Айналамдағы адамның бәрі бай. Олар менен әлдеқайда бақытты көрінеді. Ал мен әлі күнге дейін бір бөлмелі пәтерде, қарызданып, аз жалақымен өмір сүріп келемін. Сізге таныс сезім бе? Редакциямызға хат жазған Даниярдың жағдайын психологқа талдатып көрдік. Оның жазғаны шын жағдайды көрсете ме, әлде бұл да психологиялық мәселе ме? Өзіңді әркіммен салыстыру қайда апарады?
Әуелі Даниярдың хатын түгел оқып шығайық:
«2023 жылы IT саласындағы мамандық бойынша университет бітірдім. Сол кезден бері айлық жалақым 350 мың теңгеден асқан жоқ. Егер 2022 жылы да қазіргідей еңбекақы алсам, мүмкін ол кезде жайлы өмір сүретін шығармын. Бірақ қазір бұл ақша үшін ерте тұрғым келмейді. Менің жеке пәтерім де, көлігім де жоқ. Қымбат мүлік сатып алмақ түгілі, оны ойлауға да қорқамын. Ата-анаммен тұрамын. Мен тұратын ауданда кезекті көпқабатты үй салынып жатыр. Әлі құрылысы біткен жоқ. Бірақ ондағы пәтердің бәрі сатылып кеткен. Бір бөлмелі, яғни асханасы мен залы бірігіп кеткен 30 шаршы метр пәтердің бағасы 23 миллион теңге тұрады. Жақында жұмыстың қасынан автокөлік сататын дүкен ашылды. Ол ашылмай тұрғанда, «елдің бәрінің жағдайы қазір қиын ғой, мұнда кім келеді дейсің, ертең ашыла салып, жабыласыңдар ғой» деп ойлайтын едім. Қателестім. Қашан қарасам да, дүкенде адам толы, әйтеуір біреу жаңа автокөлік айдап кетіп жатады. Әлеуметтік желіге кіре қалсаң, бәрі табысты, біреу қымбат компаниялардың акциясын сатып алған, екінші біреуі шетелде қыдырып жүр. Сонда ойлаймын ғой, қолынан дым келмейтін, күнде тамақ ішіп, ұйықтағанына мәз ақымақ мен ғанамын ба? Әлде мен сияқтылар бар ма? Түсіндіріңдерші. Осының бәрін ойласам, күйзеліп кетемін».
Бұл адамның әңгімесін оқи отырып, өзіңізді көрсеңіз, көңіліңізді түсірмеңіз. Ғалымдар мұндай күйді жылдар бойы зерттеп оның артында жүйелі себептер жатқанын айтып жүр.
Ғылымда бұл құбылыс «әлеуметтік салыстыру» деп аталады. Адам өзін әсіресе, табыс, статус, өмір сапасы сияқты көрсеткіштерде бағалау үшін үнемі өзгелермен салыстырады.

Бұл туралы Experimental Social Psychology журналының 2023 жылғы зерттеуінде де жазылған. «Адамдар өзі туралы ойлағанда қарыздарын, қиындықтарын көбірек есепке алады, ал басқалар туралы ойлағанда тек табысы мен жақсы жағын көреді. Нәтижесінде «басқалар бізден бай» деген иллюзия пайда болады» деп тұжырым жасаған.
Бибігүл Тойшыбекова, психоанализ бағытындағы психолог:
«Осылай, адам өзін кем сезінеді (чувство внутренней недостаточности). Бұл сезім көбіне адамға бала кезінен сіңеді. Ата-анасы оны басқалармен жиі салыстырған болуы мүмкін. Сол кезде баланың ішінде «маған бірдеңе жетіспейді» деген сенім қалыптасқан. Сосын ол бала ересек болғанда да өзін үнемі айналасындағылармен салыстырып жүреді. Бұл негізінен сырттан қарағандағы шындық емес, адамның ішіндегі сезім ғана», – дейді психолог.
Әлеуметтік желінің әсері ме, әлде мәселе ішімізде ме?
Психологтың айтуынша, бұл сезімді күшейтетін бір фактор – әлеуметтік желі. Мысалы, адам Instagram-да біреудің көлігін, демалысын көріп, бірден өзімен салыстыра бастайды. Бірақ мәселенің түпкі тамыры тек әлеуметтік желіде емес. Тек сол арқылы адам ішіндегі сенімсіздікті басқаларға аударады, яғни «ол нәрсе менде жоқ, мен әлсізбін» деген сезімді оятады. Оны өзі де байқамайды, сырттағы адамдарға қарап күшейтеді. Сонда ол өзіндегі сезімді басқа адамдар арқылы көріп тұр.
Ғылыми зерттеулерде majority illusion деген ұғым бар. Табысты аз ғана топ әлеуметтік желіде белсенді болғандықтан, олардың сырт бейнесі «көпшіліктің өмірі» сияқты көрінеді. Кейінгі жылдары бұл құбылысқа байланысты financial dysmorphia деген термин пайда болған. Бұл – жақсы табыс таба тұра, өзіңді кедей сезіну деген сөз. Оған қоса мұны Relative deprivation деп те атайды. Бұл – адамның өз жағдайын нақты табысына қарап емес, айналасындағы адамдармен салыстырып бағалауы. Яғни, шын мәнінде жағдайы жаман болмаса да, өзгені «жақсырақ» көрген сайын өзін кедей сезіне бастайды.
«Әлеуметтік желілерде ақша мен байлық ашық түрде көрсетіледі. Мұның әсерінен Z буынының байлықты өмірдегі ең басты мақсат ретінде қабылдайды. Қымбат қонақүйлер, сән-салтанатқа толы демалыстар, бағалы киімдер – мұның бәрі шынайы өмір туралы түсінігімізді бұрмалап, салдарынан кей адамдар қаржы жағдайын дұрыс бағалай алмай отыр», – деп жазған франциялық Le Monde басылымы.
Сонымен қатар Hedonic treadmill деген теория бар. Ол бойынша адам табысы артса да, оған тез үйреніп кетеді. Кеше жетпейтін ақша бүгін қалыпты көрінеді, ал ертең тағы да аз сияқты сезіледі. Соның салдарынан адам үнемі «жетпей жатыр» деген күйден шыға алмайды.
Бұл сезім адамға қалай әсер етеді?
Бибігүл Тойшыбекова, психоанализ бағытындағы психолог:
«Бұдан адам өзін іштей жейді, сенімі азаяды, бойын қызғаныш пен ұят сезімі бойлайды. Адам өзін басқалармен салыстырып, «мен ештеңеге жетпедім» деп ойлап, әрекет жасаудан да қалады немесе керісінше, бәріне дәлелдеуге тырысып, содан шаршайды».
Әлеуметтік сауалнама арқылы жасалған зерттеулер де психологтың сөзін дәлелдейді. Мәселен, былтыр Frontiers in Psychology халықаралық ғылыми журналына қытайлық ғалымдардың «Әлеуметтік топтардағы байлықты салыстыру: әл-ауқатқа әсері» деген зерттеуі жарияланды. Соған сенсек, адамдар өзін отбасындағы жақындарымен, достарымен немесе интернеттегі адамдармен салыстырады. Оның ішінде өзін достарымен салыстырғанда әл-ауқатына қатты кесірі тиеді. Ол өзінің жағдайын басқалардан кем сезінгенде қатты күйзеле бастайды, психологиялық әл-ауқаты төмендейді. Бұл адамның өмірге құштарлығын өлтіреді, бара-бара өзін бақытсыз сезіне бастайды.
Психолог Бибігүл Тойшыбекова адам өзін басқамен салыстырып, күйзеліске түспеу үшін іштегі сезімдеріне үңілуі керек деп санайды. Адамды бақытсыз ететін нәрсе – кедейлік емес, өзін басқалардан кедей сезіну.
«Мен неге өзімді басқамен салыстырамын?» деген сұрақты қойған маңызды. Бұл қайдан шықты және мен қазір қайдамын? Бұл сұрақты да әркім өзіне қоюы керек. Ең бастысы – өз құндылығыңды тек ақша мен жетістікке байламау қажет», – деп кеңес берді психолог.



