ай құрастырған. Әуелі Нью-Йорктан Грузияның Поти портына, одан Әзірбайжанға, одан Каспий теңізі арқылы кемемен Қазақстанға әкелген. Бөлшектеліп тұрған мүсінді Алматыға жеткізуге 16 фура қажет болған. Оның сегізіне туындының өзін, қалғанына сол мүсінді құрастыруға қажет Badco компаниясының жабдықтарын салған. Мүсінді қаншаға сатып алғаны белгісіз, дегенмен музей қызметкері “мүсінді жеткізуге кеткен сома өз бағасынан асып түсті” дейді.

Бөлісу: