EdTechҒылымБилингвизм әсері: екі тілде сөйлеудің ғылым дәлелдеген пайдасы қандай?

Билингвизм әсері: екі тілде сөйлеудің ғылым дәлелдеген пайдасы қандай?

25 қаңтар 2026
5 мин
Влияние билингвизма на мозг: научно доказанные преимущества владения двумя языками
Фото: Tamga Media / ЖИ

Лингвист Франсуа Грожанның айтуынша, Жер бетінде өмір сүретін адамдардың 50%-дан астамы – билингвистер. Ал Қазақстанда 2021 жылы елде жүргізілген кейінгі халық санағының дерегі бойынша, қазақстандық азаматтардың 80%-ы қазақ және орыс тілін меңгерген: олар екі тілді түсінеді, қос тілде сөйлейді және ойлайды. Бұл – қалыпты құбылыс. Дегенмен билингвистердің бір тілді ғана меңгерген адамдардан айырмашылығы бар екені рас па? Қос тілді білгеннің пайдасы мен зияны қандай? 


Билингвист – екі тілді меңгеріп, екі тілде сөйлей алатын, екі тілді түсінетін адам.  Бұрын мұндай адамдарға көзқарас басқа еді. ХХ ғасырда “бала екі тілде сөйлесе, шатасып, соңында тіпті шизофренияғаға шалдығады” деген пікір болды. 1962 жылы канадалық Пил мен Ламберт бір тілді және екі тілді меңгерген балалар арасында зерттеу жүргізді. Нәтижесінде керісінше қос тілді меңгерген балалар тапсырманың көп бөлігін жақсырақ орындаған болып шықты. Осыдан соң ғылымда “билингвизм эффектісі” пайда болды. Билингвист адам екі тілде де сөйлейтін адамдармен қарым-қатынас орната алады. Өзі сөйлейтін екі тілді қолданатын мемлекеттердің халқын, олардың мәдениетін тани алады. 


Билингвтің миы қалай жұмыс істейді?  


Күнде бір жолмен жұмысқа барып-қайтып, бір күні кенеттен басқа көшемен жүрсеңіз, миыңызға белгілі бір дәрежеде күш түседі. Ми ойланады, жаңа жол іздейді, бағдар құрады. Ал адам жаңа тіл үйренгенде миға әлдеқайда көп салмақ түседі. Бір қызығы, билингвистердің миында екі тіл бірдей белсенді болады. Бірақ адам бір уақытта тек бір тілде сөйлейді, сол себепті ми біреуін уақытша тежейді. Мұны ғалымдар inhibition деп атайды. 


Бұл үдеріс миға пайдалы. Себебі ми үнемі сөз таңдап, бір тілден екіншісіне ауысып, артық ақпаратты сүзгіден өткізіп үйренеді. Осындай жаттығулардың арқасында зейін, есте сақтау күшейеді, адам бір тапсырмадан екіншісіне тез ауысады, бірнеше істі қатар атқара алады. Беласток пен Маджумдера зерттеулері бойынша, қос тілде сөйлейтіндер "ақпараттық шуды" басқаларға қарағанда жақсырақ сүзгілей алуы мүмкін. Канадалық ғалымдардың зерттеуінше қостілді адамдарда есте сақтау мен ойлау қабілетінің нашарлауы біртілділерге қарағанда 3-4 жыл кешірек басталады.


2015 жылы америкалық нейробиолог Брайан Голд жүргізген зерттеу миға билингвизмнің әсерін нақты көрсетіп берді. Ол функционалды МРТ сияқты әдістер арқылы қос тілде сөйлеу ми құрылымын күшейтетінін дәлелдеді. Зерттеу нәтижесі бойынша, билингвистерде Альцгеймер ауруы бірнеше жылға кеш басталуы мүмкін екенін айтады. Мұны ғалымдар когнитивті резервпен байланыстырады.

Когнитивті резерв - мидың өмір бойғы белсенділік нәтижесінде жинақталған қоры. Когнитивті резерв бәрінде бар, бірақ оның күші әр адамда әртүрлі. Ми көп жұмыс істеп тұрса, оқыса, музыка, тіл үйренсе, жаңа дағдылар меңгерсе, бұл қор күшейеді. Мықты когнитивті резерв адамға жасы ұлғайғанда мида болатын өзгерістерге жақсырақ төтеп беруге көмектеседі.


Адам қартайған сайын мида әртүрлі өзгерістер болады. Бұл - табиғи процесс. Бірақ қос тілде сөйлейтін адамдарда бұл өзгерістер бірден байқалмайды. Өйткені олардың миындағы когнитивті резерв біраз уақыт сол мәселелердің орнын толтырып тұрады. Беластоктың айтуынша, бұл суға қарсы тұрған құм толы қап сияқты: ол суды біршама уақыт ұстайды, бірақ бір күні бәрібір шайылады.

Бөлісу: