Ойын-сауық●Тағам●Балық және басқа теңіз өнімдерін жегенде нені ескеру керек?

Балық және басқа теңіз өнімдерін жегенде нені ескеру керек?

12 шілде 2026
3 мин
Джулия Чайлд | "Французский шеф" бағдарламасынан үзінді

Дәрігерлер аптасына кемінде екі рет балық жеуге кеңес береді: себебі құрамында ақуыз, пайдалы майлар және маңызды витамин көп. Бірақ теңіз өнімдерін дұрыс таңдамасаңыз немесе пісірмесеңіз, керісінше, денсаулыққа зиянын тигізуі мүмкін. 


Балықтың пайдасы


Теңіз өнімдері йод, селен, D дәрумені және В тобы дәрумендеріне бай. Құрамындағы жоғары сапалы ақуыз бұлшықетке қажет болса, омега-3 май қышқылдары жүрек пен қан тамырларының саулығына пайдалы.


Омега-3 қышқылдарының пайдасы жақсы зерттелген: олар мидағы қабыну процесін азайтады және жүйке жасушаларының қызметін жақсартады. Сондықтан адам көп балық жесе, жасы ұлғайған сайын есте сақтау қабілетін сақтауға көмектеседі.

2025 жылы жарияланған үлкен ғылыми талдау көрсеткендей, балықты жиі жейтіндерде, соның ішінде жүкті әйелдерде де депрессия қаупі шамамен 21% төмен болған. Бұл байланыс, әсіресе, күніне 68 граммнан (аптасына шамамен 470-500 грамм) артық балық жегендерде анық байқалған. Дегенмен бұл тек балықтың өзі депрессияның алдын алады дегенді білдірмейді. Дұрыс тамақтану, ұйқы мен дене белсенділігі де маңызды рөл атқарады.


Балықтан келетін қауіп


Халық арасында «балық жегеннен кейін сүт немесе айран ішсе, денеде ақ дақ (витилиго) пайда болады» деген сенім бар. Бұл – ғылыми түрде дәлелденбеген миф. Америкалық дерматология академиясының мәліметі бойынша, витилиго – теріге түс беретін жасушалар зақымданғанда пайда болатын, иммун жүйеcіне байланысты ауру. Ол тағамнан пайда болмайды және жұқпайды.


Дегенмен балықтың басқа қауіптері бар. Кейбір балық түрлерінде ауыр металдар, әсіресе, сынап жиналуы мүмкін. Бұл заттар теңізге табиғи жолмен де, өнеркәсіп қалдықтары мен химиялық ластану салдарынан да түседі. Сынапты алдымен ұсақ теңіз организмдері сіңіреді, кейін оларды ірі жыртқыш балықтар жейді.


ДДҰ-ның 2025 жылы 138 мыңнан астам дерегін талдаған ірі ғылыми шолудың ақпараты бойынша:

  • сынап – акула, семсербалық, ірі тунец, марлин және скумбрияның кейбір түрінде жоғарырақ;

  • қорғасын – теңіз түбінде қоректенетін немесе өндіріс аймақтарына жақын жерден ауланған балықтарда жиірек кездеседі;

  • мышьяк – көбіне зиянсыз органикалық түрде болады, ал улы (бейорганикалық) түрі сирек кездеседі.

Мамандардың айтуынша, сатылатын балықтың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Сондықтан балықтан толық бас тартудың қажеті жоқ – тек таңдап жеген абзал.


Рационға қандай балық түрін қосамыз?

  • сардина;

  • майшабақ;

  • анчоус;

  • форель;

  • лосось 


Бұл балықтардың құрамында омега-3 май қышқылдары көп әрі сынап мөлшері ірі жыртқыш балықтарға қарағанда төмен.


Шикі теңіз өнімдері неге қауіпті болуы мүмкін?


Шикі немесе толық піспеген теңіз өнімдерінде паразиттер, бактериялар, вирустар болуы мүмкін. Олар ағзаға түссе, асқазан-ішек ауруларын тудырады. Атап айтқанда, Vibrio бактериясы – дұрыс сақталмаған немесе шикі теңіз өнімдерінде көбейіп, ішек инфекциясына себеп болады. FAO мәліметінше,  мидия мен устрица сияқты өнімдерде норовирус пен А гепатиті сияқты вирустар да кездеседі.


Сондықтан теңіз өнімдерін, соның ішінде суши сияқты тағамдарды тек сенімді, қауіпсіз жерден алған дұрыс.


Теңіз өнімдерін қалай дұрыс таңдау керек?

  • Сапасына мән беріңіз. Балықтың иісі өткір болмауы, көзі мөлдір, желбезегі қызыл, еті тығыз болуы керек.

  • Сақталу мерзімін тексеріңіз. Мұздатылған өнімде мұз көп жиналса, бірнеше рет еріп, қайта мұздатылған болуы мүмкін. Ал бұл өнімнің сапасына әсер етеді. 

  • Аллергияны ескеріңіз. Асшаян, мидия, краб жегеннен кейін бөртпе шығып, ісініп, тыныс алуыңыз қиындаса, дереу дәрігерге барыңыз.

  • Мөлшерін сақтаңыз. Дені сау ересек адамға аптасына екі-үш рет теңіз өнімін жеу жеткілікті.

  • Дұрыс пісіріңіз. Тұздалған, ысталған немесе консервіленген өнімді сирек жеген жөн. Буға піскен, қайнатылған немесе пеште пісірілген пайдалырақ. 

Теңіз өнімдерін кімдерге абайлап тұтыну керек?

  • Аллергиясы бар адамдар. Дәрігерімен кеңесіп қана тұтынғаны жөн.

  • Бүйрегі ауыратын адамдар. Теңіз өнімдерінде ақуыз көп, ал бұл бүйрекке қосымша күш түсіреді. 

  • Ас қорыту жүйесінде проблемасы бар адамдар. Себебі кейбір теңіз өнімі асқазанына ауыр тиюі мүмкін.

  • Иммунитеті төмен адамдарға. Оларға шикі устрица, мидия сияқты өнімдер қауіпті болуы мүмкін.

Қорытындылай келе, балық пен теңіз өнімдері пайдалы тағам болғанымен, оларды дұрыс таңдап, сақтап, дайындап жеген маңызды. 

Бөлісу: