Банкрот деген сөзден қазақстандық азаматтардың шошитыны рас. Десе де бүгінде 66 000-нан астам отандасымыз бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерген. Оның үстіне, бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді. Мұны ұят көрудің немесе тығырыққа тірелу деп түсінудің еш реті жоқ. Бұл – қарыз қамытынан құтылып, қаржылық өмірді таза парақтан бастауға мүмкіндік беретін заңды құрал. Ал 2026 жылғы мамырдан бастап талаптар одан сайын жеңілдей түсті: борышкерлердің белгілі бір санатының құжаттары бұрынғыдай алты ай емес, бір айда қаралатын болды. Tamga Media бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін, кімдерге тиімді екенін және мүліктен айырылмай-ақ тығырықтан шығудың жолы бар-жоғын түсіндіреді.
Банкроттық туралы заң
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң Қазақстанда 2023 жылғы наурызда күшіне енді. Оған дейін тығырыққа тірелген борышкердің алдында тек екі жол бар еді: не коллекторлардың қоңырауынан көз ашпай жылдап жүру, не бітпейтін қарызды қайта құрылымдау (реструктуризация) әуресіне түсу. 2023 жылы бұл мүмкіндікті 11 мың адам ғана пайдаланды, себебі көбі заңның жұмыс істейтініне күмәнмен қарады. Ал 2025 жылға қарай өтініш беретіндер саны шамамен үш есе артып, 32 640-қа жетті. Қазір олардың жалпы саны 66 000-нан асып жығылады.
Мемлекет бұл заңды азаматтардың қаржылық жағдайын сауықтыруға арналған тиімді құрал ретінде қарастырады. Өйткені үмітсіз қарызға батқан адам салық төлей алмайды, ипотека рәсімдемейді, инвестиция құймайды, тек күн көрудің қамымен шектеледі. Ал банкроттық оған жаңа мүмкіндікке жол ашады.
Банкроттықтың екі түрі
Соттан тыс банкроттық: тез әрі тегін
Бұл жерде соттың, заңгердің немесе нотариустың көмегі қажет емес. Egov.kz порталы арқылы онлайн өтініш бересіз. Ол үшін ЖСН мен ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) болса жеткілікті. Ештеңе төлеудің қажеті жоқ.

Дегенмен талаптар бар:
Қазақстан азаматы болуыңыз шарт және жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелмеген болуыңыз керек;
Меншігіңізде ешқандай мүлік (жылжымайтын мүлік, автокөлік, бағалы қағаздар) болмауға тиіс;
Жалпы қарыз көлемі 1 600 АЕК-тен (2026 жылы бұл – 6 920 000 теңге) аспауы керек;
Қарыз кейінгі 12 ай бойы үздіксіз төленбей келген болуы қажет.
Мұнда екі маңызды ерекшелік бар. Сіз кейінгі 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алып келсеңіз, жоғарыда айтылған бір жылдық қарызға қатысты талап ескерілмейді. Ал қарыздың өтелмей жүргеніне 5 жылдан асса, берешек көлемі мен мүліктің бар-жоғына қарамастан өтініш беруге құқығыңыз бар.
Тағы бір ескеретін жайт: соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздарды жоя алады, басқа жеке тұлғаларға бар берешекті бұл жолмен шешу мүмкін емес.
Сот арқылы банкроттық: ірі көлемдегі қарыздар мен мүлкі барларға арналған
Бұл нұсқа берешегі 6,9 миллион теңгеден асатын немесе атында мүлкі бар азаматтарға арналған. Сот процесіне қаржылық басқарушы қатысып, активтерді бағалап, қарызды жабу үшін оларды саудаға шығарады. Дегенмен өтініш берген азаматтыі үйі ипотека бойынша кепілде тұрмаса, азаматтың жалғыз баспанасы тартып алынбайды.
Қаржылық басқарушының қызметінің құны – айына 85 000 теңге. Ал мүлкі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін бұл қызмет тегін беріледі. Рәсім 6 айға дейін созылуы мүмкін. Сот арқылы шешудің басты артықшылығы – бұл жолмен жеке тұлғалардан алған қарыздарды, мысалы, қолхат арқылы немесе таныстардан алынған берешектерді де сызып тастауға болады.

2026 жылғы 8 мамырдан бастап не өзгерді?
ҚР Қаржы министрлігінің № 269 бұйрығымен үш өзгеріс енгізілді:
Қарыз 1 600 АЕК-тен аспаса және төленбегеніне 5 жылдан асса, өтініш бұрынғыдай алты ай емес, бір айда қаралып бітеді. Осы екі шарттың бірі орындалмаса, мерзім бұрынғыдай 6 ай болып қалады.
Ломбард алдындағы берешектер соттан тыс банкроттық аясынан шығарылды, яғни мұндай қарыздар кешірілмейді.
Мерзімді есептеу өтініш берілген күннен емес, мәліметтер eGov порталында ресми жарияланған сәттен бастап жүреді.
Алдағы уақытта не өзгермек?
2026 жылғы 16 маусымда Мәжіліс оңалту және банкроттық туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістерді мақұлдап, құжатты Сенаттың қарауына жолдады. Бұл түзетулердің басты мақсаты – аталған рәсімдердің ашық әрі тез орындалуы, сондай-ақ заңды өз пайдасы үшін теріс қолданатындарға тосқауыл қою.
Жаңа ережелер бойынша:
Салық қарызынан басқа берешегі жоқ адам банкроттықты рәсімдей алмайды.
Сот өтінішті қабылдамаса немесе іс тоқтатылса, қайта өтініш беру үшін белгіленген уақытты күту керек.
Банкрот деп танылған адамның мүлкін сату тәртібі нақтыланады. Несие берушілерге цифрлық хабарлама жіберу мүмкіндігі кеңейеді.
Қаржылық басқарушыларға қойылатын талаптар жаңартылады.
Несиесін төлей алмай жүрген адамдарға банктердің өзі банкроттық рәсімін ұсына алады.
Заң жобасын дайындағандар бұл өзгерістер борышкердің де, несие берушілердің де құқығын тең қорғауға бағытталған дейді.

Соттан тыс банкроттыққа қалай өтініш береміз?
1-қадам. Талаптарға сай екеніңізді тексеріңіз
Төрт негізгі шартты бағамдаңыз: қарызыңыз 6,9 млн теңгеден аз болуы керек. Атыңызда мүлік болмауы тиіс және кейінгі бір жылда несиені өтемеген болуыңыз керек. Кейінгі жеті жылда банкроттық рәсімінен өтпеген болуыңыз керек. Бәрі сәйкес келсе, іске кірісуге болады.
2-қадам. Банктен қарызды қайта құрылымдаудан бас тарту туралы құжат алыңыз
Өтініш бермей тұрып, несие берушіге барып, жағдайды қайта қарауды сұраңыз және одан бас тарту жауабын жазбаша немесе жеке кабинет арқылы алыңыз. Бұл құжатсыз өтінішіңіз қабылданбайды.
3-қадам. eGov арқылы өтініш жолдаңыз
«egov.kz» – «Азаматтарға» – «Кеден және салықтар» – «Экономика және қаржы» – «Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану». Тіркеу формасына несие берушілер туралы мәліметті, қарыз сомасын, отбасылық жағдайыңызды жазасыз. Банктерден анықтама жинап әуре болудың қажеті жоқ, жүйе барлық ақпаратты автомат түрде тартады. Тек ЭЦҚ немесе СМС-құпиясөз керек.
4-қадам. Мәліметтің жарияланғанын және мерзімнің аяқталғанын күтіңіз
Өтініш түскеннен кейін ақпарат eGov-та жарияланады, дәл осы сәттен бастап бір немесе алты айда банктер мен коллекторлар өсім (пеня) қосуға және мазалап қоңырау шалуға құқығы жоқ. Шоттар бұғатталмайды. Жалғыз шектеу – ірі мәмілелер жасауға және мүлікті басқа адамдардың атына аударуға тыйым салынады.
5-қадам. Банкрот мәртебесін алу
Белгіленген мерзім өткеннен кейін қарыздар автомат түрде жойылады. Шешім eGov порталында жарияланады. Бұдан бөлек ешқандай қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ.
Банкроттық жариялағаннан кейін не болады?
Банкроттық жауапкершіліктен оңай сытылып шығудың жолы емес. Бұл қадамның өз салдары бар. Ресми түрде банкрот деп танылған азаматтар үшін бірқатар елеулі шектеу қойылады:
Үш жылдық бақылау: Алдағы үш жыл бойы сіз жасаған әрбір ірі қаржылық операция жіті қадағаланады.
Қайта өтініш беру мерзімі: Бұл мүмкіндікті келесі жолы тек бес-жеті жылдан кейін ғана қайта пайдалана аласыз.
Лауазым бойынша шектеу: Белгілі бір уақыт бойы қаржы ұйымдарында басқару қызметтерін атқаруға рұқсат берілмейді.
Несие тарихының нөлге түсуі: Банкроттықтан кейін бірден жаңа несие алу мүмкін емес. Арада бірнеше жыл өтіп, тұрақты ресми табысыңыз бен таза төлем тәртібіңіз қалыптасқанда ғана несие алу мүмкіндігі біртіндеп қалпына келеді.
Ең маңызды талап: Рәсім басталмас бұрын да, процесс жүріп жатқан кезде де мүлікті туыстардың атына аударып үлгеру, ірі мәмілелер жасау немесе активтерді жасыру сияқты әрекеттерге мүлдем тыйым салынады. Арнайы жүйе кейінгі бірнеше жылдағы келісімшарттарды түгел тексереді. Егер мүлікті әдейі жасырғанын анықтаса, бұл іс алаяқтық ретінде бағаланады.

Қандай қарыздар ешқашан кешірілмейді?
Банкроттықтың қай түрін таңдасаңыз да, кейбір міндеттемеден құтылу мүмкін емес. Олар:
алименттер;
өзге адамның денсаулығына келтірілген зиянды өтеу талаптары;
айыппұлдар;
2026 жылғы мамырдан бастап бұл тізімге соттан тыс рәсім аясындағы ломбард алдындағы қарыздар да қосылды.
Тиімді балама: төлем қабілетін қалпына келтіру
Қарыз көлемі көп болса да, оны төлеуге мүмкіндік бар болса, адам үшінші жолды — төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін таңдай алады. Бұл жағдайда қаржылық басқарушының көмегі арқылы банкпен немесе басқа несие берушілермен келісіп, қарызды жаңа, ыңғайлы шарттармен төлеу жоспары жасалады.
Бұл тәсілдің басты артықшылығы – адамның несие тарихы бұзылмайды және оның мүлкі сатылмайды.
2025 жылдың ортасындағы мәлімет бойынша, бұл мүмкіндікті 1118 қазақстандық азамат пайдаланған. Көрсеткіш аз болғанымен, бұл қадам тұрақты табысы бар, мүлкінен айырылғысы келмейтін және несие берушілермен келіссөз жүргізуге дайын азаматтар үшін таптырмас шешім.

Жиі қойылатын сұрақтар
Жалғыз баспанамды тартып алуы мүмкін бе?
Егер үй ипотека бойынша банкте кепілде тұрмаса, заң оны толық қорғайды, баспанаңыз өзіңізде қалады. Ал кепілге қойылған ипотекалық пәтердің сатылып кету қаупі бар.
Ресми түрде жұмыс істемесем, өтініш бере аламын ба?
Иә, ресми жұмыс орнының болуы міндетті емес. Бұл жерде ең бастысы – қарыз көлемі, төлемнің кешіктірілу мерзімі және атыңызда мүліктің болмауы.
Егер бірнеше банкке қарыз болсам, не істеймін?
Барлық берешек біртұтас бір рәсімнің аясында қарастырылады. Әр банкке жеке-жеке өтініш жазып әуре болудың қажеті жоқ.




