ӘлемдеЭкономика“Бэйби бум” дәуірі бітті: неге әлемде аз бала туылып жатыр және оның қандай салдары бар?

“Бэйби бум” дәуірі бітті: неге әлемде аз бала туылып жатыр және оның қандай салдары бар?

23 қаңтар 2026
5 мин
Эпоха “бэйби бума” закончилась: почему в мире рождается меньше детей и к чему это приведет
Фото: Tamga Media / ЖИ

Дүниежүзінде бала туу көрсеткіші азайып жатыр. Мамандар бұл жағдай экономика мен басқа салаларға қауіп төндіруі мүмкін дейді. Тіпті, болашақта адамдардың өмір сапасы нашарлауы мүмкін. Бүгінгі материалда сарапшылар туу көрсеткішінің неге төмендеп жатқанын және оның салдары қандай болатынын талдады. 


Біріккен ұлттар ұйымының мәліметінше, алдағы 25 жылда көп елде халық саны азаяды. Бұған бала туу көрсеткішінің төмендеуі – себеп. Бұл тенденция қазірдің өзінде байқалады. Мысалы, Жапонияда былтыр 1,6 миллион адам қайтыс болып, 720 мың бала туған. 2022 жылы Еуропада 3,88 миллион сәби дүниеге келген. Бұл – соңғы 60 жылдағы ең төмен көрсеткіш. АҚШ пен Ресейде де бала туу деңгейі түсіп жатыр. Дегенмен Африканың кейбір елінде халық саны әлі де өсіп келеді. Әсіресе, табысы төмен елдерде, Сахараның оңтүстігіндегі Батыс және Шығыс Африкада анық байқалады.


Қазақстанда да бала туу азайып келеді. 2025 жылдың алғашқы үш айында 77,3 мың сәби дүниеге келген. Бұл – 2024 жылға қарағанда 16% төмен. Мұндай көрсеткіш кейінгі 12 жылда алғаш рет тіркеліп отыр. 


Бұл тенденцияға не әсер етіп жатыр?


Сарапшылардың сөзінше, әлемде және Қазақстанда мұндай үрдістің қалыптасқанына экономикалық, әлеуметтік және психологиялық факторлар әсер етіп жатыр. 


Біріншісі қымбатшылық, өмір сүрудің қиындап кеткені. БҰҰ 14 елде зерттеу жүргізіп, көп адам экономика жағдайына байланысты қалағанынша бала сүйе алмай жүргенін анықтаған. Көбі отбасын асырау, бала өсіру, жалпы адамның өзіне өмір сүру қымбат әрі қиын екенін айтқан. Экономист Қуаныш Дүйсеновтің сөзінше, Қазақстан азаматтарына да дәл осы фактор қатты ықпал етіп отыр. 

“Мысалы, былтыр Қазақстанда инфляция 12,2% болды. Бұл 2024 жылға қарағанда 3,9% көп. Бірақ ең төменгі жалақы – әлі 85 000  теңге. Азаматтардың көбі айлықтан айлыққа әрең күн көріп жүр. Пәтер қымбат, ипотека шарттары қиын болған соң, ел азаматтарының басым бөлігі баспанасыз жүр. Болашағы белгісіз болып тұрған уақытта бала сүю үлкен сұраққа айналғаны – қалыпты нәрсе”, – дейді экономист. 


Екіншісі – еңбек нарығының тұрақсыздығы. Кейбір жастар отбасылы болмай тұрып-ақ, орташа жалақы төлейтін бірнеше жерде істеп, өз басына жеткізе алмай жүр. Бұл да бала туу көрсеткішіне, демографияға әсер етеді. 


Үшіншісі – урбанизация. Ғалымдар бұрыннан-ақ урбанизация мен бала туу көрсеткішінің азаюы өзара байланысты дейді. Себебі қазір көбі ірі қалаларда шоғырланып жатыр, ал мұнда адамдар оқу мен жұмысқа көп көңіл бөледі. Өңірлерге қарағанда қаладағы әйелдер көбірек мансап жолын құрады. Ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істеп, ақша тапса да, ірі қалаларда жайлы өмір сүру қымбатырақ. Сондықтан бала туу екінші орынға ығысып жатады. 

“Оған қоса ірі қалалардағы көпқабатты үйде кеңістік аз. Бұл да салыстырмалы түрде демографияға әсер етеді”, – дейді экономист Қуанышбек Дүйсенов.


Төртіншісі –  құндылықтар мен түсініктердің өзгеруі. Психолог Гүлжан Амангелдиеваның сөзінше, бұрын 40 жасқа дейінгі буын әуелі отбасы құрып, балалы болуды ойласа, қазір көбі өзін-өзі дамуға, білім алуға, саяхатқа, арман-мақсатын орындауға, яғни жеке тұлға ретінде дамуға мән береді. 

“Оның үстіне, қазір жастар экономикалық жағдайды әрі жаңалықтан көріп-біліп жатқан түрлі ақпаратты ескеріп, ата-ана болуға ерекше жауапкершілікпен қарайды, оны ауыр іс көреді. Олар қазір “баланың қарны тоқ, киімі бүтін болса болды” дегенмен ғана шектелмейтінін түсінеді. Әрине, мұны жаман дей алмаймыз. Бұл да бір жағынан жақсы”, – дейді психолог. 


Бесіншісі – гендер рөлдерінің өзгеруі. Қоғамда әйелдің функциясы өзгеріп жатыр. Қазір бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда әйелдердің көбі жұмыс істеп, мансап жолын құрып жатыр. Психолог Гүлжан Амангелдиеваның сөзінше, қазіргі жастардың қазақ қоғамының “таптаурынына” мән бермей, өмір сүріп жатқаны да әсер етуі мүмкін. 

“Бұрын қыз-келіншектер үшін ұл туу өте маңызды еді. Тіпті, ұл тумағанша арт-артынан туа беретін. Себебі, өкінішке қарай, қоғам одан соны талап етті. Ал қазіргі жастар бұл көзқарасқа келіспейді. Олардың көбі қыз бен ұлды тең көреді, көпбалалы отбасы болғаннан гөрі бір баласына сапалы білім беріп, жақсы өмір сыйлағысы келеді. Оған қоса әйелдер бала тумай тұрып, өз қалауы мен денсаулығын ойлайтын болды”, – дейді психолог. 


Бала туу көрсеткішінің төмендеуінің салдары 


Әлемде демографияның азаюы бір жағынан пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, тұтынушы азайып, экология жағдайы жақсаруі мүмкін. Тұрғын үй мен бала күтіміне шығын азайып, азаматтар мен үкіметтің қаржысы білім мен жаңа технологияға бағыталлады. Сонымен қатар әйелдің көбі бала тәрбиесімен отырмай, жұмыс істеп, экономикаға өз үлесін қосады. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін “бэйби бум” дәуірі бітіп, кейбір елде табыс артып, халықтың тұрмысы жақсарған. 


Дегенмен сарапшылар оның қауіпті салдары да болуы мүмкін дейді. Экономист Қуанышбек Дүйсеновтің айтуынша, бала туу көрсеткіші төмендей берсе, ең әуелі еңбек нарығы зардап шегеді: халықтың басым бөлігі зейнеткер болып, еңбекке қабілетті жұмыс күші азаяды, кей салада маман, жаңа идея мен технология өндіретін, оның тілін ұғатын маман тапшы болады. Салдарынан салық базасы да, мемлекет бюджеті де азаяды, ал зейнетақы жүйесіне салмақ түседі. 

“Мысалы, Қазақстанда 2050 жылы әр бесінші адам 60 жастан асатыны болжанып отыр. Қазіргі бюджет тапшылығы мен басқа экономика мәселесін бастан кешіріп отырған Қазақстан үшін үлкен мәселе болуы мүмкін”, – дейді экономист.


Тұтыну саласында да өзгерістер болады. Жастар азайған сайын жаңа тауарлар мен қызметтерге сұраныс төмендейді, яғни бұл өзгерістер ең алдымен экономикадағы белсенді салаларға соққы береді.


Не істей аламыз?


Қазір бірқатар елде, Еуропада, Ұлыбританияда демографиялық мәселелерді иммиграция арқылы шешіп отыр. Бірақ бұл тәсіл қаншалық ұзаққа баратыны белгісіз, өйткені жылдан-жылға көп елде туу көрсеткіші төмендеп, ортақ мәселеге айналып жатыр. 

“Кейбір Еуропа елдері халқы қартая бастағандықтан, жас жұмысшылар ретінде шетел мигранттарын жұмысқа шақырады. Бірақ бұл әдісті көбі құптай бермейді. Мысалы, 2025 жылы Жапонияда осындай заңға қарсы наразылықтар болды”, – дейді экономист. 


БҰҰ ғалымдарының сөзінше, мемлекеттер демографияға байланысты даурықпай, халықтың қалауын ескеріп, қолайлы жағдай жасауы, жүйелі өзгерістер енгізуі керек. Мәселен, халықтың репродуктив денсаулығына мән беру керек, тұрақты жұмыс және баспанамен қамтамасыз ету қажет, құқығын қорғап, қауіпсіз орта құруға тиіс. Ең бастысы, әр ел халқының қажеттігі әртүрлі болуы мүмкін екенін айтады. Экономист Қуаныш Дүйсенов те жас отбасылардың эĸономиĸалық жағдайын тұрақтандыру ĸереĸ деп ойлайды. Сонда жастардың өмір сапасы жақсарып, бала туу көрсеткіші едәуір көтерілуі мүмкін. 


“Жас отбасыларға арналған баспана бағдарламаларын жеңілдеткен, ипотеĸа немесе жалға алу жүйесін қолжетімді еткен маңызды. Бала ĸүтіміне арналған төлемнің базалық деңгейін ĸөбейтіп, балабақша мен меĸтепĸе дейінгі меĸемелердің сапасын арттырған жөн. Жастар бұл елде балаларының болашағы бар екенін көре алуы керек. Аналар жұмыс кестесін икемдеу немесе қашықтан жұмыс істеуіне мүмкіндік беру сияқты әдістер де тиімді. Сонымен қатар Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалаларда ғана емес, басқа облыс орталықтары, шағын қалалар мен ауылдарда да бала өсіруге қолайлы жағдай жасалуы керек. Ол жерлерде жақсы инфрақұрылым, медицина және жұмыс орындары болса, тек баспана мен азық-түлікке қарап отырған жас отбасылар да бала сүюге ынталы болады. Сондықтан туу көрсеткішін арттыру тек мегаполистерде емес, барлық аймақта қолға алынуы қажет”, – дейді маман.

Бөлісу: