ДенсаулықДенеБашпайым қисық: вальгустың себебі неде?

Башпайым қисық: вальгустың себебі неде?

23 мамыр 2026
4 мин
0
Фото: mdpi.com

Адам башпайының қисайып, сүйегі шығып тұруы тек ыңғайсыз аяқкиімнің салдары емес. Әлем бойынша әр бес адамның бірінде кездесетін бұл жағдай медицинада «вальгус» деп аталады. Зерттеулерге сүйенсек, вальгус ерлерге қарағанда әйелдерде екі есе жиі кездеседі. Оның негізгі себептері қандай және денсаулыққа қаншалық зиян? Бұл туралы травматолог-ортопед Әнуар Сүйіндікұлы айтып берді.


Вальгус – аяқ башпайында, тізеде, табанда немесе тобықта болатын сүйек пен буын өзгерісі. Ол кейде туа бітеді, ал кейде жүре пайда болады. Кейбірінде вальгус жеңіл түрде ғана байқалса, енді бірінде қатты ауырып, жүрудің өзі қиынға соғады. 


Травматолог-ортопед Әнуар Сүйіндікұлының айтуынша, бұл ауру бұлшықет әлсірегенде, табан жалпақ болғанда, артық салмақ қосқанда, дұрыс емес аяқкиім кигенде, рахит, D витамині жетіспегенде пайда болуы мүмкін. 


Әнуар Сүйіндікұлы, травматолог-ортопед:

«Адам жүргенде аяғын ішке қарай басса, аяғы тез шаршаса, аяғын созып жатқанда ауырса, жүрісі өзгерсе дәрігерге барып, тексерілуі керек. Тіпті аяқкиімнің ішкі жағы тез тозып кетсе де табанның өзгерісі болып жатыр деген сөз».


Вальгустың ең көп тараған түрі қандай?


Бас бармақтың (башпайдың) қисаюы. Бұл кезде үлкен башпай біртіндеп ішке қарай қисайып, ал буын сыртқа томпайып шыға бастайды. Уақыт өте келе, аяқ пішіні өзгеріп, адам жүргенде өзін жайсыз сезінеді. Дәл осы түрі көп кездеседі. 2023 жылы J Foot and Ankle Research журналына вальгус тақырыбына арналған зерттеу жарияланды. Зерттеу барысында 45 ғылыми жұмыс талданып, 186 миллионнан астам адамның дерегі қаралған. Нәтижесінде, әлем бойынша шамамен әр бес адамның біреуінің башпайында вальгус бар болып шыққан.


Бұл дерт жас ұлғайған сайын жиілей түседі. Ғылыми деректер бойынша, 20 жасқа дейін әр 10 адамның шамамен бірінде болады. 20-60 жас аралығында бұл көрсеткіш аздап өсіп, шамамен 12%-ға жетеді. Ал 60 жастан асқан адамдарда жиілеп, әр бес адамның бірінде кездеседі. 


Мұны «сүйек тасуы» деп те атайды. Әдетте бұл ауру үш сатыға бөлінеді.  Бастапқы кезеңде башпай сүйегі шамамен 20 градусқа дейін қисаяды. Екінші сатысында бұл көрсеткіш 25-35 градусқа дейін жетеді. Ал үшінші, асқынған кезеңде 35 градустан асады. Дәрігердің айтуынша, өкінішке қарай, науқастар ауру әбден жанына батқан кезде ғана ота жасатуға келетін көрінеді. 


Табан мен өкшенің қисаюы. Бұл жағдайда аяқтың табиғи тірегі бұзылып, табан жалпаяды. Ал өкше ішке қарай ығысып кетеді. Соның салдарынан аяққа салмақ біркелкі түспейді. Уақыт өте келе, бұл өзгеріс тізе мен жамбас буындарына да әсер етуі мүмкін. Мұндайда дұрыс аяқкиім табу да қиындайды. Өйткені табанның пішіні стандарт өлшемге сай келмей қалады.


Тізенің қисаюы. Бұл – көбіне балаларда кездесетін түрі. Мұндай кезде баланың аяғы “Х” тәрізді болып кетеді, яғни, тізелер бір-біріне жақындап, ал тобық арасы алшақтайды. Баланың тізесі қисайғанда, жүрісі, денесінің қалпы өзгереді, кейін соның салдарынан омыртқасы да қисауы мүмкін.


Әнуар Сүйіндікұлы, травматолог-ортопед:

«Көп ата-ана өсіп келе жатқан баласының жүрісіне көңілі толмай, аяқ пішінін ересектердікімен салыстырады. Алайда бала ағзасы әлі өсіп, қалыптасып жатқан соң, ерте жаста аяқ пішіні өзгеруі қалыпты. Бұл қауіпті емес. Жеңіл вальгус бала өскен сайын өздігінен түзеліп кетіп жатады. Дегенмен бұған уақытында назар аудармаса, вальгус күшейіп, омыртқа мен тізеге артық күш түсуі мүмкін. Бала жиі сүріне берсе, ұзақ жүре алмаса, аяқтары тез шаршаса немесе ауырса, аяқ пішіні өзгергені көрініп тұрса, міндетті түрде ортопед дәрігерге көрсету керек».


Вальгустың емі бар ма? 


Вальгус көп жағдайда отасыз-ақ емделеді. Әсіресе балалардың диагнозы ерте анықталса, оны түзеу мүмкіндігі жоғары. 


Ортопедиялық ұлтарақтар вальгустың бастапқы кезеңінде көмектесуі мүмкін екен. Олар аяққа түсетін жүктемені дұрыс бөлуге ықпал етеді. Бірақ бұл барлығына бірдей тиімді емес. Сондықтан нақты емді ортопед дәрігер анықтауы керек. 


Ал ота деформация айқын болғанда, консервативті ем нәтиже бермесе, ауырсыну күшейіп, жүру қиындаған жағдайда жасалады. Көбі отадан қорқып, әлеуметтік желіде жарнамалайтын «башпайды түзететін» бандаждарды сатып алады. Бұл заттар мәселені толық шешпейтінін ұмытпаған жөн. 


Вальгустың алдын алуға бола ма?


Аяқкиімді дұрыс таңдау керек. Әуелі аяққа дұрыс күтім жасап, күнделікті әдеттерге назар аудару қажет. Мысалы, ыңғайлы әрі аяққа салмақ салмайтын аяқкиім кию керек. Тар немесе биік өкшелі аяқкиімді ұзақ киіп жүруге болмайды. Аяқкиім өкшені жақсы бекітіп тұруы керек. Ал табаны иілгіш болғанымен, тым жұмсақ болмағаны дұрыс. Сондай-ақ аяқкиімнің өлшемі дәл келіп, аяқты жақсы ұстап тұруы қажет. Оған қоса табиғи материалдан тігілгені жөн. 


Балаларға арналған аяқкиімде 0,5-1 сантиметрлік шағын өкше болғаны абзал. Ал тым жұмсақ, кең немесе сапасыз аяқкиім табанға түсетін күшті дұрыс бөлмей, салдарынан вальгус пайда болуы мүмкін.


Дене салмағына мән беру керек. Артық салмақ табанға түсетін қысымды күшейтеді. Сондықтан денені шынықтырып, массаж жасап, физиотерапиямен айналысқан жөн.

Бөлісу: