ДенсаулықБиохакингБиологиялық белсенді қоспалар туралы не білуіміз керек?

Биологиялық белсенді қоспалар туралы не білуіміз керек?

25 қаңтар 2026
5 мин
Что нужно знать о биологически активных добавках?
Фото: Pexels

Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар көптеп сатылып жүр. 2024 жылы елде одан 152 миллиард теңге пайда түскен. Ол 2023 жылғы көрсеткіштен бес есе артық. Биологиялық белсенді қоспаны қазақстандық азаматтардың  62%-ы кемінде бір рет ішіп көрсе, 12%-ы үнемі тұтынады екен. Бірақ оны дәрігер тағайындамай, өз бетіңізбен ішкен қаншалықты қауіпсіз? Оның пайдасы мен зияны қандай? Материалда осы сұрақтарға толық жауап береміз.


Биологиялық белсенді қоспалар - дәрумендердің, минералдардың, биологиялық белсенді компоненттердің қосымша көзі. 


Америкалық химик Карл Ренборг жас кезінде дұрыс тамақтану мен дәрумендерге қызыққан. Сол білімі 1920 жылы Қытай түрмесінде өмірін сақтап қалуына көмектескен деседі. Ол отырған түрмеде жағдай нашар болды. Сотталғандардың денсаулығы нашарлап, бірінен соң бірі көз жұмды. Мұны көрген Карл ағзасына көмектесуге бел буады. Ол әуелі ағзасындағы темірді толықтырмақ болады. Тот басқан шегедегі тотты үгітіп, тағамына қосады. Кейін түрме күзетшілерінен сырттағы шөптерді жинап әкелуді сұрайды. Алғашында адамдар оны есінен адасқан деп ойлайды. Есесіне Карл 1927 жылы түрмеден сап-сау болып шығып, АҚШ-қа оралады. Сол жақта тағамға қоспа дайындап. Бастапқы өнімін тегін ұсынады, бірақ оған қызыққандар аз болды. Дегенмен ол өз өніміне сеніп, оны сата бастайды. ББҚ-ға сұраныс артып, химик қоспаларды дайындап үлгермейтін деңгейге жетеді. 1934 жылы ол VITA-6 деген құрамында алты дәрумен бар алғашқы қоспасын жасап, California Vitamins компаниясын құрды. Кейін бұл компания Nutrilite деп аталды.


Биологиялық белсенді қоспалар дәрі ме?


Ал қазір көп тағам құнарлы болмаған соң адамдар ағзасына қосымша дәрумен беру үшін ББҚ-ны көптеп іше бастады.  Дегенмен бұл қоспа дәрі емес. ББҚ адам ауруын емдемейді. Оны ағзаға тапшы дәрумендерді толтыру үшін ішуге болады. Оның үстіне, дәрі-дәрмек қатаң тексеріледі, үлкен зерттеулер мен сынақтардан өтеді. Ал биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) салыстырмалы түрде ондай тексеруден өтпейді. Сол себепті де ББҚ- ны дүкен немесе дәріхананың сөресінен оңай табуға болады. 


Дәрігерлер ББҚ-ны беталды ішпеуге кеңес береді. Қоспаны ішпей тұрып, адам өз ағзасын, ондағы дәрумендер мен минерал деңгейін тексеру керек. Қоспаны тек дәрігердің кеңесі бойынша, адамның жеке жағдайын ескере отырып, дұрыс мөлшерде қабылдау керек. Әсіресе жүкті әйелдер, бала емізетін аналар, егде жастағылар және бауыр немесе бүйрегі ауыратындар абай болғаны жөн. Сонымен қатар дәрумендер мен минералдардың жақсы сіңуі үшін кейбірін тамақпен бірге, кейбірін тамақтан бөлек ішу керек екенін де есте сақтау қажет.

Бөлісу:

Биологиялық белсенді қоспалар туралы не білуіміз керек?