ДенсаулықПсихология«Бәріне үлгеремін» деу өте қауіпті

«Бәріне үлгеремін» деу өте қауіпті

6 маусым 2026
4 мин
Фото: Марио Переда Берга, «Метро» | Urban Photographer of the Year

Таңғы асты асығыс ішіп, кофені жол-жөнекей ұрттап, жұмыс уақыты бітсе де, телефоннан бас алмай жүресіз бе? Қазір үнемі байланыста болу (нетуоркинг) мен шамадан тыс жұмыс істеу (оверуокинг) әдеттегі жағдайға айналды. Біз жұмыс пен өмірдің арасындағы тепе-теңдікті сақтап, бәріне үлгергіміз келеді. Бірақ бұл жарыс өте қауіпті. Осындай жанталастан қаншама адам денсаулығынан айырылып жатқанын білсек те, тоқтай алмаймыз. Сөз жүзінде бәрі жақсы көрінгенімен, іс жүзіндегі жағдай мүлдем басқа:


«Жұмысқа тым көп уақыт құртқаныма өкінемін»


Мұны ғылымсыз-ақ, өмірлік мысалмен түсіндірейік. Бронни Уэр деген күтуші көп жыл бойы өлім аузында жатқан науқастарды бақты. Ол адамдар өмірінің соңғы сәттерінде ішіндегі сырын дәл осы Бронниге ақтарған. Кейін ол көрген-білгенін жинап, кітап жазды. Сонда адамдардың өлім алдында ең көп өкінетін нәрсесі: «Басқалардың айтқанымен емес, өз қалауыммен өмір сүрмегенім» екен. Ал екінші орында: «Жұмысқа тым көп уақыт құртқаныма өкінемін» деген сөз тұр.


Біз «қазір шыдасам, ертең демаламын», «ертерек ақша жинап алайын, кейін рахаттанамын» деп өзімізді алдауға шеберміз. Сөйтіп, екі-үш жұмысты қатар істеп, өзімізді қинап жүре береміз. Болашақта ештеңе істемей, еркін отыратын күнді армандаймыз, бірақ ол күн көбіне ешқашан келмейді. Ал енді өткен күндеріңізге көз жүгіртіп көріңізші...


Бізге мүлдем басқа өмір уәде етілген еді


Тағы бір кітапты мысалға алайық. 1930 жылы Джон Мейнард Кейнс «Немерелеріміздің экономикалық мүмкіндіктері» еңбегін жазды. Ол болашақта техника дамып, адамдар байиды деп болжады. Оның ойынша, адамдардың негізгі қажеті артығымен өтеліп, аптасына тек 15 сағат жұмыс істейтін болады. Міне, арада 100 жылға жуық уақыт өтті. Бірақ бізде әлі де бос уақыт атымен жоқ.


ЖИ жұмыстан құтқарады


Осы тақырыпты зерттеп жүріп, «ЖИ бізді көп жұмыстан құтқарады» тақырыбын көзіміз шалды. Негізі, қисынды-ақ: жасанды интеллект күнделікті бірсарынды шаруаны өзіне алып, жүгімізді жеңілдетуі керек еді. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша болды.


2025 жылға қарай компаниялардың 10-нан 8-і ЖИ-ді қолданды. Алайда жаңа технология жұмысты азайтқан жоқ, қайта көлемін арттырды. Қазір бәрін тезірек әрі көбірек істеу талап етіледі. Салдарынан жұмысқа толық зейін қою уақыты 9% азайса, шабытпен, үзіліссіз істеу көрсеткіші 60% төмендеп кетті. Ең қызығы, ЖИ-мен ең көп жұмыс істейтіндер, керісінше, орташа есеппен 3 сағатқа артық еңбектенеді екен. Оның үстіне, талап та үнемі күшейе берді. Жаңа дүниені үйреніп алсаң, оны басқаларға түсіндіруің керек немесе екі есе көп шаруа жүктеледі. Қысқасы, бізге ойлануға уақыт тауып беруге тиіс нәрсе, керісінше, сол уақытымызды ұрлады.


Шаршау – көп жұмыс істеудің белгісі емес


Бір тәжірибеде бағдарламашылар ЖИ-ді қолданып, тапсырмаға әдеттегіден 19% көп уақыт жұмсаған. Бірақ өздері «жұмысты 20% тез бітірдім» деп ойлап қалған. Демек, «жұмысты өндіріп тастадым» деген ішкі сезім мен нақты нәтиженің арасы баяғыда-ақ ажырап кеткен.


Жұмыс ешқашан бітпейді


Осы тақырып ең көп зерттелетін Американың жағдайына көз жүгіртейік.


Miro компаниясының дерегі бойынша, сағат 20:00-ден кейінгі жиналыстар бір жылда 16% көбейген. Ондағы кеңсе қызметкерлерінің 33%-ы 2025 жылы жұмыс уақытынан тыс жиындарға үнемі қатысып отырған (2024 жылы бұл көрсеткіш 23% еді). Қазір жұмыс күні кешкі 17:00-де аяқталмайды, тіпті 20:00-де бітпейтін жағдайға жетті.


Қазіргі заман бізді «басың жұмыстан босамаса, мықтысың» деп ойлауға үйретті. Бүгінде «мен жиналыстамын, қолым тимейді» деп айту мақтанышқа айналды. Бірақ нарықта жұмыссыздық деңгейі қатты өзгерген жоқ. Осы тұста Халықаралық еңбек ұйымының басшысы былай деді: «Экономиканың өсуі мен тұрақты жұмыссыздық деңгейі бізді алдамауы керек. Жүз миллиондаған жұмысшы әлі де кедейліктен шыға алмай, ресми тіркелмей немесе шеттеліп қалып жатыр». Басқаша айтқанда, мәселе жұмыстың жоқтығында емес, сапалы жұмыстың тапшылығында. Адамдар жұмысты жақсы көргеннен емес, «керексіз болып қаламын, бұл қатарға қайта қосыла алмаймын» деген қорқыныштан істейді. 


Қысқасы, біз өзімізді «бәріне үлгеріп жүрген адам» етіп көрсету үшін өтірік қойылым ұйымдастырамыз. Ал оған сенетін жалғыз көрермен – өзіміз.


Тек отырып ойлану нәтиже бермейді


Креативті кеңселерде үнемі ойын приставкалары мен теннис үстелдері тұратынын байқадыңыз ба? Себебі үздік идеялар арнайы жоспарланған сағаттарда емес, мүлдем басқа шаруамен айналысып жүргенде, өздігінен келеді. Ми ештеңеге бас қатырмай бос тұрғанда, оның ерекше дефолт-жүйесі іске қосылады. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын дүниелерді байланыстыратын да – осы жүйе. Нейробиолог Джонатан Скулердің зерттеуінше, жазушылар мен физиктердің үздік идеяларының бестен бірі жұмыс үстінде емес, ойы мүлдем басқа жақта жүргенде келген. Тағы бір тәжірибеде шығармашылық тапсырма алдында іш пыстыратын бірсарынды шаруа істеген адамдар әлдеқайда көп идея тапқан. Мұндай кезеңнен өтпегендердің нәтижесі төмен болды. Қысқасы, іш пысу – жаңа идеяның нағыз қайнар көзі.

Бұл туралы тамаша TED-talk дәрісі де бар.


Есеп соңында келеді


Бәріне үлгеріп, тынбай жұмыс істеудің де өз бағасы бар. Оның зардабы ерте ме, кеш пе, алдыңыздан шығады.


ДДСҰ мен Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, шамадан тыс жұмыс істегеннен жылына 745 мыңға жуық адам көз жұмады. Аптасына 55 сағаттан көп жұмыс істейтіндердің инсульт алу қаупі 35% жоғары. Ал жүрек ауруына шалдығу қатері аптасына 40 сағат қана еңбектенетіндермен салыстырғанда 17% көп. 


Бұл бірден емес, уақыт өте келе білінеді. Көз жұмғанның көбі – кезінде, яғни 45, 50 немесе 60 жасында жанұшыра жұмыс істеген 60 пен 80 жас аралығындағы адамдар. Біз көбіне егде жаста керек болатын денсаулық қорын жас кезде бейберекет жұмсап жібереміз. Бұл бәрін тастап, жағажайда жату деген сөз бе? Жоқ, әрине. Ең бастысы – жұмыс пен өмірдің арасында тепе-теңдік сақтап, алтын ортаны таба білу және өмірдің тек бір-ақ рет берілетінін ұмытпау.


Өз-өзімізбен болуды ұмыттық


Біз жұмыстан бас алмай отырғанда далада қыдырып, демалып жүрген немесе бәрін ысырып қойып, жарты жыл тынығуды жөн көрген адамдардың рилстері жынымызға тиеді. Оларды көріп ішіміз ашиды, қызғанамыз. Қызығы сол, қолымыз босай қалса, не істерімізді білмей қаламыз. Осы жұмысқа кіріп кетпей тұрып, бос уақытымызда не істеуші едік өзі? Бұл бітпейтін жарыста үнемі біреу бізден озып бара жатқандай көрінеді. Оның бағы жанған шығар немесе жағдайы жақсырақ болар, бірақ ол бізден әлдеқайда пысық сияқты. Өйткені біз өзімізді үнемі басқалармен салыстыруға үйренгенбіз. Бұл балықтың гепардтан қалып қойып, «жүгіруге аз дайындалдым» деп өзін кінәлағанымен бірдей.


Бұл мақала не үшін жазылды? Болашақ туралы, өзіңіз жайлы және соңғы рет қашан асықпай өз-өзіңізбен қалғаныңыз туралы ойлану үшін. Жұмыс істеген жақсы-ақ, бірақ бәрінің шегі бар. Жұмысты қатырып істеу маңызды шығар, бірақ өміріңіз тек содан тұрмауы керек. Өзіңізді күтіңіз және тепе-теңдік табыңыз.

Бөлісу: