Ойын-сауықӘдебиетБір кеште оқып шығуға болатын 10 кітап

Бір кеште оқып шығуға болатын 10 кітап

30 қаңтар 2026
5 мин
10 книг, которые можно прочитать за один вечер
Фото: Unsplash

Күнделікті тіршілікпен қарбаласып жүріп, кітап оқуға уақыт таппай жатамыз. Уақыт тапсақ, не оқимыз деп әбігерге түсетініміз тағы бар. Осы ретте Tamga Media бір кеште-ақ оқып шығуға болатын кітаптар тізімін жасады. 


Қазақ әдебиеті


"Гаухар тас" –  Дулат Исабеков
Кейде бір ғана әуен үлкен хикаяға жол ашады. «Гаухар тас» та дәл осылай туған. Жас жазушы Дулат Исабеков Бибігүл Төлегенованың әнін тыңдап, елін сағынып, осы атақты шығарманы жазуға кіріседі. Бұл шығарма – оқшау өмір сүретін, қатал дәстүрді ұстанып қалған отбасының оқиғасы. Бас кейіпкер – жаңа түскен келін Салтанат. Ол күйеуінің ата-анасына да, інісіне де жақын адамға айналады. Бірақ күйеуіне қарағанда қайын інісімен жақсы сырлас. Шығарма адам арасындағы қатынастың қадірі жайлы ой салады. Соңында тіпті еріксіз көзіңізге жас келуі мүмкін. 


"Менің атым Қожа" –  Бердібек Соқпақбаев
“Менің атым Қожа” повесі – 1957 жылы жазылған қазақ балалар әдебиетінің озық туындыларының бірі. Онда кішкентай Қожаның мектеп жасындағы бастан кешкен әр түрлі қызық оқиғалары баяндалады. Ол қанша бұзық болса да, жақсы адам болуға талпынады. Әкесіз өскен бала ғашық та болады, төбелеседі де, көп нәрсеге ұрынады да жүреді. Ал оқырман сол оқиғалардың желісінен соғыстан кейінгі ауыл тіршілігін, дәстүрді, бала кезден ересек өмірге қадам басқан шақтың нәзік сәттерін сезеді. Бұл шығарма жүректі жылытып, күлкі сыйлап, терең ой туғызады.


"Оң қол" –  Төлен Әбдік
Бұл кітап мистика мен терең психология жанрларын сүйетіндерге арналады. Әңгіме психиатриялық ауруханаға түскен 17 жасар Алма деген қыз туралы. Дәрігері оны түнімен күзетіп, жұмбақ аурудың сырын білгісі келеді. Жас дәрігер аурудың емін тауып, қызды құтқара ала ма? Жауабын өзіңіз кітаптан оқыңыз. 


"Атау-кере" – Оралхан Бөкей
Алғашқыда шығарманың екі атауы болыпты: "Қауіпті будан" және "Атау-кере". Атау-кере – адамның өлім алдындағы соңғы асы. Қаламгер адам өмірін аралар әлеміне ұқсатады. Кітап бас кейіпкер Еріктің тағдыры, оның ішімдік ішуді қойып, табиғатпен рухани байланысқа түсуі туралы. Тәні мен жаны тазарған Еріктің табиғатқа ерекше ілтипат көзбен қарауы – адам мен табиғат арасындағы үзілмес байланысты көрсетеді. Кітапты тез оқып шығасыз, бірақ жаныңызды ұзақ уақыт тебірентеді. 


"Күлпаш" –  Бейімбет Майлин
Қысқа болса да, ерекше күшке толы шығарма. Шығарма желісі бойынша, бас кейіпкері – 1930 жылдардағы ашаршылықты көрген Күлпаш. Ол ұлы мен күйеуін аштықтан аман алып қалу үшін өзін құрбан етеді. Бейімбет Майлин осы еңбегінде адамның таңдаусыз қалған сәтін, дәрменсіз күйін, ауыр шешімдерді, өмір үшін құрбандыққа барудың қаншалық қасіретті болатынын жеткізе білген. Небәрі бір сағатта оқылатын шығармадан бірнеше күн ұмытылмайтын әсер алуға болады.






Әлем әдебиеті


"Кішкентай ханзада" –  Антуан де Сент-Экзюпери
Адамзаттың ортақ рухани қазынасына айналған ертегі. Бала кейіпкердің сапары  достық, қамқорлық, жауапкершілік жайлы жұмсақ та философиялық әңгімеге толы. Шығарманы қайта оқыған сайын оның жаңа мәні ашылады. Кешіңізді жайлы өткізуге арналған таптырмас туынды.


"Олар он еді" –  Агата Кристи
Агата Кристидің детектив жанрындағы бұл романы 1939 жылы шықса да, оқырмандар оны әлі күнге дейін сүйіп оқиды. Кітап аралдағы зәулім үйге жиылған 10 адам жайлы. Бір қызығы, олар бірінен соң бірі жұмбақ жағдайда өле бастайды. Мұның артында кім тұрғаны оқырманды қызықтырып, кітаптың соңғы бетіне дейін ұстап тұрады. Күнделікті ойдан алыстап, қызық сюжет оқығыңыз келсе – тамаша таңдау.


"Алғашқы мұғалім" –  Шыңғыс Айтматов
Бұл – жүрекке жылу сыйлайтын шағын повесть. Бас кейіпкер Дүйсен білген-түйгенін басқаларға үйрету үшін шалғай ауылға барады. Жас мұғалім балалардың болашағы үшін бар күшін салады. Айтматов бұл шығармада білімнің күшін, адамға деген сенімнің маңызын әсерлі жеткізеді. Оқып болған соң авторға еріксіз алғыс айтқың келеді.





"Муму" –  Иван Тургенев
Орыс жазушысының бұл туындысын оқырман жүрегінде қалдырған ізіне қарап-ақ, классика қатарына қосуға болады. Алғашында оқиға қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ бірте-бірте крепостық дәуірдің қаталдығын, адамдық қадір-қасиеттің тапталуын көрсететін терең хикаяға айналады. Бас кейіпкер – мылқау, күші мығым болғанымен, қожайынның әміріне қарсы тұра алмайтын Герасим. Өміріне Муму деген күшік кірген сәттен бастап, оның тыныш тіршілігіне жылулық пен үміт сәулесі құйылады. Шығарма жеңіл етіп жазылған, тез оқылады. 


"Алқа" –  Ги де Мопасан
Мопасанның шығармасы адамның өміріне жақыннан үңілуге мүмкіндік береді. Бас кейіпкер – қарапайым ортадан шыққан жас келіншек. Ол өмірінде бір рет болсын сән-салтанатты сезгісі келеді. Сөйтіп жүргенде оның тағдыры бір кеште өзгеріп шыға келеді. Жарық шамдар, әдемі көйлек, жарқ-жұрқ еткен зергерлік бұйымдар – бәрі шын сияқты көрінеді. Алайда сол жалт-жұлт еткеннің соңы үлкен қиындыққа әкелетіні ойына да келмеді. Жас келіншектің ендігі тағдыры қандай болмақ? Кітаптан біле аласыз. Мопасанның тілі жеңіл, сондықтан шығарма тез оқылады.


Бір кештің ішінде қазақ даласын аралап, Мопасанмен Парижді сезініп, Агата Кристидің жұмбақ аралында жүріп, Кішкентай ханзадамен бірге өмірдің басты құндылықтарын еске түсіруге болады.


Ең бастысы – көңіл күйге сай кітап таңдап, ыңғайланып отырып, өзіңізге аз да болса тыныштық сыйлау. 

Бөлісу:

Бір кеште оқып шығуға болатын 10 кітап — Tamga media