Көшеде құлаққап тағып, тұңғиық ойға шомылып бара жатып, өзіңізді бір фильмнің ішінде жүргендей сезінген кезіңіз болды ма? Құдды бір жұрттың бәрі сізді ғана тамашалап, өзіңіз прожектор астында тұрғандай сезінесіз. Бірақ, шын мәнінде, ешкімнің сізде шаруасы жоқ, өйткені әркімнің өз «фильмі» бар. Tamga Media бұл сезімнің қайдан шығатынын және қарапайым қиял мен шынайы өмірді шатастырудың аражігі қай жерде екенін зерттеп көрді.
Интернетте бұл күйді «бас кейіпкер синдромы» деп атайды. Бұл медициналық диагноз емес, көбіне өз өміріңді сюжет ретінде, ал өзіңді бүкіл оқиғаның ортасында жүрген бас кейіпкер сияқты қабылдау әдетін сипаттайтын интернет-термин.
Бұл атау TikTok пен басқа да әлеуметтік желілердің арқасында танымал болды. Онда адамдар күнделікті тіршілігін әдейі «романтизациялайды». Олар серуенге арнайы музыка таңдайды (фильмдегі саундтректер сияқты), қарапайым іс-әрекеттерді әдемі көрініске айналдырады және кездейсоқ сәттерге аса мән береді.
Бір қарағанда, бұл идеяның зияны жоқ сияқты. Адам өз өміріне мән-мағына мен эмоция қосып, оны қызықтырақ етуге тырысып жатыр ғой дерсіз. Тіпті кофе ішуге барудың өзі бір үлкен хикаяның бөлігі сияқты сезіледі. Шектен шықпасаңыз, бұл әдістің пайдасы зор. Бойыңызға қуат беріп, өміріңізге сырттай қарауға үйретеді, ал мұндай ойын элементі күнделікті бітпейтін шаруалардан жалықтырмайды.
Бұл әдеттің қандай зияны бар?
Дегенмен қиял мен шынайы өмірдің аражігі жоғалып кеткенде жаман. Желідегі «жылтырақ» өмірге еліктеп, өз күндерімізді де қолдан жасалған әдемі кадрларға толтырғымыз келеді де тұрады. Біз қуанышты сәттерді ғана жариялап, шындықты әдемілеп көрсетуге тырысамыз да, соңында осы «мінсіз кейіпкердің» образына қалай еніп кеткенімізді байқамай қаламыз. Ақыр соңында адам өз өмірін сүруден қалып, оған кино қарап отырған көрермендей сырттай бақылап қана отырады.
Міне, ең үлкен қауіп осы жерде жатыр. Осы сәтте «бас кейіпкер» синдромы зиянсыз ойын шеңберінен шығып, адамның шындыққа және айналасына көзқарасын өзгертіп жібереді. Жаныңыздағы адамдар жай ғана фон немесе сіздің сюжетіңізге я көмектесетін, я кедергі келтіретін екінші пландағы кейіпкерлер (NPC) сияқты көріне бастайды.
Бұл енді жай ғана қиял емес, нағыз эгоцентризмге айналады. Адам өзгенің өміріндегі өз маңызын тым асыра бағалап, бүкіл әлем менің сценарийіме бағынуы керек деп күтеді.

«Әлеуметтік желілер бұл құбылысты күшейтеді: олар адамды өзін көбірек көрсетуге тырысып, басқалардың мақұлдағанын күтеді. Соның әсерінен адамда өзіне тым көп көңіл бөлу, яғни нарциссизмге бейім көзқарас пайда болуы мүмкін. Бұл адамның өзін де, басқаларды да қалай қабылдайтынына әсер етеді», – делінген зерттеуде.
Тағы бір маңызды жайт, бұл синдромның артында өзіне сенімділік емес, көбіне ішкі үрей мен мазасыздық тұрады. Ерекше көрініп, үнемі назарда жүруге тырысудың астарында шын мәнінде елеусіз қалудан қорқу сезімі жатыр. Ал өмірді алдын ала жазылған сценарий деп білетіндер үшін кез келген күтпеген жағдай үлкен соққы болып тиеді.
Пайдасы бар ма?
Дегенмен бұл құбылыстың екінші жағы да бар. Кейбір жағдайда өзіңді кейіпкер ретінде сезіну қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Адам өз проблемаларын тығырық емес, «кейіпкердің басынан өтетін сынақ» ретінде көреді. Психологияда мұны «рефрейминг» деп атайды, яғни біз жағдайға деген көзқарасымызды өзгертіп, күйзелістен оңайырақ шығамыз.
International Journal of Advanced Psychiatric Nursing журналының мәліметінше, когнитивті рефрейминг – адамды іштей мүжитін жағымсыз ойлардан арылуға көмектесетін әдіс. Оның негізгі мақсаты – бойымызда өздігінен пайда болатын зиян түсініктерді тауып, олардың орнына жаңа, дұрыс көзқарас қалыптастырып, мінез-құлықты реттеу
Өміріңді киноға айналдыру дұрыс па?
Бұл синдромды біржола зиян немесе пайдалы деп айту қиын. Басында ол өміріңізге мән беріп, күнделікті тірлікті қызықтырақ етуге көмектеседі. Бірақ шектен шықса, ол шындықты бұрмалап, адамдармен қарым-қатынасты қиындатады.

Өз өміріңді әдемі елестету – қалыпты жағдай. Бұл күйбең тіршілікке баспен кіріп кетпеуге көмектеседі. Бірақ бір нәрсені ұмытпаңыз: айналаңыздағы адамдар сіздің фильміңіздегі «массовка» емес, олар да өз өмірінің бас кейіпкерлері. Әркімнің өз оқиғасы, өз уайымы мен өз әлемі бар.



