МедиаӨнерБэнкси: бәрі білетін, бірақ ешкім айтпайтын құпия

Бэнкси: бәрі білетін, бірақ ешкім айтпайтын құпия

31 наурыз 2026
5 мин
Анонимность за 5 раскрытиями личности Бэнкси
Бенкси | Фотограф: Стив Лазаридес ( Instagram: @stevelazarides)

Бэнксидің бетпердесі талай рет «ашылғандай» болды. Бірақ соған қарамастан, ол бәрібір сол баяғы құпия Бэнкси күйінде қалды. Тіпті соңғы «сенсацияның» өзі – бұрынғы әңгіменің жалғасы ғана. Бәрін ретімен шолып шығайық.


0-пункт. Аноним болу – тәсілдің бір түрі


Көше өнері (street art) негізі аноним болуды талап етеді: түнде келесің, суретіңді саласың да, ізіңді суытасың. Қолтаңбаң – тек салған стилің. Көше өнерінің заңы осындай. Егер сен заңды салаға өтсең, атыңды айтып, тауарларыңды сатып, рахаттанып өмір сүресің. Ал Бэнкси бұл шартты қабылдап қана қоймай, оны үлкен бір мәлімдемеге айналдырды. Оның аноним болғаны жай ғана сақтық үшін емес, бұл – оның образының ең маңызды бөлшегі. Соңғы 30 жыл ішінде көптеген басылымдар оның кім екенін анықтауға тырысты, бірақ ешқайсысы ресми түрде нақты дәлел келтіре алған жоқ.


1-пункт. 2000 жыл. Алғашқы айғақ


2000 жылы Нью-Йоркта полиция Marc Jacobs жарнама билбордын «бүлдірмек» болған бір адамды ұстайды. Хаттама толтырылып, әлгі адам өз қолымен кінәсін мойындап, қол қояды. Қағазға «Робин Ганнингем» деп есімін жазды. Ол кезде бұған ешкім мән берген жоқ. Бэнкси ол кезде әлі Бэнкси емес, түнде қабырға шимайлайтын жүздеген суретшінің бірі ғана болатын. Бұл құжаттар архивте жиырма жылдан астам шаң басып жатты. Тек Reuters журналистері мүлдем басқа зерттеу жүргізіп, оны кездейсоқ тауып алған.


2-пункт. 2004 жыл. Бет-әлпеті


2004 жылы оның суреттері тарай бастады. Ямайкалық фотограф Питер Дин Рикардс Бэнксимен жұмыс істемек болады, бірақ екеуі келісе алмай, кикілжің келеді. Фотограф одан өш аламын деп 21 сурет жариялап жібереді, ал оның ішінде 14 фотода суретшінің бет-әлпеті анық көрініп тұр еді. Бір фотосурет Evening Standard газетіне «Ақыры әшкере болды!» деген айдармен шықты. Бірақ нағыз әшкерелеу болған жоқ – сурет бар, бірақ есім жоқ. Бэнксидің өзі де бұған ләм-мим демеді.


3-пункт. 2008 жыл. Есімі


2008 жылы The Mail on Sunday таблоиды бір жыл бойы зерттеу жүргізіп, «Бэнксидің аты – Робин Ганнингем, ол Бристоль қаласының тумасы» деп жариялады. Журналистер архивтегі суреттерді салыстырып, бәрі сәйкес келетінін дәлелдеді. Бэнкси тағы үндемеді. Бірақ, шамасы, осы мақаладан кейін құжаттарын ауыстырып жіберген сияқты. Ол өзіне Дэвид Джонс деген есімді таңдады. Бұл – Британияда ең көп кездесетін есімдердің бірі. Иә, иә, көптің ішінде көзге түспей, тығылып жүру үшін тамаша таңдау.


4-пункт. 2003/2023 жылдар. Даусы


2003 жылы Лондондағы алғашқы үлкен көрмесінің алдында Бэнкси BBC радиосына сұхбат берген. Бұл жазба архивте 20 жыл жатып, тек 2023 жылы ғана жарыққа шықты. Сол сұхбатта суретші өзін «Робби» деп таныстырады. Бірақ бұл жаңалықтан кейін де ештеңе өзгерген жоқ.


5-пункт. 2026 жыл. Зерттеу


2026 жылғы наурызда Reuters көпжылдық зерттеуінің қорытындысын жариялады. Журналистер 2022 жылы Украинаның Горенка ауылындағы граффитиді көрген куәгерлерді іздеп, Нью-Йоркта тұтқындағынына қатысты құжаттарды тапты. Сөйтіп, туған күнін, шекарадан өткен уақыттарын, цифрлық ізін – бәрін салыстырды. Қорытынды: Бэнкси – бұл бүгін Дэвид Джонс деген атпен өмір сүріп жатқан Робин Ганнингем. Қазір суретші 50 жастан асқан.


6-пункт. Бұл шынымен аноним болып па еді?


Бэнксидің кім екені жиырма жыл ішінде бес рет ашылды. Түрі де, аты да, дауысы да белгілі болды. Мұның бәрі газет архивтері мен радиостанцияларда ашық қолжетімді жерде жатты. Бәлкім, мәселе ешкімнің білмегенінде емес, ешкімнің білгісі келмегенінде шығар? Бэнксидің анонимдігі бәрі оны үнсіз қолдағандықтан ғана сақталып келді. Журналистер «болжам бойынша» деп жазды, жанкүйерлер білсе де құрметпен үндемеді, өнер нарығы көзін жұмды. Бұл – суретшіге де, жұртқа да, бет-бейнесі жоқ адамның туындыларын қымбатқа саудалаған галерея иелеріне де тиімді «үнсіз келісім».


7-пункт. Бізге мұны білу керек пе?


Бэнкси қашанда аноним болды. Оның жұмыстары өзі үшін сөйлейтін, өйткені оның артында өмірбаян, сұхбат немесе шеберханадан түскен инста-суреттер тұрған жоқ еді. Адамдар қабырғаға қарап, әркім өз ойына келетін мағынаны іздейтін. Енді сол суреттің авторы бар. Аты-жөні, туған күні, тарихы бар нақты адам. Енді біз қабырғаға қарағанда «ол не көрді, не айтқысы келді, кім болды?» деп еріксіз оның көзімен қараймыз. Бұл бізге шынымен керек пе еді? Бұл ашық сұрақ күйінде қала береді.

Бөлісу: