МәдениетСалт-дәстүрБесік зиян ба: 103 жылдан бері айтылып келе жатқан талас

Бесік зиян ба: 103 жылдан бері айтылып келе жатқан талас

6 мамыр 2026
6 мин
Бесік
Бесік тербетіп отырған ана | Фото: informburo.kz

Қазақ халқы ұлықтаған ағаш бесік қай кезден бері зиян бола бастады? Бір жағынан, медицина баланың еркін қозғалып жатқаны маңызды екенін айтады. Екінші жағынан, дәстүрлі тәжірибеге сүйеніп бесікті тиімді деп санайтындар көп. Сондықтан ел ішінде «бесік керек пе, жоқ па?» деген сұрақ қайта қойылып отыр.


Қазақ қоғамында бесік тек тұрмыстағы зат емес, бала тыныштығының тұтас жүйесі болған. Көшпенді өмір салтында анаға баланы үнемі қолда ұстап жүру мүмкін болмағаны белгілі. Сондықтан бесікке бөленген бала қауіпсіз, таза әрі тыныш жататын. 


103 жыл бұрынғы сын: Бесік неге күмән тудырды?


Алайда ХХ ғасырдың басында, әсіресе кеңестік кезеңде бесік сынның астында қалды. Ілім алып келген мамандар баланың ұзақ уақыт қозғалмай жатқаны зиян деп айта бастады. Қазақтың тұңғыш журналистерінің бірі, Алаш қайраткері Нәзипа Құлжанова 1923 жылы жазылған «Қазақ әйелдеріне манифест» еңбегінде көшпенділер үшін пайдалы болған бесіктің олқылықтарын тізіп шықты.

«Бесікте баланың өне бойы тастай таңулы жатады, бір мүшесін қозғай алмайды. Бір қырынан жатқызуға да болмайды. Шалқасынан бір қалыпта жатады. Салақ шешенің баласы ертеден кешке дейін шешілмейді. Жыласа, аузына емшегін тығады. Шешесінің қолы тимесе, бір бала тарсылдатып тербетеді. Бала жылап-жылап басы айналған кезде ұйықтап кетеді. Түбек-шүмектің анасына болмаса, балаға пайдасы жоқ, бәрі дене мүшелерін қалыпқа салып, қуыршақ қылған», – деп жазады Нәзипа Құлжанова. 


Алаш қайраткері 103 жыл бұрын бесіктің орнына шыбықтан тоқылған қорапша жасап, баланы соған жатқызуды ұсынады. Нәзипа Құлжанованың бұл айтқанына да себеп болған. Оның айтуынша, өз заманында бесік лғи киізден, жабағыдан, мамықтан істелген, тозғанша жуылмайтын төсеніштермен толтырылатын. Бит-бүрге соның ішінде жүретінін, бала «байғұс» жылағаннан басқа еш шарасы қалмайтынын айтады. Сонымен қатар, ол баланың бой-бітімі еркіндікте өсуі керек екенін, аяқ-қолын жеңіл жаялықтармен-ақ таңуға болатынын жазады. 


Шын мәнінде, бесік туралы дау ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанын байқаған боларсыз. Бірақ бесіктен біржола баз кешіп кете алмайтынымыз тағы бар. Себебі, ауыздан ауызға тараған бесік жыры, бесікке салу дәстүрі өз тамырымызға балта шабуға рұқсат бермейтіндей. 


Бесіктің түп тамыры қайда жатыр? 


Байахмет Жұмабайұлы, этнограф: 

«Біріншіден, бесікті «мына кезде пайда болған» деп ешкім айта алмайды. Ал халықтық ауыз әдебиетінде «бесік жыры» деген бар. Енді ауыз әдебиеті тарихымен салыстырсақ, неше мың жылдан бері халық тұрмысымен біте қайнасқан деуге әбден болады. Ал екіншіден, бес жүз жыл бұрын қазылған орындар мен тау үңгірлерінен бесіктердің шірінді ағаштары табылған. Бірақ бесік тек қазақ халқына тән деуге болмайды. Көшпенді мал шаруашылығымен шұғылданған халықтардың біразында бесік кездеседі». 


Этнографтың айтуынша, бесік көшпенді өмір салтына ыңғайланып жасалған. Мысалы, бесіктің арқалығын көш көлігінің үстіне артуға, атқа мінген ананың алдына алуға әрі баланы ырғап тербетуге, үстінен жапқыш жапқанда баланың бетін басып тұншықтырып тастамауға қолайлы етіп жасаған. Ал түбек тазалыққа, шүмек баланың кіші дәреті жайылып кетпеуі үшін ойлап табылған. Ертеде түбекті киізден жасап ішіне күл салған. Киіз баланың астын жылы ұстаса, күл дәретті сіңіріп тұрады. Ал шүмекті жілік сүйектен әзірлеген. Ол жуып, шаюға қолайлы болған.


Байахмет Жұмабайұлы, этнограф: 

«Баланың ең алғашқы ана құрсағынан кейінгі жататын орны – бесік. Өмірдің басы ағаш бесіктен басталса, өмірдің соңы жер бесікпен аяқталады. Сондықтан кие санаймыз. Қазақ ырымшыл ғой. Тұңғыш бала жатып өскен бесік кейінгі балалардың да аман-сау өсуіне түрткі болады, ақ жолтай болады деп сенген. Кейбір жас отбасы өнген, өскен әулеттің бесігін ырымдап сұрап алатын болған. Ертеде нәресте жастай шетінесе, жерленген орынға бесікті де тастап кететін». 


Қазақ әйелдері сәбиі көз жұмса, бос бесікті тербетіп, баласын жоқтайтын болған. Содан құр тұрған бесікті тербетуге болмайды деген наным-сенім қалған. Халқымыз бесіктің бетін ашық қалдырса жын-шайтан үйір болады деп сенген. Ал оны отқа жағу өз түп-тамырыңа балта шабумен пара-пар.


Бесік той – баланың алғашқы атаулы мерекесі


Бесікке салу дәстүрі әдетте баланың кіндігі түскеннен кейін (3, 7 немесе 40 күнде) жасалып, «бесік той» өткізіледі. Рәсімді өмірден көргені көп, сыйлы әжелер атқарады. Бесіктің түбекке арналған тесігінен тәттілер мен құртты «тышты, тышты» деп өткізіп, тыштырма ғұрпы жасалады. Баланы көз тиюден сақтау үшін бесікті аластап, үкінің қауырсынын да іліп қояды. Осылай, жаңа туған сәбидің алғашқы тойы өтеді. 


Бесік жырын бар жақсыны ұрпағына тілеген үлкендердің ақжарма тілегі деуге болады. Бесік жырының да түрлі нұсқасы тараған. Мәселен, мына нұсқада бесік жырын тыңдайсыз, әрі бесіктің құрылымымен танысып үлгересіз. 

«Түбегіңді, шүмегіңді салайын

Денең таза болсын деп

Бас жастықша салайын

Басың жұмсақ болсын деп

Екі бел жастаншы

Бел көрпеңді салайын

Сымбатты, сұлу өссін деп

Тартпа бауды тартайын

Сымға тартқан сүйректей

Денең сұлу болсын деп

Жабуыңды жабайын

Жел, суық тимей қалсын деп». 


Осы тұста айта кетері, қазір кей өңірде бесікті баланың нағашы жағы әкеліп береді. Бірақ этнографтар «қазақтарда нағашы жұртының бесік әкелуі керек» деген дәстүр болмағанын, бұл өзбек ұлтының салты екенін айтады. Қазақтар өз баласын әкесінің, атасының бесігіне салған немесе ізгі ниетпен өзі қолдан жасаған. 


Қазіргі медицина не дейді?


Бүгінгі педиатрия баланың еркін қозғала алғаны өте маңызды деп санайды. Осы орайда бесіктің пайда-залалы туралы балалар педиатрынан да мағлұмат алуды жөн көрдік. 


Балжан Сүндетиллақызы, педиатр:

«Педиатр ретінде бесікке бөлеуге қарсы емеспін. Бірақ оны қазіргі заманда міндетті деп те айта алмаймын. Көп жағдайда ана бесікте жатқан баланы емізіп отырып ұйықтап кетеді. Сол кезде анасының омырауы баланың бетін жауып, сәби тұншығып қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай қайғылы жағдайлар да кездескен». 


Педиатр бесіктегі баланың қызуын бақылап отыру керек екенін айтты. Бесікте жатқан баланы жеңіл қалдыруға да, қатты орап тастауға да болмайды екен. 

«Бала қатты тойып алса, құсып жіберуі мүмкін. Ал бесікте жатқан бала басын өздігінен бұра алмай, сол құсыққа тұншығып қалу қаупі бар. Бұл да өте маңызды жағдайдың бірі. Тағы бір маңыздысы – баланы тым қатты, ал аяқтарын түзу бөлеу. Мұның салдарынан жамбас буындары дұрыс дамымауы мүмкін. Сондықтан балаға әрқашан еркіндік беру керек. Бесікке баланы тар қымтаса, жабық орта болғандықтан кейбір балаларда тершеңдік көбеюі мүмкін. Бұл – қалыпты физиологиялық жағдай болуы да ықтимал.  Кейбір мамандар мұны рахитпен шатастырып жатады. Рахит D витамині тапшы болғанынан, күн сәулесінің жетіспегенінен пайда болатынын ескеру керек».


Балжан Сүндетиллақызының айтуынша, бесікті толық жоққа шығаруға болмайды, бірақ оны қолданарда қауіпсіздікке баса мән беру керек. Мәселен, баланы туа сап бесікке салуға болмайды. 

«Баланың кіндігі түсіп, жазылғаннан кейін, шамамен 7-10 күннен соң бесікке бөлей бастайды. Кейбір ата-ана екі-үш аптадан кейін бөлеп жатады. Бұл да дұрыс шешім. Ең бастысы, бала өзін жайлы сезінуі керек». 


Бесікті қалай дұрыс қолданамыз? 


Бесіктің пайдасы мен зияны көбіне оны қалай пайдаланатынымызға келіп тіреледі. Дұрыс қолданылған бесік – анаға да, балаға да ыңғайлы. Ең бастысы – баланың қауіпсіздігі мен еркін дамуын қатар сақтау.

  • Баланы тым қатты орамау. Бесіктегі ең жиі жіберілетін қате – баланы «қимылдамасын» деп қатты тартып байлау. Шын мәнінде, сәби аздап болса да қол-аяғын қозғалта алуы керек. Бұл оның бұлшықет және буын дамуына қажет.

  • Ұзақ уақытқа қалдырмау. Баланы күні бойы бесікте ұстаған дұрыс емес. Әсіресе ояу кезде баланы жерге жіберу керек. Бұл баланың ерте дамуына мүмкіндік береді. 

  • Гигиенаны сақтау. Бесіктің түбегі мен шүмегі үнемі таза болуға  тиіс. Әр қолданғаннан кейін жуып, құрғақ әрі таза күйде ұстау керек. Сонда тері тітіркенбейді және инфекция түспейді.

  • Қауіпсіздікке мән беру. Бесіктің бауларын дұрыс байлап, артық заттардың жоқ екенін қадағалау керек. 


Қорытындылай келе, бесік – тұрмыстағы жағдайға бейімделген жабдық. Енді оны заманауи талаптарға сай пайдалану маңызды. Егер бала тым қатты таңылмаса, ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз қалдырылмаса және гигиена сақталса, оны зиян деп дөп басып айта алмаймыз. Сондықтан бүгінгі таңда ең маңыздысы – дәстүр мен ғылымды қарсы қою емес, оларды үйлестіру. Бесік өткеннің ізі ғана емес, дұрыс қолданылса, жаңа заманда да өз орнын таба алатын киелі жабдық.

Бөлісу: