Әлеуметтік желіде тұрмыстағы агрессия мен токсик қарым-қатынас туралы ақпаратты көргенде бір рет болсын мұның салдары қандай деп ойлаған шығарсыз. Психологтар бала кезде көргеніміз бен қоршаған ортамыз болашақта қандай адам болып өсетінімізге тікелей байланысты дейді. Tamga Mediа балалар психологы Зейнеп Болатқызымен осы тақырып төңірегінде әңгімелесті.
Зерттеулер не дейді?
Жаңа зерттеулер бойынша, баланың өскен ортасы оның ересек өміріндегі қарым-қатынасына тікелей әсер етеді. Мысалы, 2024 жылы 48 зерттеу жұмысы жасалып, оған 520 мың адам қатысқан. Нәтижесінде кішкентай кезінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе оның куәсі болған ерлер басқаларға қарағанда екі есе абюьзер болып шығады екен. Ал әйелдерде бұл көрсеткіш үш есе көп.
Бала кездегі қандай жағдай болашақтағы іс-әрекет мен мінез-құлыққа әсер етеді?
Психологтардың айтуынша, мұнда бастысы – болған оқиғаның өзі емес, баланың сол сәттегі сезімімен жалғыз қалып қойғаны. Мұндай қауіп-қатер көбіне тұрақсыз әрі эмоциялық қысым көрсететін ортада өсіп жатқан балаларға төнеді.
Зейнеп Болатқызы, психолог:
«Көбіне отбасындағы жағдайдың тұрақсыз екені сезілгенде болады. Бала үнемі қыспақта өмір сүріп, кейін өзін қауіпсіз сезіну үшін басқаларды басқаруға талпынуға тырысқанда көрінеді. Сондай-ақ эмоциясын басқарудың орнына құнсыздандырып, бағаламай бастайды: салыстырады, кемсітеді, алалайды. Ең маңыздысы, осындай жағдайда сене алатын ересек адамның табылмауы».
Бала бірден абьюзерге айналып кетпейді. Мәселе баланың жанында болып, оның сезімін басқарып, қиын жағдайда ашық сөйлесетін және агрессиясын басқаруды үйрететін ересек табылмағанда басталады.

Неге отбасыдағы атмосфера басты фактор саналады?
Кез келген бала, адам эмпат болуды, өзгені құрметтеуді әуелі отбасынан көріп үйренеді. Бала ересектердің бір-біріне деген жылы қарым-қатынасын көрсе, кейін өскенде де соны үлгі етіп, қайталап өмір сүруге тырысады. Ал үйінде үнемі қорқыныш пен жаза басымырақ болса, қарым-қатынастың мүлдем басқа формуласы қалыптасуы мүмкін.
«Ата-ана балаға эмоциясын түсініп, оны өз атымен атауды, қиналғанда ашық сөйлесуді, қатесін мойындауды үйретсе, бала сыпайы қарым-қатынас құруды меңгереді. Ал үйде баламен қатты сөйлесіп, оны үркітіп басқарса, бала «күш көрсету дұрыс» екен деп оны үлкен өмірде ұстанады. Үйде эмоциялық ашық байланыстың болуы – сау қарым-қатынастың негізі».
Баланың мінез-құлқында алаңдататын белгілер
Көбіне бала дұрыс емес әрекеттерді қалыпты нәрсе деп ойлай бастайды. Бірі өзгелерді күштеп басқарғысы келеді, ал енді бірі іштей ұялып, өзін кінәлі сезініп тұрса да, қарсы шыға бастайды.
«Бала үнемі басқаларды басқарғысы келсе, “жоқ” дегенді қабылдамай, бірден қарсы шықса, қатарластарын бақылауда ұстауға тырысса немесе өзгеге жанашырлық танытпаса, бұған баса назар аудару керек. Бұл “бәрі бітті, балаңыз абьюзер” деген сөз емес. Керісінше, дәл осы кезде балаға өз эмоциясын түсінуді және жеке шекараны сақтауды ақырындап жеткізу керек».
Зейнеп Болатқызының сөзінше, балалар көбіне әртүрлі рөлде болады, сол үшін оларға ұрыспай, қарым-қатынастың басқада жолын көрсетіп, қолдау керек.

Неге балаға зорлық-зомбылық қатты әсер етеді?
Үнемі зорлық көрген бала кез келген мәселені, ұрыс-керісті зорлық-зомбылықпен ғана шешуге болады деп ойлайды. Себебі оның махаббат, қауіпсіздік пен сенім туралы түсінігі бұрмаланған.
«Зорлыққа куә болу – ең қатты әсер ететін фактор. Бала проблеманы шешудің жалғыз жолы – агрессия, ал махаббат тек қиындықпен келеді деп үйренеді. Бірақ сценарийдің түр-түрі бар: ең болмағанда бір ересек адам мейрімділік танытса, зорлық тізбегін үзуге болады».
Туған-туыс, педагог немесе мұғалімдер зақым алған балаға сау қарым-қатынастың үлгісін көрсете алады.

Ата-ана не істей алады?
Ата-ана сақтық үшін баласына эмоциясын дұрыс басқаруды, өзінің және өзгенің жеке шекарасын сақтауды үйреткені абзал.
«Өзінің және өзгенің эмоциясын түсініп, оны ажырату – басты нәрсе. Содан соң маңыздысы – шекара: әркім өзін жайлы сезініп, «жоқ» деуге құқы бар. Бала айтқанды емес, көргенді істейді. Сондықтан ересектер дұрыс келісу, бір-бірін тыңдау, кешірім сұрау қаншалықты маңызды екенін үлгі етіп көрсетуі керек».
Сонымен қатар психологтың айтуынша, бала жан жарасын бастан кешірсе, оған психологиялық көмек пен ересектерден қолдау қажет. Бұл болашақта қазіргі жасаған қатесін қайталамас үшін шешуші фактор болады.



